ТУҒАН ЖЕР-ТАЙСОЙҒАН

ТУҒАН ЖЕР-ТАЙСОЙҒАН

2008 жылдың тамыз айы...

Шөкімдей бұлтсыз ашық аспаннан Тәңір нұры төгіліп, табиғат мейірімді анадай иіп тұр. Жайық жақтан оқтын-оқтын жанға жайлы майда самал еседі. Шілдедегі аптаптың беті қайтып, тамылжыған маужыр мезгіл туған. Айнала төңіректен тақап қалған сүмбіленің лебі сезіледі. Жаздың аз қалғанын білдіргендей жантақ басы да қызарыпты. Алабұта мен сүтжапырақ әбден пісіп, шабатын шағына жеткен. Күздің тақап қалғанын жәндіктер де сезеді ғой деймін, күні-түні жағы талмай шырылдайтын шілдеқоңыз бен шегірткелер тым келте қайырылар жаз дәуренге деген қимастықтың мұңлы жырын шертеді.

Тамыздың тамылжыған осындай бір күнінде мен әріптес қарындасым Айнұр екеуміз Жалғансайға келдік. Жалғансай Махамбет ауданының орталығы Махамбет селосынан таяқ тастам жерде жатқан, табиғаты жәннаттай көркем ауыл. Сонау бір бағзы замандарда ата-бабамыз Ұлысу деп атаған кербез ақ Жайықтың жағасынан орын тепкен қасиетті мекен.

Жалғансайды қасиетті мекен деп тегін айтып отырған жоқпын. Оның құнарлы топырағында туған немесе өсіп-өнген небір дүлдүлдерді қоя тұрып, күні бүгін осында елеусіз ғана тұрмыс кешіп, тұрып жатқан, ал әндерін бүкіл ел шырқайтын талантты композитор Сейсенбі Құлмағанбетовті айтсақ та жеткілікті. Оның «Туған жер - Тайсойған» деген әні шыны керек, қазақ музыкасының корифейлері Шәмші, Әсет, Ильялардың әндерінен бір мысқыл да кем емес, қазақ музыкасының алтын қорынан ойып тұрып орын алуға әбден лайық асыл дүние. Бұған ешкімнің дауы болмасын. Басқаны қайдам, өз басым осы бір әнге өмір бойына қайран қалумен келемін. Оның бірінші себебі - өзіміздің туған облысымыз Атыраудың бір алыс түкпіріндегі Тайсойған құмына, сондағы Тайсойған ауылына арналып, осындай жауһар әннің тууы. Күллі атыраулықтар, соның ішінде әсіресе, қызылқоғалықтар мақтаныш ететін осындай бірегей әннің болуы. Бұл әнді кейде Қызылқоғаның гимні деп те атайды. Екінші себебі – осындай ғаламат сұлу әнді тудырған композитор мен ақынның (ақын Кәдірбай Жолаев бүгінде марқұм болған – Т.Н.) бірі Жалғансайда, екіншісі сонау Тайсойғанда елеусіз жатуы. Егер осы күні ақшаның арқасында өздерінің ортанқол «әндерін» түрлі телеарналарға тықпалап, елге таратып жүрген «пысықтар» Сейсенбінің «Туған жер - Тайсойғанын» тыңдап көрсе және оның авторы алыс бір қияндағы ауылда тұратын зейнеткер екенін білсе ұяттан өртеніп, «ән» жазуын қояр ма екен? Әй, қайдам?..

Осындай әрі-сәрі ойлар мазамызды қашырған соң біз «Туған жер - Тайсойғанды» және оның авторын жарыққа шығаруды мақсат еттік. Әннің жазылу тарихын композитордың өз аузынан білмекпіз...

Жалғансай бізді адыраспан мен жусанның кермек те, тәтті, сағынышты иісімен қарсы алды. Өзімнің базарлы балалығым өткен Сарайшықтан таяқ тастам жерде жатқан Жалғансай да мен үшін тым ыстық-ақ.

Сейсенбі аға біздің келгенімізге қатты қуанды. Ауылдағы ағайынның ақ көңілі секілді аста-төк дастарханның үстінде «Туған жер - Тайсойғанның» тарихы шертілді.

0000215109_MaGP6WNw

- Ең таңдаулы әнімнің арқауына айналған Тайсойған менің кіндік қаным тамған жер ғой, - деп бастады әңгімесін Сейсенбі аға. - Әуелі осындағы Тайсойған жетіжылдық мектебінде оқыдым. Жоғары кластарды Махамбет ауданының Есбол селосындағы мектепте жалғастырдым. Өйткені әкем Құлмағанбет жұмыс бабымен осында ауысқан болатын. Оның үстіне ата-бабаларымыздың туған жері осы Жайық бойындағы 15-ауыл (Қожамжар селосы) еді. Дегенмен, балалық шағымның көп бөлігі өткен жер ыстық қой, күні бүгінге дейін Тайсойғанға жылына бір барып қайтпасам ауырып қаламын. Әрине, Жайық бойында тұрғаннан да жаман болғам жоқ. Мұнда ең алғаш әйгілі мұғалім, шебер домбырашы Алдияр Шыниязовтан дәріс алдым. Қазақ тілі мен әдебиетінен Сембі Берғалиев деген тамаша ұстаз сабақ берді. Қысқасы, сол Есбол орта мектебін 1961 жылы тайсойғандық жерлестерім Олжабай, Тілеген, Қойшыбайлармен қатар бітіріп шықтым. Ендігі арманым қандай да бір жоғары оқу орнының тіл-әдебиет факультетіне оқуға түсу. Музыканы да жақсы көремін, күй де шертемін, бірақ ән айтатын дауысым жоқ. Музыкант болған соң дауыс та болғаны жөн ғой. Соны ойлап, оның үстіне әдебиет те өнердің бір түрі ғой, не болса да өнерге жақын жүрейін деп, сол жылы Гурьев педагогикалық институтының филология факультетіне түстім. Есіл-дертім осы институтты бітірген соң туған жерім Тайсойғанға кету болды...

Сөйтіп, 1965 жылы оқуды бітірген Сейсенбі Тайсойған жетіжылдық мектебіне мұғалім болып барады. Жас кадр келді деп мектеп басшылығы оған жұмысты үйіп-төгеді. Тіпті, қосымша музыкадан да сабақ береді. Мектеп бастауыш комсомол ұйымының жетекшісі де болады. Жас жігітке өзінің жұмысы қатты ұнайды. Сөйтіп, күндер, айлар мен жылдар осылай зуылдап өтіп жатты.

- Содан бір күні, 1967 жылдың қазан айында мені Қарағандыға бастауыш комсомол ұйымы жетекшілерінің білім көтеру курсына жіберді, - деп Сейсенбі аға әңгімесін одан әрі жалғады. - Бұрын Атыраудан ұзап көрмеген басым бір ай ішінде елді қатты сағынбасым бар ма?! Көкірегімде туған ауылға деген сағыныш атойлап барады... Осындай ғаламат сезім құшағында, қараша айының басында ауылға оралдым. Мені мұнда алғашқы болып жан құрдасым, әрі талантты ақын досым Кәдірбай Жолаев қарсы алды. Шұрқыраса табысқан екі дос Тайсойған ауылындағы біздің үйде отырмыз. Менің қолымда домбыра. Әр әуенді бір іліп ойнап отырғанмын. Кенет бұрын-соңды өзім естімеген бір әдемі қоңыр саз бебеулеп кетіп барады. Нота білмейтін басым ұмытып қалмайын деп қайта-қайта тарттым. Сол сәт Кәдірбай да елең етіп, «Япырау, мынау мен естімеген әуен ғой, кімдікі бұл?» еді. Мен: «Соны өзім де білмей отырмын, менікі деуге батылым бармайды, біреудікі болып шықса ұят қой» дедім. Содан екеуміз ап кеп ойланайық. Білетін әндердің бәрін еске түсірдік. Ақыры Кәдірбай: «Қой, бұл ешкімдікі емес, сен бір ғаламат ән жазыпсың, енді мен бұған өлең жазайын» деді. Әнді туған ауылымызға арнайық деп шештік. Сол сәтте әннің сөзі жазылды. Бір ғажабы, ауыл шаруашылығы институтынан өзге оқу орнын бітірмеген Кәдірбай нотаны өз бетімен үйренген еді. Ол сол жерде әнді нотаға түсірді. Алайда, екеуміз бұл әнді өзіміздікі деп айтуға ақыры ұялдық. Содан ертесі күні достармен болған думанды отырыста әнді жергілікті белгілі композитор Жакула Нұрғалиевтікі, өлеңін жазған белгілі ақын Қабижан Сағиев деп айттық. Себебі күнде өздерімен бірге, ауылда қатар жүрген Кәдірбай екеуміз осындай ән жазды дегенге кластас достарымыз сене қоймас деп ойладық. Сонымен, сол думанды кеште «Туған жер - Тайсойған» қайта-қайта шырқалды. Арада бір-екі күн өтпей ол бүкіл Қызылқоға өңіріне тарады. Содан арада көп күндер өткенде біреулер Жакулаға кездесіп, «Ой, Жәке, бір тамаша ән жазыпсыз, құтты болсын!» демей ме. Жакула марқұм да өзгенің бақшасына көз алартпайтын иманды азамат қой, өзінің ондай ән жазбағанын айтады. Талантты ақын, марқұм Қабижан Сағиев та: «Мен мұндай әнге өлеңді қайдан жазамын, егер Тайсойғанда тумасам» деп өзінің авторлығын дереу теріске шығарады. Содан сұрақтың бір ұшы өзімізге айналып келген кезде Кәдірбай екеуміз әнді жазғанымызды «мойындадық» қой.

Міне, «Туған жер - Тайсойған» осылайша өмірге келген қарақтарым...

Сөйтіп, бұл ән елу жылға таяу уақыт бойына тек Қызылқоға емес, күллі Атырау жерін өзінің көркем де кестелі сөзімен һәм сұлу сазымен тербеп келеді. Енді осы ән республика көлеміне тараса ғой деген тілегіміз бар. Оны бүгінде Қызылқоға топырағында туған, елімізге танымал әнші Амангүл Орынбасарова мен «Нұр-Тілек» атты қызылқоғалық жігіттерден құрылған топ нәшіне келтіре орындап жүр.

Кезінде Илья Жақановтың «Жайлаукөл кештерін» тыңдаған жұрт Жайлаукөлді көруді арамандап еді. Тіпті бір топ студенттер құрылыс отрядына Жайлаукөлге сұранып барып, көлдің кермек суынан іштері бұзылып, масаға таланып, қашып құтылғаны жөнінде қызық хикая да бар. Көктемде ғана уақытша жасанып, одан басқа уақытта құмы көз аштырмайтын Жайлаукөлді өнер құдіреті қалай әдемі қылып көрсетті?! Сол Жайлаукөл секілді біздің Тайсойғанымыз бар емес пе? Егер «Туған жер – Тайсойған» республика көлемінде Сейсенбі мен Кәдірбайдың авторлығы аталып тұрып айтылар болса, Атыраудың мерейі үстем бола түсер еді. Онда өнер фанатиктері кезінде Жайлаукөлге ағылғандай, Тайсойғанды да іздер бәлкім?!..

Енді бәріміз сағынған осы бір аяулы әнді еске түсіріп көрейік:

Туған жер жайлауың,

Ақ алтын бесігім.

Аралап қойнауын,

Ашқанмын өмір есігін.

 

Қайырмасы:

Төріңде сайраңдап,

Көктемде құлпырған.

Өсірдің аялап,

Туған жер – Тайсойған.

 

Достарды сағынған,

Еске алам әрдайым.

Кеудемнен ағылған,

Әнімді бүгін арнаймын.

 

Аялап тұғырдан,

Ұшырдың асқарға.

Оралам қайтадан,

Сағына күткен достарға.

 

Міне, тыңдағанды еріксіз тамсандырған «Туған жер - Тайсойған» осы.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Атырау қаласы