ТАҢНЫҢ АЛТЫН АЙДАРЫ

ТАҢНЫҢ АЛТЫН АЙДАРЫ

Жуырда ақын Жұмабай Құлиевтің «Құбыладан соққан қызыл жел» атты мақаласын жариялаған болатынбыз.

Бүгін Сіздердің назарларыңызға, біртуар ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржанның туындыларынан үзінділер ұсынамыз!

 

АҚЫН ЖЫРЫ

 

Асау көңіл – шығанға оқ па атылған,

Қанжар ма, әлде қынында тот басылған?!

Ақын десем, көзіме елестейді,

Жолбарыстар тайлықпай отқа атылған.

 

Ақындардың атағын көкке асырған,

Тірі жеткен көп талқы, көп ғасырдан –

Асыл жырдың алдында алмасың да

Жасық шығар – шыбықтай отта сынған?!

 

Дана Абайдан нұр алып,

от – Қасымнан,

Тұрсам деп ем ай құсап көкке асылған...

Есігінен өлеңнің енсем деп ем,

Шаңырағы шатынап, топса сынған!..

 

Зауалдардан –

аспанға от қасынған

Аман қалған ақынға бек бас ұрғам –

Жүрегінен жыр болып қан тамшылап,

Маңдайына мөр болып оқ басылған!..

 

                                                                  1978 ж.

                        ӨЛЕҢ

 

Шертемін күй-көңілдің мың ырғағын,

Біткей деп жыр жолында құмыр-дарын.

Мендегі бұла күшпен жаңбыр қылып,

Көктемнің бұлттарынан жыр ұрладым.

 

Төбемнен ән-ғұмырлы құстар ағып,

Бойыма жатқан шақта күш қамалып –

Шумақтап өлеңге атып жіберемін,

Даланың шылбыр-жолын ұстап алып.

 

Бәріне еркін барып, еркін келем,

Жанымнан іңкәрліктің дертін көрем.

Мен жазар жырды теңдеп жетті бір күн,

Бура-бұлт шудалары желкілдеген.

 

Жамырап жұлдыз біткен жауды маған,

Шашу ғып қайта шашты таулы далам...

Ғажайып өлең сөйлеп кетті бір күн

Қалқаның жанарынан жаудыраған.

 

Жатады дүние сыры алдыма кеп,

Жанарым салмағай тек қалғып әлек.

...Үңілем таңда талға –

бүршігінде

Бір өлең жасырынып қалды ма деп!

 

Сәуір, 1980 ж.

Қарамандыбас.

 

       БАБАЛАР ҚАЗҒАН ҮҢГІРДЕ

 

Келіп тұрмын қара үңгірге, ертегілер еліне,

Бір тылсым жел соқты үңгірден – айдаһардың демі ме?

Онда неге ілебімен мені өзіне тартпайды,

Батыр бабам күзеттіріп кетті ме, әлде періге!?

 

Ішке енуге сескенемін, қарай берем көз тырнап,

Демім шықпай қалғандай ма, ауыздағы сөз тұрмақ?

Саңылаудан енген ішке күн сәулесі екен ғой,

Шошып едім әлі тірі жатыр ма деп Жезтырнақ?!

 

Байыз таппай кейін қарай тартуын-ай жүректің,

Жоқ қой бізде бабалардың бойындағы дүр екпін.

Мен қанағат табар едім, батыр бабам ұстаған

Қылыш емес, табылса егер бір сынығы күректің...

 

Бағы заман – қара үңгірдей құпиясы қатталған, –

Құпиямен тілдесуге тайсақтайды көп талғам.

Үңгірлерге үңілемін кітапхана-тауға кеп,

Делқұлылау тарихшыдай архивті ақтарған...

 

Біз ұқпайтын ғажап жатыр,

                                               азап жатыр бұл маңда,

Ажал жатыр көрін қазып келесі бір құрбанға!

...Көкірегімнің қуысынан бір тылсым жел соғады,

Тауларымның үңгірлері үңірейіп тұрғанда!..

 

   Сәуір, 1980 ж.

                                                       Қарамандыбас.

 

ҚҰДАЙ ТУРАЛЫ ЖЫР

 

Құдай, сені жоқ деп жүр ғой адамдар,

Құдай, сені жоқ деп жүр ғой надандар.

Жұдырықтай жердің тұрғындарына

Дәлелдеші барлығыңды – шамаңды, ал!

 

Талтаңдаған сан миллиард кеудені,

Төресінген топастарды төрдегі –

Тәнті қылшы – Хақтығыңды дәлелдеп,

Тас-талқан ғып малғұндарды жердегі!

 

Ол үшін де қажет сенің күлуің,

Мазақ қылып көрбақтардың қылығын.

Жалғыз сәтке пайда бол да аспанда,

Қарқылдап бір күлші,

Құдай – Ұлығым!

 

Басқа құл да,

өзі ғана тектідей

Төбесімен жүргендерге көк тірей;

«Кісің – мен!» – деп,

ісінген көп мешінге

Қарқылдап бір күлер кезің жетті ғой!

 

Күлші, Құдай!

Соған Күн мен Ай құштар,

Ай, Күнге де тор-тұзағын жайды іштар. –

«Бір-бір Құдай санап жүрген өздерін»

«А, Құдай-лап» өліп кетсін байғұстар.

 

Сөйлемегін жердегі бар не тілде,

Бір ірет күл кіл Құдайсыз жетімге. –

Сен күлгенде өлмей қалған адамдар –

Өмір сүрсін Жұмақ-Жердің бетінде!..

 

13.01.1982 ж.

Алматы.

Жалғасы осында