РЕКТОР АҚЫЛБАЕВ

РЕКТОР АҚЫЛБАЕВ

   Республика жоғарғы оқу-орындарының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан, бірақ бүгінде бақилық болған ғалымдар есімдерін еске алғанда профессор, техника ғылымдарының докторы Ақылбаев Жамбыл Сәулебайұлы көз алдымызда тұрады. Тұла бойы ғибратқа толы, жаны жайсаң, терең білімді, шебер ұйымдастырушы, ұлылылық пен ұлағаттың иесі туралы жазуға сан мәртбе оқталсамда шаруа-тірлік күйбеңінен шыға алмай жүргем. Елді жайлаған карантинде біраз кітаптар мен газет-журналдарды ақтарып, көптен ұсталмай сөреде тұрғандарын шетінен жапыра оқып тауыстым. Солардың арасынан қолыма түскені ғұмырбаянын өзге емес, өзі баяндаған ғалымның «Парасат иірімдері» атты кітабы қолыма түсті. Автор өзі жүріп өткен алпыс тоғыз жыл ғұмырын еске ала отырып, еліміздегі білім мен ғылым саласының өзекті мәселелерін алға тартады. Тілі қарапайым, оқуға жеңіл кітаптан жоғарғы оқу орындарында ұзақ жыл басшылық лауазымда болған азаматтың қажырлы да тынымсыз еңбегіне шын риза боласың.

1

   Жамбыл Сәулебайұлы – Арқадағы Қарағанды облысына қарасты Шет ауданының тумасы.  Анасы қарапайым үй шаруасындағы әйел болса, әкесі Ұлы Отан соғысына қатысушы, партия және кеңес ұйымдарының салаларында еңбек етті. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, отбасында алған тәрбиесі оны биік те абыройлы адалдық шыңына жеткізді. Жамбыл 1956 жылы Ақсу-Аюлы селосындағы орта мектепті аяқтаған соң, Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетінің физика және жалпы техникалық мамандығына түседі. 1957 жылы жастайынан білімге құштар, спортқа биім, қоғамдық жұмыста белсенді студент тың астығын жинаудағы еңбегіне «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» атты медаль беріледі. Институтты үздік бітірген жасты ректор Сейтқали Баймұрзин шақырып алып ұстазы В.П.Усиктің ұсынысымен физика кафедрасына стажер-зерттеушілікке қалдырады. Осылайша, жас жігіттің физика-математика ғылым жолындағы жолсапары басталады. 

   Қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазМУ-нің аспирантурасын бітіргеннен кейін 1973 жылдың 9 шілдесі күні алғаш жоғары білім алған ұясына қайтып оралады. 1973 – 1986 жылдар аралығында Қарағанды мемлекеттік университетінде оқытушы, кафедра меңгерушісі, физика факультетінің деканы, университеттің ғылым және оқу ісі жөніндегі проректоры қызметтерін атқарады. Бұл жұмыстағы қол жеткен табысы республикалық министрліктің назарына ілігіп, 1986 жылдың 28 шілдесі күні КСРО Оқу министрінің шешімімен Гурьев мемлекетік педагогикалық институтының ректорлығы қызметін атқару бұйырады. 

   Ж.С. Ақылбаев тұңғыш рет Атырауға келгенде институтта 5 факультет, 20 кафедра болып, студенттер саны – 4700, ал оқытушылар саны – 300 болған екен. Алғашқы күні оқу үйін, жатақханалар мен зертханалар, кафедраларды аралаудан басталады. Ұжым мүшелерімен кездескенде айтылған ұсыныс-пікірлерді ой еле- гінен өткізіп, оқытудың жүйесін жаңа жолға қойды. Кешкісін жұмыстан қайтқанда жатақханадағы студенттердің тұрмысымен танысып, оларға қажеттіліктің барлығын орындады. Қабылдау комиссиясының жұмысына өзгертулер енгізіп, қоғамда үстем алған жариялылықты, ашықтықты енгізді. Жаз айларындағы студенттік құрылыс отрядтарының, егін жинауға кеткен топтарды аралайды. Институттың негізгі  тірегі ғылыми атағы бар оқытушылар болғандықтан бұл салада кемшіліктерді жоюдың жолдарын іздестіреді.

   Бұл жөнінде ректор өз ойын былай жалғайды: «Басқа жақтан келген қызметкерге елдің сын көзбен қарауы қалыпты жағдай ғой, бұл кезеңнен қалай өткенімді мен байқамай да қалдым.  Бұл, әрине, жұмысты ықыласпен беріліп істеудің нәтижесі болар. Жұмыс кестесін бір жүйеге келтіріп, кафедраның оқытушылар құрамына талдау жасап, кездесулер өткізгеннен кейін 15 шақты ғылыми атағы жоқ оқытушыларды шақырып алып, жекелеп әңгімелестім. Бұл кісілер – аспирантураны бітіріп, бірақ дер кезінде қорғай алмағандар. Жағдайларымен, ғылыми жұмыстарының орындалу деңгейлерімен толық танысып, әрқайсының қорғап шығуы үшін қажетті деген көмекті өз тарапымнан көрсететінімді білдірдім». Сөйтіп әріптестерінің ғылыми атақтарын тезірек қорғауына жеке өзі араласады. «Бітер істің басына жақсы келер қасына» деген осы! 

   Ректор Ж.С. Ақылбаевтың Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтында қалған ерекше ізі оқу орны қорын жақсартудағы нәтижелі ісі.  Алғашқы күннен жанын қинаған, ұйықтауға да маза бермеген мәселе 2 оқу ғимараты, 2 жа- тақханасы бар және пәтер жағалап үй жалдап жүрген 100-ден артық қызметкермен институттың болашағын көз алдыңа елестетіп көріңізші?! Міне, осы мәселелермен терең шұғылданған Жамбыл Сәулебайұлы жоғарғы органдарға, министрлікке хат жазып, талай рет басшылардың қабылдау бөлмелерінде сарылып отыруына тура келді. Соның арқасында институтта жаңа сипаттағы лингофондық кабинеттер, есептеу техникасының зертханасы, телевидение орталығы ашылып, техникалық оқу құрал-жабдықтары алынды. 

   1988 жылдың 15 наурызы күні салтанатты ашылуына Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.А.Құлыбаев қатысқан құрамында футбол алаңы, жүгіру жолы, жүзу бассейіні, гимнастика залы бар спорт кешені пайдалануға берілсе, студенттердің 220 орындық жаңа асханасы мен сол жылғы оқу басталарда 400 орындық секциялық бөлмелері бар жаңа тұрпатты студенттер үйінің есігі айқара ашылды. Оқу ғимаратын жаңғырту арқылы 75 орындық жаңа оқу аудиториясы, 4 дисплейлік дәрісхана, 1 оқу залы жасақталып, ішкі басқарма бөлімдермен және декандармен селекторлық байланыс жүйесі іске қосылады.

Ректордың шаруасы мұнымен тынған жоқ! «Жыртығы бар үйдің құдайы бар» демекші, 1989 жылы институттың 39 жылдық тарихында тұңғыш рет оқытушылар мен қызметкерлерге  арналған 70 пәтерлік үйді 8 айда салып бітіріп, ауданы 1 200 шаршы метр болатын жаңа оқу ғимаратының құрылысына білек сыбана кіріседі. Аталған құрылыстарға тиісті қаржы Мемлекеттік жоспарлау комитеті мен Қаржы министрлігінің ұсынысымен Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің тікелей қаулысымен бөлінгенін де атай кеткеніміз жөн. Мұның артында қаншама жүйкені тауысқан қабылдаулар, ренішті кездесулер жатқанын бір Жакеңнің өзіне аян. Ұстаздарға салынып біткен үйдің кезегіне сай иеленген қожайындары үй ішін әрлендіруге кіріскен кезде, Оқу министрінің орынбасары тарапынан жасалған қоқан-лоқының да әбігері бір есекке артылып жығылады. Бәрінен де баспанаға қолы жеткен институт оқытушы-қызметкерлерінің қуанышында шек болсайшы!

Ректор Ж.С.Ақылбаевтың жұмыс     істеу стилінде кабинетте міз қақпай отыру деген болған жоқ. Ол үнемі жолда жүрді. Көршілес Астрахань мен Волгоградқа барған іссапарында (студенттер бақша өнімін жинауға көмекке барушы еді ғой) облыс басшыларымен Гурьев педагогикалық институтына қазақ ұлты өкілдерінен «Қазақ тілі және әдебиеті», «Бастауыш мектеп педагогикасы мен әдістемесі», «Музыка мен ән», «Мектепке дейінгі педагогика мен психологиясы» мамандықтарына студенттер қабылдауға өзара келісім шарт жасасты. Келесі барған жолында астрахандық әріптестерімен, осындағы педагогикалық институтты бітірген қазақ ұлт өкілдерін Гурьев облысындағы оқу орындарында тәржімеден өтуіне, екіншіден жоғарғы оқу студенттерін (болашақтағы жұмыс  орнын ескере отырып) осы институтта оқуына мүмкіндік туғызу, үшіншіден, практиканттар алмасу – біздің филолог студенттер сөздік  практикасын Астраханьда, ал олардың білім  алушылары бізде өткізбекке шешім алады. Сондай-ақ, Астрахань педагогикалық институты Теңіз (қазіргі – Құрманғазы) және Индер ауданынан «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша 5 талапкер алуға келіседі. Үшінші барған, Астрахань консерваториясының ректорымен болған кездесуінде бітірген түлектерінен институтқа сабақ беруге маман жіберуге, есесіне біздің жақтың 2 студенті «Музыка және  ән» мамандығы бойынша 3 курсты бітіргеннен  кейін оқуын консерваторияда жалғастыруына  мүмкіндік ашылады. Осыған қоса Гурьев музыка училищесінің 2-3 түлегі консерваторияда білімін жалғастырмақшы болды. С.Ж.Ақылбаевтың сол кезде Гурьев облыстық партия комитетінің бюро мүшесі болғандықтан аймаққа қажетті мамандарды жеңілдікпен Астрахань медицина институтында, жоғарғы балық техникалық оқу орнында дайындауға да қол жеткізеді.  

2

Биылғы жылы Х.Досмұхамдеов атындағы Атырау университетінің 70 жылдық тарихы аталып өтелмекші екен, ал осы оқу орнымыздың шежіресін жасақтау мен жинау сол Жамбыл Сәулебайұлының кезінен бастау алады.  Оқу орнының музейі алғаш рет 1987 жылдың 11 ақпан күні ашылады. 

   Институтқа дарынды балаларды оқуға тарту дәстүрі де осы тұста басталып, құрамында «Институт – мектеп – арнаулы орта оқу орындары-балалар бақшасы» атты оқу-ғылыми-педагогикалық кешені ұйымдастырылды.  Аталмыш кешен негізінде 1989 жылы тұңғыш рет Дарынды балаларға арналған эксперименталды мектеп-жатақханасы ашылады. Онда тек қана ауылдарда жақсы оқитын ер балалар таңдап алынды, себебі оның да өзіндік сыры жоқ емес еді. Сол кезден бастап-ақ мектептерде ер мұғалімдердің аздығы сезіле бастаған болса, екінші жағынан қыз балалар үшін тұрмыстық жағдайларды туғыза алмаспыз деген қауіпте болғаны шындық. Оқушылар жаңадан ашылған жатақханаларға орналастырылып, оқу бағыты олардың бей-іліміне орай: гуманитарлық және жаратылыстану бағытында жүргізілді. Осылайша қазір жер-жерде саңырауқұлақтай қаптаған «дарынды» мектептердің негізі қаланды. Ректор Жамбыл Сәулебайұлы бастаған құнды бастама кейін Министрлер Кеңесі тарапынан қолдау тауып «Жоғарғы оқу орындарында талантты балалар үшін айрықша сыныптар ашылсын» деген қаулысын өмірге әкелуге мұрындық болды.

   Бүгінде кез-келген жоғарғы оқу орындарына берілер баға бітірген түлектерінің жұмысқа  орналасуымен есептелетін болса, сол тұста институтты бітірушілердің  ауылдық жерге баруы  үшін түрлі қолайлы жағдайлар жасалынды.  Соның бірі жоғарғы оқу орнының ауыл мектептерімен байланысы артып, қазіргі «Дипломмен – ауылға!» атты бастаманың басталғанын анық байқаймыз. Шалғай аудандардағы мектептердің жанында түрлі тақырыпта оқу-әдістемелік конференциялар, семинарлар өткізу практикаға берік енді. Ұлттық мектептегі орыс тілін оқытуды жетілдіру тәсілдері бойынша Қызылқоға ауданының Кенбай орта мектебінде өткізген конференцияға институттың оқытушы құрамын ректордың өзі бастап барады. Жоғарғы оқу орнының оқытушы-профессорлары кеңейтілген ашық сабақ өткізіп, оған ауданның барлық мектептерінің пән мұғалімдері ұйымшылдықпен қатысады. Жиынға қатысушылардың кездесуден алған әсері мол болды. Қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуда осы әдістің ұтар тұсы көп екендігі айқын сезілді. 

Жалпы, ректор   С.Ж. Ақылбаевтың жұмыс істеуі стилінде өзге әріптестерінен басы артық ерекшелігі жоқ екеніне көзім жетті. Мұнымды өзі де былайша мойындайды: «Әрбір кездесуден белгілі бір із қалуы – қанағаттанарлық іс.  Оның жүйелілігін қадағалап отыру үшін тиісті жұмыс жоспары жасалды. Кездескен ұжым, көтерілген мәселе, қалай орындалды, мерзімі, кім жауапты және орындалуын белгілеп отыру.  Бұнда тұрған ешқандай да жаңалық жоқ», – дей келе, жұмыс тәртібін қатаң бақылауда ұстауға иек артады. Сөйтіп оқытушылардың білімді де білікті студент дайындаудағы жауапкершілігін еселей түсті. 

Қашанда кез-келген жұмыстың басында бастамашыл, жігерлі тұлға институт ректоры болғанымен басталған істі одан әрі қанаттандыратын серпін ұжым екені айтпасада түсінікті.  «Жалғыз ағаш орман емес, жалғыз үй қорған емес» дегендей, олардың көмегінсіз басшы не істер еді?!

Жамбыл Сәулебайұлы өз естелігінде жоғарыдағы ұнамды іс-шараларды бірлесе атқаруда өзіне қолқанат болған бөлім басшыларын, декандар мен қоғамдық ұйымдар жетекшілерін сағына еске алады: «Олардың ішінен басшылық жұмыстар атқарған: А.Блохинді, З.Алдамжаровты, Х.Табылдиевті, А.Иманғалиевті, М.Алдабергенованы, С.Кенжеғалиеваны, С.Кәмелованы, Х.Қарасаеваны, Р.Шәкібалиевті, Г.Дайыровты, Б.Жанетовты, Ғ.Нұрышевты, Р.Ғабдиевты, Ю.Добровольскийді, И.Камешовты, А.Садықованы айтар едім.  Жұмыстары үлгі боларлық кафедра меңгерушілері де көп болды. Олар: Ж.Серіков, Ж.Рашбаев, Х.Сейітов,  Х.Зайнуллин, М.Дүйсенов, Н.Алдабергенов,  Д.Байболатова, В.А. Леонова, К.Қайырбекова, Р.Гильманова, Қ.Жүсіпов, К.Шаукенов, О. Бақтияров, О.Самедова, Е.Төлегенов, К.Шамбилов, Г.Каленова, С.Құсниденов, Қ.Сейталиев,  Н.Балмағамбетова, М.Алдамжарова, Т.Темірғалиев т.б. Институттың мақтанышы болған ардагерлердің орны бөлек, олар: Г.Айдаралиев,  Н.Бахраев, Л.Белый, Р.Дүйсалиева, Л.Жигулина, Е.Ізбасов, С.Қазыбаев, Х.Мұхаметов,  Б.Сүлейменов, Ф.Хаирова, Н.Баяндиев, Н.Борисова, Ф.Жанахметова, Н.Ким, Р.К. Абуклов, К.Камматов, Б.Сағындықов, М.Наконечный және басқалары. Жұмыстарын жақсы атқарған адамдардың қатарында физиктер Тәрбие Жұманова, Асау Жалғасов, Мәди Нәубетжанов, Ахуден Нұрғалиев, Роза Буканова, Галина Жангереевалар болды. Физиктердің үлкені Жұмашев Мұхит қажырлы еңбек етті».

С.Ж. Ақылбаев өз кітабында жоғарыда әріптес болған оқытушылар арасынан екі жас жігіттің жұмысқа деген көзқарастарының жоғары екендігіне баса назар аударады, олардың болашағына нық сенді. Бірі – Асхат Иманғалиев болса, екіншісі – Ғалымжан Нұрышев.  Өмір керуені оны алдамапты, есімдерін мақтанышпен атаған қос азаматтың ел үшін, халқы үшін атқарған еңбектері, шыққан биіктері туралы көп айтудың қажеті болмас деп ойлаймын.

Жамбыл Сәулебайұлы ректорлық қызметті атқарған кезінде Атырау облысының қоғамдық-саяси және мәдени дамуына зор үлес қосты. Облыстық партия комитетінің бюро мүшесі, облыстық кеңестің депутаты ретінде білім, денсаулық, мәселелері бойынша көп шаруаларды тындырды. Осы қоғамдық жұмыстардың басықасында жүргендігінің пайдасы шығар институттың жаңа ғимаратын салуда шапшаң қарқын алды. Ертеңгілік жұмысы құрылыстан басталатын институт басшысының күн тәртібіндегі шаруасы шақырылған кешкілік қонақтыққа, бас қосуларға баруға да мұрша бермейтін.

Жұмыс десе жанып тұратын ректордың қабілетін байқаған жоғарғы билік өкілдері, оның ішінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы В.Г. Ануфриев кезекті конференция алдында облыстық партия комитетінің идеология хатшылығына келісім беруін сұрайды, бірақ өз мамандығына адал, ғылым мен білімге шын берілген ғалым-ұстаз ретінде бұл лауазымдық қызметен бас тартады. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына баламалы түрде сайланған Ғазиз Алдамжаровпен сырлас әрі үзеңгілес жолдас болып, институттың болашағын жоспарлай бастайды. Енді төртінші жатақхана, оқытушылар мен қызметкерлерге арнап тағы екі тұрғын үй, 75 орындық санаторий-профилакторий мен музыка факультетінің жаңа ғимаратын салуды жоспарлайды. Институт маңайындағы мекемелердің бос тұрған жайларында институт меншігіне ала бастайды. Министрліктің рұқсатымен және Ғылыми Кеңестің шешімімен көршілес Ақтау қаласынан Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының филиалын ашып, директорлығына облыстық білім беру басқармасының басшысы, қазірде белгілі қоғам қайраткері, нағыз ұлтжанды Өмірзақ Озғанбаевты бекітеді. Ректор Жамбыл Сәулебайұлы үшін бұл бір орайы келген, шешімі дұрыс табылған тындырымды іс болды.

Ия, ол нағыз ректор еді. Атырауда бес жыл абыройлы еңбек еткен басшыны министр Шайсұлтан Шаяхметов Қарағанды мемлекеттік университетінің ректорлығына тағайындау жөніндегі бұйрыққа қол қояды. Бұл 1991 жылдың 17 сәуірі күні болатын... 

 

 

 

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,

тарих ғылымдарының кандидаты.

 

«Ұстаздық еңбек», 13 тамыз 2020 ж.

Теги РЕКТОРАҚЫЛБАЕВТАЙСОЙҒАНСАЙТЫСАЙТТАЙСОЙГАН