Бұл, мен КЭ «МНГР» құрамындағы РИТС-1 мекемесінде (бұрынғы ЖНРЭ - Жетібай мұнай барлау экспедициясының ізі) инженер-технолог болып жұмыс жасап жүргенде болған оқиға еді. Жер құрғақ кезде, қара күзде, Николаевская-4 ұңғысын қазу үшін заводтан шыққан су жаңа Уралмаш-3Д қондырғысының тек мұнарасын ғана құралдап қойған болатын. Бір жағы Өлі-Қолтық, екінші жағы Николаевскаяның жалпақ соры. Өлі-Қолтықта біздің бірнеше бригадамыз қазып жатыр, Николаевскаяда да екі бригада жұмыс жасап тұр. Өлі-Қолтықтың жері өте нашар, қысы-жазы бір құрғамайды, қатпайды, жаңа туған сәбидің еңбегіндей былқылдайды да жатады. Жаздың ыстығында табан астындағы сорлы жерден көтерілген ыстық, ылғалды ауамен демалу тіпті мүмкін болмай қалатыны тағы бар. Ал Николаевскаяның жалпақ соры бұдан да жаман. Өлі-Қолтықтағы бригадаларға машинамен, трактормен бірдеңе қылып баруға, жүк апаруға болатын болса, Николаевскаядағы С.Салманов пен В.Т.Ильясовтың бригадаларына вахтаны, тамақты, әртүрлі жүктерді МИ-8 вертолетімен тасимыз. Ауыз су мен жанар-жағар майларды, ұзын құбырларды, химреагенттерді вертолеттің астына іліп алып (на подвеске) жеткізетініміз тағы бар.
...«Қарақтарым, мен жер бетіндегі тозақтан шыққан адаммын, сол тозақта ұзақ жылдар жұмыс жасап, зейнетке шықтым. Сондықтан, о дүниедегі тозақ бар ма, жоқ па, білмеймін (бұл айтқанының ауыртпалығын ағамыз өзі көтерер), бірақ одан қорқа да қоймаймын» демесі бар ма. Жас шамасы, сол кезде қазіргі біздің жобамызда сияқты, 70-75-терде көрінді. Ішімнен, несін жасырайын, ұзақ жылдар «отырып» шыққан болды ғой, ол жақтың да дәмін татқан ғой деп ойлап қалдым. Бірақ, түр-сықпыты ондай адамға келіңкіремейді. Ары қарайғы әңгіме барысында (адамдар әңгімелескенше, жылқылар кісінескенше деп бекер айтпаған ғой) олай болмай шықты, сөзі түзу, өзі де салиқалы адам екені көрініп тұрды...
Ертеректе (80-ші жылдарда), біздің бұрғылау бригадалары Форт-Шевченко қаласының маңында Құсайнық, Кетік, Түбіжік, Жаңбыршы, Бүгіржі... сияқты алаңдарды қазған. Бірнеше жыл сол маңдағы елмен тығыз араласып, кейбіреулерімен достасып та кеттік. МРХФ (МангистауРыбХолодФлот) мекемесімен де жақсы қарым-қатынаста болғанбыз. Бір бірімізге көмектесіп жүрдік. Олар теңізге шығатын катерлеріне жағар-жанар май, өндіріске керекті цемент, тақтай... сияқты қажетті материалдарымен көмектесуімізді сұрайтын. Барымызбен көмектесеміз әрине. Арасында МРХФ-ға да барып, цехтарын аралайтынбыз. Шабақтарды қалай ыстайтынын да, басқа да жұмыстарын сонда көргенмін. Ал ысталған шабақтар керемет дәмді болатын. Әртүрлі шаруалармен бара қалғанымызда құр қол қайтармай, бірнеше қорап ысталған шабақтарын қыстырып жіберуші еді басшылары.
...Ақсақалдың болмысын, ақ ниетін көріп, оның әңгімесін зерделей келе менің түйген ойым «Пенденің тілегі қабыл болуы үшін оның жүрегі ақ, ниеті түзу болуымен қатар Жаратушыға деген үлкен сенім керектігі ең бірінші шарт екен». Бұрында да Жаратушымыздан тілек тілеп жүреміз ғой, енді мына әңгімеден кейін мен де ойлана бастадым. Әрине, ынсап керек, шүкіршілік керек, ниетің түзу, жүрегің ақ болуы керек. Бұл күнге де жете алмай кеткендер туралы есте ұстап, тәуба деу ләзім...
Жеті қат жер астынан алтын көмбе іздеп өткен ғұмыры ғибратты жандардың бірі де бірегейі Жиенғали Құсетдинов ақсақал еді. Өткен ғасырдың сонау 1921 жылдары мұнайлы Мақат өңіріне аяқ талдырып, табандарынан тозып жеткен ағайынды екі бозбала жіігіт өз тағдырларын қазыналы өлкенің қара алтынымен байланыстыруды мақсат тұтқан жаңа дәуірдің жастары болатын.