ЯДРОЛЫҚ ФИЗИКАНЫҢ БІЛГІРІ

ЯДРОЛЫҚ ФИЗИКАНЫҢ БІЛГІРІ

   Біздін кейіпкеріміз Ахметов Ақылбек Қабиұлы – республикамыздың жоғары оқу орындарында 45 жылдай жұмыс жасаған ғалым педагог, ұлағатты ұстаз, Атырау мен Маңғыстау облыстарының оқу-ағарту ісіне еңбегі сіңген, көргені мен көңілге түйгені, білімі мен білігі мол азамат, физика ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы.    

   Ақылбек Қабиұлы бұрынғы Гурьев облысының Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданында Ұлы Отан соғысынан кейінгі қиын кезеңде дүниеге келген. Биыл 70 жасқа толып отырған ғалым есі кірмей екі жасында әкеден жетім қалған десек, артық болмас. Себебі, әкесі Ахметов Қаби колхозда басқарма төрағасы болып тұрған 1950 жылдың қысы жұт әкеліп, қоғам малы көп қырылған. Қызыл империяның сол кездегі солақай саясаты бұған, әрине, колхоз бастығын кінәлайды. Сөйтіп партия қатарынан шығарылып, бірнеше жылға сотталып кеткен Қаби көкеміз содан қайтып бұл отбасына оралмаған көрінеді. Бірақ анасы бар бала жетімдік көрмейді екен. Анасы Аюпова Ағзила Әйіпқызы еті тірі, еңбекқор пысық адам еді, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, ел басына күн туған кезде орта мектептегі оқуын тастап, колхоз шаруашылығына араласып кетеді. Көп балалы отбасында өскен Ағзила өзінен кейінгі үш сіңлісін оқытып, адам қатарына қосты. Жасынан өжет, қайсар жан 1944 жылы есте қаларлық үлкен ерлік жасайды. Неміс фашистері соғыста тұтқынға түскен мұсылман солдаттарынан Түркістан легионын құрып, ұшақпен диверсиялық десант жібергенде ол «Қызыл ту» деген колхоздың маңына түскен. Комсомол мүшесі Аюпова Ағзила тиісті орындардан арнайы тапсырма алып, жергілікті милиция қызметкерлеріне диверсанттарды ұстап береді.

   Ақылбек мектепке 6 жасқа да толмай ерте барды. Сол кезде мектеп директоры қызметін атқаратын өзінің кіндік ағасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Қараменов Оқашқа ылғи «5» деген бағамен оқуға уәде беріп,сөзінде тұрды. Екінші сыныпты бітірген жылы үздік оқығаны үшін мақтау қағазы мен сыйлыққа 10 дәптер алды. Оның кітапқа әуестігі де сол кезден басталса керек. Бұған жоғарыда айтып кеткен Дәметкен апасының ауыл кітапханасында меңгеруші болып жұмыс жасауы да оң әсер етті. Сондай–ақ, өте аласа, құрқылтайдың ұясындай жер үйдің екінші жартысында көрші тұрған Мырзағалиевтер отбасындағы балықшы, соғыс ардагері Саташ ағайда қолдан көшіріп жазған қазақ эпостары болған. Жұмыстан қолдары босағанда көршілер жиналып, Қобыланды мен Алпамыстың ерліктері туралы дастандарды ұзақ тыңдайды екен. Өкпе ауруына шалдыққан Саташ ағай 40 жасқа жетпей дүниеден озады. Екінші сыныптан бастап бұл жырларды оқу бақыты Ақылбектің басына қонды. Енді көршілері эпос, ертегілер тыңдау үшін мақамына келтіріп, әндетіп оқитын мұны іздейтін болды.   

   Бұл кезде Ағзиланың үйі Жамбыл атындағы клхоздың Тәтерке (орысша-Татарка) деп аталатын ауылында тұратын еді. Кейінде ауылдан 20 шақырымдай жердегі Сафоновка селосынан мектеп-интернат ашылып, соның бесінші сыныбына ауысқан Ақылбек толығынан  мемлекеттің қамсыздандыруына көшеді.Осында өткізген үш жылын әлі күнге ұмытпайды. Мектеп директоры Бисұлтанов Махмут ағайды, тәрбиешілері Нұрғалиева Настя, Сыналбеков Жұмағазы, Мұқышев Ғазиз, Наурызбаев Мұратқали тағы басқаларын аса бір сүйіспеншілікпен еске алады. Әсіресе, бесінші, алтыншы сыныптарда кешкі тәрбиеші болған орыс тілінің маманы Қабиева Мәстура апайы Ақылбектің әдебиетке құштарлығын, орыс тілін жетік меңгеруін қалыптастыруда үлкен еңбек сіңірді.

фото_АКА

   Ақылбек 9-11 сыныптарды ауылынан оншақты шақырым жердегі сол кездегі  В.И.Ленин атындағы орта мектептен оқып бітірді. Ол, мектепте, физика  пәніне көбірек ден қойды. Бұған сол кезде осы пәннен сабақ берген Сағындықов Ғалым ағайдың әсері мол болды. Ақылбек мектептегі соңғы екі оқу жылы бойына физикадан аудандық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иемденді. Бұл кейінде мектеп бітірген соң біржола физика ғылымының соқпағына түсуіне алғышарт жасады.

   Ақылбек Қабиұлы бұл фәниден өткендеріне 35-40 жылдай болса да бірге туған бауырлары Бақтығали мен Асылбек жайында аса қиналыспен әңгімелейді. Екеуі де өмірден жас кетті, Бақтығали 21 жасында, Асылбек 30-ға толмай көлденен оқиғадан қаза тапқан. Осы екі өлім анасы  Ағзиланы қатты қажытып кетті, жиі ауырды, ақыры 1991 жылы үлкен немересі Гүлмираның құдалық дастарханы үстінде кенеттен көз жұмады. Содан бері 27 жыл өтті ғой, айналасы аман-сау келе жатыр еді... Өкінішке орай, былтыр қазан айының ішінде Ахметовтер отбасына тағы да қара бұлт үйіріліп, үйлі-баранды үлкен ұлы Болат кенеттен дүние салды.

   Ақылбек 1966 жылы орта мектеп бітіріп, Қазак мемлекеттік университетінің физика факультетіне құжаттарын тапсырды. Естеріңізде болса, сол жылы 10,11 сыныптардың түлектері мектеп қабырғасымен қатар қоштасқан еді. ЖОО-на қабылданатын студенттер саны алдыңғы жылдармен бірдей, ал мектеп бітірушілер саны екі есе көп. Сол жылы ҚазМУ-дың физика факультеті 125 ғана адам қабылдайтын, тапсырылған құжаттар саны 800-ге жуық, одан 300-і алтын және күміс медальдардың иегерлері. Міне, осы үлкен додада абитуриент Ахметов мүмкін болған  25-тен 24 балл жинап, өмір бойы аңсаған арманына қол жеткізді. Бұқара санасында студенттік жылдар ойын-сауыққа, жастық шақтың қызықтарына толы күндер ретінде қалыптасқан. Бірақ Ақылбектің студенттік өмірі ойын-сауықпен өткен жоқ, қиындығы көп болды, қаражат жағынан мұқтаждық көрді.

   Ақылбек университеттің екінші курсынан бастап ғылыми жұмыстармен шұғылдануға ден қойды. «Молекулалық физика, электр және магнитизм» тарауларынан дәріс берген Исатав Сәбит және Құсайынов Марат ағайлар оны молекулалық және жылу физикасы бойынша зерттеу жұмыстарына тартты. Бірақ Ақылбектің көңілі олардан гөрі деңгейі жоғары ядролық, кванттық физикаларға бұрды да тұрды. Сөйтіп, 3 курстың екінші жартысында студентттерді болашақ мамандықтарына бөлгенде ол ядролық физика кафедрасын таңдады. Ядролық физика, оның ішінде аса жоғары бөлшектер физикасы заманауи фундаменталдық физиканың ең алдыңғы шебі болып табылатын еді.

   Ақылбек үшінші курстың аяғындағы өндірістік тәжірибесін Алматыдан 50 шақырым жердегі тау басына орналасқан Космостық сәулелер станциясында өткізді. 4 курстағы қорытынды курстық жұмысын Қазақстан Ғылым академиясының ядролық физика ғылыми-зерттеу институтының Циклотрон зертханасында орындады. Бірақ циклотронда жүріп жатқан эксперименттер оған ұнамады. Сондықтан 5 курстағы дипломдық жұмысын ядролық реакциялар зертханасында орындауды ұйғарды. Барлық жұмыстары мен ізденістері ойдағыдай болғандықтан факультеттің Ғылыми кеңесінің шешімен оны ядролық физика мамандығы бойынша аспирантураға қалдыру ұсынылды. Бірақ...дипломын алып, шаттығы шалқып, ауылға келгенінде тетелес бауыры Бақтығалидың өмірден өткенін естіп, көңілі су сепкендей басылған Ақылбек аспирантураны кейінге қалдырып, қатты күйзелістегі  анасының жанында болуға шешім қабылдады. Кішкене ауылдағы бұрын өзі оқып кеткен Панфилов атындағы сегіз жылдық мектепке физика пәнінің мұғалімі болып орналасты. Туған ауылындағы жұмысы өзіне қатты ұнағанымен, ғылыми өсуіне ешқандай көмегі жоқ еді. Сондықтан 1972 жылы сол кездегі аймақтағы бірден бір жоғары білім ордасы Гурьев педагогикалық институтының физика кафедрасына оқытушылық қызметке ауысты. Оған бірден жоғары оқу орындарында оқуға ауыр саналатын екі курс – университетте сүйіп таңдаған пәндері кванттық механика мен ядролық  физикадан дәріс оқу тапсырылды. Университет қабырғасында екі тілде дәріс алғанының пайдасы тиіп, екі тілде сабақ берді.

2

   1974 жылдың күзінде А.Ахметов жұмыс жасайтын кафедраға күндізгі бөлімге аспирантураға бір орын бөлінді. Алдын ала жазылып қойғандықтан кафедра оны Ақылбекке ұсынды. Жалпы, аспирантураға түсерде арнайы философиядан, шет тілінен және физикадан емтихандар тапсырылады екен. Ал Ахметов осылардың орнына бірден үш кандидаттық минимум тапсырып, алдымен «Теориялық және математикалық физика» саласына аспирант болып қабылданады да, кейін «Атом ядросы физикасы және космостық сәулелер» бағытына ауысып кетеді.Аспирантурада таңдаған ғылыми бағыты өте ауыр болғандықтан кандидаттық диссертациясын дайындауға, өңдеуге және қорғауға он төрт жылдай өмірін сарп етті. Бірақ ол бұған өкінген жоқ. Зерттеулерінен алған нәтижелері аса оңды болды. Москва, Самарханд, Ташкент, Киев қалаларында жасаған баяндамалары өте жоғары бағаланды. Мақалалары Лондон, Аделанда, Москва, Киев, Ереван сияқты ірі ғылым орталықтарында жарияланды.

   А.Ахметов 1978 жылдан 1989 жылға, кандидаттың диссертация қорғағанға дейін Гурьев педагогикалық институты физика-математика факультеті деканының орынбасары қызметін атқарды. Ал 1993 жылы Маңғыстау облысының Ақтау қаласында осы институттың филиалы ашылып, оның директорлығына доцент Ахметов Ақылбек тағайындалды. Қиын кезеңде ешқандай базасы жоқ жерден қалай-солай ашыла салған оқу орнын аяғынан тік тұрғызу оңайға соққан жоқ. Ақылбек Қабиұлы осы жолда барын салды. Сол кездегі облыс басшылығының, тілеулес азаматтардың көмегі арқасында проблемалар оңынан шешілді. Өкінішке орай, филиал ұзақ өмір сүрген жоқ, бар болғаны үш-ақ жыл. Кейіннен жергілікті политехникалық институтқа қосылып, Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университеті құрылды, А.Ахметов осы оқу орнының бірінші проректоры болып тағайындалады. Ал 2002-2010 жылдар арасында ол осы университеттің «Физика және информатика» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып, кафедра екі жыл қатарынан «Университеттің үздік кафедрасы» атағын жеңіп алды.

Ақылбек Қабиұлы еңбекқорлығының арқасында жекеменшік оқу орындарын құру саласына да түрен салып көрді. 1995 жылы жұбайы Халам Орынғалиқызы екеуі Ақтаудан «Қайнар» университетінің филиалын ашты. Жалпы «Қайнар» университетінің жүйесінде бұлар он жылға жуық жұмыс жасады. 1997 жылы филиал жабылар тұста «Қайнар» колледжін ашуға мүмкіндік алды. Қазір Қазақ теңіз университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыс жөніндегі проректоры қызметін атқарады.

   Ғалым ұстаз Ахметов ғылыми ізденістерінен ешбір қол үзген жоқ. 1997 жылы ол «Болашақ мұғалімдерді кәсіби-экономикалық бағыттаудың педагогикалық негіздері» деген тақырыпта педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне диссертация қорғады. Бұл еңбек педагогика ғылымында тың, жаңа бағыттың негізін қалады. Ақылбек Қабиұлы бұл жолы да қатты еңбектенді. Баспадан осы ғылыми тақырыбына арналған үш монография шығарды.

   А.Ахметовтің алғашқы айналысқаны физика ғылымдары еді ғой. Тоқсаныншы жылдардың аяғына дейін теориялық физиканың классикалық механика, электродинамика, кванттық механика, ядролық физика, элементар бөлшектер және статистикалық физика атты өте күрделі бөлімдерінен қазақ тілінде бірде бір оқулық болмапты. Көптен бері осы мәселе толғандырып жүрген ғалым алдымен өзі студенттерді ондаған жылдар бойы оқытып келген «Кванттық механика» пәнінен оқулық жазуды ұйғарады. Кітаптың бірінші нұсқасы 1997 жылы, екінші өңделіп, толықтырылған нұсқасы 2004 жылы Астананың «Фолиант» баспасынан шықты. Бұдан басқа, 2008 жылы «Статистикалық физика және термодинамика» деген оқулығы осы баспадан жарық көрді. Лениндік, мемлекеттік сыйлықтардың иегері, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Ақтау қаласының құрметті азаматы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Г.Б.Померанцовпен бірлесіп үш томдық оқулық жазып, ол 2000 жылы Алматыдағы «Қазақ университеті» баспасынан жарыққа шықты. Тағы да А.Ахметовтің 2011 жылы «Сага» баспасынан шыққан «Ядролық физика және элементар бөлшектер» атты оқулығы студенттер үшін үлкен олжа болды.

   Қысқасы, ғалым жерлесіміздің қаламынан туған оқулықтар мен кітаптардың саны жоқ. Ал жастайынан кітап оқуға, әдебиетке құмар болған, қазақ жазушылармен қатар орыс және шетел классиктерінің шығармаларын іздеп оқыған Ақылбек Қабиұлының қаламынан енді мемуарлық дүние күтеміз. Алла сәтін салып, ондай еңбек қолға тиіп жатса, жерлестері жарыса оқитынына күмән жоқ!

 

 

 

 

                                                                         Амантай Жамалидденов,

                                                                         ҚР Журналистер одағының мүшесі.

                                                                         Ақтау қаласы.

Теги АГУ70 сайттайсойган тайсойғансайты