ТІРШІЛІК КӨЗІН АШУШЫ

ТІРШІЛІК КӨЗІН АШУШЫ

 

МАРАТ ИСМАГҰЛОВ

Марат Исмағұлов,

«Абылайхан Групп» акционерлік қоғамының президенті.

 

Қазақтың той-садақасы қатар жүреді емес пе қашанда. Көпшілік бас қосқан жерде қызықты әңгіме болады ғой, жөн сұрасасың, жаңа адамдармен танысасың дегендей...

Марат деген құдам өте әңгімешіл адам екен. Бұрын оны мықты геолог дегенді естуім бар еді. Іскер басшы екенінде білетінмін. Өзінің ру шежіресін де жақсы білетін. Ал әңгімені өте мәнді етіп айта білетінін осы жолы ғана көрдім. Бір отырыста қызықты бір әңгімені айтып берді. Сол әңгімені сіздерге жеткізгім келіп отыр.

2011 жылы ағамның баласы үйленген болатын дейді Марат Исмағұлов. Құдалық кезінде Нұр Шеркешбаев деген ақсақалмен таныстым. Жаңа құдамыздың інісі екен. Таныса келе ол кісінің бұрын геолог болғанын білдім. Көптеген уақыт бойы Маңғыстауда жұмыс жасапты.

Нұр аға

Әкесі Біләл да, оның әкесі Шеркешбай да Қызылқоғаның тумалары екен. Сол жақта «Мақұл», «Тұщықұдық», «Жәнібек», «Ащықұдық» деген жерлер бар еді. Шеркешбай  қарт Ащықұдықты мекендепті. Бүгінде басына адам түнеп отырған Байбақты ата Мақұл деген жерде тұрған екен. Екеуі дос болыпты.

1916 жылы Шеркашбайдың ұлы Біләл Гурьевтен (Үйшіктен) келе жатып, жолшыбай Мақұлға, Байбақты атаның үйіне соғады. Келсе Байбақты ата қатты ауырып жатыр екен. Аман-саулық, жөн сұрап отыруға шамасы келіңкіремей, ата: «үйіңе барған соң әкеңе айт, дереу маған жетсін!»-дейді. Біләл ауылына жүріп кетеді.

Мақұл мен Ащықұдықтың арасы бірталай жер. Ол кезде атпен ғана жүреді ғой. Түн ішінде үйіне жетіп, әкесінің ұйқысын қимай, таңертең айтармын деп жатып қалады. Таңертең «Ой, бауырым!» деп жылап жатқан әкесінің ащы дауысын естиді. Хабаршы Байбақты атаның сол түнде қайтыс болғанын айтып келіпті. Хабарды естіген кезде баласы Біләл әкесіне: «...кеше  жолда Мақұлға соға кетіп едім. Байбақты атаның қатты ауырып жатырғанын көрдім. Үйіңе барған бойда әкеңе айт, дереу жетсін деген. Мен үйге түнде келгесін таңертең айтармын деп сізді оятпап едім»,-дейді. «Қап, балам, қате болған екен!»,-деп әкесі жолға шығады. Барса Байбақты ата: «...мен өлсем менің жаназамды Шеркешбай шығарсын!»,-деп айтып кетіпті. Содан кейін Шеркешбай сол кісінің жаназа намазын шығарған екен. Бұл олардың достығының куәсі ғой.

Шеркешбай жай адам емес еді. Ол кісінің тұщы судың көзін табатын ерекше қасиеті болатын. Өзінің аты айтып тұрғандай Ащықұдықтан да тұщы су шығарған екен. Су шыққанша қаза беретін көрнеді. Судың көзі ашылған кезде дәмін татып қарайды, егерде ащы болса судың көзін балшықпен майлап тастап, әрі қарай қаза береді. Сөйтіп, осылай екі-үш қайталанып, қаза беріп, тұщы суға да кезігеді екен. Тұщы суды тапқан соң сол жердің енін қауға сиятындай етіп қалдырады да,құдықтың жан-жағын ағаш пен талмен нығыздап қаптап тастайтын көрінеді. Құдықтың суын өздері де пайдаланып, жолшыбай өтіп бара жатырған жолаушыларға сатады екен.

Қазір біз мұнай қазғанда үңгіге «колонна» жібереміз ғой. Қазған жеріміздің жары құлап қалмасын деп колоннаның жанына цемент құямыз. Ол кезде ондай құбыр да, цемент те болған жоқ. Қазған құдықтың жарын қалай ұстатқанына таң қаламын. Мен оны кейін оқыған кезде ғана білдім, ол кісі оқымай тұрып оны қайдан білген екен? Сірә, ар жағында табиғаттан дарыған бір қасиет болып тұр ғой шамасы. Нұр құдамыздың сөзінен біздің ата-бабаларымыз бұрынырақта тұрған жерінен тұщы суды қалай шығарғанын білдім.

Сөз арасында мен: «Біз жәй адаммен құда болып отырған жоқпыз, біз атақты Алашалармен құда болып отырмыз!»-деп ойнап қоятын едім. Осыны жазбайсыз ба, кейінгі ұрпақ өзінің осындай тарихы барын білсін дегенімде, қой, қайдан жазайын, ондай өнерім жоқ қой деп күліп қоятын еді.

Сол жазу деген сөзден шығады, «Шеркеш шежіресін» қарап отырып, аңғардым, Байбақты атаның жаназасын шығарды деп басқа адамның есімі жазылыпты. Осындай әңгімелер дер кезінде жазылып тұрмаса кейінгі ұрпақ қайдан білсін...

Нұр ағаның әңгімесінен кейін, осындай қасиетті адамдардың ұрпағымен құда болғанымды айтып жүретін болдым-деп аяқтады Марат Тажаяқұлы әңгімесін.

Қабибек Мұхитов,

Қазақстан журналистер Одағының мүшесі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Теги тайсойғансайты