ЖАНРҒА ЖАН БІТІРГЕН ЖАҚАНОВ

ЖАНРҒА ЖАН БІТІРГЕН ЖАҚАНОВ

Әлі күнге көз алдымда... Балалық шақтың қамсыз-мұңсыз күндері... Әрнеге ынтық әсершіл көңіл... Сол көңілдің қалауын тауып, жан-жүрегіңді ғаламат сезімге бөлейтін бір ғажап әндер қазақ радиосы мен теледидарынан жиі беріліп жатады. Бұл композитор Илья Жақановтың «Жайлаукөл кештері», «Әселім», «Асылым», «Нені ойладың», тағы басқа әндері еді. Сол кездегі жас әнші Қайрат Байбосыновтың жанға жайлы тиетін сары даланың самалындай қоңыр үнін ести қалсам ішкен асымды жерге қойып, теледидардың алдына жүгіруші едім...

Сөйтіп жүрген күндердің бірінде Ілағаңның «Екі жирен», «Бірінші концерт», «Махаббат вальсі» атты кітаптары қолыма тиді. Бұларда көптеген музыкалық новеллалар жарияланған екен. Мен олардан қазақ өнері дүлдүлдерінің көркем образдарын көрдім. Ол новеллаларда өмірде бар немесе бұрын болған нақты адамдардың көркем бейнелері сомдалған еді.

Иә, сол кезде әдебиет пен журналистикада эссе, новелла секілді жанрлар жиі жазылатын. Енді осылардың қатарында Илья Жақанов музыкалық новелла деп аталатын қазақ сөз өнері үшін соны жанрды жарқ еткізді. Ол новеллаларды толқымай оқу немесе тебіренбей тыңдау (радиодан) мүмкін де емес еді.

Ал соңғы жылдары Ілағаңды оқырмандары эссеист-жазушы деп те атап жүр. Шынында да Илья Жақанов эссе-элегия деген жанрға жан бітіріп, тамырына қан жүгіртті. Ол әрісі Біржан сал, Ақан сері, жаяу Мұса, Естай, үкілі Ыбырай, берісі Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди, Евгений Брусиловский, Шәмші Қалдаяқов  және басқа қазақ музыкасының дүйім дүлдүлдерінің өмірі мен шығармашылығын зерттей келе, оларды жай деректі түрде сипаттап қоймай, осы саңылақтардың  көркем образын жасайды.  Жазушының көркем образ деңгейіне көтерілген кейіпкерлері қиялдан туған бейнелер емес, нақты өмірде болған немесе бірқатары қазір де бар адамдар екенімен қызықтырады. Яғни, Ілағаң сомдаған кейіпкерлердің “прототипі кім екен?” деп сұраудың да қажеті жоқ. Иә, деректі жанрды дәл осылайша көркемдік деңгейге көтеру қазақ әдебиеті мен өнеріндегі сирек құбылыс.

Фото Жаканов

Кімге қалай, ал мен үшін Ілағаңның эссе-элегиялар кітаптарының мұқабасы бейне бір жәннат бақшасының қақпасы секілді.  Кешегі жалған дүниенің бетінде сайрап өткен бұлбұлдар сол жәннат бақшасына мәңгілік қонақтап, біздей фәни дүние пенделерінің алдында мүлдем асқақтап кеткендей әсер қалдырады. Оларды еріксіз сағынасың. Олардың асқақ дарыны, сонысына қарамай бір-біріне деген асқан ізет-ілтипаты, адамшылық қарым-қатынастары, кейінгі буынға деген ағалық-апалық қамқорлықтары еріксіз жаныңды елтіп, жанарыңа жас үйіреді...

Илья Жақановтың Алматыдағы “Дөйт-Принтхаус” баспасынан шыққан «Бұлбұл әуезі» атты эсселер кітабын оқып отырғанда жоғарыдағыдай ойларға берілдім.

                                 

                                     * * *

 

Кітап «Зәу-затымның баяны» деп аталатын эссе-элегиямен басталады. Онда біз Ілағаңның ата-тегімен, дәлірек айтқанда, Тама руының іргелі екі атасы Әліп, Жөгіден бергі күні бүгінге дейінгі ұрпақтарымен танысамыз. Осыған қарап мұны әдеттегі ұзыннан-ұзақ шұбырған ру шежіресі деп түсінудің жөні жоқ. Мен Ілағаңның бұл эссесін шежіре жазудың көркем үлгісі дер едім. Эссенің бас жағында есімі бүкіл жиырма бес ата Кіші жүздің ноқта ағасы Таманың ұранына айналған Қарабура батыр туралы қысқаша мағлұмат беріліп өтеді. Ел аузында және әдебиет пен өнер тарихында аты ақиқатқа бергісіз аңызға айналған Қарабураның кім болғанын қазақтың дарынды ақыны Қуандық Шаңғытбаевтың мына бір шумағынан-ақ аңғарсақ болғандай:

 

Жарқылдар жапырақтар дарағыңда,

Сен болдың хан да, батыр қазағыңа.

Яссауи бекер неге айтты дейсің,

Жусын деп сүйегімді Тама Бура...

 

Бұған ештеңе қосудың қажеті жоқ шығар. Ілағаң осындай қасиеттінің ұрпағы екенін біреу біліп, біреу білмеуі де мүмкін. Иә, асыл ағаш құйқалы топырақта өсіп-өнеді. Біздің бұл сөзімізге жазушы Мұхтар Мағауиннің “Сары қазақ” атты романында келтірген: «Алаштың жаманы жоқ. Бірақ мен қыздары сұлу, ұлдары бұла, ақсақалы кең, азаматы мәрт, бұдан жүз жыл бұрынғы еркіндігінен айырылмаған, әдет-салтын таза ұстаған, әрі өнерлі, әрі жомарт Тама сияқты ел көрмедім» деген сөзі (И.Жақанов, «Бұлбұл әуезі», 7-бет)  дәлел болса керек. Тама десе көз алдымызда қылқобызын күңіренткен Ықылас, домбыраларының шанағынан дала тұлпарларының дүбірі естілген Сүгір, Жаппас, Боранқұл күйшілер, Сапалай мен Мүсәйіп, «малға жарлы болса да, айтар сөз бен тілге бай» Тәңірберді Молдабай, одан қала берді Әкімгерей тұрады. Арқа мен Шу бойын әнімен тербеген Баржақсы мен Шәуен, Балбике ақын. Ол аз десеңіз Таманың Жөгі атасына жататын Мизамбай ақын тағы бар. Сол Мизамбайдың Үйсін руының ақыны Исабекпен айтысында:

 

Тамадан Қарабура, Құлай туған,

Құлайдан туған екен Ер Шамырқан.

Туыпты Шамырқаннан Әліп, Жөгі,

Осыны білмейсің бе, сен антұрған?!-

деп келетін өлеңі де Ілағаңның арғы тегінен біршама құлағдар қылып қояды.

Сөйтіп, Ілағаңның сонау Тама, Қарабура, Құлай аталарынан бастап, бүгінгі немересі Әлиханға дейінгі зау-затының баяны осылайша басталып, одан әрі кітапта толық көрініс табады. Сол секілді қазақ музыкасының інжу-маржан дүниелерін Ілағаңдардай қырықыншы-елуінші жылдар жасөспірімдерінің зердесіне құйып кеткен Алдаберген, Әбдірахман әншілердің, Сәдібек пен Нұрғали секілді күйшілердің де енді мың жылда да қайталанбас жұлдызды шақтары кітапта мөлдіретіп берілген.

                           * * *

 

… «Бұлбұл әуезіндегі» және бір жауһар дүние – «Қазақ вальсі» атты эссе-элегия. 1940 жылдың сарала күзінде, Латиф Хамидидің саз тербеген сырлы жүрегінен туған ғажап әннің тарихы. Көркем тарихы. Автор эссе кейіпкерлерін тура сол қырықыншы жылы дәл қастарында тұрып көріп тұрғандай нанымды қылып жазады. Өйткені сол дүлдүлдердің көпшілігімен Ілағаң жас композитор кезінде сан рет жүздесіп, дәмдес, тіпті қызметтес болып та жүрді. Сол кезде олардың аузынан шыққан әр сөзді сары алтындай санап, қойын дәптеріне жазып алып жүрген. Сол ыждағаттылықтың нәтижесі – осындай эссе-элегиялар. Эссені оқи отырып, сол кездегі күзгі Алматы, сол Алматыны ән бесігі қылып тербеткен Күләш Байсейітова, Ришад және Мүсілім Абдуллиндер, Шабал Бейсекова, композиторлар Латиф Хамиди, Евгениий Брусиловский, Құдыс Қожамьяров, актер Қалибек Қуанышбаев және басқалары көз алдымызға келеді. Әсіресе, Латиф Хамидидің қызық та қиын тағдыры, өнерде бағы жұлдыздай жанған тума таланттың өз отбасынан жан жылуын таппауы жүйке-жүрегіңді күйзелтеді. …

«…Сыртта дүрдей. Үйде мысықтай боп жымып жүреді. Үй іші көңілді болсын деп әрнені бір айтып, күледі де. Әйелі сұп-сұр болып илікпейді. Пианиноға отырады, әйелі жұлынып кеп есікті тарс жабады. Содан кейін музыка жазып көр… Тапқан-таянғаны әйелінің қолында. Айлығы, гонорары жетіп артылады. Пілдей екі адамның табысы. Бағзы біреулер сияқты рестораннан ресторан жағалап, карта ойнап, түн баласында ұйқы көрмей жортақтап жүрсе қайтер еді? Үй. Оркестр. Барады, қайтады. Кешіксе, дәл бүгінгідей, музыка жазып кешігеді. «Айыбы» сол. Осы үйдің иесі боп дос-жаранды жинап шай бере алмайды. Әйелі кісіні қаламайды…»

Міне, атақты Хамидидің тағдыры. Өстіп жүріп ол “Қазақ вальсін” жазды.

«Латиф сәл еңкейіп, сол қолын клавишке тигізді. Іле-шала оң қолы да клавишті басты. Латиф: -Май туса, гүлдер шешек атса жазда,-деп аңқылдаған ашық үнмен тербеле берді. Жаңағы бір сәтте дірілдеген саусақтары енді еркін ойнақ салып, клавишті бойлай зырғып жүр. Латифтің көзіне даланың көк майсасы, қырмызы гүлдері елестеді. Тау, тоғай, бау-бақта бұлбұлдар сайрады. Сұлу табиғат аясында жайраң қаға ән салып, жастар шықты би билеп.

…Күләш сол тұрған бойы көзінен нұр төгіліп:

-Мен қосылып көрейін,-деді.

Латиф үнсіз бас изеді. Вальс толқыды:

 

Май туса, гүлдер шешек атса жазда,

Тоғайда – бұлбұл, көлде – аққу, қаз да.

Сайраса біз жастар да нақ солардай,

Бақытқа бөленеміз, сауық-назға.

 

Бақыт нұрға, а-ха, оранса жер, аспан,

Біздің жыр да, а-ха, бар жырға ұласқан.

Махаббатты жырлаймыз біз,

Жастар! Жастар! Жастар! А ха-ха-ха! А-ха-ха-ха-ай!..

деп соңғы жолды қыран қанатына қондырып самғатты бір”.

Жазушы осындай әдемі эпизодтарды шебер қиыстыра отырып, осы бір қазақ өнерінің рухын асқақтатақан әдемі вальстің жазылу тарихын суреттеп шығады. Айтпақшы, бұл вальстің өлеңін қазақ әдебиетінің класссигі Сәбит Мұқанов жазған болатын. Ал осы вальсті тамылжи тыңдаған драматург Шахмет Құсайынов әзілдеп: «Латеке, «Қазақ вальсінен» кейін өле берсең де болады» депті.

 

                     * * *

 

Кітапта Хамидидің бағын асырған тағы бір ән – «Бұлбұлдың» тарихы туралы да бір тамаша эссеге орын берілген. Бұл әннің сөзін Қанабек Байсейітов пен Нығмет Баймұхамедов жазды.

 

Айлы түн айнадайын ашық аспан,

Бақыттың жұлдызындай жымыңдасқан.

Секілді не бар тәтті бұл дүниеде,

Жарасқан екі жасқа махаббаттан.

 

А! Десем бұлбұл бақшадан,

Жүрекке болсын деп дауа.

Қамықпа сұлу қалқажан,

Бақытың әлі алдыңда, а-ха-ха-ха-ха, аха-ха-а-а-а…

-деп сайрайды ол маған…

Иә, тым жұмысбасты Латиф бұл әнді бір жағы қиналыс, бір жағы үлкен толғаныспен жазды. Кеудесі толы лирика, әрі икемге көнгіш сынық мінезді жан өзі қатты пір тұтатын бұлбұл көмей әншілердің емеурінін бірден түсіне қоятын. Сондықтан өзіне зор үмітпен жаутаңдай қараған Күләштің қолына «Бұлбұлын» тезірек қондырсам деп тыпыршыды. Ақыры қондырды. Сол 1945 жылы бұл ән Москва радиосының алтын қорына жазылды.

                              * * *

 

…Ел аузында «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деген сөз бар. Иә, Жамал (Омарова) апайдың «Алтайды» қайта-қайта айтатын да жөні бар еді.

Сіз «Алтайдың» шығу тарихын білесіз бе? Білмесеңіз, онда тағы да «Бұлбұл әуезін» қолға алыңыз. Ондағы «Өр Алтай, асқар Алтай, асқан Алтай» атты эссе-элегияны оқыңыз.

Қайран Алтай! Мамықтай жұмсақ толқыны маржан боп шашылған Марқакөл, шәрбат толы зерлі кеседей Зайсан, мәңгілік пен асқақтықтың өлшеміндей менмұндалап мұнартқан Мұзтау… Жамал апайдың жанын тербеген жауһар дүниелер… Осының бәрін ән қылып жазуды Жамал апай қазақ музыкасын өз өміріне арқау еткен еврей Евгений Брусиловскийден өтінді. Жұмысы бастан асып жатқан Брусиловскийдің шабыты бірден келе қоймады. Тіпті, өзінің сүйікті асы, Жамалдың дайындайтын шашпа палауы да оның арғы жағына ел қондырғанымен, шабытын оята алмады. Жамалочкасының алдында талай тауы қайтып, жазған әні «өтпеген» ол ақыры Алланың бір ақ жарылқап күнінде «Алтайды» келістіріп жазып та шықты. Ән Жамалға ғана емес, күллі қазақ жұртына ұнады. Оның өлеңін бір қарапайым әзиз жан – ақын Нығмет Баймұхамедов жазды.

Эсседе Брусиловский өмірінің екіндіге ауып бара жатқан тұсы өте бір әсерлі де, қасіретті эпизодтармен суреттеледі. Бұл оның ару Алматыдағы өнери ортадан әлдекімдердің көпе-көрінеу қиянаттарына шыдамай Москваға кетіп қалған кезі болатын. Қазақстан үкіметі басындағы мәдениет саласының тізгінін ұстап отырған шенеуніктер де оның талантын, еңбегін ескермеді. Көңілінде осыдан туған нала жатса да Евгений Григорьевич іштей Алматыны сағынады. Сосын сүйікті Жамалочкасына телефон шалады. Туған күнімен құттықтауды да ұмытпайды. Өз кезегінде Жамал да оған хабарласып қояды. Әсіресе, Жамал дүние салардан бір ай бұрын, 1976 жылғы тамыз айының бір күнінде болған екеуінің телефон арқылы сұхбаты эсседегі ең бір жүрек ұйытар эпизодтар. Өмірдің жанды картинасы. Оқып көріңізші:

«Брусиловский Жамалдың үнін естігенде сасқалақтап қуанғаны сонша, байыппен жөн сұрасуға дәйек қыла алмай тұтыға сөйлей жөнелді:

-Ж... Ж... Жамалочка, соңғы бір күндері Алматыдағы өмір еске түсе берді. Міне, биыл алты жыл... Москвалықпын. Белгі-бедері, ізі жоқ бір елеусіз, болжаусыз күндер өтіп жатыр... Алатауға, Алматыға қарай-қарай көзім талды. Көз алдымда опера театры. «Қыз Жібек», «Абай», «Біржан-Сара», «Ер Тарғын», «Дударай» операларының афишалары... бір шеті Фурманов көшесіне, екінші шеті Сталин проспектісіне тіреліп, театрға шұбырған жұрт... Бүгінде бәрі көрген түс. Қалай ғана, қалай ғана айырылдым сол дулы ортадан?Мені әркез осы сауал қинайды. Москваға келер жол бар екен де, қайтар жол жоқ сияқты. Оны енді түсіндім. Жалғызбын. Мұнда мені ешкім іздемейді. Ешкімге керегім жоқ. Ғабитім, Қанабегім, Ғарифоллам, Кәукенім жоқ. «Сарыарқаны» дүбірлеткен қайран қазақ елі! Алатаудың самалы желпіген таңғажайып Алматы. Сағынам, сағынам бәріңді, Жамалочка. Ахмет Қуановичтің үйінен ішетін ақбұйра шайдың дәмі, Күләш пен Қанабектің аста-төк дастарханы, Манарбек пен Зәрипаның қарынға салған сары майы, алтындай жарқыраған қазы-қартасы... өзіңнің шашпа палауың, о, несін айтасың оның, еркін едім, ерке едім бәріңе. Ол бір енді көрген түс...

Фото Жамал мен Брусиловский

Бұл қоғам бізді атаққа құмар қылып қойды. Соған дәнігіппіз. Менің дертім де сол, Жамалочка! Сенің дертің де сол, Жамалочка! Біздің алдымызды орағытып, бәрін қағып түскен өзіміз тәрбиелеген шәкірттеріміздің де дерті сол. Осыған күйінбесем, кетер ме едім, Алматыдан? Мені осы қателігім өлтіретін шығар. Ол қаралы күнді де елестетем. Мен тұрған Огарев көшесіндегі он үшінші үйдің есігі алдында шамасы бес-алты адам, көп болса он шақты дейікші, соңғы сапарға солар шығарып салады. Қайда қалмаған еврей сүйегі...»

Ух, неткен ішқұста қылған дерт?! Өкініш дерті... Брусиловский де пенде... Атақ бермеді деп Алматыдан өкпенің жетегінде кеткен. Соған өкінеді. Енді міне, кешегі дулы өмірдің соңы жүректі күйзелтіп, байыз таптырмаған сағыныш пен қасіретке ұласыпты...

Көп ұзамай Жамал да өтті дүниеден. Кейін Брусиловкий де өз қасіретімен өзі боп, Москвада елеусіз ғана көз жұмды. Ал «Алтай» әні әлі жасап келеді. Қазақтай халық барда жасай да береді. Қазақтың «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» секілді операларын жазған Брусиловскийдің де есімі қазақ халқының жүрегінде өшпестей болып қалды.  

 

                          * * *

 

…Сонымен қоса кітапта композитор Бақытжан Байқадамовтың «Айгөлек» әніне Мұхтар Әуезовтің ерекше ықыласы түсуі, композитордың әкесі Байқадам Қаралдиннің қилы тағдыры, оған шырқырап ара түскен балаларының жан күйзелісі әсерлі суреттеледі.

Осы эссенің кейіпкерлерінің бірі – қазақ биі өнерінің дара аққуы – Шара Жиенқұлова. «Айгөлектің» әсем сазымен айдай болып дөңгеленген Шара... О, шіркін, айдай жүзі нұрланып, аққудай қалқып жүрген Шараға кім сұқтанбады сол кезде?.. Бақытжанның Құрманбек пен Шараның қонақжай шаңырағында болатын сәті. Үшеуінің «Айгөлекті» билеуі. Егер «Айгөлек» Шараның назарына ілікпесе, Бақытжан секілді жас композиторға анадай ірі корифейлердің дастарханында отыру бақыты бұйырар ма еді? Кім білген. Жаратқанның мұндай бұйырмысына рахмет!..

Иә, аяулы Шара, айдай ару Шара осы «Айгөлекпен» жарты әлемді шарлап, қазақ деген халықты талай елге танытып еді...

каз6

                        * * *

 

Сондай-ақ, осы кітапта мені қатты толқытқан тағы бір ғажап тағдыр иесі – көзі соқыр болса да, жан-жүрегі шырақтай жанған композитор Садық Кәрімбаев.

Садық бұл кітапта Ілағаңның «Түнек сәулесі» атты эссесінің кейіпкері. Ол әйгілі «Ақ ерке», «Тракторшы қарындас», «Жаңарқа», «Қазақ қызы», тағы басқа әндердің авторы. Өзінің мүгедек жайына қарамай, әннен түскен гонорарға ғана күн көріп, рухын жоғары ұстаған Садық тағдыры да оқырманды қатты тебірентерлік. Аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлының майданда жаралы боп Алматыға демалысқа келген кезінде Алматы госпиталында жаралы жауынгерлермен кездесуі, сол кездесуге арнап Садықтың ақын Сапарғали Бегалинмен бірігіп «Сағындырған сәулем-ай» деген ән жазуы да өткеннің бір аяулы естелігі дерлік. Ән Бауыржанға қатты ұнайды...

«Түнек сәулесі» туралы әсерімді мен Ілағаңның мына сөзімен түйгім келеді:

«Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын Алматыда Республика сарайында бір үлкен концерт болып, теледидар қызметкерлері келіп оны түсіре бастады. Сол бір абыр-сабыр қарбалас үстінде ашаңдау келген, орта бойлы, ақсары жігіт маған иіле амандасып: -Илья аға, сіз мені ұмытқан жоқсыз ба, мен – Садық Кәрімбаевтың баласы Көзболмын ғой. Папам сіз туралы көп айтатын-ды,-деді.

Тани кеттім. Көзбол! Көзіме жас толып: -Папаң жайында мен де көп айтамын, жаным,-деп құшақтай алдым...»

 

                           * * *

 

Ілағаң тағы бір шығармасын “Жас қазақ” атты патетикалы элегия деп атапты. Патетикалы элегия… Бұл да әдебиетке Илья Жақановтың енгізген жанры. Шығарма қазақ әдебиеті мен өнерінің бір топ өкілдерінің жауынгерлер рухын көтеру үшін культбригада құрамында Калинин майданына келуін суреттеумен басталады. Культбригада жетекшісі жазушы Ғабиден Мұстафин. Жаңа 1943 жылды қарсы алуға бір-екі күн ғана қалған кезде майдан шебіне табандары тиген өнер адамдарын дивизия штабының бастығы Серебряков, дивизия комиссары Егоров, екінші батальон командирі Гундилович, оның орынбасары Бауыржан Момышұлы, батальон комиссары Мәлік Ғабдуллин қарсы алады. Ал кульбригада құрамында артист Елеубай Өмірзақов, әншілер Жүсіпбек Елебеков пен Қамаш Баубекова және басқалары болады. Ең тамашасы – блиндаждың үстінен оқ қардай борап тұрғанда жауынгерлер таңды таңға ұрған керемет ән кештерін өткізеді. Осы жерде Жүсіпбек өзінің майданда жүрген шәкірті, әнші-композитор Рамазан Елебаевты кездестіреді. Бұл бір жүрек толқытқан аяулы көрініс еді. Туып-өскен көгілдір Көкшесін сағынып, майданда жүрген нәзік жүректі композитор. Сөйтіп жүріп ұстазымен кездеседі. О, Құдая, тоба, сол бір күндері орыс ормандарын мүлгіткен Арқа әндері… Жүсекең Калинин жеріне Көкшетауды көшіріп әкелгендей болды-ау. Қазақ жауынгерлерінің көзінде жас… Одан соң арада біраз күн өтіп, қоштасар сәттегі қимастық сезімдер. Элегияның осы тұсында жүрегің қапа-шерден жарылып кетердей боласың. Рамазанның қоштасар сәтте Төлеген Тоқтаровқа арнаған жаңа әні «Жас қазақты» Жүсекеңе көрсетіп, айтқызып тұрып, үні дір-дір етіп: «Сізге аманат, Жүсеке… кім біледі, арсыз ажал…» деп кібіртіктеуі… Жүрегі сезген шығар… Арада он айдай уақыт өткенде Рамазанның Ново-Сокольники деревнясын азат ету кезінде ерлікпен қаза тапқаны туралы хабар да жетті…

 

                            * * *

 

Кітапқа Ілағаң «Шәмшінің жүрегі» атты жинағынан адам жанын үш эссе енгізіпті. Бұл эсселер Шәмші Қалдаяқовтың «Жүрек сыры», «Қаракөз» және «Қайықта» атты әндерінің шығу тарихына арналған...

Фото Калдаяков

Бұлар Шәмшінің Алматы консерваториясында оқып жүргенде  жазған әндері. «Жүрек сырын» ол 1957 жылғы қараша айының бір жаңбырлы күнінде, консерватория класында жападан-жалғыз отырып жазды. Ертесі күні ұстазы, композитор Василий Великановқв көрсетті. Бұл өзі бірнеше жыл бұрын, жарты беттік қана нотаға сұлбасы түсіріліп қойылған ән еді. Енді арада біраз уақыт өткенде Шәмшінің жүрегін қозғауын қара. Әрине, сөзі жоқ. Сөзін Шәмші сәл кейін Ізтай Мәмбетов дейтін мінезі қиын ақынға иттей болып жүріп жаздырды. Әйтеуір, сөзі де сәтті шықты. Ізтай екеуі дос болып кетті. Ал оған дейін Шәмшіні қатты таңырқатқан, тіпті іштей ашуландырған осы Ізтайдың мінезі еді. Мына қызықты қараңыз: Әннің «рыбасын» беру үшін Ізтайдың бөлмесіне кіріп, орындыққа отыра берген Шәмші шалқасынан құлайды. Орындық сынық екен. Ал Ізтай тіпті оған көз қырын да салмастан отыра береді. Сәлден соң «рыбаны» умаждап, қоқыс салатын шелекке лақтыра салады да, «бір аптадан соң хабарлас» деп бөлмеден шығып жүре береді. Құлап жатқан Шәмшіден кешірім сұрамақ түгілі қош деген де жоқ. 

Міне, осындай қызық жағдайда жазылған «Жүрек сыры» да біраз жерге бас бермеген асаудай шауып, Шәмшінің абыройын асқақтатты.

 

                                            * * *

 

...Тағы да сол 1957 жылдың қараша айы. «Жүрек сырымен» елжіреген Шәмшінің жүрегін тағы бір тәтті әуен әлдиледі. Алматының бір күзгі кешінде композитор Әбілахат Еспаевтың жұмыс орнында, ескі қара роялда отырып әндеткен күйі бір ғажап әуезге ойыса берді... 

Иә, біз сөз еткелі отырған «Қаракөз» атты ән бір ғайыптан тайып кездесетін «музыкальный моментте» өмірге келген еді. Мұның да өлеңі Ізтай Мәмбетовтікі. Сол баяғы ешкімді көзге ілмейтін дүрдиген адам тағы бір тамылжыған лирикалық өлеңді жазып берді.

Ән өмірге келген соң оны көп ұзамай Мәдеш Ниязбеков атты жас әнші тамылжата орындады. Сол кезде өнери ортада «Біржан сал» деген атқа ие болған әйгілі әнші Әнуарбек Үмбетбаев та «Қаракөз» әніне қатты тәнті болып, «шіркін, сол әнді шығарған жігітті бір көрсем» деп жүреді. Алайда, оның Шәмшімен алғашқы кездесуі қызық жағдайда өтеді.

Шәмші мен Мақсұтбек Майшекин (музыка редакциясының редакторы) қазақ радиосының редакциясында отырғанда үстеріне Әнуарбек кіріп келеді. Мақсұтбек орнынан ұшып тұрып амандасады. Шәмші де сәлем береді. Алайда, Мақсұтбекпен емен-жарқын амандасқан Әнуарбек Шәмшіге көз қырын да салмайды. Әлден соң келген шаруасы ыңғайланған Әнекең әңгіме ауанын Шәмшінің «Қаракөз» әніне қарай бұрып кеп:

«- Сол «Қаракөз» әніне ғашық болып қалдым... Мақа, сол әнді шығарған жігітті қалай көрем? Жүздестірсеңші мені.-деді Әнуарбек.

Мақсұтбек сабырлы қалпынан өзгермей сәл ғана күлімсірей езу тартты. Шәмші қипақтап, бірдеңе деуге дәрмені жоқ, мына тосын жайға сенерін де, сенбесін де білмей, құлағына дейін қызарды. Мақсұтбек көзінің астымен Шәмшіге ұрлана қарады. Сол сәтте Шәмші шыдай алмай:

-Ә...ә...ә...-деп тұтығып қалды.

Әнуарбек оған жалт бұрылды.

-О...о...ол әннің иесі м... м... мына мен, Ә...Әнуар аға!

Әнуарбек Мақсұтбекке қайырылды. Аң-таң. Мақсұтбек жібектей сызылып, қоңыр көзіне күлкі нұры тұнып, үндемеді.

-Оу, Мақа, сіз не істеп отырсыз осы? Шәмші ініміз осы ма? О, тоба, бағаналы бері...

-А... аға... мен – Шәмшімін.

-Ой, айналайын, Шәмші...»

...Өмір деген қызық. Осы тұста таланттыға бұйырған тағдырдың тақтайдай тегіс жол секілді жайлы боп келе бермейтінін, оның айналасында шын сүйсінушілікпен қатар қызғаныш деген қызыл иттің де көзін алайтып жүретінін көреміз. Шәмшнің төңірегі гу-гу сөз. Біреулер шын тамсанып жатса, енді біреулер: «Аккомпонементті өзі жазды дегенге сенесің бе? Гармноиядан қақпайды. Ең болмаса үшке ілге алмай жүр…» деп өсектің қызыл шоғын маздатты.

Ал дәл сол күндері бүкіл қазақ даласы «Қаракөз» әнімен тербеліп жатыр еді…

 

* * *

 

«Қайықта»… Бұл әнді жазар тұста Шәмші тіпті консерваториядағы сабағын ұмыта бастап еді. Қайта талантты көзінен танитын ректор Құдыс Қожамьяров оған үлкен ағалық қамқорлық көрсетіп бақты. Қатты ренжісе де жеме-жемге келгенде қимай бауырына тартты. Жастайынан жетімдіктің құқайын көріп өскен Құдыстың Шәмшіге қатты жаны ашиды. Тіпті, «шешеңді емдетші» деп ректордың қорынан екі жүз, өз қалтасынан жүз сом көмек те берді. Сол сәтте оның Шәмшіге айтқан ақыл-кеңестері еріксіз жан тебірентеді. Оның бәрін келтіру мүмкін болмас. Осы эсседе көрініс табатын бір жарқын бейнелер, ол - Жамал Омарова, Шара Жиенқұлова, ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов, қазақ радиосы музыка редакциясының редакторы Мақсұтбек Майшекин, сол кездегі жас әнші, консерваторияның вокальдық бөлімінің студенті Бақыт Әшімова, әнші Бибігүл Төлегенова, пианист Валериан Каретников және басқалар.

Эсседегі бір аяулы эпизод – “Қайықтаның” тұсауы қазақ радиосынан тұңғыш рет кесілген жаңа жыл кешіндегі сәттер. Жамал апайдың қонақжай шаңырағы. Жаңа жылды қарсы алып отырған үш адам. Олар - Жамал апай, Шара және Шәмші. Нұрсұлтанды іздеп еді, ол таптыра ма? Жамал апай айтқандай, әйтеуір аман жүрсін.

Осы кеште олар жарқылдап отырып жаңа жылды қарсы алды. Біресе күлді, біресе жылады. Радиодан «Қайықтаны» тыңдады.

«Осы сәтте Шара: - Шәмші, айналайын, саған Құдайдың көзі түзу болсын. Ал, адамның көзі... одан қорқам мен. Сол сұқты пәледен аман жүр. Мына бір вальсті лүпілдеткен жүрегіңді шаршатып алма, күнім. Сен сұлулық үшін жаралған жансың,-деп ыстық лебізін білдірді.

Жамал Шараның сөзін бас изей тыңдады да, Шәмшіге ойлана қарап: -«Қайықтаң» осы Шәмші! Мен аянғам жоқ. Әніңнің тұсауы кесілді. Жұртқа аян еттім. Көкейдегі бір ісім осы еді. Саған ендігі бір айтарым - әніңнің болашағы, бағы Бибігүл Төлегеновадай әншінің қолында. Бибішке «Қайықтаның» нотасын өз қолыммен тапсырам» деді.

-Иә, иә, солай ет Жамал,-деп қоштады Шара өз ойымен өзі боп. –«Қайықта» Бибігүлдің әні. Жамалочка, жүрегіңнен сенің, жүрегіңнен. Ел еркесі болып жүргенің де осы кеңдігің ғой...»

Осы әңгімеден соң арада біраз уақыт өтті. Жамал апай уәдесінде тұрып «Қайықтаның» нотасын Бибігүлге табыс етті...

 

** *

…«1962 жылдың жаз айы. Алматының Пастер көшесі бойындағы жаңа салынған «Жастар» ресторанында болған Қазақстанның Халық артисі Жамал Омарованың елу жасқа толған торқалы тойы еді. Тойды Шара басқарды. Ән шырқалып, бимен толқыған жұрт бір кезде Жамалдан «Қайықта» әнін өтінді. Жамал іркілген жоқ, баянға қосылып, «Қайықтаны» құштар сезіммен шырқай бергенде ортаға Шара мен Құрманбек шығып, вальс толқынымен тербеліп, бір-бірінен құшақтарын жаза алмай ұз-а-а-а-ақ шалқыды… Бұл шаттықты көрген жандар қос ғашықтың осы бір жарасқан сәтіне жандары исініп, көздерінен маржан тамшыларды ыршытты…»

Кітаптың ең соңындағы бұл эссе осындай жүрек қақтырған ғажайып сөздермен аяқталады. Бұл Шара мен Құрманбектің араға от салған бір әзәзілдердің кесірінен аз уақыт ажырасып, қайта табысқан, бір-бірімен ұғынысқан сәті еді.

Мен де осы жолдарды оқып болған соң кітаптың мұқабасын жауып, оны сыртынан аялай сыйпап, құшағыма қыстым…

 

***

 

Иә, Ілағаң секілді біртуар композитордың, қарымды қаламгердің жазған дүниелері туралы пікір айтып, рецензия жазу қиынның қиыны. Өнерді түсінбегендіктен емес, аса қастерлі де көркем туындылар туралы асығыс айтып, үстірт кетпеуді ойлағандықтан. Ғасырлардың дауылы ұрып, жаңбыры шайса да қаймағы бұзылмаған халықтың тума өнері кешегі жиырмасыншы ғасырдың ортасында қазақ музыкасы дүлдүлдерінің бүтіндей бір ұрпағын тарих сахнасына шығарды. Олар тым көп те емес. Көп болмауы жоқтықтан емес, оларды өнер танитын халықтың өзі іріктеп алғандығынан. Және сол өнердегі аға буынның жас таланттарды көзінен танып, қамқорлық жасай білгендігінен. Міне, кешегі бұлбұл боп сайрап өткен бабалар мен біздің арамызды алтын көпір қылып жалғаған Ілағаң бізге атадан қалған асыл өнерді саф алтындай таза күйінде жеткізіп қоймай, сол дәуірде туған асыл дүниелердің тарихын да көркем тілмен суреттеп беріп отыр.

Сізді тудырған қазақ халқы мың жасасын, Ілаға, сіз де мың жасаңыз!

Тарас НАУРЫЗӘЛІ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі