ЖҮРЕКТЕРІНЕ КЕК САҚТАМАҒАН

ЖҮРЕКТЕРІНЕ КЕК САҚТАМАҒАН

         

foto_kazaly.jpg foto_dinash.jpg

          Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2017 жылы сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды» делінген. Сол зұлмат ғасырдың қасіретін тартқандар арасында Бөденелік Тасжан қажымен оның ұлы Қазалы да бар еді.

         Жиырма жылдың үстінде осы мәселені зерттеп жүрсем де, маған бұл есімдер таныс емес еді. Жақында осы ерекше әулеттің тағдырымен танысудың сәті түсті.

         Алматы қаласында тұратын біздің белгілі жерлесіміз, өлкеміздің денсаулық сақтау саласына зор еңбек сіңірген дәрігер Тұрар Ескендірұлы Шәкіліков маған 1998 жылы Жолдас Жанқуаттың авторлығымен жарық көрген «Өлмеген адам» атты шағын кітапты беріп жіберіпті. Кітапты тез арада оқып шығып, оның кейіпкерлерінің ауыр тағдыры туралы өз ойымды оқушы қауымға жеткізуді жөн көрдім. Бұл кітап саяси қуғын-сүргіннің қанды қармағына ілініп, өмірінің 17 жылын жат жерде өткізген жерлесіміз Қазалы Тасжанов және оның жары Динаш жөнінде екен. Қазалы аға текті тұқымнан шыққан. Оның әкесі Тасжан кезінде араб елінің діни орталықтары Мекке, Мәдина қалаларында оқып, мұсылмандық жоғары білім алған көрінеді.

Ол кісі Жайық бойының тумасы, 1870 жылы дүниеге келген. Араб елінде алған мұсылманша тамаша білімін елінің жастарына беру мақсатында туған жері Бөдене ауылында өз қаражатына мешіт салып, сонда 1938 жылы Кеңес үкіметінің қауіпсіздік органдары ұстап әкеткенше ұстаздық еткен көрінеді. Мешіт кітапханасында жинақтаған мол кітап қоры болыпты. Тасжан молданың ағартушылық қызметі туралы Бөдене ауылының тұрғыны Аманкелді Бақытұлы ақсақал былай дейді: "Әрине, мен ол кісіні көрген жоқпын, бірақ Тасжан молда жөнінде әкемнің айтқандарын ұмытпай жадымда сақтап ұрпақтарына жеткізуді өзімнің азаматтық, туысқандық парызым деп санаймын. Тасжан әулеті де, біз де Тана руының Жиенбет тайпасы, Тамырза бөлімінен тараймыз. Олар Есжанның, біздер Қияқтың ұрпақтарымыз. Менің әкем Бақыт Жұмағалиұлы Тасжан көкемізден оқыған, ол кісінің шапағатын көрген адам еді. Ол ұзақ өмір сүрді. 90 жасында 2004 жылы дүниеден өтті, өмір бойы партия-совет қызметінде болды. Сол жауапты жұмыстарды атқаруға әкеме Тасжан молданың мешітінен алған білімі пайдаға асқан көрінеді». Аманкелді ақсақалдың осы мәнді деректеріне білім тарихын зерттеуші ретінде біздің қосатынымыз: Қазан төңкерісінен кейін Кеңес үкіметі ағарту саласын дамыту ісіне ерекше көңіл бөлген еді. Алайда білім ошақтары жетіспеді. Сондықтан жаңа үкіметке діни мектептерді де халық ағарту ісіне пайдалануға тура келді. Мешіт жанындағы діни медреселер 1-ші сатылы мектептер қатарынан орын алып, халық ағарту ісіне айтарлықтай үлес қосты. Міне, Тасжан молданың сол мектебінен білім алған Бақыт Жұмағалиұлы 1928 жылы Аылдық советтің хатшысы болып жұмысқа кіріскен. Аманкелдінің айтуынша, Тасжанның алғашқы мешіті ауылға жақын жердегі Бәйбіше төбе деген жерде болыпты. Кейін ол кісі өз қаражатына тас материалдарынан көрнекті етіп Бөдене ауылының өзінен мешіт тұрғызған көрінеді. Ол кісінің мешітінде шәкірттерге "қадим" оқу жүйесімен сабақ жүргізілген болуы керек. Шәкірттер араб тілінде діни білім алуымен қатар, шығыс поэзиясының классиктері Ә.Фердауси, Низами, О.Хаям т.б. шығармаларын оқып үйренген.

         Тасжан молда және оның ұлы Қазалы туралы Бөдене ауылының тұрғыны 86 жастағы Ынташ әжей былай дейді: "Мен 1926 жылы туғанмын. Күні кешеге дейін ауылдағы балдың ар жағында Тасжан деген кісінің мешіті болды. Тасжанның Қазалы, Қанапия, Мүбәрәк деген балалары болды (Ағираны бұл кісі білмейді екен). Тасжанның Қазалы деген баласының бір қызы ата-анасының таныстарын  іздеп жүрген көрінеді. Оның шешесі Динашты соғыстан кейін "жұмыс жасамайды" деген жаламен соттады. Күйеуі соғыстан оралмағасын жесір қалған Динаш бір қызымен әйелі қайтыс болған Қазалыға қосылған еді. Ол кезде басқарманың кім екені  есінде жоқ, тек Димашты жаңағы жаламен Сібірге жер аударып жіберді. Қазалы Димашты сол жаққа жалғыз жібермей, екеуі балаларын алып бірге кетіп, бастарына түскен барлық қиындықтарды бірдей көтеріп, аман-есен елге оралды деп естідім. Тасжанның мешітін үкімет мектепке, дүкенге пайдаланғанын білемін". Кеңес үкіметі Тасжан молдаға неге шүйлікті, неге 68 жастағы қарияны ұстап әкетті деген сұрақтарға жауап іздейтін болсақ: оның сыры тым әріде жатқанын, ол саясаттың басында Кеңес үкіметінің көсемдерінің болғанын айтуымыз керек. Сөзіміз дәлелді болуы үшін КСРО халық комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.И. Лениннің 1919 жылы Ф.Э. Дзержинскийге жазған хатын оқушы назарына ұсынамыз: «Тез арада поптар мен діннің түбіне жету керек. Поптарды контрреволюционерлер және зиянкестер ретінде тұтқындап, барлық жерлерде аяусыз ату – басты міндетіміз. Және оны мейлінше көбірек жүзеге асырыңдар. Шіркеулерді жабыңдар. Храмдар мен шіркеулерді қоймаларға айналдырыңдар».

Міне, «күн көсемнің» осы айтқандары большевиктер үшін бұлжымас бағдарламаға айналып, олар дін иелерін жазаға тартуға құлшына кіріскен еді. Оның үстіне біздің халықтың арасынан шыққан кейбір адамдар ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің айтақтауымен, айдап салуымен өздерінің айналасындағы зәредей кінәсі жоқ азаматтарды  ұстап беріп, қуғын-сүргінге ұшыратты. Осыған орай деректерге жүгінсек: ХХ ғасырдың 30-50 жылдары Қазақстанда азаматтарға қарсы жүргізілген саяси қуғын-сүргіндер, халықтың кейбір категорияларын сайлау құқығынан айыру, бай-феодалдарды тәркілеу, қазақтарды отырықшылыққа зорлап көшіру, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру сынды бұрын соңды құлақ естіп, көз көрмеген кесапат шаралар  өткізіліп, солардың нәтижесі алапат ашаршылыққа алып келіп,халықтың 60-70 пайызы опат болған еді. Бір ғажабы, Қазақстаннан өзге бірде-бір республикада қуғын-сүргінге ұшырағандардың саны да сапасы да біздегідей мөлшерде болмаған. Өйткені, большевиктер шала сауатты, ақылы тайыз, қалталарында көк тиыны жоқ, алдарында айдаған бір-екі жандықтан басқа малы жоқтарға «Заман сендердікі, сендердің күндерің туды, байларды, молдаларды құртыңдар», - дегендеріне құдайдай сеніп, солардың айтқандарын екі етпей орындап отырды. Облыстық архивтен тауып, зерттеген 1928 жылғы «Азаматтарды сайлау құқығынан айыру» атты №4 қор құжаттарынан мынандай мәліметтерді кездестірдік. Ол мәліметтерді жалпы одақтық мәліметтермен салыстырғанымызда біздің шолақ белсенділеріміздің әумесерлігіне анық көзіміз жетті. Мысалы, 1918 жылғы РСФСР –дың Конституциясына сай, азаматтардың 6 категориясы сайлау құқығынан шектелуі тиіс болған. Сол құжаттың шеңберінде өмір сүрген Гурьев округінде біздің әумесер шенеуніктер азаматтардың 32 категориясын сайлау құқығынан айырған. Сайлау құқығынан айыру деген сөз, адамдарға қажетті өмір сүрудің барлық игіліктерінен айыру деген сөз еді.

Осы құжаттан біздің тағы білгеніміз: сол кезде, яғни 1928 жылы қазақ жұртшылығының арасында сайлау құқығынан айырылған дін иелерінің 8 категориясы болған. Олар: қажылар, сопылар, бақсылар, молдалар, халфелер, азаншылар, имамдар, ахундар еді. Совет үкіметінің басшысы В.И. Лениннің дінге байланысты қатыгез саясаты тек христиан дін иелеріне қарсы бағытталған жоқ, сонымен қатар бұл саясат қазақ еліндегі мұсылман діні өкілдеріне де өте қатты зияны тиген еді. Сол жылдары өлкеміздегі барлық діни ошақтар, мешіттер жаппай талқандалып, олардың иелері қуғынға ұшырады. Тайсойғандағы Ахмедияр халфе мешіті, Еркінғали мешіті, Хасан хазірет мешіті, Мырзағали мешіті, Қарабала мешіті, Қосмұқан мешіті, Жайық бойында Тегісбай мешіті, Құспан мешіті, Ғаббас мешіті, Толыбайда Ғұбайдолла мешіті, Нұғыман мешіттері талқандалды. Ал мына кітаптан біз Бөденеде Тасжан қажының мешіті талқандалып, өзінің 1938 жылы ұсталып кеткенін, одан еліне қайтып оралмағанын біліп отырмыз. Ең сорақысы Совет үкіметі Тасжанның өзін құртып ғана қоймай, оның ұлы Қазалы мен келіні Динашты да жантүршігерлік азапқа салған екен. Ендігі әңгіме сол әзиз жандар туралы болмақ.

Совет үкіметі күнделікті жұмыстардағы кемшіліктердің орын алуын дін иелерінің жасаған қастандық әрекеті деп тауып, олардың өздерін, ал кейін үрім бұтақтарын жаппай қуғындай бастаған еді. Оны біз Қазалы мен Динаштың ауыр тағдырынан біліп отырмыз. Тасжан қажы ұсталғанда оның отбасында әйелі Алтыншаш, ұлы Қазалы, келіні Зида, немерелері Жәміш, Қапаш, Қайролла болыпты. Көп ұзамай молданың баласы Қазалының басына да «қара бұлт» үйіріліп, Гурьевте 3 айлық мотористер дайындайтын курста оқып жатқан жерінен ұсталып, оны Кулагинодағы түрмеге әкеліп жапқан. Қазалының одан кейінгі көрген қорлығы мен азабы өте ауыр болған. 1939 жылы 58 статьямен 6 жылға сотталғанға дейін тергеушілер небір сұмдық әдіс-тәсілдерді пайдаланып, Қазалының жасамаған қылмысын мойындатуға барлық айла-шараларын, зұлымдық әдістерін салыпты. Неге бұлар Қазалыға осыншама шүйлікті. Бұл сұраққа орай біздің екі себепті айтқанымыз жөн болар. Біріншісі – Қазалының молданың, яғни қауіпсіздік органдары 1938 жылы соттаған Тасжан қажының баласы болуы. Сол кездегі үкімет орындары үшін адамның қылмыс жасағаны, немесе жасамағаны ешқандай рөл атқармаған. Ең бастысы азаматтың кеңес үкіметінің көз қырына ілінуіне оның бай - феодалдың немесе молданың ұрпағы болуы басты себеп болып табылды. Коммунистік идеология үстемдік құрған кезде қоғамды таптарға бөлудің, таптық көзқарастың ұстанымы және нәтижесі осындай еді. Екінші себеп: Қазалы сияқты жазығы жоқтардың сотталуына ол кездегі кейбір адамдардың надандығы мен қорқақтығы себеп болды. Сол ауыр кезеңде кейбіреулер заң орындарының айдап салуымен кінәсі жоқ адамдарға жала жабуға дейін барды. Қазалы өз ауылында моторист болып істеп жүрген кезде тары, бидай егілген егіс даласын су басып кетіп, бүліншілікке ұшыраған. Егіс даласына су арықтар арқылы жеткізілетін. Ол арықтарды салу, түзеу, ағып кетпейтіндей етіп дұрыс ұстау – сушылардың, егіншілердің міндеті болатын. Сол егіншілердің салақтығынан жаз айлары күндерінің бірінде арықтар жарылып, егінді су басып кеткен. Оған Қазалының ешқандай кінәсі жоқ еді. Ол суды мотор күшімен айдаушы, жеткізуші ғана. Су егіс даласын басып кеткеннен кейін екінші күні колхозшылардың жалпы жиналысы болып, кездейсоқ оқиғаға кінәлі сушы Зұлқаш пен бал қараушы Ораздың салақтығы талқыланып, оларға сөгіс жарияланыпты. Соған қарамастан тергеушілер Қазалының жасамаған қылмысын зорлап мойындатып, ақырында оны РСФСР ҚК 58 статьясымен 6 жылға лагерьге айдап жіберген. Органдардың мұндай шешімді қабылдауына нағыз қылмыскерлер - өзінің ағайындарының куә болуы мен арыздары себеп болған. Бұған не айтуға болады? Тергеушілерге кім болса да біреуді соттау керек болған. Соттауға кім лайықты, әрине жақында ғана «халық жауы» ретінде сотталған Тасжанның баласы Қазалы лайықты. Қайдағы бір алаңғасар егіншілерді олар қайтсін, алдарында «жаудың» тұқымы тұрғанда. Ал Зұлқаш пен Оразды Қазалыны кінәлаудың құралы ретінде пайдаланып, оларды әуелі куәгер етіп, кейін арыз жаздырып, дегендеріне жетіпті, зұлымдар. Бұл жерде орыс халқының жиі пайдаланатын «Простота – хуже воровства» деген мәтелі еске түседі. Неге сондай аңқау, алаңғасар, қарадүрсін болды екен ауыл тұрғындары сол ауыр кезеңде. Кім көрінгеннің айтқанына көніп, айдауында жүріп, күні кеше араласып, құраласып жүрген ағайындарын өз қолдарымен неге ұстап берді екен, солар? Ешкімге де еш уақытта сен ананы айт, мынаны айт деп зорлаған жоқ еді ғой. Ең болмағанда үндемей қалуға болмайтын ба еді, ағайын? Біздің халықтың түбіне жеткен нәрсе – сол ашық ауыздық пен көреалмаушылық. Біреу бірдеңе айтса болды, ол біз үшін заң: қалпағымызды қолымызға алып тұра жүгіреміз. 30-жылдары тап солай болған еді. Тасжанды «жау» деп алып кеткесін, оның өзінен де, бала- шағасынан да жұрт теріс айналып жүре берген ғой. Тек бір жақсысы,олардың ет жақын туысқандары ғана өз көмектерін аямаған екен. Ондай көмек көп ұзамай Қазалыға өте қажет болған еді.

1939 жылы 25 наурызда Гурьев облыстық соты Қазалы Тасжановты РСФСР ҚК 58-10 бабымен 6 жыл жазасын еңбекпен түзеу лагерінде, 3 жылға сайлау құқығынан айыруға үкім шығарған. Лагерьге аттанғанға дейін Кулагино түрмесінде 1 жарым жыл отырған кезде Қазалының анасы Алтыншаш, әйелі Зида, баласы Қайролла қайтыс болған. Өкініштісі, оларды жерлеуге де, аза тұтуға да Қазалы қатыса алмады. Одан кейін, тағдырдың жазғанына орай Қазалы Жәміш пен Қапашты туысқандарына аманат етіп қалдырып, 1939 жылы Жезқазған қаласына лагерьге аттаныпты. Одан кейін жазасын атышулы Карлагта өтеп, небір азапты күндерді бастан кешірген. Бірнеше жыл бойы Қарағанды шахталарынан көмір өндіру, оны жүк вагондарына тиеу және т.б.ауыр жұмыстарды атқарған. Күніне 12-14 сағаттық ауыр жұмыстан, ас-судың жетімсіздігінен әбден қалжырағаны сондай, бірде оны өлдіге санап, өлген адамдардың арасына лақтырып тастаған көрінеді. «Көретін жарығы таусылмапты» дегендей, адамдардың денелерін орға лақтырайын деп жатқанда, біреулер жыбырлаған жанды денені байқап қалып, Қазалыны дереу лазаретке жеткізіпті. Табиғат берген зор денсаулығының арқасында Қазекең 6 жыл лагерьде, одан кейін тағы бір – екі жыл еркін тұру режимінде өткізіп, аман-есен еліне оралып, қос қанаты Жәміш пен Қанатты өзінің қолына алады. «Жалғыздық құдайға ғана жарасады» дегендей, сөнген ошағын қайта жағу ниетімен 1947 жылы күйеуі соғыста опат болған Динаш есімді келіншекке үйленіп, екеуі үш баласын бірге тәрбиелеп өсіруге уәде байласады. Сөйтіп, «екі жарты бір бүтін» болып тату-тәтті өмір сүре бастаулары сол екен, бұл отбасына тағы да бір пәлекет келіп жабысады. Тағы да сол бірге жүрген адамдардың қайырымсыздығы, имандарының жоқтығы. Олар енді елден ала бөлек Динашқа жала жауып, кінәсіз адамды соттап, елден аластатуға үкім шығарады. Біздің сормаңдай халықтың көзі соғыстан кейін де ашылған жоқ-ты. Ол кезде Сталин тірі еді. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті тарапынан ел ішінде «халық жауларын» іздестіру шаралары бір тоқтамай жүргізіліп жатты. Әсіресе, ауылдық жерлердегі колхозшылардың күні қараң болатын. Оларға ешуақытта еңбегі үшін ақша төленбеген. Еңбекақы «еңбек күн» деген есеппен төленетін. Ол жаңылмасам, азық-түлік түрінде болса керек. Қазіргі кезде біздің зерттеуіміз көрсеткендей, әрбір елді мекеннен заң орындары тарапынан белгілі бір мөлшерде «халық жауларын» іздеп табуға тапсырма берілетін болуы керек. Түсініктірек тілмен айтқанда жер аударуға, соттауға разнарядкалар берілген сияқты. Сөйтіп, 1948 жылы Бөдене ауылындағы колхозда колхозшылардың жалпы жиналысында Қазалының әйелі Динаш Мұқанованың мәселесі қаралып, оған «бір жылғы 120 еңбеккүнді орындамадың, арамтамақсың» деген айып тағылған. Басқарма мүшелерінің ұсынысы бойынша «Мұқанованы колхоздан шығартуға, 6 жылға жер аударуға» шешім қабылданып, ауданнан арнайы келген 2 милиционер Динашты тұтқындап баяғы Кулагиноға алып кетеді. Ондағы түрмеде бір-екі тәулік болғаннан кейін Динашты Гурьев түрмесіне жібереді. Шет жерде лагерь азабын басынан өткізген Қазалы әйелін жалғыз лагерьге жібермеуге шешім қабылдап, екі баласын алып әйелі Динашпен Сібірге бірге кетуге бел байлайды. Түрме басшылығынан рұқсат алған Қазалы Динаш екеуі ұл-қыздарын жетектеп Кемеровоға аттанады. Олар Кемерово облысындағы «Черта» атты өндіріс орнына  келіп, өздері сияқты мыңдаған жер аударылғандармен бірге қара жұмысқа түседі. Бұнда бұларға адам айтқысыз қиындықтарды жеңуге тура келеді. Сібірдің сақылдаған сары аязы, баспананың  жоқтығы, тамақ тапшылығы. Едені жоқ аядай бөлмеге 4 жанұя болып орналасады. Ондай бөлмеде кезек-кезек ұйқтауы да мүмкін еді олардың. Жандары «темірден» жаратылған осы адамдарды сол кездегі қиыншылықтардан сақтап қалған менің ойымша бірнеше фактор болған. Олар: Қазалы мен Динаштың бір-біріне деген шексіз махаббаты (бұл сөзді айтудан қорықпайық) және сол қилы заман адамдарының биік адамгершілік қасиеттері, басқа түскен ауыртпалықты көтеруде бір-бірінен көмекті аямауы, сондай-ақ олардың қажымай, талмай еңбек етуі еді. Ол жақта әсіресе Динаш қатты қиналыпты. Ауылда егін өсірумен айналысқан оған құрылыс жұмыстарының қыр-сырын меңгеруге тура келген. Бірдеңені сұрайын десе орысша білмеуі кедергі болып қамыққан. Бірақ сондай қиындықтарды Қазалының көмегімен жеңе білген. Көп ұзамай Динаш та Қазалы сияқты еңбек екпінділері қатарынан көрініп, өндіріс басшылығы бұларға жер телімін беріп, үйлерін көтеріпті. Жәміш пен Қапаш та көп ұзамай еңбекке араласып, бұлардың тұрмысы түзеле бастапты. Енді осы бір ерекше отбасының Сібірдегі өмірінің кейбір сәттері туралы Ж. Жанқуаттың «Өлмеген адам» повесінен үзінділер келтірейік: Сібірдегі өміріміз, - деп еске алады Қапаш Қазалыұлы – біртіндеп қуанышқа ұласты. Екі жылдан соң мектепті бітіріп, мен де еңбекке араластым. Отбасымыз үлкейді. 1949 жылы Мұрат інім, 1952 жылы Айман, 1954 жылы Айтқаным атты қарындастарым дүниеге келді. Әкем өте қажырлы, төзімді, еңбек сүйгіш жан еді. Қайран шешем! Әуелі құрылыста орысша білмей көп қиналды. Ымдаумен ғана ұғынысып, ең ауыр жұмыс – кірпіш, құм тасыды, балшық езді. Әкем екеуі барлық ауыртпалықты бірге көтеріп, бізді асырады. Қандай қиындық  болса да, ұнжырғасы түспей бізді еңбекке тәрбиеледі. Бұған қосарымыз: Сібірде дүниеге келген ұл-қыздарын Динаш құрылыстағы ауыр жұмыс кезінде етегіне салып жүріп тәрбиелеп жеткізген. Нағыз ерлік деп осыны айтқан жөн болар.  Шіркін-ай, осындай анаға арнап шын мәнісіндегі өнер туындысын (мейлі ол ән бола ма, өлең бола ма, бәрібір) халыққа ұсынатын ақын немесе композитор бізден табылар ма екен? Әрине, ол туынды Шуберттің құдай анаға арналған «Аве Мариясындай», немесе Қалдаяқовтың «Анаға сәлеміндей» бола алмас, дегенмен Динаштың өмір жолымен танысқан өнер иесінен бір тәуір туындыны күтуге болады деп сенеміз. Динаш екеуі жер аударудан Сібірден оралғаннан кейін, өздерінің туған жері Бөденеге бармай, қасиетті Қызылқоға өңіріне орналасады. Қазалының кенже қызы Гүлмаржан: папа сен неге «халық жауы» болғаныңды жасырдың дегенде: - шырағым, мен ешқандай жау болғаным жоқ. Маған тағылған негіз айып – молданың баласы болғаным. Шешеңді «халық жауының» әйелі болғаны үшін жер аударды. Екі рет күншіл ағайын жек-жаттың қудалауынан қорлық көрдік. Бірақ «аққа құдай жақ» дегендей ақталып, Қызылқоғадан жайлы құт-мекен таптық. Енді сендер аман болыңдар! Біздің кесіріміз сендерге тимесін деп «халық жауы» атанып, сотталғанымызды ішке бүгіп келдік, - деп жауап беріпті Қазекең. Өзінің әке-шешесі жөнінде Айман әңгімені былай деп өрбітеді: - әкеміз ақкөңіл, ешкімге жамандық ойламайтын, қолынан келсе мұқтаждарға көмегін аямайтын, ешкімнің ала жібін аттамаған адал адам еді. Қиындыққа мойымайтын. Қолынан барлығы келетін. Мал өсірудің шебері, жылқының құлағында ойнайтын. Ағаш шебері, үй салушы, құдықшы, шалғы орақпен шөп шабушы т.б. жұмыс түрлерінен алдына жан салмайтын. Әкесі Тасжаннан жұққан бақсылық өнерін жұрттың игілігіне пайдаланып құмалақ ашатын, құран шығаратын, жүйке ауруларымен ауырған балаларды емдеудің қыр-сырын білетін. Міне, марқұм Қазалы осындай адам болған. 17 жыл өмірін айдауда өткізіп, тән азабы мен жан азабын тартса да, өзінің биік адамгершілік қасиеттерін сақтап қала білген азамат өзінің сүйікті жары Динаш екеуі 8 ұл-қызын тәрбиелеп өсіріп, оларды адам қатарына қосқан екен. Осы шағын кітапты оқып шыққаннан кейін менің есіме марқұм әкем түсті. Ол да Қазалы сияқты таза еңбектің адамы еді. Бүкіл округке даңқы жайылған ағаш шебері, етікші болған еді әкем. Өмірден қара танымасымен кетті. Үйде бір минут бос отыра алмайтын. Ең болмағанда қолына сыпырғыш алып ауланы айнадай қылып тазалап қоюшы еді, жарықтық. Мен осыларды неге айтып отырмын? Бүгінгі күн адамдары үшін, әсіресе жастар үшін еліктейтін, үлгі алатын идеал керек-ақ. Міне, сондай идеал болуға  Қазалы мен Динаш әбден лайықты адамдар. Олар өздерінің бүкіл өмірімен, сол өмірге құштарлығымен, адал еңбегімен сондай биік мұратқа лайық жандар екендігін көрсете білді. Қазалы сияқты адамдар қайда жүрсе де, қандай ортада болса да, қазақ деген халықтың ең тамаша қасиеттерін өзге ұлт өкілдеріне паш етті. Ол – қайтпас қажырлылық, алабөтен еңбексүйгіштік, жұмыстың қандай да түрін болмасын өмір қажеттілігіне сай игеру, қарапайымдылық, кек сақтамаушылық және кешірімділік, өмірге құштарлық. Қазалының ауыр тағдырын тамаша суреттеген Ж. Жанқуаттың «Өлмеген адам» атты кітабын оқып шыққаннан кейін менің ойыма әлемдік әдебиеттің классиктері Д. Лондонның «Өмірге құштарлық» және М. Шолоховтың «Адам тағдыры» атты әңгімелері түсті. Жанқуаттың кітабындағыдай оларда да кейбір адамдардың өмір үшін күресі бейнеленген. Біздің кейіпкеріміздің бастан кешкендері олардан ешқандай кем емес. Өзінің туған жерінен жат жерде 17 жыл бойы азапты күндерді басынан өткізсе де, Қазекең «Өлмейтін адам» атына ие болып, өзінің биік адамгершілік қасиеттерін сақтап қала алды. Динаш екеуі 8 бала өсірді, олардан немере, шөбере көрді. Жас өмірлері өксіп өтсе де егде тартқан жақтарында өмірдің рахатына бөленді. Динаш 1988 жылы 71 жасында, Қазалы 1990 жылы 86 жасында дүние салды. Екеуінің аялап өсірген Тыныштығы, Жәміш, Қапашы, Мұраты, Айманы, Айтқанымы, Мүслимасы, Гүлмаржаны өмірден өз орындарын тауып, бүгінде алдыңғы қатарлы отбасыларға айналды. Қазалы мен Динаш ұл-қыздарына адамгершілік және еңбек тәрбиесін жақсы берсе керек. Өздерімен Сібірде бірге болған, 7 ұл-қызды тәрбиелеп өсірген Жәміші Қызылқоға ауданының Абай атындағы савхозында тұрып, дүниеден өтті. Еңбек жолын қаршадайында  Сібірде бастаған Қапашы ауданның Комсомольск атты шаруашылығында ұзақ жылдар бойы жүргізуші  болып еңбек етіп, 9 баланы өсіріп жеткізді. Зейнеткерлікке шыққан ақсақал балаларының ыңғайымен Атырау қаласына қарасты "Қызыл балық" ауылынан орын тепті. 7-баланың әкесі Мұрат болса, ол кісі облысқа танымал қаржыгер, Целиноград каржы техникумын бітіргеннен кейін Қызылқоға ауданы мекемелерінде ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, қазір Миялы селосында тұрып жатыр. Атасы мен әкесінің ақталуына зор еңбек сіңірген Айманы Қарағанды кооператив техникумын бітіргеннен кейін есеп-қаржы мекемесінде еңбек етіп, кейін аудандық есептеу бөлімін ұзақ жылдары бойы басқарды. Ол Ж.Жанқуат екеуі екі баланы тәрбиелеп өсірді.

         Сағыз селосында тұратын Мүслимасы почта мекемесінде еңбек етіп зейнеткерлікке шықты. Кенже қызы Гүлмаржаны Гурьев медициналық колледжін бітіргеннен кейін Миялы селосында өз мамандығы бойынша еңбек етіп келеді. Ол да үш баланы тәрбиеледі. Ата-анасының асыл қасиеттерін бойына сіңіріп, перзенттік борышын адал атқарып жүрген Айтқанымы да Гурьев ауыл шаруашылығы техникумының есеп бөлімін бітіргеннен кейін ұзақ жылдар бойы аудан орталығы Миялы селосында кинофикация бөлімінің бас есепшісі болып еңбек еткен еді. 1996 жылы мекемелерді жаппай жекешелендірудің салдарынан жұмысын ауыстырып, Атырау қаласына көшіп келіп, қазір осында тұрып жатыр. Өзінің ата-анасы жөнінде Айтқаным былай дейді: "Мен әкем Қазалы мен анам Динаштан өрбіген үшінші баласымын. Россияда дүниеге келдім. Мен өмірге келгенде анамыз бостандық алады. Әкем марқұм қуанып менің есімімді дегеніміз болды деп Айтқаным деп қойыпты. Біздер өскенше жоқшылық та, қиындық та көрдік, бірақ мойыған емеспіз, әрқашан әкемізді қолдадық. Әкем марқұммен анам екеуінің бір-біріне деген ықыласы мен ниеттері бөлек болатын. Мамам марқұм әйел болып көшілерге әңгіме айтпайды, қолы босаса екеуі отырып карт ойнайды, болмаса әңгіме айтатын бір-біріне. Әкем марқұм өте балажан адам болатын. Ешкімнің ала жібін аттаған емес. Мен тұрмысқа Мұқырдың Кабдыкарім деген жігітіне тұрмысқа шығып, бірінші немерелері Бибігүл дүниеге келді. Менің ата-анам баламды менің өзімнен де қызғанатын. Бибігүл аурушаң болып жәй жүрді, папам марқұм құм алдырып соған қыздырып емдеп алды. Бибігүлге атасының ақ батасы дарыды ма мектепті медальмен бітіріп Турциядағы Стамбул қаласынан университетке түсіп, оны 1997 жылы бітіргеннен кейін Москва қаласына жұмысқа барып, қазір сонда еңбек етіп жүр. Бибігүл Москва қаласында орыс жігіті Владимирге тұрмысқа шығып, Илья, Денис атты екі баланы тәрбиелеп келеді. Жолдасы жеке кәсіпкер. Мен Владимирге өте ризамын, біздерді қатты құрметтейді. Қызым бақытты. Бибігүлден кейін Самғат, Саламат атты балаларым өмірге келді, бәрін де өсіруге,бағып қағуға ата-анам көмектесті. Самғат Атыраудағы медициналық колледж бітіріп, фельшер мамандығын алды. Самғат қазір жеке кәсібі бар кәсіпкер. Келінім Шынар оқытушы, Самғаттың екі қызы Алина мен Наргиз университетте, ер баласы Искандир мектептің екінші класында оқиды. Саламат Атырау университетінің заң факультетін бітіріп Махамбет ауданы ішкі істер бөлімінің тергеу бөлімінің орынбасары болып қызмет атқарады. Саламаттың қызы Адель мектепте оқиды. Келіншегі Альфия бухалтер. Екеумізде зейнеткерміз, бірақ әлі жұмыс жасаймыз, мен өз мамандығым бойынша бухалтер, жолдасым күзет бөлімінде еңбек етіп жатыр. Қазір біздер де мәуелі байтерекке айналдық, көрген бейнеттеріміз артта қалды, өзіміздің еңбегімізбен балаларды оқыттық. Бірақ бір кездегі әкем мен шешемнің жазықсыз елден кеткені жаныма батады. Әсіресе туған жеріне барғанда еріксіз көзіме жас алам, қайран ата-анам барлық адамдар дәл сіздердей қиындыққа мойымай балаларына жақсы тәрбие берсе ғой, жер бетінде барлық адамдар бақытты болар ма еді деп ойлаймын".

фото семьч

 

             Қабдікәрім мен Айтқаным отбасымен бірге

        

           Айтқанымның әкесі туралы әңгімесін оның қызы, қазір Москва қаласында тұратын Қазалының немересі Бибігүл былай деп жалғастырады: «Мен өзім жанымдай жақсы көретін көкем туралы не айтсамда аз болатын шығар. Ол кісінің  маған деген аса мәнді жақсылықтары мен шапағаты бала кезімнен есімде қалыпты. Мен жеті айлығымда дүниеге келіппін, әлжуаз, көп ауыратын бала болдым. Менің бағыма сол кезде қасымда аса қайырымды, әрі тамаша емші атам болған еді. Атам мені тек өзіне ғана таныс емдермен емдепті. Бала кезімде неше түрлі аурулармен ауырыппын. Солардың бәрінен мені емдеген осы атам болатын.  3 жасымдағы бір сәт менің есімде анық қалып қойды. Жаздың өте ыстық күндерінің бірінде атам мені құмға көміп қойды да, өзі ұзақ құран оқыды. Сосын мені құмнан шығарып, денеме массаж жасады. Содан кейін мен тәуір болып кеттім. Атамның бізге дауысын көтеріп, бір ұрысқанын көрген емеспін. Даусы жұмсақ, әуезді болатын. Бес уақыт намазын қаза қылмай  үзбей оқитын. Мен ол кісінің тарапынан айналайыннан өзге сөз естімеппін. Қызылқоғаның қасиетті топырағына аунатып, иманды дұғасын оқып, шуақты мейірімін төгіп, менің денім сау болып өсуіме зор үлесін қосқан атамның жарқын бейнесін ешқашан ұмытпаймын. Атамның қоңыр даусы менің құлағымнан кетпейді. Енді қазір жасымыз біршамаға келіп атам мен әжемнің бастарынан кешкен ауыр жағдайларын білген кезімізде, тағдырдың бастарына түскен соншалықты ауыртпалықтары мен қиыншылықтарын көре тұра, өздерінің биік адамгершілік қасиеттерін сақтап қана қоймай, біздерге деген шексіз қайырымдылығы мен мейірімі  үшін оларға перзенттік басымды иемін. Атамның маған берген мейірімі бүкіл өміріме азық болды деп жауапкершілікпен айта аламын. Мені анам мен әжемнен де қызғанып, өзі бағып, өзі қарайтын. Қонақтан тастамай қасына ертіп жүретін. Міне, менің атам осындай тамаша адам еді. Атама әжемде сай болатын. Олар бірін-бірі қатты қадірлейтін. Еш уақытта дауыс көтеріп сөйлеспеуші еді. Біріне-бірі қасымен қабағына қарайтын».

фото семья

 

Қазалы мен Динаштың немересі Бибігүл

 

           Әбден қартайып, күш-қуаты азайған шағында Қазекең ұл-қыздарына өзінің туған ауылы Бөденеге барып, ағайын-тумамен қауышыңдар, араласыңдар деп аманат айтыпты. Ақсақалдың айтқанын ұрпағы бұлжытпай орындады.

Міне, биік адамгершілік деп осыны айтар болар. Бұл Қазалы Тасжанұлының «Болар іс болды, бояуы сіңді», ендігі жерде жүрегімізге кек сақтамай, иманды болайық дегені еді. Қазалының қызы Айманның әртүрлі органдарға жолдаған арыздарының нәтижесінде 1989 жылы Есжанов Тасжан, 1993 жылы Тасжанов Қазалы толықтай ақталды. Қазақта «тектіден текті туады» деген аталы сөз бар. Тасжанның 4 баласының бірі Ағира текті тұқымға тұрмысқа шығып, Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мұғалім Ескендір Шәкіліков екеуі 9 бала тәрбиелеген. Олардың бәрі де елімізге танымал адамдар болып өсіп, жетілді. Олардың ішінен ҚР еңбегі сіңген қызметкері, медицина ғылымдарының кандидаты Тұрар Шәкіліков пен педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сақыш Шәкілікованы айтсақ  жеткілікті.

         Қазалы аға әулеті туралы әңгімеміз толық болуы үшін осы жерде біз сол кісінің отбасына қарындасы Ағираның балаларының, олардың ішінде Тұрар Ескендірұлының қамқорлығын ашық айтуымыз керек деп есептеймін. Бұл жөнінде Айтқанымнан естігенім мені қатты толғандырды. Облыстың денсаулық сақтау мекемелерінде басшылық қызметті атқара жүріп (облыстың санитарлық-эпидемиялық станцияның бастығы, облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы), Тұрекең  Қазекеңнің балаларына, немере-жиендеріне туысқандық көмегін көрсетуді ұмытпапты. Ол кісі Гүлмаржанды, Алмажайды, Әтинаны, Бақтылыны, Бағыбекті, Манарбекті, Зәмзәгүлді, Ибагүлді, Самғатты (ешкім ұмыт қалмаса жақсы болар еді) оқытуға, кейін жұмысқа орналастыруға ешқандай көмегін аямапты. Бибігүл мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түсуге дайындалғанда ғылым докторы Сақыш Ескендірқызы математикасын пысықтауға көмектесіпті. Тұрар Ескендірұлының өз әулетіне қамқорлығын Айтқаным былай деп әңгімелейді: "1996 жылы облысымызда жекешелендіру қызып тұрған кезде үкіметтің оңтайластыру саясатының кесірінен көп жыл жұмыс істеп жүрген мекемем бір күнде жабылып жұмыссыз қалдым. Жолдасым Қабдықәрімде сондай күйге  ұшырады. Содан соң белімізді буып, Атырауға көшуді жоспарлап, Тұрар ағама келіп ақыл сұрадым. Ол кісі бірден менің проблемамды жан-тәнімен ұғынып, медицина саласындағы бірнеше мекемеде бас есепшілік қызметті ұсынды. Мен облыстық "Сот-медициналық экспертиза" мекемесіне бас есепші болып орналасып, сол жерде табаны күректей он жыл еңбек еттім. Одан кейін де Тұрар ағаның бізге деген қамқорлығы шексіз болды. Біз жинақталып үй сатып алғанша өз саласына қарайтын жатақанадан екі бөлмелі үйді алып бергенін қалай мен ұмытармын?»

Өзінің ағайындарына қамқорлығы туралы Тұрар Ескендірұлы былай дейді: «Біз үлкен отбасында тәрбиелендік. Ата – анамыз бізді жастайымыздан кішіпейілділікке, қарапайымдылыққа, бауырмалдылыққа тәрбиеледі. Әке жағынан да ана жағынан да ағайындарымыз көп болды. Біз бала болсақ та, нағашымыз Қазалының отбасына түскен ауыртпалықты жақсы түсіндік. Сондықтан оның отбасына және басқа нағашыларымыз Мүбәрәк пен Қанапияның балаларына да қолдан келгенше көмектесуге тырыстық. Ер баланың үлкені болғандықтан салмақ маған түсіңкіреді. Жәміш апаның біз қол ұшымызды берген ұл - қыздары Гүлсара мен Ғалымбек Гурьев қаласындағы медучилище мен ауыл шаруашылығы техникумын тәмәмдап, қәзір өз елдерінде    еңбек етуде . Мүбәрәк пен Қанапияның Гульфайруз, Толғанай, Ләззат есімді немерелері де біздің қамқорлығымызда болған еді. Олардың ішінен 4 жыл бойы біздің үйімізде жатып оқып, Атырау университетін бітірген Толғанайды ерекше атар едім. Ол қазір Тараз педагогикалық университетінде оқытушылық қызметте».

         Қаланың тұрғыны болғандықтан мен сол кездегі тұрмысты да, жағдайды да жақсы білемін. Ауылдан келіп оқып жатқан ағайындардың балаларын қаланың бөлмелері өте тар пәтеріне қабағын шытпай жатқызып, бірінен соң бір оқытып шығару- тек үлкен жүректі азаматтың қолынан келетін сауапты шаруа екендігі айтпасада түсінікті ғой. Бұл жерде Тұрекеңнің туысқандарын өзінің туысқандарындай етіп қабылдап, мейірімді қатынас жүргізе білген Нұрия жеңгейдің де еңбегі ұшан-теңіз десек артық айтқанымыз емес.  Өмірдің талай белестерінен өтіп, көпті көрген адам ретінде айтарым: Мен білетін Тұрар Ескендірұлы  тек тамаша дәрігер, денсаулық саласының шебер ұйымдастырушысы, әділ де талапкер басшы ғана емес, ағайын-тумаға қамқоршы, иманы берік, үлкен жүректі, ақкөңіл, қайырымды азамат екендігіне тағы да көзім жетті. Осындай азаматпен таныс болғанымды мақтаныш етемін.

         Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылы сәуір айында жарық көрген "Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар" атты мақаласында айтылғандай, біздер Тұрекең сияқты арамызда жүрген тұлғаларымыздың игі істері мен айналасына шапағатын паш етуіміз керек.

Ия, Тасжан қажының әулеті осындай өмір сынынан өткен екен. Құдайға шүкір, заман өзгерді, еліміз тәуелсіздікке ие болып, әлемдегі өзге мемлекеттер қатарында лайықты ғұмыр кешуде. Ендігі жерде Қазалы ағаның ұл-қыздарына берген тамаша тәрбиесі мен ұлағатты өнегесі жалғасын таба берсін демекпіз.

 

Ш. Нағымұлы,

Ахмет Байтұрсынов  атындағы  алтын медаль иегері