ТАБЫТҚА СЫЙМАҒАН ТАҒДЫР немесе «Дюма» деп жүргендері Пушкин бе екен ?!.

ТАБЫТҚА СЫЙМАҒАН  ТАҒДЫР немесе «Дюма» деп жүргендері Пушкин бе екен ?!.

 

 

 

 

 

 

...Өмірден солай сырғанап келем,

Өзгерген оның қабағы.

Тек Ажал бағзы сұр қабақпенен

Мүсіркеп маған қарады.

 

Жырымды аяқтап жазармын дейтін,

Қиын ба жұртты сөзге ерту?! –

Алайда, маған   Ажалдың кейпін

Керек боп қалды өзгерту...

Светқали НҰРЖАН, 1991 ж. Құрық кенті

 

Pushkin-Duma-816x522

                                                 Өлгендер қайтып келеді

«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмей-тұғын артында сөз қалдырған»  деп Абай жарықтық айтпақшы, жалпы, жаны жасампаздықтан жаралған өнер тарландары, әсіресе, айналасының ілтипатын арқа тұтып, арындап өткен ақын-жазушылар ешқашан «өлмейді» екен. Өздері «көрпесін қырда қымтап» жатса да, жүректен шыққан сөздері – жазған-сызғандары ұрпақ жадында жыл өткен сайын жаңғырып, сәт сайын «тіріле» береді. Өмірден қыршын кеткен Артығали Ыбыраев та «Адамдар сыйған табытқа, Ақындар бірақ сыймайды» деп, ханды да, қараны да қақшып алып, келместің түйесіне өңгеріп әкететін тажал ажалдың – әкімқара, бай-бағландарды, өлермен өлеңшілер мен дәлдүріш сөз құрағыштарды қайдам – әйтеуір, нағыз сөз сүлейінің атын өшіріп, затын көшіруге әдді жетпейтінін айтқан. Ал, енді...

Көзі тірісінде тұстастары «орыс поэзиясының шамшырағы» санаған, Күн сөнсе де сөнбейтін жарық жұлдызға балаған  Александр Сергеевич Пушкиннің көрінеуінен көмесі көп тағдырына – соңғы кезде сан саққа жырыла қашқан ғұмырнамалық деректеріне қатысты әлгі асқақ поэтикалық тіркестерді ауыспалы да, тікелей  мағынасында да қолдана беруге болатындай. Тіпті, Ол Б. Соқпақпаевтың қаламұшынан шыққан «өлгендер қайтып келмейді» деген аксиоманың тас-талқанын шығара, жекпе-жек атыста оқ тиіп, ажал құшқаннан кейін де алшаң басып жүре беріпті-міс. «Тірілердің тірісі» болып...

Әлқисса, 2012 жылы әлем санасын шырмаған ғаламтор парақтарының бірі «мынау Пушкиннің көзі тірісінде түскен жалғыз суреті еді» деген түсіндірмемен мыс пластинкаға позитивті әдіппен бедерлеген фотобейнесін жариялайды. Оны басқа емес, болмыстағы нәрсені қаз-қалпында бейнелеудің алғашқы амалын тауып, кезінде теңдесі жоқ жаңалық ашқан француз химигі, театр суретшісі әрі өнертапқыш  Луи Дагердің (18.11.1787 – 10.07.1851) өзі түсірулі дейді. «Ал, саған керек болса!..» Ол Француз ғылым академиясына сынап буы арқылы таңғажайып бейнелеу технологиясын тұңғыш рет ұсынған шақта тарих-қарияның саусағы 1839 жылдың 17 қыркүйегін түртіп тұрған-тұғын. Он жеті жылдай түрлі тәжірибе жасау арқылы әбден жетілдіріп, тап сол күні қадеге асырған алғашқы фотографиялық амал - дагеротипия (ағылшыншаdaguerreotypy) тәсілімен Луи Дагердің Пушкин бейнесін мыс тақташаға таңбалауы әсте мүмкін емес еді, өйткені,  мына бізге мектеп қабырғасынан таныс оқулық деректері мен арғы-бергі пушкинтанушылардың жазбаларына сенсек, ол кезде Александр Сергеевичтің Михайлов селосының іргесіндегі Святогор монастырының топырағына жамбасы тигеніне, яки, қапияда қаза тапқанына екі жыл толып қалған еді. Ал, енді мына дагеротипиялық бейнесі...

Сол, сол-ақ екен, өтірікті – шындай, шынды жындай қылатын ғаламтор парақтары мен бүйректен сирақ шығаратын телеарналар, көбіктен көлеңке тұтуға бейілдеу кейбір мерзімді басылымдар кезінде Жуковскийдің өзі «орыс поэзиясының Күніне» теңеген ұлы Ақынның өмірі мен өліміне қатысты ауыз аштырып, көз жұмдырар деректер мен деркүман дәйектерді топан судай қаптап жіберді. Бірақ, солардың ешқайсысы Пушкин өмірінің күңгірттеу тұстарына, туыстық-тамырлық байланыстарының шым-шытырық деректеріне сәуле түсіріп, ақиқатын аян етуге барша ғұмырын арнаған мемуаршы-қаламгер, биолог, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Н. А.Раевскийдің (12.07.1894, Ресей -11.12.1988, Алматы)осыдан қырық жыл бұрын айтқан сөзіне мән бермеген еді. Кейін бірнеше рет басылып шыққан «Портреты заговорили» («Жазушы», 1970) атты кітабында Николай Алексеевич орыс әдебиетінің арғы-бергі тарихында нақ Пушкин өліміндей қайғылы уақиға ұшыраспағанын, арада ғасыр жарым уақыт өтсе де болмысы дана, тұлғасы дара ақынның қыршынынан қиылғаны еріксіз қабырға қайыстыратынын жапсарлай келе: «В его последней драме и поныне многое остается невыясненным, темным, непонятным. Вероятно, многое никогда и не будет объяснено до конца. Действующие лица давно в могиле. То, что они свое время скрыли, не занеся на бумагу, срытым и остается» дейді. Мұны айтқанда  сол Раевский «өлгендер де қайтып келетінін», яки, Жорж Дантеспен жекпе-жекте оққа ұшып, жалдамалы пәтерінде екі күннен соң жан тәсілім қылған Пушкиннің іле-шала «Дюма» деген ныспымен француз мәдени көгіне жарқырай көтеріліп,жарығы жаһанға жамыраған жұлдызға айналу ықтималдығын  мегземеген шығар-ау. Тіпті, ол атақ-даңқтары жер жүзіне жайылған екі қаламгердің тек есімдері ғана емес, түр-тұрпаттары мен мінез-құлықтары да, түп-тұқияндары да бір судың егіз тамшысындай ұқсас екендігіне де тап сол кезде ой бойлатып жатпағаны анық. Әйтпесе, В.Вересаевтың «Ұлы адамның жеке басы мен шығармасын тізерлеп тұрып зерттеуден көңілсіз ештеңе жоқ» (Пушкин и Евпраксия Вульф// 2 т. шығ., М.-1929)деген сөзін дәйек етіп, А.С. Пушкинді сүттен – ақ, судан таза періште, таңғажайып мифтік тұлға кейпінде сомдамай-ақ, жұмыр басты, жұлын өзекті пенденің әммасына тән оның да жетістігіне қоса кемшілігі, тұма қабілетіне қабат күнәдар қарекеті де болғанын қаз-қалпында көрсетуді мақсат тұтқан, бір саусағы бүгулі қалатын ресми мәліметтер тұрмақ, мезгіл өкпегі бояуын солғындатып, өңін сарғайтқан көне суреттердің өзін сөйлетуге тырысқан   қазақстандық пушкинтанушының дуэль кесірінен өлген орыс ақынының атақты француз Дюма-әке нұсқасында тіріліп келу «дерегін» айналып өтуі әсте мүмкін емес деп ойлаймыз. Әлбетте...

Мақсот ІЗІМОВ, жазушы

Жалғасы бар...