ТАҢНЫҢ АЛТЫН АЙДАРЫ

ТАҢНЫҢ АЛТЫН АЙДАРЫ

Біртуар ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржанның туындыларынан үзінділер, басы осында

                     АҚЫН

                   Иранбекке

 

Жатқызбас Құдай берген қуат ұлды,

Оқыса, жыр оқитын сұрапылды;

Таланын тауға да ұрған,

тасқа да ұрған,

Көрдің бе Алматыдан бір ақынды?

 

Бір басын бес батырға балағандай,

Жүргендей күрсінеді ажал алмай.

Көзіме кейде менің елестейді ол,

Қатепсіз кіре тартқан қара нардай.

 

Жігері кейде оның да құм болады,

Өзінің өлең ғана шын қонағы.

...Маңырап қошқар-дауыс шыққан шақта,

Текешік бақылдаған жым болады.

 

Сәл көрмей кетсең оны сағынасын,

Сағынып барып сөзден жаңыласың...

Әзірет Әлітегі Мәдіні аңсап,

Аспаннан Айсаны іздеп аңырасың.

 

Жоғалған хас асылдың сүйегіндей,

Тілі бар кен-шежіре тиегіндей.

Қарасаң келіміне – қожаң емес,

Перінің тартып туған жиеніндей!

 

Ұғылмас пітінә мен езге бұл жыр,

Тексізді сымдай тартар тезге ділгір.

Ат ізін салмаса да күншілдікке,

Кенде емес міншілдіктен,

сөзге білгір.

 

Тыңдасаң шошынасың армандарын,

Танисың бапсыз шапқан тарлан барын.

Тістіге сол ақынша тиісем деп,

Талқан боп таяқ жесең –

таңғалмағын.

 

Қозғап ап

жыр деп өлген көнелерді,

Келімге келместей-ақ өлең енді, –

Сүйегің сырқырайды жоқтағанда –

Жұмекен,

Мұқағали,

Төлегенді...

 

«Біздерсіз озбас өлең, оңбас өнер», –

десе де сөге көрме,

қолдаса көр.

Буыршын қара өлеңге шабынар ед,

Буралар сол сияқты болмаса егер!

 

Жанында кей кездері жақтас қалмай,

Ыршиды сәл нәрседен шоқ басқандай.

Тіленіп түлен түртіп тұрар кейде,

Патшаның баласымен боқтасқандай...

 

Көргендей жаңа туған жыр сүлейін,

Құшағын жайса – үркіп, түршігемін.

Сипаса маңдайымнан «мықтысың» деп,

Қысылып өз-өзімнен күрсінемін.

 

Береді сөз келімін ұқтырып кім? –

Көкірек күбісіндей күпті үміттің...

Арса-арса қабырғамды көреді ырғап:

«Болмас, – деп, – жолы жеңіл Мықтылықтың!..»

 

Дауыл боп сыртқа шықса іштегі өкпек,

Желкеңнен аяз-азу тістеп өтпек...

Басы – Арқа,

тәні – Алматы,

жаны – Сырда,

Кей-кейде отырады үш бөлек боп...

 

«Мақтады...

Тақпады, – деп, – жырыма мін»,

Бір ауыз ілебізіне жылынамын.

Қасиет Қазақта бар сіңген оған,

ХАЛҚЫМ деп, –

мен Ақынды ұғынамын.

 

Бесіктен босана сап алға асықтым,

Қыр кезіп қызылаяқ – қар басыппын.

Ақын мен Халқым үміт артқаннан соң,

Жетектеп жыр-көшімді жолға шықтым...

 

...Өзгеге еліктеу мен ұқсау бөлек,

Жанымды жабырқаған ұқсаң керек.

Күптігөй көңіл тыным таппай әуре,

Ақынның айтқанынан шықсам ба деп...

 

Ақынның айтқанынан шықсам ба деп,

Наламын ӨЗ ЖОЛЫМДЫ тұтсам да ерек...

...Айналып керуеніммен келген шақта,

Ақталам, ХАЛҚЫМ, қабақ шытсаң не деп?..

 

04. 1984 ж.

 

          ҚАРА САБА

 

Жылқы ауыл...

Күлде жатыр қара саба,

Әр жерін тесіп кеткен бала-шаға.

Түсетін қара шал жоқ арашаға,

«Қазіргі тірлікке бұл жараса ма?!» –

депті де,

күлге сүйреп тастатыпты,

Көкайыл келін оны ала сала.

 

Күн салып айналаңа қара абайлап,

Көп жылқы баяғыша салады ойнақ.

«Тай жүзген» – қара саба күлде жатыр,

Не сәнге, не мүлікке жарамай қап.

 

Қараймын барлығына секем алып,

автолар ат орнына жетеді ағып.

Бос шиша ғұрлы болмад қара саба,

Оларды «өткізуге» кетеді алып.

 

Десек те «дәстүрін ел ұмытпайды»,

Көп жігіт өткенінен түк ұқпайды.

... Желіге келмек тұрмақ, құлын біткен

Құланша маңайына жуытпайды...

 

Сөнбесін баба көзі деп тілесе,

Ішті-ішке болар еді тепкілесе!

«Қалдығы ескіліктің жойылсын!» – деп,

Кіл сұр бет лектор келіп кетті кеше...

 

Бәрі де көнереді, көнереді,

Дегенмен бір ойлану керек еді.

...Осынау сабасының жайын естіп,

Қара шал қайтып келсе не дер еді?!

Ұлы отыр отқа жағып керегені...

 

Баласы сол нән шалдың алашада

Мас болып оттап жатқан – аласа аға.

...Қауымға ырзық болған қара саба –

Қадірін қайдан білсін бала-шаға?!

Қара саба... бала-шаға... қара саба...

 

03.04.1984 ж.

               ТАНЫСТЫРУ

 

Ерлігі аңызға – аян, ертекке – анық,

Өр халық – менің халқым – тентек халық.

Ұрынған пышағына дұшпаны көп,

Қысты, әні, құшағына да өртеп барып!

 

Отырар өзді-өзінің жолын бағып,

Керемет менің халқым – момын халық.

Қонағы қоймасына қол салса да,

Көрген жоқ көңілі үшін қолын қағып.

 

Жатса да бары көрер көзге үптеліп,

Дос-жарын шошытпайды ол – кездік беріп.

Ерлігін – «ардалық» деп,

ақ көңілін

Білемін – жүргендер бар ездік көріп...

 

Шайқасқа мен де кейде бірден барам,

Қысылып кейде текке – тілден қалам.

Білгісі келген мені байқа,

                                             шырақ,

Сол екі қасиет те сіңген маған!..

 

                                                     27.06.1984 ж.

 

   АҒА АҚЫЛЫНАН ҰҚҚАНЫМ

                                

                   Ол да өзіңдей ит болсын, азғыр, азғыр...

                                                                                  Абай.

 

Сен де тарттың ат жалын кезегің кеп,

Меже-міндет алмасаң езеді індет.

Осы ақылды сыр қылып айтып тұрмын,

Біздің елдің төлі деп – өзегім деп.

 

Сыры бөлек дәуірдің, жыры бөлек,

Тиіспегін тентектеу ініге көп.

Сырыңды ашпа ешкімге,

ойласын жұрт

Танылмаған таланттың бірі ме деп.

 

Сәні бөлек өмірдің, тәрі бөлек,

Көр-жер істің жүргейсің бәрін елеп.

Қысылса егер жүрегің,

шаншып мыйың,

Осы айтылған ақылдай дәрі керек.

 

Көп қой біздің қазақта қиқым кісі,

Ит-құстың да келеді итінгісі.

Шырпы жағып даяр тұр,

әйеліңнің

Шылым шегу болса егер сүйкімді ісі.

 

Сынық ине қолыңнан күліп берме,

Төрдегіден айрылсын түрікпен де.

Кіріп келме еш жерге ұрықсатсыз,

Ырық берме делбелеу жігіттерге.

Желбезекке қармағың іліккенде,

Бүлікпен де тіл табыс, ұлықпен де.

 

Дөкейлерді –

алғасын ішке де еніп,

Пісте беріп алдай біл, іске жегіп.

Қадірсіздеу біреуді кінәлай сал:

«Бір қазақты жүр ғой деп, үшке бөліп».

 

Айта да біл өтірік, өсекті сақ,

Араласқан жырға да есеп-қисап.

Төмпешік боп Парнас тау,

Пегас пырақ

Қалған, шырақ, бүгінде есек құсап.

 

Көңіліңде қалмасын күмән бірер,

Мықты ағаға іні бол ұнап жүрер. –

Сәл жымиса, кеңкілдеп күле сал да,

Сәл мұңайса, еңкілдеп жылап жібер.

 

Өзгелерден ақылың артық болса,

Көне берме жігіттік тәртіпке онша, –

Былш еткізіп бетінен бір сүйе сал,

Бір ақымақ жағыңнан тартып қалса.

 

Ар-ұяттан өлмейді күйіп кісі,

Не жігіттің қор болған иықтысы.

Осы ақылды тыңдасаң,

құрығанда

Әйеліңнің боласың сүйіктісі.

 

Әйел деген – азулы бөрің сенің,

Әйел деген – қазулы көрің сенің.

Өштескен бір жігіттің ебін тауып,

Өбектей де білгейсің келіншегін...

 

Бұл ақылды айтамын зейіндіге,

Түрің-сұрың осыған бейім, міне. –

Бізге де ақыл айтатын ағалар бар,

Сен де айта жүр мұнымды кейінгіге...

 

1984 ж.

Алматы.

 

                   КӨРІНІС

 

Жаздың түні.

Аспан – теңіз.

Жер – теңіз,

Теңіз болып кеткендей бар шартарап.

Сол аспанда Айға айналған ерке қыз,

Жүзіп кетіп бара жатыр шалқалап.

 

Сол Айменен теңесесің...

Қасымда

Неғып тұрсың ғажабыңды қалқалап?! –

Жүзші сен де,

                        ақ тәніңді жасырмай,

Атыраудың айдынында шалқалап.

 

Шарап-шабыт құйшы, сахи, жырыма,

Ес кетірсін мынау арқа-жарқа бақ!

Ғаламды алған егіз айдың нұрына

Мен де жүзіп кетейін бір шалқалап...

 

                                                           26. 07. 1984 ж.

 

     МАХАББАТ ТАҚЫРЫБЫ

                       Әзіл

«Оңашалап жолықтық жылға жақта,

Сыбырласып сырластық бір-жар апта.

Менен мықты ақын көп, сенем,

                                                      бірақ

Сенен сұлу ару жоқ бұл қазақта!» –

 

Деп жырлап ем бір қызды баяғыда,

Қозыдай-ақ табысқан Баянына.

Ол қыз кетті жатпенен,

                                        тағы бірі

Жөргем болып ілінді аяғыма.

 

Бола ма адам біреуге текке ғашық,

Бауыр-ғашық болдық біз, өкпе-ғашық.

Оған да әлгі бағытпен жыр арнадым,

Қоймаған соң сонымды бетке басып.

 

Енді қашан, Құдай-ау, тоқталамын?!

Қаладан – қыз, даладан жоқ қарадым.

Жырлай, жырлай ең сұлу аруларды,

Ең мықты ақын мен өзім боп барамын...

 

                                                          18.08.1984 ж.

 

АРМАНЫМА ТАЛАСПА

 

Аяулымды алғаусыз армандадым,

Сен де соған көз сүздің, арланбадың.

Ақ көңілмен жүргенде аңғармаппын,

Арманыма таласар арлан барын...

 

Азғындық па атадан алған үлгің? –

Қалайсың тек қапқанын қармағыңның.

Жебір көзбен – ыдыны жібімеген,

Аймалайсың ақ тәнін арманымның.

 

Сіңіп қалған сүйекке арам әдет

Сүйкіміңді кетіріп – салады әлек...

Мен – өзіме қимайтын ардағым бұл,

Арманымның ізінен садаға кет!

 

Тереңдігін қиғандай Құдай маған,

Иірім боп орнымда шыр айналам.

Қайдан келдің, сүйкімсіз бақа неме,

Көңілімді – көлімді ылайлаған?!

 

Құзғындайсың ұмтылған сен жеміне,

Әлде, өрмекші – шырмалған өрмегіне.

Өзің теңдес біреуді таппадың ба,

Бойды бұзған жүгенсіз ермегіңе!..

 

Арманымды әлдилеп қалғыр ма едім,

Былғамақшы тұмсығың Ардың көлін...

Таласа бер бағыма, байрағыма,

Арманымды өзіме қалдыр менің!

 

Сұлулықтан нәр алдым – жырлау үшін,

Сұлулықты жаралдың – былғау үшін...

Ақ туымын мен Ардың, ал сен болсаң,

Шіріп қалған шайтанның шұлғауысың!

 

Шыққанда ұшып шырқырап шыңға құсым,

Жан-даусымды аспан да тыңдауы шын!

...Әттең, неге адамдар естімейді –

Қара тастар жаншыған Гүл дауысын?

Кесір күлкі малшыған Мұң дауысын?..

 

1984 ж.

             ҚАЗАҚ ЖЫРЫ

 

Қазақ өткен белестің бәрін де өткен,

Көріп те жүр жырақтар шаңын көптен...

Қазақ жыры кешегі Тайбурыл ғой,

Шаба-шаба бүгінге талып жеткен.

 

Қобыланды гулетті, дүсір қақты,

Жермен шауып, аспанның құсын қақты.

Содан соң да, әйтеуір, талай тақым

Мініп жатты пыраққа, түсіп жатты.

 

Аққулардың қанаты қайрылғанда,

Құладыңдар қонбаған айдын бар ма?

Кетті ол қимай кісінеп арт жағына,

Қазтуғандар Еділден айрылғанда.

 

Жатқан шақта замана қарбаласып,

Тегеуріні күш беріп жанға жасық –

Айқастарға арқырап кірді ол талай,

Махамбеттің тұсында тарлан ашып.

 

Жақпай жұртқа не ісі, не тілінен,

Қайтқанменен сұмдардан беті кілең –

Ұлы Абай да әбзелдеп мінген оны,

«Қамыс құлақ, шоқпардай кекілімен».

 

Нелер дауыл соққанда сұрқы жаман,

Күтіп алды алдынан жылқыны аран.

Үні естілген – әбзелі жырым-жырым,

Қасапхана аузында шұрқыраған...

 

Кімдер келіп жатты ғой, кімдер өтіп,

Дүмі күшті пітінә Пірге зекіп...

Ілияс пен Сәкендер қайта ерттеді,

Озып тұрып қолынан жүлде кетіп...

 

Заман оған біресе бетін берді,

Сырт айналды кей-кейде, жетім көрді.

Оған әлі салып жүр талай ақын

Тау-шоқтығын қажаған не түрлі ерді.

 

Ақынсынып ауыр ой, дауыл жырлы,

Талай тақым ырғалып, жауыр қылды.

...Сол дүлдүлді түсімде көрдім кеше,

Ер-тоқымсыз жануар шауып жүрді.

 

Болмаса да еліме ылаң келген,

Бөкен безген даладан, құлан желген –

Ұстап алып пырақты,

ерттеппін мен

Қалған мұра бабадан – құранды ермен...

 

10.08.1984 ж.

Алматы.

Жалғасы бар...