СТУПОР

СТУПОР

Бисенбай

 

Бисенбай Бисенғалиев.

Ардагер геолог-барлаушы, «Құрмет» орденінің, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бесжылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Қазақстан мұнайына 120 жыл», «Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Қарақия ауданына 45 жыл», «Жер қойнауын барлаудың үздігі» төсбелгілері иегері. Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» кітабына енген. Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, Ақтау қаласындағы «Геолог-барлаушылар аллеясы» идеясының авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естелік әңгімелер», «Бисенғали әулеті», «МЕН –Геолог-барлаушымын»  кітаптарының авторы.

 

СТУПОР

  Бұл, мен КЭ «МНГР» құрамындағы РИТС-1 мекемесінде (бұрынғы ЖНРЭ - Жетібай мұнай барлау экспедициясының ізі) инженер-технолог болып жұмыс жасап жүргенде болған оқиға еді. Жер құрғақ кезде, қара күзде, Николаевская-4 ұңғысын қазу үшін заводтан шыққан су жаңа Уралмаш-3Д қондырғысының тек мұнарасын ғана құралдап қойған болатын. Бір жағы Өлі-Қолтық, екінші жағы Николаевскаяның жалпақ соры. Өлі-Қолтықта біздің бірнеше бригадамыз қазып жатыр, Николаевскаяда да екі бригада жұмыс жасап тұр. Өлі-Қолтықтың жері өте нашар, қысы-жазы бір құрғамайды, қатпайды, жаңа туған сәбидің еңбегіндей былқылдайды да жатады. Жаздың ыстығында табан астындағы сорлы жерден көтерілген ыстық, ылғалды ауамен демалу тіпті мүмкін болмай қалатыны тағы бар. Ал Николаевскаяның жалпақ соры бұдан да жаман. Өлі-Қолтықтағы бригадаларға машинамен, трактормен бірдеңе қылып баруға, жүк апаруға болатын болса, Николаевскаядағы С.Салманов пен В.Т.Ильясовтың бригадаларына вахтаны, тамақты, әртүрлі жүктерді МИ-8 вертолетімен тасимыз. Ауыз су мен жанар-жағар майларды, ұзын құбырларды, химреагенттерді вертолеттің астына іліп алып (на подвеске) жеткізетініміз тағы бар.

(суреттер интернеттен алынды)


Тампонаж техникаларын, каротаж отрядтарын... тағы сол сияқтыларды бірнеше тракторлармен ондаған шақырымға сүйреп алып баратынымыз шындық. Осындай сорда бауырымен балшыққа кіріп сүйретіліп барған техникаларға қараудың өзі аянышты. Әр жерлері жұлынған, жыртылған... жұлма-жұлма болып құр сүлдерлері ғана жететін қондырғы басына. Бұл жаққа аяғын басып осылайша азаппен бір келген көліктердің иелері әртүрлі сылтаулармен келесіде бұл сорға жоламауға тырысатын. Сондай жалпақ сордың жиегінде, Өлі-Қолтық жақта Николаевская-4 ұңғысын қазатын болдық. Қыстың қатқақ кезін пайдаланып қондырғының жабдықтарын жеткізіп тастауға болатын да еді, бірақ оларды әркім бір ұрлап кететін болғандықтан, әзірге кімнің бригадасы қазатыны белгісіздеу болғандықтан, жаппай тасымалдау тоқтап қалған. Әзірге тек қалқайған мұнара ғана тұр. Қыстың кезі, кейде жаңбыр жауып, кейде қар жауып, арасында аяз соғып, табиғат ойына келгенін жасап тұрды осы қыста. Ертеде айтатын нағыз жұт, жердің беті жылтыраған мұз. Осындай қыста ғой тамағын теуіп жейтін жылқы малының аяқтары мұзға қиылып қалатыны. Қолтық учаскесі жақта жүрген маған орталықтан, жөндеу бригадасының адамдарын алып Николаевская-4 мұнарасына баруым керектігі хабарланды. Жұмыстың реті, құралдап қойған жаңа мұнараға талевый блокты алып бару керек және жіңішке троспен оснастка (оснастка талевой системы) жасауым керек екен. Николаевская жаққа жақын тұрған Қолтықтағы бір бригаданың поселкесіне орналасып, бірер күн екі ортаға қатынап жұмыс жасайтын болып шештік. Жөндеу бригадасының құрамында, бригадирі Есқалиев Мұратәлі, жөндеушілер Леонид Пчелинцев(біздер Леха дейміз), Жалханов Өтеп ағамыз, автогенщик-сварщик Владимир Саенко бар. Бейнеудегі базадан жаңа қондырғыға тиесілі жаңа талевый блокты және оснастка жасайтын 12,5мм.тростың бір бухтасын, шамамен ұзындығы 1000 метрдей, алдырдық. Жаңадан жасалатын оснастканы әуелі осындай жіңішке қанатпен жасап алады да, дұрыс-бұрыстығын тексеріп алғасын, жуан талевый қанатқа (жуандығы 28 мм., немесе 32 мм.) ауыстырады. Талевый блокты, жіңішке қанатты алып, жүк машинасы мен автокранға бөлініп отырып мұнара тұрған Николаевская-4-ке келдік. Келсек, айнала көк мұз, мұнараның ротор тұратын 5-6 метр биіктегі алаңына шығатын баспа да қалың көк мұзбен қапталған, мұнараның ұшар басындағы, 53 метр биіктіктегі кронблокқа шығатын баспалар (маршевая лестница) да солай екен. Темір атаулының бәрі көк мұзбен қалың қылып қапталған, барлығының сыртына қалың мұз қатқан. Жоғарыдан түскен тапсырманы орындауымыз керек, мынаның барлығы мұз  екен деп үйге қайтып кете алмаймыз ғой. Мынандай көк мұзда жұмыс жасау, оның үстіне көк мұз қатқан баспалдақтармен кронблокқа (53 м.биіктікке) шығу қиын, әрі қауіпті. Қарамағымдағы адамдарға инструктаж жасап, жұмыстың ретін түсіндіріп алып кірісіп кеттік. Көк мұз құрсанған баспалдақпен өрмелеп бурплощадкаға, 6 метр биіктегі (ротор болатын жерге) әупірімдеп шықтық. Бұл жердегі аяғымыздың астындағы, металл едендегі мұздарды қолымыздағы темірлермен ұрып-ұрып тазалаған болдық. Машинадағы тальблокты автокранмен көтеріп осы алаңға өзімізге жұмыс жасауға ыңғайлы қылып орналастырдық. Қолымда өзім қатты картоннан жасап алған оснастка жасаудың екі макеті бар еді, соның біреуін жоғарыға, кронблокқа шығатын жігіттерге бердім, тросты қай кезде қай роликтен өткізу керектігін түсіндірдім. Жоғарыға шығатын жігіттерді төменгі палата тұрған 25 м.биіктікке дейін барлығымыз бірге баспадағы мұздарды ұрып тазалап жеткізіп салдық. Ары қарай өздері кетті. Қазір айтуға оңай, ал сол көк мұз қатқан баспалармен еңбектеп отырып жоғарыға көтерілу қиынның қиыны болды. Әр баспалдақ қалың көк мұзбен қапталған, қолың да таяды, аяғың да тайғанайды, тіпті баспалдақтардың екі жағындағы қолмен ұстап жүретін перилаларға дейін көк мұзбен  қапталған. Темірмен ұрғанда мұз әрең шытынайды. Жігіттер жоғарыға жетті, біз төменде дайындық жұмыстарын аяқтадық. Жөндеу бригадасының барлық жігіттерін ең басты жерлерге, жоғарыдағы палатаға, кронблокқа жібердім де, өзімнің қасыма екі машинаның шопырларын алып қалдым, бұл жерде үшеумізден қалатын жұмыс жоқ деп. Жоғарыға бұрғылау қондырғысымен таныс жұмысшыларды, өздерінің бригадирлерімен бірге жұмсадым. Жоғарыдағы жігіттер өздерімен бірге алып кеткен жіңішке пеньковый қанатты (жіңішке арқан ғой) төмен саумалап түсірді. Біздер оған жіңішке тростың ұшын жалғадық та олар соны көтере бастады. Ортадағы палатада бір жігіт те оларға саумалауға көмектесіп тұр. Осылайша бірер роликтерден өткіздік, жұмыс жайлап-жайлап жүріп жатқан тәрізді. Жоғарыға қарап, тростардың жүргені дұрыс па екен деп қолымдағы макетпен салыстырып шалқайып тұр едім, бір мезгілде кронблокта (53м биікте) тұрған бір жігіттің қолындағы жуан арматурадан жасалған, ұзындығы 70-80 см. крючогы зуылдап ұшып келіп металл еденге сарт ете түсті де, шоршып аспанға бір атылып барып жерге құлады. Крючок дәл менің қасыма түскен болатын, желмен етегі делдиіп тұрған геологиялық, жел өткізбейтін сары брезент плащымның бір қапталын жұлып түсті. Мен де, басқалар да тұрған жерімізде қаттық та қалдық. СТУПОР! Қыбыр етуге шама жоқ. 53 метр биіктіктен зулап ұшқан арматурадан жасалған металл крючок ұшу траекториясын сәл өзгерткенде қазір бұл жазбаны сіздер оқи алмас едіңіздер. Жоғарыдағы адам қолындағы крючогін жуан жіппен байлап қойған ғой. Байлап қойған жібі үзіліпті, қалай үзілгені белгісіз. Сәл тоқтап, қорқынышымызды басып алып, өзімізге өзіміз келгесін жұмысты жалғастырдық. Кеш ерте түсетін болғандықтан, қас қарая жұмысты тоқтаттық, Қолтыққа демалатын орнымызға қайттық. Ертеңіне оснастканы толықтай аяқтадық.

  Бұндай жағдайлар жұмыс жасап жүрген кездерімде біраз кездесті, олардың кейбіреулерін «Шыңдалу мектебі» деген жазбамда жазғанмын. Мына эпизодты солардан бөліп алып, КЭ «МНГР» геолог-барлаушылары сол кездерде қандай қиын алаңдарда жұмыс жасап, мұнай іздегенін оқырмандарым білсін деп жеке жариялап отырмын.

...

  Осы жерде айта кетейін, осы Николаевская-4 қондырғысына көктем шыға Қолтықтағы қазып жатырған ұңғысын аяқтағасын Евгений Васильевич Герасименко басқаратын (баяғыдағы Ащытайпақ-2-дегі өзімнің бригадам) бригада келді. Николаевская-4 жалпақ сордың жиегінде тұрғандықтан Николаевская сорының ортасында жұмыс жасап жатқан екі бригадаға келетін барлық жүктерді қабылдап алып, тракторларға сүйреткен жалпақ табанды шаналарға тиеп жіберетін «перевалочный пункт» болды да шықты. Әртүрлі құбырлар, химреагенттер, жағар-жанар майлар, цементтер... осы жерге түсірілетін де, шаналарға тиелетін. Бұл да болса бұл бригада үшін қосалқы жұмыс болғаны шындық. Бұндай қосалқы жұмыс үшін басы артық жұмысшы, арнайы техника (мысалға, автокран, погрузчик) қарастырылмағандықтан жүктерді осы қондырғының привышечный краны 8КПБ-3-дің жанына үйіп қоятын. Бригаданың өзінің дүниелері де жетіп артылады ғой, оның үстіне мынандай екі бригаданың жүктері жиналғасын не болсын. Бірақ бригада басшылығы да, жұмысшылар да қыңқ деместен осынау ақы төлемейтін қосалқы шаруаны атқара берді. Ол заманда қазіргідей емес, ортақ іс үшін бәріміз де жанымызды салатынбыз.

...

Осы жазбамды фейсбук парақшама салғанда біраз жақсы пікірлер келді, солардың арасынан Маңғыстаулық азамат Бекмұханбет Зәкібайдың пікірі (жазылған күйінде, еш өзгеріссіз беріп отырмын):

«Сол бір, қиын да қызықты күндерді өте дәлдікпен, нақышына келтіріп суреттеген сіздің жазушылық шеберлігіңізді құрметтеймін. КӨӨП рахмет! Аман жүріңіз, жазарыңыз сарқылмасын».

...

Бәкөн әл-Сағыз.

(Б.Бисенғалиевтың «МЕН – Геолог-барлаушымын» кітабынан үзінді)

 

Теги мұнайшыжазбалары тайсойғансайты