ТАҢНЫҢ АЛТЫН АЙДАРЫ

ТАҢНЫҢ АЛТЫН АЙДАРЫ

Біртуар ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржанның туындыларынан үзінділер, басы осында 

 

КӨКЕМ ҚАЙТҚАН ЖЫЛ

Өтіп ең өрт-талқыдан иің қанып,

Ер жеттім шалғайыңда күйіп-жанып...

Серпілген қабақтарың енді менің

Кетпейді қиялымды қиырға алып...

 

Қырқаға тіреледі соқпақ-ағын,

Сол жерден елесіңді жоқтағамын.

Бөлініп ақ қаладан керуен боп,

Бірі боп қала бардың көп моланың.

 

Қайық сап дарияға өткелі жат,

Бөліндің үйіріңнен шетке жырақ.

Көзіңнен кетерімде тамған тамшы

Тұрады өзегімде... кептеліп ап.

 

Жоғалттым, көке, мәңгі биыл сені,

Сан айтқан «тие берсін» бұйырса еді...

Тірейді қиялымды молаға әкеп,

Шешілмес жіп-соқпақтың түйіншегі.

 

Үйлердің қызартқанда шекесін от,

Ай тумақ – отар-бұлттың текесі боп...

Бір байғыз сұңқылдайды бейіт жақтан,

Байғұс-ау ол да мендей – көкесі жоқ.

 

Дағдым ед – жұққан әдет кішкенеден,

Күрсін боп қайта шығад іштегі өлең...

Көрпеге исің сіңген – жасым жұғып,

Сен жүрген көп соқпақты түсте көрем.

 

Боласың соңыңа ертіп ала кетпек,

Қиналам, қарсылық қып саған ептеп:

«Түсімде түсіп алған соқпағымды,

Өңімде жалғап кетсем жарар ед» – деп...

                                                        Қазан, 1981 ж.

                                                            Алматы.

ҚЫРАН ЕСКЕРТКІШІ

   (Құлжа жолында)

Атағы шыққан ұранға,

Тағының белін сындырған –

Ескерткіш жасап қыранға,

Мүсінші бір іс тындырған.

 

Зар-шындық деген осы да,

Күрсінсең іштей – ол да зар. –

Ескерткіш-қыран басына

Қонып жүр, бірақ қарғалар.

 

Осыны көріп бас қатты,

Тағдырдың сыйы қатал-ақ.

Қыранның басын тастапты

Саңғырығымен саталап.

 

Қайтемін батпай мұң-зарға –

Қарғалар ие – көгіме?!

Тірлікте, сірә, мың қарға –

Жолап па еді оның шеніне!

 

Жоғалар еді-ау көп құсың,

Бұтадан іздеп деңгелін –

Қозғап бір қалса топшысын,

Жазып бір қалса шеңгелін...

 

Сондағы менің қайғым не? –

Жоқ, әлде... әлде о, тірлік! –

Қыранды танытпай жүр ме

Қарғаға біткен – соқырлық?..

 

Аспанды жермен жалғаған,

Сырласқан еркін ғаламмен –

Қыранды таныта алмаған

Шеберге кінә тағам мен...

 

Сын айту саған не теңім? –

Мынаны ұқ, бірақ, мүсіншім:

Өлсе де – қыран екенін,

Қарға да болса – түсінсін!

 

Көргендер оны қалмасын

Таңдайқата боп тамсанбай.

Балға алу қолға –

                            арға сын,

Қара тастарға жан салмай!

 

...Жазылар Құлпытасымда,

Аманат етер Тұмар бұл:

Ескерткіш болып

Басымда

Шаңқылдап тұрсын Қыран-жыр!..

 

09.11.1981 ж.

 

        ҚҰДАЙ ТУРАЛЫ ЖЫР

 

Құдай, сені жоқ деп жүр ғой адамдар,

Құдай, сені жоқ деп жүр ғой надандар.

Жұдырықтай жердің тұрғындарына

Дәлелдеші барлығыңды – шамаңды, ал!

 

Талтаңдаған сан миллиард кеудені,

Төресінген топастарды төрдегі –

Тәнті қылшы – Хақтығыңды дәлелдеп,

Тас-талқан ғып малғұндарды жердегі!

 

Ол үшін де қажет сенің күлуің,

Мазақ қылып көрбақтардың қылығын.

Жалғыз сәтке пайда бол да аспанда,

Қарқылдап бір күлші,

Құдай – Ұлығым!

 

Басқа құл да,

өзі ғана тектідей

Төбесімен жүргендерге көк тірей;

«Кісің – мен!» – деп,

ісінген көп мешінге

Қарқылдап бір күлер кезің жетті ғой!

 

Күлші, Құдай!

Соған Күн мен Ай құштар,

Ай, Күнге де тор-тұзағын жайды іштар. –

«Бір-бір Құдай санап жүрген өздерін»

«А, Құдай-лап» өліп кетсін байғұстар.

 

Сөйлемегін жердегі бар не тілде,

Бір ірет күл кіл Құдайсыз жетімге. –

Сен күлгенде өлмей қалған адамдар –

Өмір сүрсін Жұмақ-Жердің бетінде!..

 

13.01.1982 ж.

Алматы.

 

             АЛМАТЫ. ТОРЫҒУ

                  М. Мақатаевқа

 

Көптен бері естімей сыңғырын жырдың,

Алматыға сыя алмай шыңғырып жүрмін.

 

Қай жаққа кеткен баяғы бұла дауысым?

Төмендеген бе – биіктен құламау үшін?..

 

Түсінбей жүрмін тіліне сұр бет қаланың,

Тас моншаның ішінде-ақ кірлеп барамын.

 

Далама жетсем,

кеудені кеулеп самалы,

Жіберер еді-ау, қайтейін, емдеп сананы.

 

Алайда жол жоқ ол жаққа! –

Тұтқындамын мен,

Тұтқындамын мен –

бүткіл ой, бүткіл жаныммен.

 

Шықпайды жыр да,

тамырдан ақпайды қан да,

Тірі өліктердің моласы жақпайды жанға...

 

Тұрмыс-шекпенін неліктен мұқала кидім? –

Басына барып қайтсам ба Мұқағалидың?!

 

Табылар содан жанға нұр тамызатын үн,

Қарғып тұрар ол,

келді деп «нағыз ақыным».

 

Қарғып тұрар ол! –

Жанына бөлеген жасын –

Естелік қозғар жайында Төлеген, Қасым...

 

Сұрар ол,

жырға келгенін қай бота-дарын –

Әбубәкірін айтармын, Байботаларын!

 

Айтады ол сосын,

ұшырып қимай кептерін,

Өзінің-дағы тірлікке сыймай кеткенін.

 

Оқыр ол.

Бақи дүниеде жаңа жазылған,

Фәни ғаламды егілтер Жаназа-Жырдан. 

 

Молдас құрып ап, сөз етер өлең өмірін,

Кім білсін, мынау күйімді неге жорырын?..

 

Ғұмыр биігі Кеңсайға – белеске шығып,

Жоғалам мен де содан соң Елеске сіңіп...

 

«Түкірдім сенің бетіңе, жұқана-күйбің!» –

Дедім де, сезім көйлегін тұтана кидім.

 

Қалдырып бәрін – тас қала, жұтаған үйдің,

Кеңсайға кетем,

қасына Мұқағалидың!..

Ақпан, 1982 ж.

Алматы.

              АРУАНАЛАР

 

Аруаналар, боздаған аруаналар! –

Адамда жоқ қасиет малда болар.

Маңғыстаудың мәңгілік ардағы олар,

Адайлардың сыйынар әруағы олар...

 

Шайнаса да арттағы тайлақты ерген,

Шаңдақ қырдан асырып,

жайдақ белден –

Ерге кие, жерге ие жануар деп,

Үш қиянға бабамыз айдап келген.

 

...Жердегі жоқ сезімді айдан ұрлап,

Желіп кетсе қиырға, сайға құлдап,

Қара месті жарып сап, күл сабалап,

Айбұқа-қар қарғайды «жайрағыр-лап!»

 

Оған тиген дыр қамшы маған батпақ,

Ақ қой! –

Аққа жұққыш-дір тәмам батпақ.

Қырдан асып өркеші қылт еткенде,

Көргеуде шал боқтайды «жамалдат-тап!»

 

Құбылаға жүрем деп жетіп қонып,

Ақты көзі,

танауы сетік болып.

Күлге тіздеп тастады талай оны,

Долы қатын, нәкөс шал зекіп, сөгіп...

 

Ит тірсектеп бір жақтан,

қасқыр шаптап,

Тағы заман тапжылтпай тас құрсаққа ап,

Жатты талай желіде сартаптанып,

Мойнын салып, көзінен жас бұршақтап.

 

Жемтігі боп келсе де жат қулардың,

Белгісі боп қалады ол Ақ Тулы Ардың.

Әні менен сәні бар – Аруанада,

Жұмақмекен іздеген аққулардың!..

 

Елге күйе жаға алман,

елде нем бар? –

Дегенменен, өріп жүр кембағалдар.

Жан толқынын – көз деген көлден аңғар,

Толқып қана басылмас мендегі ол зар. –

Аруаналар – әруағы маң даланың,

Әруақты да ұқпайтын пенделер бар!

Әруақты да боқтайтын пенделер бар!!

Әруақты да соттайтын пенделер бар!!!

 

Аруананың жантағы жарда болар,

Адамда жоқ қасиет малда болар.

Пәруаналар –

Өртенген Сағыныштан,

Мен сендерді ұғамын, аруаналар!..

 

Жөнеліп жүр жел-көңіл желіп қанша,

Қайтеді енді бір аңсар ерікті алса!

...Біздер боздап өтеміз мына өмірден,

Бір өрісте ақыры жолыққанша!..

 

Ақпан, 1982 ж.

Алматы.

 

Жалғасы осында