ЖАЙЛАУЫ БІЗДІҢ ЕЛДІҢ ЕГІЗ ЕДІ...

ЖАЙЛАУЫ БІЗДІҢ ЕЛДІҢ ЕГІЗ ЕДІ...

немесе ҚЫЗҒАЛДАҚ ҚАЛЫҢ ШЫҚҚАН ЖЫЛ

(Сарайшықтық лаборант қыздарға арнаймын)

Эссе

1984 жылдың күзінде әскерден елге оралдым. Жауынгерлік жорықта жүрген жылдары атамекен ауылды, жалпы қазақтың байтақ даласын қатты сағынған едім. Пойыз үстіндегі сегіз тәулік сегіз жылдай көрінді. Терезе сыртынан телмірген Ресейдің небір орманды, сұлу алқаптары әрі-беріден соң жалықтыра да бастады. Алайда, жетінші тәулікте пойыз Қазақстанның аумағына кіргенде орынымнан елеңдей ұшып тұрдым. Әр жерден селтиіп көрінген жиде талдар мен жатаған жыңғылдар көзіме оттай басылып, жүрегім атақтай соқты. «Қайран атамекен, бабамның жері, сені де көретін күн бар екен-ау!» деп тебірендім іштей...

Алтын бесік ауылым баяғы өз орнында екен. Әжем, әкем мен шешем, бауырларым, ақ пейіл ауылдастар, бәрі менің келгеніме қуанып жатыр. Мектепке оқитын кенже інім дереу маңдайында кокардасы жарқыраған көк бөркім мен жұлдызды солдат белбеуімді еншілеп алды. Өзі мәз, екі езуі екі құлағында.

Ауылда екі күннің бірінде әскерден оралу тойлары, жастар кеші өтіп жатыр екен. Мұндай той әрине, біздің үйде де болды.

Байқаймын, менің келгеніме әсіресе, әжем ерекше қуанды. Қуанғаннан жылай береді. Сөйтсем, мен әскерде жүргенде: «Бұл бала келгенше тірі болам ба, жоқ па?» деп қатты уайымдаған екен. Мені әскерден алып қалмаған әкемді де біраз сілкілеп алыпты. «Өзің әрмияға бармадың, бірақ баланы жіберіп қойдың» деп ұрсыпты. Әкем жарықтық қайтсін енді. Бармайын деген жоқ, өзі оқыған АЗВИ-де әскери кафедра болды. Сол себептен бармады. Институттан соң бір ай әскери жиында болып, кіші лейтенант шенін алды. Онысы әжем үшін армия емес, әрине. Мен де шынымды айтсам, әскер өмірінің қиындығын көрмеген адамдардың (тек қана әкем емес) офицер шенін алғандарына ішімнен күліп қоятын едім.

Сонымен, мен сол кездегі заң бойынша әскерден соң бір ай жақсылап демалдым. Енді жұмысқа шығуым керек. Заң солай. Осыны ескерген әкем бәрін ойластырып, жұмыс мәселесін шешіп қойыпты. Ол кісі сол кезде ауылдағы ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясында ғылыми хатшы болып істейтін. Мен әкемнің ықпалымен осы станцияның жылқы шаруашылығы секторына лаборант болып қабылдандым. «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деген осы шығар. Әкем сөйтіп, бір жағынан әжемнің алдындағы «айыбын» жуып-шайған болды...

Станцияның ғылыми бөлімдеріндегі лаборанттардың атқаратын міндеті ғылыми қызметкерлерге тәжірибе-зерттеу жұмыстары барысында көмекші болу және науқандық жұмыстар кезінде шаруашылыққа қол ұшын беру еді. Ал бұл жұмыстар қыс айларында саябыр табатын.

Қаңтар айында жұмысқа кірген мен осындай «өліара» кезеңге тап болдым. Шынымды айтсам, ішім пысып өліп кете жаздадым.

Каримов Бақтығали

Содан бір күні жылқы шаруашылығы секторының меңгерушісі Бақтығали Каримов ағама кіріп, өзімнің басқа жұмысқа ауысқым келетінін айттым. Ол кісі сәл ойлана, қабағын кере түсіп, әдеттегісінше көзілдірігін салалы саусақтарымен түзеп алды да:

- Тарасжан, сен бұл жерде жұмыс жеңіл екен деп ойлама. Мына кеңседегі тыныштық уақытша. Алла қаласа, енді бірер айдан кейін қой төлдету науқаны басталады. Міне, сол кезде жұмыстың көкесін көресіңдер. Мал шаруашылығы бөлімінің лаборанттары бәрін де көруі, бастан өткеруі керек. Ғылыми-тәжірибе жұмыстарын жүргізбес бұрын біз сол төлдерді аман сақтап, өсіруге тиіспіз. Соған дайын болыңдар. Наурыз айы туысымен қыстақтарға аттанасыңдар, - деді.

Сөйтіп, біз наурыз айын күттік. Ал сол жылдың наурызы ауыл жұртының есінде шығар. 1985 жылдың қаңтар, ақпан айларында бүкіл Жайық пен Нарын арасы қалың қардың құрсауында қалды. Ауыл жұрты қыс бойы кісі бойындай қарды күреумен болды. Сол қар наурыз туа күрт еріп, үлкен әлекке салды. Ауылдың көшелері, үй аулалары тізеден келетін суға толды. Қайта, ел азаматтары жұдырықтай жұмылып, станция мен кәсіптік-техникалық училищенің бүкіл техникасының күшімен суды іргедегі «Қолтық» сайына бұрып жібергендіктен ауыл аман қалды.

Осындай аласапыран күндердің бірінде біз, мал шаруашылығы бөлімінің лаборанттары қой төлдету науқанына, сақманға аттандық. Сақман тәжірибе станциясының Егіз жайлауындағы «Тіленші», «Алтын», «Қосымбай», «Байнияз», «Бескемпір» қыстақтарында өтіп жатқан еді.

Егіз учаскесі станция орталығы Сарайшықтан Жайық арқылы төтелей тартқанда 60 шақырымдай жер. Бірақ бұл кезде Жайықтан өту қауіп еді. Өзеннің астынан қызыл су жүріп жатқан мұз қабаты ауыр техниканы көтермейді. Сондықтан бізге ауылдан елу шақырым төмен жатқан Атырау қаласын айналуға тура келді.

Сақманшы-лаборанттар мінген станциясының КАВЗ автобусы қаланың сыртқы көпірі арқылы Жайықтың Азия бетіне өткенде бізді қазіргі Томарлы селосының тұсынан шынжыр табанды «Вездеход» көлігі тосып тұрды. Танк тұрпатты бұл көлік мен үшін таңсық емес еді. Әскерде талай жолсыз жерлермен осы көліктің көмегімен жүргенбіз. Ал қыздар жағы бұған тосырқай қарап қалды. Бірақ, амал жоқ, мінуге тура келді. Өйткені жер ми батпақ, машина жүре алмайды. Сол себепті станция басшылығы осы «Вездеходты» бір әскери бөлімнен сұрап алған екен. Неге екенін қайдам, осы техниканы жасаушылар бұл жарықтыққа жалғыз терезені әрең қиыпты. Оның өзі жүргізуші отыратын кабинаға тиесілі. Ал жүргізушінің қасына бір кісі сияды. Бұл орынға сектор бастығы Бақтығали аға жайғасты. Өзгеміз, жастар жағы, «салонға» міндік. Мұның терезесі жоқ демесең, ішінде электр жарығы бар. Қандай да бір қажеттілік болса, «салон» мен кабинаны бөліп тұрған қабырғаның үстіңгі жағындағы қоңырауды басасың. Сол кезде көлік тоқтап, жүргізуші есікті ашады.

Жолда бір мәрте тоқтағанымыз болмаса, біз негізінен үздіксіз жүрумен болдық. Лаборанттардың арасындағы жалғыз ғылыми қызметкер Жұлдызбай Тоқабаев ағамыз әңгімешіл адам. Небір қызық естеліктерді айтып, бізді мәз қылды. Оған өзі де мәз.

Сөйтіп отырып, Егіздің алғашқы қыстағы «Тіленшіге» де жетіп қалыппыз. Бұл қыстақта станцияның озат шопаны Қабды Баймұханов ағамыз қой төлдету науқанын өткізіп жатқан еді. Ағайдың өзі, анасы Дәмеш апа, інісі Дүйсен мен Рафхат атты көмекші шопан, төртеуі бізді қуана қарсы алды. Айдалада жалғыз үй қоныстанған адамдар жолға қарап елеңдеп отырады ғой. Ауыл-елдің амандығын сұрап, мәз болып жатыр.

Біз, сақманшылар тобы, осы жерден екіге бөліндік. Жұлдызбай аға, лаборанттар Нұргүл Алпысбаева, Гүлсім Ғизатова және мен төртеуміз осы «Тіленші» қыстағында қалдық. Бақтығали аға сақманшыларға арнап сойылып жатқан жылқының ертеңнен қалмай жеткізілетінін айтты да, өзге сақманшыларды бастап әрі қарай жүріп кетті. Олардың ендігі бағыты аға шопан Бақтыгерей Нұғманов отырған «Қосымбай» қыстағы еді. Бізден бөлініп кеткен лаборанттар Ләззат Бердімұратова мен Гүлжан Нұғманова (аталған аға шопанның қызы) сол қыстақта жұмыс істейтін болды. Ол жерге осыдан бірнеше күн бұрын мал дәрігері, ғылыми қызметкер Төлеген Жұмағалиев ағай барған екен. Ондағы лаборанттарға сол кісі басшылық етпек.

Тоқабаев Жұлдызбай 

Ал біздің қыстақтағы басшымыз Жұлдызбай ағай мен аға шопан Қабды аға болды. Қабды аға келесі күні келетін жылқыны күтіп жатпай-ақ, бір дәу ісекті алып ұрды да, пышаққа жықты. Кешке гүрілдей жанған пештің түбінде бесбармақ пен қызыл қуырдаққа мелдектей тойып, қою күрең шаймен шөл басып отырғанымызда Қабды аға мен Жұлдызбай ағай біздің мұнда атқарар міндеттерімізді түсіндірді. Жұмыстың оңай болмайтынын жасырмады. Олардың әңгімесін ықыласпен тыңдаған біз, жалынды комсомолдар, алдағы іске іштей тастүйін дайын болдық...

Аға шопанның бағымында 700 бас  саулық бар екен. Қабды аға осы малды өз төлі есебінен өсіруге социалистік міндеттеме қабылдапты. Әрі оны орындауға деген сенімі мол және мүмкіндігі жоқ емес. Өткен жылдың күзі жайлы, жер отты болып, Қабекең қыстық жемшөп қорын едеуір үнемдеген екен. Құрама жем де дер кезінде жеткізілген. Күтімі жақсы мал төлді еселеп беріп жатыр. Бұл әрине, біздің жұмысымызды көбейтті. Ертеден қара кешке дейін мігір таппай, жаңа төлдеген саулықтарды қозысымен бірге бөлек бітеу қорадағы шағын клеткаға қамаймыз. Кейбірі қозысын алмай немесе иімей жатады. Олардың бабын тауып, идіріп, қозысын емшекке ауыздандыру да біздің міндетіміз. Қозылардың кейбірі ауыз-мұрынындағы шырышты қабыққа тұншығып, демала алмай қалады. Ондайда жедел көмек көрсетіп, шырышты қабықты сылып тастап, төлдің демалуына мүмкіндік жасаймыз. Қысқасы, малдың акушері болып кеттік. Одан қала берді, қораның астын тазалау, шөп салу, малды суару секілді жұмыстардан да тартынбайтын едік. Жұлдызбай аға екеуміз қыздарды үйге ертерек жібереміз. Демалсын, бір жағы Дәмеш апаға тамақ жасауға көмектессін дейміз. Олар қуана-қуана кетеді.

Ал шопан ауылының кеші ғаламат! Ақшам үйіріле бастағанда Қабды аға электр движокты іске қосады. Қараша үйдің үш бөлмесі самаладай жап-жарық болып кетеді.

Осындай кештерде дастархан басында отыратын сәттеріміз күн сайын қайталанатын мереке сияқты еді-ау! Жылқының жылы-жұмсақ дәмді етін өңештен әрі асыра отырып, Жұлдызбай аға өткен-кеткеннен әңгіме қозғайды. Біз оның аузына қарап, рахаттана тыңдап отырамыз.

Үйде домбыра бар еді. Әдетте астан кейін мен оны тыңқылдатып, ойға шомып отыратын едім. Бір күні Шәміл Әбілтаевтың «Аңсау» әнінің музыкасын тартып отыр едім, лаборант Нұргүл апамыз елең етті:

- Тарасжан, мынау «Аңсау» ғой. Сөзін қосып айтшы!, - деп өтінді.

Мен сәл қызарақтап:

- Нұргүл апа, менің дауысым жоқ қой, бірақ сіз өтінген соң айтып көрейін, - дедім. Сонсоң саусақтарым пернені шалыс баспасын деп, өзімше репетиция жасап, бір шумағын тартып шықтым да, әнді бастай жөнелдім:

 

Шөліркеген далаға жаңбырлы бұлт болар ма ем,

Піскен кезде мол егін диқан болып орар ма ем.

Қайтқан құстар барады Еділдетіп Оралмен,

Елге жетіп қалар ма ем, ере кетіп солармен, солармен.

 

Сағынғанда көрінер терезеден ауыл жақ,

Ол да қызық білгенге, ол да адамға тәуір шақ.

Самолеттер көктегі ұшқан бұлтты бауырлап,

Ішінде мен жоқтықтан бара жатыр ауырлап, ауырлап...

 

Тыңдармандарым мәз боп қол соқты. Осыдан кейін олар маған ән айт деп жиі қолқа салатын болды. Мен көңіл жықпайын деп өзімнің дуысыма келеді-ау деген «Әкеме», «Әттең тонның келтесі-ай», «Құдаша» секілді әндерді айтып жүрдім...

Уақыттан ұшқыр не бар! Қиындығы мен қызығы қабаттас қой төлдету науқаны да өте шықты. Дала жұпар атқан, көкорай белдерді қызғалдақ жапқан мамыр айында сақман бітті. Бітпестей көріп жүргенде, енді көңілде қимастық сезім орнады. Әсіресе, Қабды ағамыздың үй-ішіне қиын болды. Дәмеш апамыз: «Қап, балаларымдай болып кетіп едіңдер» деп қамықты. Біздің де көңіліміз босады...

Сөйтіп, біз «Тіленшіден» қимай-қимай аттанып кеттік. Әне, айдаладағы жалғыз үй көз ұшында қалып барады. Бұл жолы астымызда «Вездеход» емес, автобус еді. Өйткені жер әбден құрғап, кепкен мезгіл болатын. Жолдан «Қосымбай» қыстағына соғып, Ләззат пен Гүлжанды мінгізіп алдық. Ләззаттың керемет, кең тынысты дауысы бар еді. Әсіресе, патриоттық тақырыптағы әндерді жақсы орындайтын. Сондағы жолда айтқан әні әлі құлағымда тұр. Оған біз де қосылып келе жаттық:

 

Бірлігіңнен құз құлаған,
Достығың бар мызғымаған.
Ақ дәуірдің қырандары,
Батыр елдің ұландары,
Алға комсомол - қызыл сұңқарлар.

 

Арманы биік қолы жетпестей,
Сапары ұзақ жолы жетпестей.
Ерлігі ұшан теңіз,
Мың ғасыр дастанындай.
Жас болып мәңгі жаса,

Елімнің аспанындай,

Елімнің аспанындай...

 

Ән аяқтала бергенде біздің көлігіміз қызғалдақ қалың өскен алқапты қақ жарып өтіп келе жатқан еді. Сол сәтте қыздар жүргізушіге қарата, «Ағай, тоқтаңызшы, қызғалдақ терейік!» деп айқайлап жіберді. Шөпір де дереу тоқтай қойды. Бәріміз жерге түстік. Жазира дала гүлден тұнып тұр екен, жарықтық. Көз жауын алған қызғалдақтарды тере беріппіз, тере беріппіз...

...Біз Егіз жайлауында сақманда жүргенде мал шаруашылығы бөлімінің өзге лаборанттары Жібек Нұғманова, Салтанат Әбуталиева, Света Орынбасарова ауылдағы сауын комплексіндегі ғылыми және шаруашылық жұмыстарына қолғабыс етіп жүрген еді. Ал аға лаборанттар Бөкенбай Қабипов ағамыз бен Күләш Жұмағалиева апамыз кеңседегі жұмыстарды атқарды. Сөйтіп, бәріміз әр жерде еңбек ете жүріп, мамыр айында станция кеңсесіндегі жұмыс орынымызда табыстық. Станцияның сол кездегі директоры Асқар Құрманбаев ағамыздың тарапынан мақтау естіп, төбеміз көкке екі елі жетпей тұрды.

...Сол бір Егізде қалған қимас күндерден бері де арада отыз үш жыл өтіпті. Айдаладағы «Тіленші» қыстауының отын жағып отыратын Дәмеш апамыз ұзақ жылдар бойы Сарайшықтағы кенже ұлы Сембайдың қолында тұрып, 2006 жылы дүниеден озды. Қабды, Дүйсен ағаларымыз да біраз жыл бұрын өмірден жүзін үйірді. Аға лаборанттар Бөкенбай ағамыз бен Күләш, Жібек апаларымыз да өмірде жоқ.

Сектор меңгерушісі Бақтығали аға Тәжірибе станциясы тарағаннан кейін де талай іргелі компанияларда қызмет жасады. Биология ғылымының кандидаттығын қорғады. Бүгінде зейнет демалысында. Әңгімешіл Жұлдызбай ағамыз Сарайшық ауылдық округінде бас маман болып қызмет атқарады. Сақманда жүргенде ән айтуымды өтінетін Нұргүл апамыз Сарайшық интернат үйінде жұмыс істейді.  «Тіленші» қыстағында бірге болған Гүлсім отбасымен Аққыстау селосында тұрады. Ләззат кейін жоғары оқу орнын бітіріп, тұрмысқа шығып кеткен. Бүгінде Ақтау қаласында тұрып жатыр. Ал Гүлжанды Атырау қаласында тұрады деп естимін. Екеуміз бір қалада тұрсақ та бір-бірімізді сол 1985 жылдан бері көре алмай жүрміз. Салтанат көршілес Бейбарыс ауылына тұрмысқа шыққан еді, қазір сонда тұрады. Светадан хабарым жоқ. Айтпақшы Қабды ағаға көмекші шопан болған Рафхат аға жөнінде де ештеңе білмеймін. Ол кісінің ұлты татар болатын.

Міне, осыдан отыз үш жыл бұрын осындай абзал жандармен мал шаруашылығы саласының қиын да қызықты жұмыстарын бірге жасаған едік. Осы мақалам оларға деген шағын сыйлығым болсын дедім.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Атырау.