САРА ЖОЛДЫ СӘЛІМГЕРЕЙ

САРА ЖОЛДЫ СӘЛІМГЕРЕЙ

   2014 жылдың сәуір айы болатын. Әдеттегідей класымда оқушыларыма домбыра үйретіп отырғанмын. Ұялы телефоным шырылдап қоя берді. Бейтаныс нөмір.

    Алло!

    Ассалаумағаләйкүм, Төлепберген бе екен?

    Ия, соның өзі.

  Құрманғазы атындағы консерваторияның, «Домбыра» кафедрасының меңгерушісі Сәлімгерей ғой.

   Телефонмен танысып, амандық-саулық сұрасқан соң Сәлімгерей әңгіме ауанын негізгі жұмысына бұрды.

   Аға, еліңізге, Сыр бойына бір кісідей еңбек еттіңіз ғой. Сырдың мақам-саздарын алғашқы болып нотаға түсірдіңіз, Қорқыт күйлерін, Сыр термелерін бірінші болып оркестрге лайықтадыңыз, қаншама шәкірттеріңіз үлкен сайыстарда лауреат атанып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Осындай еңбегіңіздің бәрін ескеріп, Қаршыға ағайымыз консерваторияға шақырды, келмедіңіз. Консерватория қазақ өнерінің «қара шаңырағы» ғой. Қазақтың барлық ұлы өнерпаздарының ізі сақталған жер. Мұнда көрінген кісіні шақыра бермейді. Биылдан соң сізге де шақыру бармайтын шығар,-деп, сәл кідірді.

   Жасыратын несі бар? Ішім жылып тұр. Әсіресе, менің еңбектеріммен таныс болғаны көңілге қуаныш ұялатқаны рас. «Жақсы, барамын» деген сөз аузымнан қалай шығып кеткенін аңғармай қалдым. Көңіл шіркін ұшқан құстай жүйрік емес пе? Консерваторияда жұмыс істеп жүргенімді армандап қоямын. Шаңыраққа көзім түсіп, қайтадан бәрін ұмытамын. Сөйтіп жүргенде ҚР еңбегі сіңген қайраткер, профессор Кәрима Сүндетқызының шақыртуымен консерваторияға келіп, Сәлімгереймен жақын таныстым. Жасы кіші болғанымен сабырлы, мәдениетті, өз мамандығының хас шебері, пайым-парасаты биік ұлт жанды азамат екен. Ұлылардың ізін жалғаған, көненің көзіндей болған Сәлімгерей қандай қызметпен лауазымға да лайықты жан екеніне көзім жетті.

фото

   Сәлімгерей Бақытғалиұлы Садықов, 1973 жылы 10 шілдеде Атырау қаласында дүниеге келген. 1997-2001 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын домбыра және оркестрді дирижерлеу мамандықтары бойынша профессорлар К.С.Сахарбаева, Т.Ә.Әбдірашевтардан үздік бітіріп, домбыра кафедрасына ұстаздық қызметке қалдырылады. 2001-2003 жылдары профессор Қ.Ахмедияровтың класынан ассистентура-стажировка мерзімі бойынша білім алады. Ұстаздық қызметте Сәлімгерейдің бірнеше шәкірттері республикалық сайыстарда жүлдегер атанады. Ұлттық өнерді дәріптеуде де Сәлімгерейдің еңбегі ерен. 2000 жылы Атырау облысына ұйымдастырылған фольклорлық экспедицияның құрамында көптеген ән-күйлерді тауып хаттады, радио және телевидениенің алтын қорына ондаған дәстүрлі ән-күйлерді жаздырып қалдырды. 2004-2011 жылдары шетелдегі Қазақстан елшіліктерінің шақыруымен Швейцария, Германия, Оңтүстік Корея, Чехия, Англия, Қытай елдерінде гастрольдік сапарлармен болып концерттер берді. 2005 жылы құрылған «The magic of  Nomads» (Көшпенділер құпиясы) этно-джаз тобының белді мүшесі. Топтың негізгі мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі музыкасын шет мемлекеттерге насихаттау. 2008 жылы топтың алғашқы «Бұлбұл заман» атты үн таспасы Англияның жоғары деңгейлі дыбыс жазу студиясында жазылды.  

   Сәлімгерей сонымен бірге, аспаптандырушы, өңдеуші ретінде де халық композиторлары мен Қазақстан композиторларының туындыларын халық аспаптары оркестріне лайықтап түсіріп, еліміздегі ұлт аспаптар оркестрлерінің репертуарын молайтуда. Осы бағытта 50-ге жуық шығармаларды оркестрлерге өңдеп түсіргенін айтсақ та жеткілікті емес пе? Отыз жастан асқан шағында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Домбыра кафедрасының меңгерушісі болып сайланған Сәлімгерейге елімізге танымал, әрқайсысы «бір-бір төбе» майталман өнерпаздарды басқару әрине оңай болмағаны анық.

   ҚР мәдениет қайраткері, «Ахмет Байтұрсынов» атындағы медалдің иегері, консерватория профессоры, қазақ өнеріне берері көп қадірлі Сәлімгерейге сарқылмас шабыт пен талмас қанат тілеймін.

 

 

Төлепберген Тоқжанов

Құрманғазы атындағы ҚҰК

Домбыра кафедрасының меңгерушісі,

ҚР мәденеиет қайраткері, профессор

 

Мақала "Әлімсақ" әдеби-мәдени, тарихи-танымдық журналдың 2016 жылғы 9 санынан алынып отыр.

Теги сайттайсойган тайсойғансайты сәлімгерей