ЖАРТАСТЫ ЖАСТАНҒАН ЖАСАҚ

ЖАРТАСТЫ ЖАСТАНҒАН ЖАСАҚ

Кітаптан үзінді (А. Жантасов. Жартасты жастанған жасақ):

...1982 жылдың мамыры өте ыстық болды. Тым-тырыс тыныштықты бірде-бір дыбыс бұзбай, аптап ыстық қоюланғандай болып, маңайды жанып тұрған күннің көзінің жалын шарпығандай демі қымтай түскендей. Таң атысымен келген Ми-6 жүк вертолетінің құрсағынан он шақты солдат бомботараға бөленген, семіз дельфиннің денесіне ұқсас, ұзынша келген авиабомбаларды түсіруін аяқтап қалған. Жауынгерлер жұмыстың соңы көрініп қалғандықтан болар, землянканың салқынында рахаттанып дем алу сәтін елес етіп, бір-бірімен қысқа-қысқа ғана сөз қайтарып, сараң қимылмен қозғалып жүр. Мынадай қапырық ыстықта жұмыс түгіл сөз сөйлеуге де ерінесің. 

- Ал, біттік білем - деді, шашін қысқа қырыққан қара-торы жігіт. Және әлгі сөздерінен кейін,

- Сапқа тұрыңдар! – деп, іле өзі команда берді.  

Солдаттар бірден дабдырлап, қастарында жатқан фляжкалары ілінген белдіктеріне қол созып, жинақтала бастады. Сөйтіп жатып, алаңды көлденең қиып жүгіріп келе жатқан, әскерде дневальный дейтін, күнделікті кезекте жүрген солдатты байқамай қалды. Тек әлгі солдат манағы команда берген қара торы жігіттке жақындап барып баяндай бастағанында ғана сөздерін доғарды.

- Жолдас сержант! Ротный шақырып жатыр! – деді де жүгіргеннен демігіп. Рота командирінің неге шақырғанын түсіндіргісі келген дей,

- Бізді көтеріп жатыр – деді, дауысын сәл баяулатып. 

Әлгіні естісімен, жол-жөнекей не болып қалғанын өздерінше жорамалдап, манағы топ лагерьге қарай жүгірді. Тал түсте тревогамен бұларды әлі көтеріп көрген жоқ та.

Автоматтарын тікірейтіп, әр жерден радиостанциялардың антеналарын шайқалтып, қысқа бел күрек, пулеметтердің оқ қорабтары сияқты темір-терсектерін шақылдатып рота сапқа тұрып болған соң қастарына рота командирі мен жасақ командирі майор Керімбаев жақындады. Борис Төкенұлы бұл ротаны жақсы көретін. Неге екені белгелгісіз, әйтеуір өзіне жақын тартып тұратын.  Мүмкін өткен күзде осы рота алдыңғы жорық сақшылығы (головная походная застава) болып шекарадан бірінші өткендігінен бе, не болмаса Меймененің маңындағы асуда бөлімшелердің ішінде ең алғашқы болып шайқасқа кіріскендіктен бе, әлде осы ротаның адамдарының көзге түспес ерекшеліктері болғандықтан ба, әйтеуір түсіндіруге келмейтін бірдеңесі тартатын да тұратын. Қазір да міне шығарып салуға өзі келіп тұр, былай қарағанда дәл осылай істеуге міндетті болмаса да. 

Командир ротаға деген сөзін қысқа қайырды да, солдаттар Қалибектің қолын сілтеп қалғанына бағына, баяу гүрілдеп колоннада тізіліп тұрған машиналарына жүгірді.

- Ал, Қаныбек, - Қалибекті ол неге екені белгісіз ыңғай Қаныбек дейтін,     

- Өте абай бол, - деді майор кішкене бойлы, бұйралау келген қою қара шашты, шлемофоны тамақ бауына ілініп арқасында қайырылып жатқан аға лейтенантқа бұрыла сөйлеп. 

- Қышлақты қоршап ал да бәрі тарқағанша күтіп жат. Ұндарын ұзақ тартатын шығар.  Егер дұшмандар келіп қалса,  тек Чамальварда жағынан келуі ықтимал.  Сол  жаққа көңіл бөл – деп командир, ротныйдың шашін ұйпалап әзіл-шыны аралас.

- Саптық бақылауды мен саған ертең жасаймын – деді, шашің өсіп кетіпті ғой дегенді меңзеп.  

- Құп болады! - деп күле жауап беріп, шлемофонын ырғытып басына киді де аға лейтенант колоннаның басында тұрған өз машинасына қарай жүгіре тартты.

Ышқына гүрілдеп, көгілдір түтін мен қою сары шаңды қоса будақтатып колонна орнынан қозғалды.   

фото Жантасов

Осының алдында командирге Фарьяб провинциясының губернаторы келіп кеткен болатын, қаланың маңындағы диірмені бар қышлақты қоршауға алып, сол жерге жақын тұратын ауылдардың диқандарына ұн тартып алуға мүмкіншілік жасауға көмек сұрап. Міне сол мақсатты орындауға аға лейтенант Қалибек Ахметовтың ротасы аттанып бара жатыр. Рота еш бір келеңсіз жағдайсыз қышлаққа дейін жетті де оны қоршауға алды, машиналарды әрбір жерге бытыраңқырай қойып.      

Оқиғаның барлығы алғашқы жүк машиналары өзеннің жағасында шеткері тұрған диірменгі таяғанда басталды. Алдыңғы машинаның кузовында түрегеп тұрған царандойлық солдат («царандой» бұл ауғандық милицияның жедел әскери бөлімдері) бір түрлі қолдарын ербең етті де, бидай салған қаптардың үстіне сылқ ете түсті. Содан кейін ғана ауаны жара тарс еткен мылтықтың дауысы шықты. Оның соңынан ызаланып абаланған ит құсап, диірменнің ішінен, ауған соғысының нағыз құдайындай болған, ірі калибрлі ДШК пулеметі сарнап қоя берді. Тежегіштердің шиқылы, адамдардың айқайы, оқтың тасқа соғылып цок-цок еткені мен ысқырғаны, барлығы бір сәтте жан түршігерлік әуен боп кеткен дыбысқа айналды да кетті. «Духтар» күтіп жатқан екен. Соққы масқара болды. Машиналар мен өгіз жеккен арбаларда келе жатқандардың жартысы бүк түсіп жерде жатса, қалғаны естері шығып дөңгелектердің арасында жан сауғалап еңбектеп жүр. Барлық жағынан атып жатыр. 

Губернатор жау келіп шабуылдайды деп қорқып, тосқауыл құрады деп ойламапты. Сондықтан ол «шуравилерден» қышлақты тек қана қоршап, дұшмандардың келері мүмкін бағыттарын жабуын сұраған. Қателігі содан болды. Қалибек мұны атыс басталысымен түсінді. Бірақ кеш еді. Сонда да... Қалғандарын сақтап қалып, дұшмандарды өзенге қарай ығысып кетуіне бөгет жасау керек. Және бұл жарты жылға жуық соңынан қалмай, қудалап жүрген Маулави-қараның баскесерлерінің ісі екенін де түсінді. Шеткі тұрған екі БМП-ға диірменнің сыртынан өзен жағасына төмендеп түсіңдер деді де, өзі үш машинамен қышлақтың ішімен тігінен тартты. Оның «бэмпэшкасы» алда келе жатты. Балшықтан соққан биік дуалдар колоннаны екі жағынан да тығыз қыспақтап, көріністі де, қозғалысты да шектеуде. Сонда да қышлақтың ортасына дейін тез өте шықты. Сол кезде шеткі дүкендерден түйдектетіп атылған автомат оқтары машиналардың борттарын осып-осып жіберді. Үш машинадан қатарынан залпымен атылған пушкалардың снарядтары жаңағы дүкендердің есік-терезелірімен, жаудың атысамын деген ынтасында қоса жұлып алған сипатты, себебі одан әрі атыс тоқтай қалды.

Дүкендер алдындағы кішкене алаңды өтісімен тағыда ирелеңдеген тар көшелердің арасына сүңгіп кетті. Елді мекен ішінде соғыс жүргізу қағидасымен машиналардың алдында жаяу десант жіберу керек, бірақ оған уақыт тығыз. Үлгермеуі мүмкін. Шапшаңдық керек. Диірменнің қасындағы атыс әлі де толастар емес. Сарғыш топырағы тақтайдай болып қатып қалған, сұрапыл қан төгістің аренасына айналған диірменнің алдындағы алаңқайға енді жеттік-ау деген кезде, бір кішкентай бала жол үстіне жүгіріп шықты да, абажадай болып көрініп жақындап қалған, құрыштанған алып машинаға қорқынышқа толы үрейлі көзқарас тастап, орнында тоқтап тұрып қалды. Жас шамасы үш пен төрттің аралығы.  Ол бір түрлі бүрісіп, басын иығына тартып, сәл бүгілген сол қолын қорғанғандай көтеріңкіреп, жаңа ғана өзі атып шыққан дуалдағы тесікке кейін бұрылып қарады. Сосын тағыда машинаға қарады. Колонна тоқтады.

- Динар… - деп іштей күбірлеген сөз командирдің аузынан шығып кете жаздады. Өз баласына сондай ұқсас болып кетті. Тіпті жауырын ортасы шымырлап кетті.

Ахметов бір жұмадан кейін демалысқа кетуге дайындалып жүрген. Баласына деген силықтары да даяр болатын. Соңғы күндері ұлымен бірге серуендегендерін елестетіп, силықтары баласына ұнайма екен, күртешесі дәл боларма екен деген сұрақтар қойып, маңайындағыларды мазалап жүретін. Ол туралы көп ойлайтын. Сондықтан болар, мына кішкене баланы көріп – Динар! - деп айқайлап жібіре жаздағаны. 

Аяқтарын борттың сыртынан салбыратып, Қалибек бронядан төменге жылжып түсті де, аяңдап әлі де жол үстінде тұрған балаға қарай жылжыды. Аға лейтенант әрине түсінді, бұл балақайдың жол үстіне бекерден-бекер шықпағанын. Бірақ ол сол аяғын ептеп сылтып басып, оған одан әрі жақындай түсті, ақсаңдап жүргені осының алдында бір ай бұрын гранатаның жарықшағымен санынан жарақаттанған болатын да, жарасы жазылмай қойған.  

- Кел бача (ауғанша «бала»), келе ғой - деп, жұмсақ үнмен баланы өзіне шақырды. Сосын оны құшақтап көтеріп алды да колоннаға қарай алып жүрді. Үш машинаның қасынан түгел өтіп болғасын ғана, жерге түсіріп, ақырын арқасынан итеріп,

- Ал, енді бара ғой – деді. 

Сол асықпаған аяңмен ақсаңдап келіп өзінің командирлік «жиырмасыншы» машинасына тырмысып мініп алды. Ларингофонды тамағына қысыңқырап, «Алға!» деп енді команда бермекші болғанында, шағын келген мешіттің алдында тұрған тұт ағашы қып-қызыл жалын болып жарылды. Жалынды толқын машинаны шарпып өтіп, адам шыдамас ыстық леп болып бетті қарып, тіліп өткендей ауырта белді қиып өтті. Броняға жантая құлай бере, еріндері осыдан бір секунд бұрын өліп кеткен механик-жүргізушіге «Алға!» деп сыбыр етті. 

Гранатометпен атушыға сенімді түрде нысанаға тигізу үшін оның бір орында тоқтап тұрғаны қажет болды, әйтпесе снаряд қалт кетуі мүмкін еді. Бұл жолы ол дәл көздеді.  Граната нысанаға тиді. Ребристый лист дейтін мотордың капотын, механик-жүргізушінің кеудесін тесіп өтіп, командирлік көздеу приборын күйдіріп өтіп, командирді жанбасынан қиып түсті.  

- «Сегіз жүз отызыншы! Қош бол! Мен ауыр жараландым. Қаруды жинап алу керек...». Бұл күшінің бар қалғанын жинақтап, Керімбаевқа айта алған ақырғы сөздері еді.

Бұдан кейін әлі үш күн өмір сүрді. Сол үш күннің ішінде жасақтағы санчаста жасаған операциядан кейін бірақ рет қана есіне келіп, жанарымен командирді тауып алып, кешірім сұрағандай сыбырлап,

- Мен жетер едім ...бірақ онда бала болды - деді. 

Ол 1982 жылы мамырдың 15 күні Кабул әскери госпиталінде көз жұмды. Небәрі 27 жаста еді.

Дәл сол шайқаста ол жауынгерлік ерлік көрсеткен жоқ. Бірақ мен сол кездегі өмірімді еске алған болсам, әрдайым Қалибек туралы әңгімелеймін. Баланың өмірі үшін ол өз қауыпсіздігін былай сырып тастады. Мұнысы символ секілді. Біз онда бұзып, қирату үшін емес, сол елдің болашағын қорғау үшін барып едік. Сондықтан мен ойламаймын ол жерге қателесіп бардым деп. Сол күні Қалибек те ауғандық баланы көтеріп алуға бронядан қателікпен түскен жоқ. Ол өзінің жүрек шақыруымен азаматтық ерлік жасады. Кәдімгі адамның жүрегінің шақыруымен.

Сондықтан Берлинның Трептов-паркіндегі совет жауынгеріне қойылған ескерткіштің бейнесі көзге түссе, сол бейнеден мен өзімнің қандыкөйлек досым, менің командирім, кішкентай Динардың әкесі Ахметов Қалибек Ғазизұлының бейнесін көремін.

Ермекова А.Ә. "АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АТЫРАУЛЫҚ ЖАУЫНГЕРЛЕР ШЕЖІРЕСІ".

Алматы қаласы. 2017 ж., 600 б., бб. 61-65.