ЖАЙЛАУКӨЛДЕГІ СОЛ БІР КЕШ

ЖАЙЛАУКӨЛДЕГІ СОЛ БІР КЕШ

Ән тарихы

Торқалы туған жердің қырқасында қалып қойған сонау арманшыл бала кезімізде бізді таңғы тәтті ұйқыдан дикторлар Әнуарбек Байжанбаев пен Сауық Жақанованың «Алматыдан сөйлеп тұрмыз» деген әуезді үні мен бірінші сортты үнді шайының хош исі оятатын. Бүгінгі ұрпақ үшін кейде ертегідей көрінетін сол бір ғажайып күндерде радиодан сар даланың ерке самалындай жанға жайлы, сыршыл да сұлу әндер шалқып жатушы еді.

Ол әндер көркемдігі жағынан бірінен бір өтетін. Десек те, мен бұл жолы өзіме қатты әсер еткен, жанымды толқытқан бір ән туралы бөліп айтқым келіп отыр. Бұл – Илья Жақановтың «Жайлаукөл кештері».

Жетпісінші, сексенінші жылдардың жастарын елең еткізіп, айрықша романтикалық сезімге бөлеген, қазіргі тілмен айтқанда хитке айналған бұл әннің тарихы туралы талай жазылып, айтылды. Бірақ оны біреу естігенімен, біреу естімеуі мүмкін. Өйткені қазір кітап пен газет-журналдар өте аз таралыммен шығады. Салыстырсақ, кеңес заманында ең аз таралымды кітап 45 000 дана боп шығатын. Қазір 2000-нан аспайды. Газет-журналдар тағы солай. Осыдан-ақ қаншама оқырманның ғаламат сұлу әндеріміздің тарихын оқи алмай жатқанын білуге болар. Сондықтан әндер тарихына қайталап оралып отырудың еш артықшылығы жоқ деп ойлаймын...

Шабыт деген қызық қой. Кейде адам қыста отырып көктем туралы жазады. «Жайлаукөл кештері» де осылай жазылды. Осы орайда айта кету керек, Ілекең өнер үшін көп құрбандықтарға барған адам. 1971 жылдың ақпан айында алған кезекті еңбек демалысын да творчество үшін құрбан қылып, «Ықылас» романына дерек жинау үшін өзінің туған жері - Жамбыл облысы Сарысу ауданының Жайлаукөл ауылына тартады. Мұнда Ықылас күйшінің туысқандары, яғни, Ілекеңнің де ағайындары тұратын. Бұл кеңес шаруашылықтарының дүрілдеп тұрған кезі. Композитордың туыстары да Жайлаукөлде орналасқан ірі шаруашылықта жұмыс жасайды. Жағдайлары жақсы. Жазда бал татыған сары қымызы, қыста соғымы үзілмейді. Бұйра құмдардың арасында бұйығып жатқан Жайлаукөлдің табиғаты адамды кең қиялға, тәтті де мұңлы, сағынышты сезімдерге бөлеп, арманды ойларға жетелейді. Ілекең осы бір қазақтың қоңыр мінезіне ұқсас табиғатқа қарап қызығады да жүреді.

Алматыдан композитор бауырларының келгеніне қуанған ағайындар Ілекеңді күн сайын қонаққа шақырады. Сондай бір кезекті қонақтық Ықыластың ағайыны Құлыншақ ақсақалдың үйінде болған еді. Ілекең творчествоның адамы ғой, мұндай отырыстардан қатты шаршайды. Шайдан кейінгі карта ойналып немесе ауыл арасының қысыр әңгімесі езіліп жатқан сәттерді пайдаланып, табиғатқа шығып кетеді. Сондай бір сәтте композитор ауылдың кешкі көрінісінің ғажап панорамасына куә болды. Жайлаукөлдің батыс көкжиегі алқызыл түске боялып, шар секілді қызыл күн алаулап батып бара жатты. Осы сәтте о, ғажап, композитордың тіл ұшына «Алаулап күн батса қырды асып...» деген сұлу тіркес орала кетті. Жайлаукөл таңы

Үйге кірген соң да Ілекең байыз таба алмады. Әлгі әдемі тіркестің жалғасын ойлады. Ол да көп күттірмеді. Табиғат ақындықты да аямай берген ағамыз сол жерде:

Алаулап күн батса қырды асып,

Кетуші ек қалқатай сырласып.

Ұмытсам сол күнді, сол күнді кеш мені,

Есте ғой, дәриға, Жайлаукөл кештері,-

-деген әдемі шумақты қағазға түсірді. Ал музыкасы... Жаңа сыртта жүргенде-ақ композиторды бір әуен мазалай бастаған еді. Енді сол одан әрі көкіректі керней түсті. Ілекең бұдан әрі өзін ірке алмады. Әннің бірінші куплеті сол жерде айтылды. Құлыншақ қарияның үйіне жиналған қонақтар әнді тыңдап мәз болды. Сол үйдің мектепте музыкадан сабақ беретін баласы бар еді. Өзі талантты баянист, әуезді қоңыр дауысы да бар. Міне, осы бала әнді іліп алып, құйқылжыта айта жөнелді. Бірақ ән әзірге бір шумақпен ғана қайырылғаннан кейін тыңдаушылардың шөлі қаныңқырамай қалды. Әйтсе де, әннің әсем әуені, ауылдың картинасын дөп басқан сұлу сөздері және осы әннің өздерінің құм ішінде жатқан Жайлаукөлдеріне арналуы ауылдағы ағайынды дән риза қылып еді. Ал Ілекең болса ойда жоқта қанжығасы майланған аңшыдай мәз...

Жайлаукөл ауылы4

Ықылас туралы мол дерек жинап, «Жайлаукөл кештері» секілді болашақ әнінің сұлбасын тудырған Илья Алматыға көтеріңкі көңілмен аттанды...

Композитор Алматыда. Кеше ұшақ үстінде де Жайлаукөл панорамасы көз алдында көлбеп отырып, ойына екі әдемі шумақ оралған еді. Сол шумақтар енді қағаз бетіне түсті:

Ай туып жүлдыздар жанғанда,

Қол созып көктегі арманға.

Жүрген кез жүректен, жүректен өшпеді,

Жақсы еді-ау дәриға, Жайлаукөл кештері.

 

Мүлгіген тыныштық айдала,

Шу бойы ырғалып жай ғана.

Гүлдерді тербетіп самалдың ескені,

Аңсаттың дәриға, Жайлаукөл кештері.

Ән дайын болды. Енді мұны қазақ әнінің мәйегін сорып өскен, оны бүкіл болмысына сіңірген жақсы орындаушыға беру керек. Ондай әнші Қайрат Байбосынов еді. Қайрат та бір Жаңарқаның киігі сияқты саяқ, оңайлықпен ұстатпайды. Сөйтіп жүріп, әйтеуір бір күні Ілекеңнің үйіне ойда жоқта кіріп келгені. Қасында жас келіншегі. Жаңадан үйленген кезі еді ол.

Әнді тыңдағанда Қайраттың көзі шырадай жанды. Таң-тамаша болып: «Оу, Ілаға, мынау менің әнім ғой» деді. Шынында да ол Қайратқа лайық ән еді. «Ендеше, жазамыз радиоға» деді Ілекең. Ол кезде Қазақ радиосының музыкалық хабарлар редакциясының бас редакторы Мансұр Сағатов. Ілекең оның орынбасары. Мансұр Илья әндері десе ішкен асын жерге қояды.

Сөйтіп, «Жайлаукөл кештері» радиоға жазылды. Қайрат бүкіл республика, Одақ түкпірлерін аралаған гастролдерінің бәрінде де әнді репертуарынан қалдырмай айтып жүрді. «Жайлаукөл кештері» тіпті, Одақ шеңберіне сыймай, шетел асып кетті. Ғұмыры ұзақ, жер бетінде қазақ деген халық бар кезде өлмейтін әнге айналды.

- Арада қанша жыл өтті?! Заман өзгерді, біз қартайдық. Бірақ осындай тамаша әннің тууына себеп болған Жайлаукөлдегі сол бір кеш көз алдымнан кетпейді, - дейді Ілекең.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Атырау қаласы