ЕКЕУІ ТУҒАН ЕКЕН ЕКІ АНАДАН

ЕКЕУІ ТУҒАН ЕКЕН ЕКІ АНАДАН

Жазушы Мақсот Ізімовтың: "ТАБЫТҚА СЫЙМАҒАН  ТАҒДЫР немесе «Дюма» деп жүргендері Пушкин бе екен?!. Дерек пен дәйек" деп аталатын шығармасынан үзінділер жалғасы.  Басы осында

Иә, Пушкин мен Дюма түйдей құрдас болмағанымен, жас жағынан шамалас еді: орыстың Александры – 1799 жылы, француздың Александры 1802 жылы дүниеге келген. Ал,олардың портреттеріне зер сала қарағанда, бір анадан туғандай әлдебір жақындық, егіздің сыңарындай ұқсастық барын алға тартады авторлар: екеуінің де өң-әлпеттері қараторы, аспан көзді, қыр мұрынды, керме қабақты, қаракүл қозы терісін қаптап қойғандай бұйра-бұйра шаш қойысы мен бас қондырысы да аумайды.Әсіресе, Дюма жас кезіндегі суреттерін Пушкиннің көз үйренген бейнесінен ажыратып алу қиын. Мұның бәрі екеуінің де арғы тегінде африкалық қан жатқандығына апарып саяды. Пушкиннің нағашы бабасы -  «І Петрдің арабы» атанған эфиоп Ибрагим Ганнибал десе, Дюманың өз әжесі – Сан-Домингодан (Гаити  аралдарынан) олжалай алып келген қара күң екенін тілге тиек қылады. Арада бірнеше ұрпақ буыны алмаса тұра зәңгілік зәузатына шынжырланып қалуы әбден мүмкін, қап түбін тескен қанжардай адам баласының түбінде «тегіне тартпай тұра алмасын» қазіргі генетика ілімі де  мойындайды,  әйтсе де бұл екі адамның егіздің сыңарындай ұқсас болуына негіз қалай алмайды ғой. Жалпы нәсіл тұрмақ, жалқы ұлт өкілдері, жеке отбасы балалары да бір-біріне тарта бермейтінін білеміз...

Оның үстіне, қос Александрдың сыртқы сықпыттары мен түр-келбеттері ғана ұқсас емес, бейім-қабілеттері де бір-бірінің қасына жатып шыққандай.  Бала шағынан Пушкин әдебиетке құштар болғанымен, математика сияқты нақты білім бастауларынан басын ала қашатын. Тәртібі де ең төмен бағаны төңіректеп жүретін ылғи. «Лицей қабырғасында өткізген бес жыл ішінде Пушкин басынан сөз асырып көрген емес, өзінің қалаған нәрсесін ғана оқыды, қалай болса, солай» деп жазды зерттеушілердің бірі. Есейген шағында ақынның ырду-дырдуға, карта ойнауға құмарлығымен, түстенбей төбелесе кететіндігімен аты шықты. Тіпті, тапанша кезеніп, жекпе-жекке шыға салудан тайсалмайтындығы талай тілдіге тиек болған. Әсіресе, Александр Сергеевичтің елден ерекшелігінің бірі – төмен етектілерге есі кетіп, «гүл аңсаған көбелектей, жел аңсаған ебелектей» үйіріліп түсе қалатындығы еді. Саяси көзғарасы да сынаптай сырғып тұратынын және айтады: патша билігіне өре қарсы шыққан декабристермен бала күнінен достық қарым-қатынас жасап, І Александрге эпиграф жасағаны үшін «ит жеккенге» айдалып кете жаздаған...

Ал, енді, өзінің «Үш Дюма» атты кітабында француз жазушысы Андре Моруа бозбала Александр Дюма туралы: «Ол дауылдай дүлей, құйындай жойқын еді, өйткені бойындағы африкалық қаны қайнап жүретін. Ол адам сенгісіз еңбеккерлігімен, асқан дарымен ерекшеленді. Оның болмысының шу асаулығы қандай да бір тәртіпке бағынудан бас тартқызды. Мектеп те оның мінез-құлқын өзгерте алмады. Кез келген қысымға атырылып қарсы шықты. Әйелдерге ше? Ол бөле-жармай олардың барлығын сүйді» дейді.

Сонымен қатар, алгебра, геометрия, физика сияқты пәндерге желкесінің құры жібермегенін жазады. Бұған қоса, 1830 жылы Францияда Шілде төңкерісі бұрқ ете қалған сәтте Париж орталығындағы корольдер сарайы - Тюильриге шабуыл жасаушылардың алдыңғы шебінде Дюма-әкей де атойлап жүрген.

Осы екі мінездемені оқып шыққандар біреуі – Ресейде, екіншісі Францияда өмір сүрген екі бөлек адам емес, құдды бір ғана кісі жөнінде айтылып отыр екен деп қалуы мүмкін...

Әлгі айтылғандардың бәрі аздық қылса, екі қаламгер де жеке әдеби басылымдарын шығарған: Пушкиннің журналы – «Современник» (1836-), Дюманікі «Мушкетёр» (1853) деп аталған. Бір ғажабы, французша журналдың атауын орыс тіліне аударғанда «Пушкин» болып шығады екен, өйткені, «мушкет» дегеніміз – кәдімгі орыстың шойын тұрық, шоң ұңғылы «пушкасы» (зеңбірегі) сияқты орта ғасырлық артиллерия қаруы ғой. Ендеше,  Пушкин өтірік өліп, Дюмаға айналса да, шулы да дулы Парижге табан тіреп, жалдамалы жазарман жәрдемімен (әдебиеттануда оларға қатысты «литературный негр» термині қолданылады; Дюманың атақты шығармаларын жазысқан жалдамалы - Огюст Маке деген бір байшікеш еді-М.І.) том-том кітап шығарса да, өткен өмір елестерінен құйрықкесті құтыла алмай, еріксіз елжіреп, еске алумен өткен шығар-ау деп пайымдаймыз.  Дюманың 1858 жылдың маусымы мен 1859 жылдың ақпаны  аралығында  Ресейге келіп, бар-жоғы сегіз айдың ішінде жиған орыс материалдары  негізінде  19 кітап жазғаны, сол шығармалардың үшеуін Ресей аумағында аяқтағаны туралы дерек те осы ойдың өзегін ширатып, шындыққа бір табан жақындата түсетіндей.  Осы сапарында ол Пушкиннің сегіз өлеңі мен үш хикаятын француз тіліне аударып, «орыс поэзиясының Күнін» Франция көгіне көтеруді мақсат тұтуы да, сірә, тегін болмас керек.

 Жартысы – Петербургте, жартысы Тифлисте жасалған әлгі аудармалардың қолжазбасы мен кітапқа жарияланған нұсқасын салыстыра ізерлеген әдебиетші ғалымдар баспаға дайындау барысында олардың біраз түзетілгенін аңғарған:  Дюма әдеби иірімдерді мейлінше әрлендіріп, көркемдік бояуын барынша қанықтыра түсуге талпынған. Олардың көркемдік сапасына келгенде әдебиеттанушылардың пікір-уәждері екі жарылады әлі: біреулер «Дюма  аудармалары – көркемдік құбылыс, эстетикалық өре-деңгей дегеннен гөрі әдебиет тарихындағы   ауыз толтырып айтар, мақтангөйлікпен малданар дерек қана» десе, келесілері: «жо-ғә, француз романшысы орыс ақынының жан-дүниесіне терең бойлап, ешкім ұқсамайтын ой өрнегі мен сезім толқынысын дәл бере білген» деп дауласады. Солардың қатарында алғашқы пушкинтанушылардың бірі –В. Шульц те бар. Ол өзінің«А. С. Пушкин в переводе французских писателей» деген (СПб, 1880, 135- бет) библиографиялық кітабында:  «Біз А. Дюма тәржімаларының бәрін түгелдей жариялауға тырыстық, өйткені олар жоғарыда айтқан прозадағы да, поэзиядағы да дарынсыздық пен қиялилық шалығының барлығымен салыстырғанда жарқын құбылыс болып көрінеді. Дюма кейде әсірелеу үшін, бәлки, поэтикалық құштарлықтыңбуымен өз жанынан қосып жібереді, бірақ қай жерде де ақын арқау ойын айнытпай сақтап қалады» деп жазған (http.//feb-web.ru/feb/pushkin/serial/v20/v20-177-.htm).

Көзі қарақты, көкірегі сара оқырман Дюманың «Граф Монте-Кристо», «Үш мушкетші», «Семсерлесу ұстазы» романдарын Пушкиннің тағдыр-таланына тікелей һәм жанама түрде қатысы бар жәйттердің қылаң беріп қалатынын аңғарар еді. Ал, бұл «кездейсоқтық па, әлде...» деген сауалдың жауабын іздеп, жай-жапсарын індетуге кейінірек оралатындықтан, әзірше әрқилы жылғадан жиған азды-көпті дерек негізінде «даудың басы – Дайрабайдың көк сиырындай» уақиға  – Дантеспен дуэлге шыққанға дейінгі және кейінгі Пушкин ғұмырнамасының кейбір күмәнді де күңгірт тұстарына сәуле түсіруге тырысамыз.

Мақсот ІЗІМОВ, жазушы

жалғасы бар