2020-жылы өлкеміздегі "альма-матер" -Халел Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік Университетінің құрылғанына 70 жыл толады. Мерекелік шараға орай осы білім ордасында еңбек еткен, дәріс берген және білім алған жандардың естеліктерін жариялауды жөн көрдік.
Жүйіткіген жүйріктей, аққан жұлдыздай зулап өтіп жатқан уақыт-ай... Өмірі өзінікі болғанымен, өмірі өзгенікі болған ұлағатты ұстаз, ақылшы тәлімгер, танитындарына қадірлі де үлгі аларлық азамат бола білген Ғапурулла ағамыздың өмірден өткеніне де жыл толып қалыпты, әрине сағынышпен еске аламыз. Бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, 70 жыл тарихи жолы бар, Қазақстанның батыс өңірінің ғылымы мен біліміне, мәдениеті мен экономикалық дамуына зор үлесін қосып келе жатқан білім ордасы- Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өмірінің соңғы уақыттарына дейін жұмыс жасады.