Біртуар ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржанның туындыларынан үзінділер, басы осында
ТӨЛЕГЕН Айбергенов рухымен сырласу
1-өлең
Ойы – өзен,
арманы – шың,
қиялы – құм,
Әлемге сан ұшқынын құяды күн.
Төлеген – шашыраған бір ұшқыны
Тұлпардың тасқа тиген тұяғының.
Ғашыққа сезімдей-ақ мықты айтылған,
Албырап сәуле төгіп шықты Ай қырдан.
Мұхит та, теңіз де емес,
Айбергенов –
Көктемгі бәйшешекке шық қой тұнған...
Болашақ мәресіне арғымақ-ән
Барады құстай самғап, қалғыма, маң!
Көзімен Төлегеннің болашаққа
Қарар ма ед жалғыз сәтке барлық адам?!
Сыңсыған сағыныштың пернелерін
Тап басқан күйші-ғұмыр – сол! – деді Елім...
Тәңірден берілсе егер таңдау маған,
Төлеген сағынышын бер дер едім...
Келтірер таң нұры еді тау шырайын,
Желпіген ақ самал-тын әнші-қайың.
...Арман не, ағып өтсең,
жаз түнінде
Аспаннан тамған жұлдыз-тамшыдайын!..
Дариядан жөңкігенде бүліп көп сең,
Жасынша айдын бетін тіліп те өтсең!
Аспаннан ағып келіп, жердегі бар
Арудың жүрегіне сіңіп кетсең!..
Арман не?..
2-өлең
Ей, аға, желдірген жол пырақ па едің?
Әлде сен – сөндірген жел шырақ па едің?!
Әлде сен жұмбақ сырын шештірмейтін
Тым қиын – ғасыр қойған сұрақ па едің?
Жұмбақсың! –
Шешсем шештім оннан бірін,
Шеше алмай таңданды тау, толғанды гүл.
Жұмбақсың! –
Жырларыңнан сезіледі
Бір сәтке жүрегіңе қонған діріл.
Еліне Келешектің батыл ауған,
Қайыл ғап мұрапаңа жатыр-ау маң.
Шулайды Бесқарағай – ормандарың,
Тулайды армандарың Атыраудан.
Маңғыстау! –
Көкірегі жұмақ әлем,
Сырласқан кезіңді айтып Мұнарамен,
Шұбырып езуінен жұлдыз ағып,
Кірпігін таң алдында жұмады әрең...
«Кеш тудым, көрмедім деп, мен өзіңді», –
Өртейді ащы өкініш өзегімді.
Қолында болмадым деп көзе-ғұрлы,
Жүректің мұңын жас қып көз еміп жүр. –
Көрдім мен қазір сені,
тек орныңа
Өлеңің қабылдайды «кезегімді».
Кешегің Бүгініңе ауысуда,
Бүгінің Ертеңіңмен қауышуда.
Мәңгілік сенің жырың жаңғырады –
Шырлаған бозторғайлар дауысында...
Оу, аға!
Бірі емеспін көп кезбенің! –
Байтақтың сенше сүйем көк көз көлін.
Сен құсап жыр-ошақтан шоқ көздедім,
Салмағын Арманымның шек, Безбенім!
Сен сүйер сұлуларды өпті өзге ерін,
Әр толқын ескек қылып өтті өз желін...
...Шырлаймын Бозторғайдай таң алдында –
Бейне бір тірілгендей от кездерің!
Бейне бір тірілгендей жоқ кездерің!..
1979-1980 жылдар.
ЖЕР
Жұмыр жер десе, Түнектің сібірлер таңы,
Жұмыр жер десе, Жүрек-тіл күбірлер тағы.
Ол болса, мәңгі жолымен барады маңып,
Күні мен түні алмасқан, іңір мен таңы.
Ағады жарық... әлемде... шөкімдей көрік,
Осы жорығы мызғымас ниетіндей берік.
Маңады зарық Қара Жер бетінен қайтпай,
Көп таяқ жеген зәңгінің бетіндей болып.
Өң бергісі кеп әлемге, дем бергісі кеп,
Көкірегінде көлдер кісінеп,
Біресе ол жақ, біресе бұл жағын тосып
Күнге қыздырады, жарадан емделгісі кеп...
Жер жайлы мен де бүгінде мұңданар ұл ем,
Бірақ мен қазір бойға өзге жыр-жарақ ілем:
Жердің бетінде қалт еткен Құбылыс болса,
Тұрады бағып Ұлы Әлем – Күн-жанарымен!
Қасірет жайлы бір кезде тозар мұндар ой,
Көтерер арман-шаһарлар тозаң қырда бой.
...Жерде ешбір үлкен қылмыстар жол ала алмайды,
Себебі ол Құдай-ғаламның көз алдында ғой!..
Қияннан қылаң береді жер Сүлдесі – егіз,
Сол Сүлде сепкен Ақ Нұрға толсын кесеңіз.
Таң-Шұғыла мен Кешкі Шапаққа шомылсын Жерім –
Көздері түзу Құдайдың болсын десеңіз!..
Қазан, 1980 ж.
Жетібай кенті.
ҚЫРАН АҚҚУДЫ ІЛГЕН КҮН
Кірпігімді қансіңді жасқа малып,
Көшті қанша көзімнен мас-қара бұлт!..
Аспан ағып...
Ажал боп теуіп қыран,
Құлады аққу безқара тасқа барып.
Безіп кетті, қайтейін, тағат менен,
Кезіктім-ау бекерге, қап, әттеген!
Сұлулықты Асқақтық майып қылып,
Тұрып қалдым шарасыз қарап төмен.
...Бытыраңды жинама кірпігіңе,
Мылтығыңды қинама,
жарақты өлең!..
Көктен қысым көрген соң,
көлден қысым,
Тас құшақтап қалыпты өлген Мүсін.
Қалай өлді –
Алланың бұйрығымен
Періштенің кейпіне енген құсым?!.
Жүрек пенен ұрғандай мыйға жасын,
Өртенесің.
Сөнесің.
Қиналасың.
Не қайран бар,
осынша кең аспанға
Қос қасиет иесі сыймағасын?!
Аққу мұңы – көздегі бұршақ екен,
Қыранымның шеңгелі – мұнша бөтен!
...Аққу жатыр.
Қыран жүр ұшып көкте,
Қайсысына назарды бұрсам екен?..
Наурыз, 1981 ж.
Жетібай.
ЕСЕК-ДӘМЕ
Қара шал түнде түс көрді.
Түс көрді керім...
Баяғы балғын бұланған жігіт кезі екен.
Айнала – көкпар. Қымыз ғып ішкен жігерін
Көптің ішінде – сыбанған үмітті өзі екен.
Күл-бұлттардың шоғында күн-таба жанып,
Жанығатындай аспан да көруге осыны...
Барады қыздар сонау бір қырқада қалып –
Бұла жастықтың кем күнгі еру қосыны...
Қарсылас жігіт – ол да өскен ерке жыр еміп,
Жайына қалды барлығы – жолындағының.
Ол алып кетті қақ жарып серкені бөліп,
Жартысы келе жатырды қолында мұның.
Кенеттен қызық бұзылды...
Ызғарлы бесін...
Жалт етті жасын – түскендей ғаламнан жарлық.
Қырқа басынан өрт қуды қыздардың көшін...
Оянып кетті баратып – араннан қарғып...
Азанда шалдың есіне түсіп майдан қанды,
Шуыл көбейіп құлақта,
ентігі қайтып –
Куәлікке алып баяғы Жүсіп пайғамбарды,
Отырды түнде көргенін кемпіріне айтып...
Көңілің – тұлпар.
Тұлпарың зымырасын да,
Қинайды-ау өмір – көңілге артпасыңды артып.
Сәскеде үйдің құнжыңдап құбыласында,
Жатырды шалың есектің тартпасын тартып.
Сот болар сынды дәл қазір – үкім кесіле,
Көзінде көкпар-ғұмыры құйындайды өткен.
...Ұмытып кетті ол – Кешкенін,
бүтін несібе –
Өңінде түгіл түсінде бұйырмай кеткен...
Наурыз, 1981 ж.
Жетібай кенті.
БІР СЫР БАР...
Ұқтырам қалай көпке бұл сырымды, ә? –
Шыға алмай тар кеудеден тұншығуда.
Кезегін күтемін деп көптен бері,
Көзімнің мұң-шығында күн сынуда.
Сәтімен жүрмін сыртқа шығара алмай,
Шығарсам қалардай жұрт ұға да алмай.
Кеменің күйін кешер сияқтанам,
Желкенін желге ұшырып құлаған қай.
Маңдайым жүр бұл шақта терден кеппей,
Жатыр-ау жыр-илхамнан жәрдем жетпей.
Ол сырды ашуға онша аптықпас ем,
Оны, әттең, ешкім айтып көрген жоқ қой!
Түйсігім түнді түртіп тамсағанмен,
Таңдарды шаршау өңмен қарсы алам мен.
Сол сырым өз қалпында шықса сыртқа,
Ұғысып кетердеймін – барша жанмен!..
Қымтаған құпиясын тылсым жаным
Сезеді – алда мықты бір сын барын.
Асығам –
мына адамдар маған жүктеп
Қойғандай –
ұқтыра алмас шын сырларын...
Наурыз, 1981 ж.
Жетібай кенті.
БЕБЕУЛЕДІҢ, ЖҮРЕГІМ...
Бебеуледің, жүрегім, неден менің?
Неден менің, жанарым, төмендедің? –
Құбыламның бетке алып желең желін,
Қырға қарай қылаңмен желер ме едім!
Бебеуледің, жүрегім, неден менің?
Көгендегім-ау менің, өлерменім!..
Түздегі елге қолғабыс берер ме едім,
Қозы-ылақтың ағытып көгендерін?!
Бебеуледің, жүрегім, неден менің?
Тек ермегім – бейкүнә өлеңдерім. –
Көктем сайын көретін көгергенін,
Майса құмға жырымды көмер ме едім?
Бебеуледің, жүрегім, неден менің?
Аспаны ма шаһардың – сөнер көгім?..
Жұлқынып тұр далаға көбең көңіл,
Өлер жерім жеткені – бөгелгенім!
Бебеуледің, жүрегім, неден менің?
Мұның қалай – тым ерте көнергенің?
Емдейінші өзіңді, Егем менің,
Қайран қырдың түйретіп тебен-желін!
Бебеуледің, жүрегім, неден менің?
Көгер, көңіл!
Сөгілші көбемде, жыр!
Қалсыншы бір ажырап менен де мұң:
Маңдай – сағым.
Табан – құм.
Төбемде – күн...
Сәуір, 1981 ж.
Жетібай.
ЕҢІЛІКГҮЛ
Қар ішінен көрдім мен Еңілікгүл,
Қимылдауға қарағым ерініп тұр.
Самал болып сипадым самайынан,
Жанашыған жансынып демігіп бір.
Жанарына үңілдім және тергеп,
Мейірімімнің мысқалын дәметер деп...
Ақ мамыққа шынтақтап жатқан күйі,
Зер салмады мен жаққа – «жан екен» деп!
Қанша басқым келгенмен бауырыма,
Пысқырмайды екен ол – сауығыңа –
Сыбырлаған сыпайы самал түгіл,
Азынаған айбынды дауылыңа!
...Етекте өскен аласа жыршы бала,
Ене алмады Биіктің қауымына.
Суығынан түсетін түнгі Ай сынып,
Нем бар еді биікке тынбай шығып?!
«Еңілікке арзу боп!.. Дәмесін!..» – деп,
Мысқылдайды төменнен ырғай, шілік.
Өңі – салқын, мінезі мұндай сынық:
Етекте – жаз.
Тауда – қыс.
Кіл қайшылық.
Дүрлігеді төменде дүрмек халық,
Мошқайтындай мың түрмен гүлдеп парк.
Үнсіз кетіп қалудың жөнін таппай,
Зорға ұзадым қасынан дірдек қағып.
...Жатқызбайды бәрібір қандағы жыр,
Биіктерден гүл құшу – арманы бір! –
Самалымды көгалды сайға тастап,
Дауылыммен бір барам,
Қардағы гүл!..
Мамыр, 1981 ж.
Жетібай кенті.
Жалғасы бар, осында