ТАҢНЫҢ АЛТЫН АЙДАРЫ

ТАҢНЫҢ АЛТЫН АЙДАРЫ

Біртуар ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржанның туындыларынан үзінділер, басы осында 

ТҰНШЫҒУ – 1983

– Ей-й! Һей-һей-һей!..

Жан даусыма бұл әлем оянбай ма?

Сап-сап басып сезімді – ой алдай ма?

Көнер ем ғой бәріне –

аласұрған

Мынау титтей жүректі қоям қайда?!

 

Шарбағында көзімнің жас қамалып,

Бастап кете береді – басқа бағыт.

Тастап алып зәһардан,

ыласқа қанып

Отқа оранып соғылам тасқа барып.

 

Қамалған жас – у болып құмға тамып,

Тас шарбақта тұлпар жыр тұр маталып.

Жырға таңып шындықты жібере алмай,

Ашық күнде ышқынам – жынды атанып.

 

Тақа мұндай аранға кім айдаған? –

Тас шарбақтың ішінде шыр айналам.

Тулай алмай тұлданам – зәр кісінеп,

Тұл асаудай езуін шұрайлаған...

 

Қамап алып жан-жақтан аттан салған,

Құтылар күн бар ма екен батпан сордан?

Қан қақырып шарасыз ырылдаймын,

Қасқыр құсап сирағын қақпан шалған.

 

Ақтарар күн туар ма жырды шерсіз?

Гүл кешер күн болар ма құмды-шөлсіз?

Отырғандай тұтқында сезінемін –

Басым бостан болса да, тіл кісенсіз.

 

Дұшпан кезеп сыртымнан, дос атардай,

Жұлынардай жырыммен қоса таңдай.

Тыпырлаймын кеудемді босата алмай,

Тірсегінен ат басқан қошақандай...

 

06.02.1983.

Алматы.

 

                  ДАЛАҒА ҰШУ

 

Мен ертең сонау сағымды белге ұшамын,

Қонамын қырға, толады нұрға құшағым.

Адымымды менің құрсаулап жүрген құса-мұң –

Шешіліп қалар – кісенім, шідер, тұсауым.

 

Перғауындардың әскерін қырған Мұсаның

Асатаяғы – қаламсап болар, мысалы.

Қауырсын қалам – тоғытып жырға толғайды,

Сия орнына құйып ап қайтқан құс әнін.

 

Тағы бір шолып даламның шексіз байтағын,

Маң қияныма тағы бір барып қайтамын.

Аңғырттықпенен – иектеп жүріп сайтаным,

Ішімде кеткен бар сынды бөлек айтарым.

 

Төгемін жырды, жүрегім бай да, тіл кедей,

Тілдесе берем тікен де демей, гүл демей.

Шетсіз де шексіз сағынышыммен жеткенде,

Мүмкін бе, ал оның қалуы маған – үндемей?!

 

Бұлтымен сүртем – дидарына оның шаң қонса,

Қанаты жоқтар талып-ақ қалсын, – таңданса!

Дала мен бала сөйлеседі анық сол күні –

Дәуіттің ұлы тақ Сүлеймен бізге жар болса!

 

Болады ғажап –

Жұмақта көрген түсімдей!

Келемін қайтып ғайыптан түскен мүсіндей.

Даламның сөзін сендерге де айтам...

Әй, бірақ –

қорлайсыңдар ғой түсінбей!..

 

     06.02.1983.

    Алматы.

 

     «АБАЙ ЖОЛЫН» ҚАЙТА

       ОҚЫҒАННАН КЕЙІН

             Мұхтар Әуезовке

 

...Әлі күнге Шыңғыстың даласында

Жүрген сынды ұлы Абай – нанасың ба?

Толқындарға телміріп әлі күнге,

Тұратындай Ертістің жағасында.

 

Басқанменен қаншама қайғы өмірін,

Ашып тастап алып төс – айлы өңірін, –

Тоғжанды ойлап егіліп, есі кетіп

Аялардай ән-масы Әйгерімін.

 

Тізгін тартып шиязға ара қона,

Даусы жетіп далаға, қалаға да;

Айтатындай билікті және даусын

Естіп тұрған секілді... Қарамола.

 

Жақын жат боп, алысты дос еткенде,

Тобықтысы еңбегін еш еткенде,

Кітапхана үйінде сол Семейдің

Қарайтындай бураша – есектерге.

 

Шақта бағы бұлт құсап әрі аунаған,

Иттей талап жан-жақтан қарау, надан;

Еш алданыш таба алмай қиналардай,

Көкірегіне: «Елім-м!..» – деп бабаураған.

 

Жырда асығы тұрса да алшысынан,

Көзіндегі таусылып тамшы-шыдам,

Әлі күнге тұрғандай ыласын қарғап,

БАСЫН қорғап содырдың қамшысынан.

 

Сол бір дауыс санамда шыңғыруда,

Сол содырлар сағымды сындыруда.

...Кітапта емес,

бәрі де бір жерлерде

Тірі жүрген сияқты, шындығында...

 

Сәуір, 1983 ж.

Алматы.

 

               САҒЫМ ҚУҒАН

 

Сағыныштың соңында шаңым қалған,

Шаң қалдырмай қойсын ба арынды арман.

Жанарымның алдында сағым қалған,

Сағынғаннан бәрі де,

сағынғаннан.

 

Жүргеннен бе ән-шағым сағындырып,

Жүргеннен бе аңсарым сабылдырып –

Қара көздің моншағын тағып жүріп,

Қара түнде шаршадым сағым қуып...

 

Айналаны өрт қамап, жалын бөлеп,

Сыр ашысқан Алматы таңында көп –

Бір әдемі жан бар ед,

соны ойласам

Шошып кетем, сол қыз да сағым ба деп?..

 

Мен – молдадай оқыған бұзып аят,

Мысық-сопы қарайды жүзіме аяп.

Сол сағымды – жар кешіп жазда қудым,

Қыста қудым – қар кешіп қызыл аяқ.

 

Жұтқыза алмай маңыма кәусарымнан,

Бұлбұлдаймын мен кейде бау сағынған.

Енді жете бергенде Арманыма,

Сусып кете барады саусағымнан.

 

Баянсызын ұқтырып жалған мынау,

Сағыныш деп, сағым деп... алдандым-ау.

Сағым қуып жүрмін мен әлі күнге –

Сәби болып мәңгілік қалғанмын-ау!..

 

                                                   Сәуір, 1983 ж.

                                                    Алматы.        

 

          ШЫРЛАУ

 

Маңғыстау елі – ғұрыпты,

Мақамы сіңген негізге.

Мені алғаш шомылдырыпты

Маржанды түпсіз теңізге.

 

Бастырып қаз-қаз жүргізді,

Бапкерім небір бар екен.

Бәсіремді арнап мінгізді,

Бір әкем емес – бар әкем.

 

Сипады талай маңдайдан

Саһада, абыл-бабалар...

Сырларын шертті әр жайдан

Сыбырлап апа, ағалар.

 

Санатқа қосып төтеннен,

Сан тарау жолдар ақты алдан.

Сағымды атамекеннен

Сапарға алғаш аттанғам.

 

Аспаққа арман құзынан

Астана жаққа келгенде –

Аралдың асқақ қызына

Арзу боп қаппын мен демде.

 

Талапқа талғам – әр қосқан

Толғадым жырды қалқаға, ал;

Таптым мен әзіз сан достар –

Торғайдан, Алтай, Арқадан.

 

Жарқылды жаздай күйге ендім,

Жақыным көрдім бәрін мен.

Жаныммен бәрін сүйгенмін –

Жалынмен, әппақ арыммен!

 

Ұстарды тілім, ұшталды,

Ұстаз көп жанға гүл еккен...

Ұнатам Қазақстанды –

Ұл-қызын сүйген жүрекпен!..

 

15.04.1983 ж.

    Алматы.

«АЛАГӨЗ» АТТЫ ҚОСҚАНДА

    

         Ат жаратқан

                  

             (1-өлең)

 

Шаңқан боз атқа сал жабу,

Ойтаңға үй тік көгалды.

Бәйгіге бапсыз барғаны

Шын жүйрік үшін обал-ды.

 

Армансыз шықсын суы бір,

Жоғалсын ағып кермек тер.

Тұлпарды

ерек туымы –

Аямай сынар өр, бөктер.

 

Қосылып ұшсын шаңға бу,

Бермейік қолдан арды өлсең...

Еңсесін езген ақ жабу

Қанат боп кетсін сәлден соң.

 

Мүсіні малдан бөлек бұл,

Ұқсардай алабарысқа*.

Аңдыспай озса керек-дір –

Мың атпен салса жарысқа...

 

Құбыла жаққа жай кілем,

Жүйріктен бір сыр тартар көз! –

Мен келмей жүрген бәйгіден,

Келіп қап жүрер шаңқан боз...

 

01.08.1981 ж.

    Алматы.

 

            Ат кетерде

               (2-өлең)

 

Келді ғой бабың, Алагөз,

Бақ па, әлде сор ма жолыңда?

Көсілші, шіркін,

Тәмәм ез

Күңкілдеп қалсын соңыңда!

 

Аяққа түспес жарақат,

Шашаңды шаң да шалмас, ә? –

«Көк байтал» қосқан Барақат*

Әруағы мені қолдаса!

 

Сезігін кеудем басты әрең,

Тап бүгін бөгет болмас, ә? –

Қу Қосжан* қосқан

«Тас жирен»

Әруағы сені қолдаса!..

 

Қарт сейіс көзге жас алды,

Қонғанға саған жас ақын...

Шабысың есте – асауды

Албасты құсап басатын!

 

Көк жона тоқым, сүйек ер,

Көк мойнақ, саған жарасты.

Күйелі ер менен киелі ел

Қайыл қап бізге қарасты.

 

Тағы бір сыншы: «ат осы... –

деп қалды, теріңді үш бұрап, –

Алмауыт еді атасы,

Жылқы емес мынау, құс, бірақ...

 

Суыннан* туған секілді

Қарашы тұрқын «кәпірдің»! –

Дегенде сұм шал,

не түрлі

Ойларға кетіп аһ ұрдым.

Көзінің сұғын қадаған

Табылар талай мыстандар. –

Есте ұста, бозым,

                               қал аман –

Досың бар жерде дұшпан бар.

 

Ал кеттік, кәне, тұяғың

Тышқанның көрін таптасын! –

Озу да жаман,

зиялым,

Озбаудан Құдай сақтасын!..

 

08.05.1982 ж.

   Алматы.

 

                       Ат-бәйгі

                         (3-өлең)

 

Батасы қабыл бабадан алып мың сабақ,

«Алагөз» атты өре киізбен тұмшалап;

Алты қанат үйдің ішіне отты жақтырып,

Қақ қылып жерді «қамау тер» алдым сын сағат.

 

Алғауы кетіп тұлпардың бойы жеңілген,

Ағызып терін азапқа салған жерімнен,

Ақ жабуменен аршындап шыққан ақ боз ат

Айдыннан ұшқан аққудай болып көрінген.

 

«Алагөз» тұлпар сол түні әбден асып таң,

Қос уыс жем жеп,

саумалды жұтқан қос ұрттам.

Кеу-кеулеп желген кілең сейіске ілесіп,

Ертесін мен де тойлы өлке жаққа асыққам.

 

Алқалы топқа аршындай басып ендім мен,

Арманға мінген ақынды танып ел білген.

«Алагөзімнің» сыпырған сәтте жабуын,

Ат танитындар ару көргендей телмірген!

 

Буына тойдың мас болып,

балқып жатты алап,

Шеки де басқан ақбозым бейне – ақ парақ...

Жіберді-ай кенет, барлығы бірдей кісінеп

«Алагөз» атқа қаптаған күлік жалт қарап.

 

Осынша дауыс сілкінтіп кетті төс-белді,

Бұтаға бұққан самал да жөңкіп ескен-ді.

Сақалдарына мақалдарын орап сансыз қарт:

«Ат емес мынау – жылқының Пірі!» – дескен-ді...

 

Берілген шақта жұлқынған кілең атқа ерік –

Ақ жасын ақты, мысалы, бұлтты қақ бөліп.

...Мәреден өте мертікті, дүние-ай, пырағым,

Дұшпанның сұғы, тышқанның іні тап келіп.

 

Қаралы тойым тарады.

Көңіл жаралы...

Мен қатысатын аламан бәйгі бар әлі. –

Астана жаққа аттанып кеттім тойдан соң...

...Ақынның бәрін бір жалт қаратсам жарады...

 

Сәуір, 1983 ж.

Алматы.

 

     ӘЖЕМНІҢ ЗИРАТЫНДА

 

Тумай жатып мен қанша аза көрдім,

Тармағымын шумағы аз өлеңнің...

Ақ әжеме орнатқан мынау күмбез –

Кимешегі тәрізді ақ әжемнің.

 

Әжем кетті...

Ажалға қайран қандай?!

Келе берем айналып айлам қалмай...

Бейне ағзоннан тіктірген кимешегі

Тоза-тоза ақ тасқа айналғандай.

 

Үлестіріп тірліктің бар жыртысын,

Баққа жорып көретін әрбір түсін,

Батты терең...

Кіршіксіз кимешектің

Жазғым келіп кетеді әр қыртысын.

 

Тас моланы құшақтап сүймес едім,

Келсем болды-ақ тосын бір күй кешемін –

Әжем шыға келердей жер астынан,

Басындағы тарқатып кимешегін...

 

28.05.1983 ж.

                                                       Алматы.

ЖЫН-ШАЙТАН ЖАЙЛЫ ЖЫР

 

Әжем айтқан ертектерде –

кіл сойқан

Үрейімді ұшырушы ед жын-шайтан.

 

«Шайтан деген бұл неғылған сорлы жұрт?!» –

Деп ойлаушы ем...

Асылдарды қор қылып,

Жүретін-ді олар ылғи ертекте

Адамдыққа, адалдыққа тор құрып.

 

Бұл күндері сенбесем де ертекке,

Осы өлеңді бастағам жоқ мен текке.

 

Әлі күнге көрмесем де жын-шайтан,

Шын шайтанмен болатындай бір сойқан.

 

...Күні кеше орталықта селк еттім,

Бәлкім бұл да шарпуы ма ертектің?

Бір келіншек сүйіп алып нән итті,

Ерінінен жалап тұрды еркектің.

 

Басқаша емес, жын-шайтаннан қорыққан

Тап осылай болады екен, соны ұққам.

Ертөстіктей сезіндім мен өзімді,

Шойынқұлақ, Бекторыға жолыққан.

 

Бұл да құрсын! –

Тай қазанда пісетін

Етті көріп, сыздап кетті тіс етім.

Иттің етін жейтіндерді естуші ек,

Жейтіндер де көбейіпті кісі етін!

 

Бұл да құрсын! –

Абайға да Қасымға,

Тас сыбаған қылығыңды жасырма!

Адам етін жеуде не тұр, тәйірі,

Адам жанын жейтіндердің қасында?!

 

Бұл күндері сенбесем де ертекке,

Осы өлеңді жазғаным жоқ мен текке.

 

Әлі күнге көрмесем де жын-шайтан,

Жын-шайтанмен болатындай бір сойқан.

 

Шымшық құсап жем болатын қырғиға,

Күйзелсем-ақ ой туады ылғи да.

 

Ашып айтсам, сондағы ойым мынау-ды:

Заманаға бейімделіп сұм әлгі;

 

Ертектерде кездесетін кіл сойқан –

Кісі кейпін тапқан шығар жын-шайтан?..

 

Әжем байғұс, «шайтан өлмес», – деуші еді,

Сол ұғымның менде қапты бөлшегі.

Ібілістер жайлап мәрмәр кеңсені,

Құл қылардай, езіп мәңгі еңсені.

 

...Сен не біліп мәз боласың күрсінсем,

Мен – Адаммын!

Ал сен, айтшы! –

Кімсің сен?..

 

Осы сауал – қалқандай боп құлағы,

Менің мәңгі қарсы алдымнан шығады.

Қалалар тұр – мәрмәр үйі қаптаған,

Бәлкім – Жынның, бәлкім, кімнің тұрағы?..

 

        1983 ж.

 

Жалғасы осында