ТОЗАҚ

ТОЗАҚ

Бисенбай

Бисенбай Бисенғалиев.

Ардагер геолог-барлаушы, «Құрмет» орденінің, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бесжылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Қазақстан мұнайына 120 жыл», «Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Қарақия ауданына 45 жыл», «Жер қойнауын барлаудың үздігі» төсбелгілері иегері. Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» кітабына енген. Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, Ақтау қаласындағы «Геолог-барлаушылар аллеясы» идеясының авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естелік әңгімелер», «Бисенғали әулеті»  кітаптарының авторы.

 

Тозақ

https://astrakhan-24.ru/imagefly/w929-h690/upload/images/2016/march/4/news_04032016_143910.jpg

  Ертеректе, осы ғасырдың бас жағында ма, әлде өткен ғасырдың ең соңғы тұяқ серпер жылдарында ма, ағаларымның жұмсауымен құда болып Теңге ауылына барғаным бар. Жаңа Өзеннің тап түбіндегі іргелі ауыл. Газ кенорны, Өзен мұнай кенорнының темір жол қақпасы. Маған дейін барлық шаруа өз ретімен жасалып қойған (құда түсу, сырға салу, қалың мал төлеу...), менің міндетім осындай жағдайда жасалатын жол-жоралғыларды шатастырмай атқарып, құдағай-құдашалардың тегеуріндеріне төтеп беріп, ұятқа қалмай  келінімізді Ақтауға алып келу. «Ат жалын тартып мінгелі» (осындай шаруаларға жұмсауға жарағалы ғой), аға-жеңгелерімнің, ағайын-туыстың кәдесіне жарап, жастары ұлғайған ағаларымның қолдарын осындай шаруалардан босатып едім. Тым-тәуір тәжірибе жинақтап үлгерген нағыз дер шағым. Теңгеге келдік, жақсы қарсы алды, осындайда жүретін жұмыстардың барлығы өз ретімен атқарылып жатты. Еш қысылысым жоқ, ортаға түсіп үйренгенмін. Оның үстіне, костюмімнің қалталарына сірестіре тыққан әртүрлі жораларға арналған, сырттарына жазылған «конверттерім» де (финансовая поддержка) жетерлік, ол да болса менің еркін отыруыма себеп. Оралған кілмдерім де, шабаданға салған, қоржынға толтырған «дүниелерім» де ұялмай көрсетуге болатындай. Қазақбайлап айтқанда осындай «ұрысқа»  «бес қаруым бойымда, сақадай саймын». Әрі осындайда дастарханда «зорлайтын» «ащылауға» да кетәрі емеспін, билеуге де, аздап әртүрлі әңгімелер (жүйелісі мен әзілі аралас, орысша-қазақша анекдоттар дегендей) айтып отыруға да бармын. Ешкімнің меселін қайтармай, «конверттерді» мырзалықпен таратып отырмын. Барған елім жөн білетін, артық ауыз сөзі жоқ ауыл екен. Салиқалы  қарттары да, бес биенің сабасындай орнықты бәйбішелері де бар, жастары солардың ыңғайын бағып, қас-қабағына қарап қызмет қылуда. Ол кезде қазіргідей емес, дін мәселесі онша керім ушыға қоймаған заман болатын. Жаңа Өзенді, Теңгені, Көне Өзенді (қазіргі Қызылсайды ол кезде осылай атайтын) біршама жақсы білемін, студент кезімде де, оқу бітіріп келгесін де сол жерлерде 3-4 жылдай тұрғанмын, артынан да жиі қатынап тұрдым. Теңге кенорнында атақты бұрғылау шебері Қараевтың бұрғылау бригадасында практикада жұмыс та жасағаным бар.

  Бұл жазғаным негізгі айтайын дегеніме кіріспе ғана. Сол құдалықта бір салиқалы адам сөздің ретіне қарай, әңгіме төркіні жұмақ, тозақ жайына ауысқан кезде «Қарақтарым, мен жер бетіндегі тозақтан шыққан адаммын, сол тозақта ұзақ жылдар жұмыс жасап, зейнетке шықтым. Сондықтан, о дүниедегі тозақ бар ма, жоқ па, білмеймін (бұл айтқанының ауыртпалығын ағамыз өзі көтерер), бірақ одан қорқа да қоймаймын» демесі бар ма. Жас шамасы, сол кезде қазіргі біздің жобамызда сияқты, 70-75-терде көрінді. Ішімнен, несін жасырайын, ұзақ жылдар «отырып» шыққан болды ғой, ол жақтың да дәмін татқан ғой деп ойлап қалдым. Бірақ, түр-сықпыты ондай адамға келіңкіремейді.  Ары  қарайғы әңгіме барысында (адамдар әңгімелескенше, жылқылар кісінескенше деп бекер айтпаған ғой) олай болмай шықты, сөзі түзу, өзі де салиқалы адам екені көрініп тұрды.

https://www.angi.ru/userfiles/image/kazahstan(4).jpg

Ағамыздың мамандығы дәнекерлеуші (электросварщик, автогеншик емес, бетіне маска киіп, тоқпен сварка жасайтын маман) екен. Өмір бойы осы мамандықтан ауытқымай, зейнетке дейін жасаған. Мықты маман екені сөзінен де сезіліп тұрды. Жас кезінде Түркімен елінде үлкен газ құбырын тартуға ат салысқан, одан шығып Жаңа Өзенге келіп, мұнай саласында еңбек еткен. Жаңа Өзенде Қарамандыбастың ойында зейнетке шыққанша тапжылмастан жұмыс жасаған екен. Былайынан алып қарағанда, сварщик деген өте қатерлі, зиянды мамандық болып есептеледі. Өзім де буровойда жүргенде де олардың жұмысының қандай зиянды екенін байқайтынмын, әсіресе мұнара құралдаушылардың сварщиктерінің жұмысы тіпті қиын. Ол байғұстар қақаған қыста да, айналаны күйдіріп-жандырып өртеп тұрған ыстықта да, екі бүктетіліп бүкшиіп, жүресінен отырып, бетін маскасымен жауып алып үнемі сварканың түтінін жұтып... отырғаны.

профессия сварщик

Кейбіреулері сваркасын жасай отырып маскасының ішінен темекісін соратынын да көріп таң қалатынмын, сварканың түтіні жетпей, темекінің түтінін қосқаны несі деп. Ал мына, жаңа танысқан ағамыздың бір жақсысы, темекі тартпайды екен. Ағамыз Қарамандыбастың ойында 25 жылдан астам жұмыс жасапты. Ол ойды мен біршама жақсы білемін. 1970 – 1973 жылдарға дейін жыл сайын жаз мезгілінде Жаңа Өзеннің УУБР (бұрғылау басқармасы), УКРС (капремонт скважин) деген мекемелерінде помбур болып жұмыс жасағанмын. Әсіресе, алғашқы, бірінші курстан кейін тап сол Қарамандыбастың ойында БУ-75БрЭ деген бұрғылау қондырғысында помбур болғанмын. Бәрі есімде. Буровойдағы алғашқы жұмысым, алғашқы әсерім қапелімде ұмытыла қоймас. Ол заманда, қазір қандай екенін білмеймін, ол ойда болмағаныма 20 жылдай болған сияқты, Қарамандыбастың ойы нағыз қызу еңбектің қайнап жатырған қара қазаны іспеттес болатын. Өзі терең ой болғандықтан ешқандай жел бола қоймайтын. Ал сол тып-тымық ойда мұнайға ілесіп шыққан газды жаққан алып факельдердің қаншасы жанып,өзі жетпейтін оттегіні өртеп, құртып тұрғанын кім білсін, ерсілі-қарсылы шұбырған, ауыр механизмдер сүйреткен, шаңдатқан тракторлер, бұрғылау қондырғыларын сүйреткен ауыр техникалар, су таситын АЦН көліктер...

https://90zavod.ru/800/600/https/www.oceans8films.com/wp-content/uploads/2017/09/dear-president-obama-cover.jpg

Маңғыстаудың ойында ауа құрамында оттегі жетіспеушілігі белгілі, ал Жаңа Өзен осы маңғыстаудың ең ыстық жері болса онда оттегі тіпті аз шығар. Енді Жаңа Өзеннен де төмен Қарамандыбастың ойында мынандай қызу еңбек қайнап жатырған қара қазанда  жеткілікті мөлшерде оттегі қайдан бола қояр екен?! Өртеп тұрған күн бір жағынан, одан қала берді сансыз жанған факельдер екінші жағынан болса, оған лүп еткен жел болмайтынын қосып, жел болмағасын сансыз шұбырған техникалардың (ауыры көп, жеңілі де аз емес, әрі ол кезде асфальт та жоқ қой) табанынан тапталып шыққан шаңды топырақтың ауада қалықтап тұрғанын, мұнай скважиналарының айналасында жарылған құбырдан аққан кішігірім «көл» болып әр жерлерде жарқырап жатқан жайылған мұнай көлшіктерін қоссақ, сол ойдың экологиялық сипатын беретін «керемет» картина шыға келеді. Енді осы «керемет» картинаға күні бойы бүкшиіп, бетін маскамен жауып алып сварка жасап, 25 жыл бойы тынбастан еңбектеніп жатырған жаңа танысқан ағамызды қосып көз алдыңа елестетіп қараңыз. Ағамыздың мен жер бетіндегі ТОЗАҚТЫ көрдім, содан шыққан адаммын деуінің жөні бар сияқты.

  Алғаш рет «тірі» буровойды осы Қарамандыбастың ойында көрдім, сонда жаз мезгілінде жұмыс жасадым. Ол кезде жасым жиырмаға жетпеген бозбала едім. Соның өзінде маған Қарамандыбастың ойы нағыз бұрқ-сарқ етіп отта қайнаған қара қазанның өзі болып көрінетін. Күндізгі вахта (таңғы сағат 8-00-ден кешкі сағат 16-00-ге дейін) аяқталып, автобуспен үйге қарай келе жатып, ойдан қырға шыға келгенде кәдімгідей таза ауаны сезіп, самал жел соққандай, көкірегім ашылып рахаттанып қалатынмын. Шындығында бұл тек салыстырмалы түрде ғана «таза ауа, самал жел» еді, себебі қырдағы Жаңа Өзеннің өзі де күйіп тұрған болатын, оның да айналасы факельдер мен ауыр техниканың табаны көтерген шаң болатын. Салыстырмалы түрде Жаңа Өзен Қарамандыбастың ойына қарағанда алқам шүкір болса, онда ол ойды ағамыздың тозақпен салыстыруы дұрыс та сияқты деп қалдым. 

Бұл сол кездегі жағдай ғой, мүмкін қазір жағдай түзелген де болар.  

...

Осы жазбамды фейсбук парақшама салғанда біраз жақсы пікірлер келді, солардың арасынан Маңғыстау мұнайының ардагері Киікбай Әбілбайұлы Медеуовтың пікірі (жазылған күйінде, еш өзгеріссіз беріп отырмын):

«Сонау 70-ші жылдардың аяғы, 80-ші жылдардың басында сол Қарамандыбаста біз де аздап «помбурлап» едік, БУ-75БрЭ-де. Кейін, 80-ші жылдардың ортасынан бастап мұнай өндіруші болып, сол Өзен мен Қарамандыбас ойының ауасын 10-12 жылдай жұттық. Жоғарыдан таңертеңгілікте қарағанда бүкіл ой мұнартып тұратын. Пәленбай құбыр, тұрбадан, дұрыс бекітілмей, 3-4 болт-гайкімен ғана тұрған мыңдаған скважина аузындағы фланецтерден бе, дизель отынды жүздеген ауыр техника түтнінен бе, әйтеуір көкпеңбек мұнар болып тұратын, қашанда!!»

...

Бәкөн әл-Сағыз.

 ...

 

Теги мұнайшыжазбалары тайсойғансайты