ТАРХАНДАР ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУШІ

ТАРХАНДАР ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУШІ

«Өтегенге не жұмыс тапсырсаң да бұлжытпай орындайды, өте тиянақты жігіт. Осы жігітпен дос болғаныңды қалаймын!» -деп үнемі айтып отыратын еді марқұм әкем.

Әскерден келген соң сол Өтегенді көргім келіп жүрді. Бір күні соның орайы түсті. Жазғы сессиясын тапсырып болысымен Өтеген біздің үйге өзі келді. Енді ауылына кетпекші екен. Екеуіміз біраз отырып сөйлестік. Әлі де айтылатын әңгімелеріміз көп сияқты. Бұйыртса, күзде жалғастыратын болып уәделестік. Сөйтіп ол ауылына кетті.

...1978 жылы мектепті аяқтасымен Гурьев пединститутына оқуға түсу үшін құжаттарымды тапсырғанмын. Мақсатым-тарихшы болу. Бізбен бірге Ақтөбе облысының Алға ауданынан Өтеген деген жігіт те бағын сынады. Екеуміз дайындық сабағы кезінде таныстық. Жерлестерімен бірге «Атырау» қонақ үйіне тоқтаған екен. Сол қонақ үйде кезекші болып қызмет атқаратын анам олардың күнде сабаққа дайындалатынын айтып келіп жүрді. Емтихан басталып кетті. Құжат тапсырған 248 талапкердің көпшілігі құлап, қатарымыз сиреп қалды. Бір кезде барып аңғардым-арамызда Өтеген жоқ. Жерлестерінен сұрастырып көрсем, емтиханын тапсыра алмай ауылына кетіп қалыпты. Одан соң бұл жігітті көрмедім.

Ауылына барған соң келесі жылы әскерге кетіпті. Отан алдындағы борышын өтеп келген Өтеген біздің пединститутқа қайтып келіп оқуға түседі. Мен болсам ол кезде өзім де әскерге кетіп қалғанмын.

Қонақ үйде жұмыс жасайтын анамды танып қалып, кейін біздің үймен қатынасып тұрыпты. Үйде менен басқа ер бала жоқ еді. Әке-шешем мен апа-қарындастарым ғана болатын. Қазақ үйдің жұмысы таусылмады ма? Су тасу керек, қыста отын жару керек дегендей, күнде бір жұмыс күтіп тұратын еді ғой. Жатақханада жататын Өтеген әрбір сенбі-жексенбі күндері келіп, ағашын жарып, суын тасып беріп жүріпті. Барлық шаруасын тындырып жүрген бұл жігітті әкем болашақта бір қызының күйеуі болады деп көрсе керек. Біздің үйдің қыздары мұны кейін әзілге айналдырып айтып жүретін. Әскерде жүргенде үйден жие хат алып тұратынмын. Өтегеннің келіп көмектесіп жүргенін солардан естідім. 1978 жылды қайта шолып, түр-түсін есіме түсірдім-ау, ақыры.

Келген соң оқуымды жалғастырдым.  Өтеген екеуміз енді бір-бірімізді жиі көретін болдық. Өзі де анда-санда біздің үйге келіп тұрды. Анасы Нәбирә апай беріп жіберді деп Ақтөбенің қаймағы мен тары-талқанын ала келетін. Иманды болсын, жақсы адам болатын. Менің анам «шеркештігін» салып, Өтегеннің алып келген базарлығын қысқа дейін үнемдеп жеткізіп жүрді.

Ол келген кезде әкем міндетті түрде оған бір шаруасын тапсырып қалатын еді. Кейін кеткен соң оңашада мақтайтын келіп оны...

Оның үстіне Өтеген жақсы оқыды. Тек қана жұмыстағы тиянақтылығын айтып қоймай, әрбір сессиядан алған бестіктерін де сөз қылатын еді. Сірә, одан үлгі алғанымды қалаған сияқты әкем.

Іздемпаз студентке кейін профессор Алдамжаровтың көзі түседі. Сөйтіп, Әбілсейіт досымен бірге оны Қостанайға ала кетеді ұстазы.

Барған жылдары «Зұлхарнай Алдамжаров атындағы ғылыми-зерттеу орталығында» аға ғылыми қызметкер болып жұмыс жасапты. Сол кезде бұл орталық Қостанай өңірінің энциклопедиясын құрастырып жатырған болатын.

«Орталықтың машинасымен шеткері аудандарында тұратын соғыс және еңбек ардагерлерінің құжаттарын жинап келіп жүрдім. Кейін сол жиналған құжаттарды жүйелеп, әрбір адамның өмірдерегін жазу міндеттелді маған. Студенттік кезден ғылыми жұмыспен шұғылдануды армандаушы едім. Енді міне соның мүмкіндігі туды»-дейді өзі.

Оқып жүрген кезде Есет батырдың тарихын зерттеуге қызыққан болатын. «Тамалар, сірә, нағашысы болғандықтан шығар»,- деп әзілдеп қоямын оған. Тіпті факультет деканы болған Жиенбай ағай Бакиевке де айтып көрген сияқты. Ол кезде мұндай тақырыптарға аса мән берілмейтін еді ғой. «Есет батыр дегеніміз кім өзі?» -деп сұрапты Жиенбай Базарбайұлы. «Кезінде батыр болған адам, қазір басына адам түнеп отыр» -деп жауап берген екен Өтеген. «Мұндай діни тақырыпқа ғылыми жұмыс жазылмайды!» -деп көңілін су сепкендей басыпты оның. Кейін Атырау университетінде оқытушы болып жүрген кезде профессор Зұлхарнай Алдамжаров мұнай және химия өндірісі саласындағы комсомол жастарының тарихын зертте деп ақыл-кеңес берген көрінеді. Кеңес үкіметі құлаған соң мұндай тақырып та өзекті болмай қалды ғой.

Ғылыми зерттеу орталығында жұмыс жасап жүріп, профессор Зұлхарнай Алдамжаровтың жетекшілігімен «Тама Есет тархан Көкіұлының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі» деген тақырыпты зерттеуге кіріседі. Бұл тақырыпты зерттегенде қазақ тарихында орын алған тархандар институтын қоса зерттеу керек еді.

ФОТО ТАРХАН

Орыс императорлары өзіне қызмет еткен түркі тілдес халықтардың бірқатарына «Тархан» деген атақ берген болатын. Бірақ тархандар тарихы арнайы зерттелмеген екен. Тіпті Қазақстан тарихнамасында бұл тақырыпқа жазылған ғылыми жұмыстар жоқтың қасы еді. Тархан десе тек қана тама Есет батыр мен шақшақ Жәнібекті айтатын еді ол кезде.

Ізденіс жұмысына бағыт-бағдар алу үшін Алматыға келді. Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында бұл тақырыпқа кеңес беретін бірде-бір ғалым табылмайды. Білсе осы білер деп оны Ерофееваға жұмсайды. Ирина Михайловна Өтегеннің өтінішін тыңдап алған соң, тархандар институты түркі халықтарына тән болғанымен мұндай құбылыс Европада да болғанын айтады. «Мысалы, рыцарьды алып қарашы. Олар жәй ғана жауынгер емес, сол қоғамның белгілі бір деңгейдегі сословиесі еді. Әрбір рыцарьдың жері мен әжептәуір байлығы болды. Оларды алым-салықтан босатты. Қару-жарағы мен толық әскери сауытын киіп жүретін еді олар. Тархандарға жапонның самурайлары да ұқсас сияқты. Немесе Ресейдің казактарын ал. Олардың да кейбір көріністері тархандарға келеді. Патша үкіметі белгілі бір дәрежеде құқық беріп қойған казактарға. Елдің шет аймақтарын қорғау үшін оларды түрлі алым-салықтан босатты. Сен осы ұқсас құбылыстармен салыстырып, зерттеп көрші. Мұндай көріністі бүгін де көріп жатырмыз ғой. Мысалы, шешендердің "боевиктері" де қару-жарақпен жүреді. Өздері бай. Бірақ ешкімге алым-салық төлемейді» -деп сөзін әзілге айналдырып жібереді. Сөзінің соңында патша үкіметі тархандар институтын отарлау саясатын жүргізу үшін әдейі құрғандығын айтып кетеді.

Арада біраз уақыт өткесін Қостанай мемлекеттік университетіне оқытушы болып, ғылыми зерттеу жұмысын оқу-әдістемелік қызметпен ұштастырады.

DSC_0007

2005 жыл Өтеген үшін ауыр жыл болды. Сол жылы оның анасы Нәбира апай қайтыс болды. Онымен қоса әкесіндей болып кеткен Зұлхарнай Алдамжарұлы дүниеден озды. Ұстазы қайтыс болған соң бір жылға дейін ғылыми жұмысына кірісе алмай жүрді. Кезінде Әбілсейіт Мұхтар екеуі Зұлхарнай Алдамжарұлына барғанда, ұстазы Өтегенге қарап: «...Әбілсейіт XVIII-XIX ғасырдың тарихынанын қорғайын деп жатыр ғой. Оның тақырыбы сенің тақырыбыңа жақын. Болашақта бұл жігіт те саған ғылыми кеңес бере алатын болады!»,- деген екен. Зұлхарнай ағайдың бір жылдық дұға дастарханында Әбілсейітті кездестіріп қалады. Сол кездегі осы әңгімені есіне алып, алдағы уақытта өзіне ғылыми жетекші бол деп қолқа салады оған. Досы келіседі. Сөйтіп, Әбілсейіт Мұхтардың ғылыми жетекшілігімен өзінің диссертациясын қорғап шығады. Бірақ авторефератына өзінің екі жетекшісінің аты-жөнін жазған екен.

Бірде, Мемлекеттік мұрағатта құжат жинап жүріп профессор Ғалиевті кездестіріп қалады. Өтегеннің диссертациялық тақырыбын білген соң: "Бұл тақырып өте қажет тақырып. Бірақ көп ізденуді талап етеді. Көпшілік жағдайда мұндай тақырыпты докторлық диссертацияға тақырып етіп алады. Сен алдымен тархандардың тарихын зерттеп алсайшы" - деп ақыл-кеңес береді Виль Зайнуллович.

Есет батырдың тарихын жазу үшін көп уақыт ресей мұрағаттарында жұмыс жасау қажет еді. Керекті құжаттар әрбір мұрағатта шашыраңқы сақталған-ды. Екі-үш жылдан соң Қазақстанда ғылыми атақ беру жүйесі өзгергелі жатырған. Болон конвенциясынының талаптарына сай, 2010 жылдан соң ғылым кандидаты мен ғылым докторы деген атақтар мүлдем берілмейтін еді. Не болғанда да қолда бар материалдармен кандидаттық диссертациясын жазып шығу керек болды. Біраз ойланып алып Өтеген, тархандар тарихын жазуға кіріседі. Осылайша өзінің диссертациясының тақырыбын «Қазақ қоғамындағы тархандар институты» деп өзгертеді.

DSC_0018

Зерттеу барысында тархандар институтының түркі халықтарында ежелгі заманынан келе жатырған құбылыс екен анықтайды. Бұл құбылыс тіпті сонау Сақ дәуірінде де болғанын, әсіресе орта ғасырда кең етек жайғанын айтады. Өзіне қастандық жасайын деп жатқанын айтып келген бір жылқышыға Шыңғыс хан «Тархан» деген атақ бергенін жазады. Бұрын тек қана екі тарханның атын білетін еді. Зерттеу нәтижесінде 43 тархан болғанын және оның екі түрі болғанын анықтайды. Мысалы, "Тархан" деген атақ тама Есет батырдың өзіне ғана берілген болса, шақшақ Жәнібек батырға бұл атақ атадан-балаға мирас болып қалатындай етіп беріледі. Мұнысымен патша үкіметі замандас екі батырдың арасына от салуды көздеген болатын деп жазады зерттеу жұмысында. Диссертациясында ізденуші тархандардың қоғамда алатын орнына ерекше тоқталады. 9 кісі өлтіргенге дейін оларды жауапқа тартпаған екен. Хан шатырына қарумен кіруіне құқысы болғанын және ханның тұқымы болмаса басқа адамның қызын әкесінің рұқсатынсыз ала алатынын жазады. Ең бастысы, жойылып кеткен тархандар институтын қайта жандандырып, патша үкіметі өзінің құйтырқы саясатына пайдалануды ниеттенгенін айтады өзінің ғылыми жұмысында.

Қорғар қарсаңында ұстазының үйіне барған екен. Бір авторефератын сыйға тарта отырып, Зұлхарнай ағайдың жұбайы Гүлсара Шолпанбайқызының батасын алыпты.

Сөйтіп, 2009 жылы Орал қаласында өзінің кандидаттық диссертациясын қорғап шығады.

Кейінгі жылдары Өтеген Ихсанұлы көптеген ғылыми монография мен кітаптар шығарады. Бірнеше оқу құралдарының авторы болыпты. Осындай еңбегінің нәтижесінде  2014 жылдың қорытындысы бойынша «Жоғарғы оқу орындарының үздік оқытушысы» деген атаққа ие болады. Ал 2016 жылы "Қостанай облыстық телевидениясының жыл адамы" деген атақ алып әрі Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтына сіңірген еңбегі үшін деп аталатын төсбелгісімен марапатталады.

Жуырда бізді тағы бір жетістігімен қуантты. ЖАК-тың бұйрығымен «Қауымдастық профессор» деген атаққа ие болыпты. Өтеген мұнымен тынбайтын сияқты. Осы оқу жылында тама Есет батырдың тарихына байланысты өзінің монографиясын шығаруды жоспарлап отыр екен.

IMG-20180828-WA0001

...Әкем онымен дос болғанымды қалаған болатын. Қазір біз тек қана дос болып қоймай, екеуміздің арамызда шығармашылық үндестік те пайда болған сияқты. Оның ғылыми белсенділігіне таң қаламын. Осы жетістігінің бәріне өзінің еңбекқорлығымен жеткенін атап кеткім келеді. Не жұмысты қолына алса да оны аяғына дейін жеткізетін Өтеген әлі талай құнды еңбектерді дүниеге әкеледі деп сенемін. Шығармашылық табысың көп болсын, Өтеген Ихсанұлы! Зұлхарнай Алдамжаровтың тарихи мектебін жалғастырып жүре бер дегім келеді ғалым досыма.

 

Қабибек Мұхитов,

тарих ғылымдарының кандидаты.