ПРОФЕССОР ҚАДЫРЖАН СЕЙТАЛИЕВ - ДАРЫНДЫ ҰСТАЗ

ПРОФЕССОР ҚАДЫРЖАН СЕЙТАЛИЕВ - ДАРЫНДЫ ҰСТАЗ

   Біздің әрбіреуміз барлығын білетін, кейде қатал, бірақ әрдайым жанымен жылы, өзінің оқушыларының, студенттері мен білім алушыларының тағдырына жәй қарамайтын, әрқашан көмектесуге дайын тұратын, тыңдап, түсінетін ұстаздарын жылулықпен, сүйіспеншілікпен есіне аламыз. Ұстаз біздерден керемет патриоттық сезімі бар, болашақ басқарушыларды, немесе суретшілерді, немесе өзі тәрізді ұстаздарды тәрбиелеп шығарады. Әр студенттің бойындағы ең жақсы қасиеттерін тауып, оны дамытуға атсалысады. Әр тұлға - дарынды, мұны жоққа шығаруға болмайды. Тек барлығы бірдей оқушының бойындағы дарынды, ерекше қабілеттерін аша біліп, оған дұрыс бағыт бере отырып, оны жеңіске, өзін-өзі дамытуға ұмтылдыра білетін үлгілі ұстазды кездестіре қоймайды.

   Қадыржан Брянұлы Сейталиев алла жаратқан Ұлы Ұстаз, Халел Досмухамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры. Л. Н. Толстой былай деген: «Егер ұстаз өз бойына ісіне және оқушыларына деген сүйіспеншілігін біріктірсе, ол нағыз ұстаз». Бұл сөздер Қадыржан Брянұлына қатысты айтылған.

   Оның дауысы, мейірімді жылы көзқарасы тартымды болды. Әрдайым амандасып жүретін, мықтылығымен, кішіпейілділігімен көзге түсетін. Студенттерді идеялармен қамтып, тәжірибесімен бөлісіп, оптимистік көзқарасымен, тұлғаның бойындағы өз жұмысына сенімін ізгілендіріп, сонымен қатар, олардың жолындағы жетістіктердің болатынына жағдай туғыза білетін. Ол кісінің бойында өзіне тән керемет қасиеттері болды: білімділігі, қарапайымдылығы, тілдесуге ашықтығы, қол ұшын беруге даяр тұратындығы. Оның жұмыстағы басты ұстанымдары – дарынды жастарға ашылуға, олардың бойында сенімділік тудыруға, өздерінің құндылықтарын түсінуге барынша мүмкіндік жасау. Ғалым студенттерді айтылмағанды түсінуге, жазылмағанды оқуға, кеңістік пен уақыт арасындағы байланысты көруге, байланыстыруға, бақылауға үйретуге тырысты. Әр білім алушының жеке қабілеттерін ескере отырып, олардың дамуын, өзбетінше жұмыс жасай алуын бақылады. Ғалымның студенттері ерекше біліктіліктерімен, шығармашылықтарымен көзге түсетін. Сабақтарда студенттердің өздерін басқару мен өздерін бағалауға, орындалатын жұмыстың мағынасын түсінуге, нәтижесін шығаруға үйретті. Ғалымның дәрістері мен семинар сабақтары өте құнды дайындалатын. Қадыржан Брянұлының еңбектері мен дәрістері көрнекі беткеұстар үлгі болып табылады. Ғалым сабақтардың тапсырмалары мен өзекті мәселелерін нақты қойып, студенттердің талқылауларына бағыт беретін, дәрістерді әртүрлі формада өткізе білетін, жаңашыл педагогтардың, әдістемешілердің, ғалымдардың тәжірибелерін қолданатын. Осының барлығына әрқашан ғалымның іскерлігі, ойы, мүлтіксіз сөйлеуі, дұрыс таңдалған әдістемесі түрткі бола білді.

   Ғалым білім беруде әрдайым жақсы нәтижеге қол жеткізетін. Студенттер мен аспиранттардың білім сапасы жоғары болатын. Ғалымның студенттері мен диссертанттары университетте болатын шараларға белсенді араласатын.

   Қадыржан Брянұлы өзін де, уақытын да үнемдемей барлық педагогикалық жаңалықтардан хабардар болатын, әріптестеріне білімін аямайтын, күнделікті бөлісіп отыратын. Ол жастарға ұлағатты ұстаз, ойланып, жемісті еңбек ете білетін педагог, еңбекқор және сенімді дос, ақылды ұжымдас бола білді.

   Профессор Қ.Б.Сейталиев КСРО Жоғары Аттестациялық Комитетінің шешімімен (Мәскеу) 1975 жылы доцент, ал 1992 жылы Ресей Жоғары Аттестациялық Комитетінің шешімімен профессор ғылыми атақтарын алды. 1999 жылы Әлеуметтік ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі, 2001 жылы Әлеуметтік ғылымдар академиясының толық мүшесі (академигі) болып сайланды. Профессор Қ.Б.Сейталиевтің Қазақстанда ғылыми мектебі қалыптасты. Қадыржан Брянұлы басқарған жалпы және халықтық педагогика кафедрасында ғылым докторлары, профессорлар, ғылым кандидаттары, доценттер, оқытушылар жұмыс істеді. Кафедраның ғылыми деңгейі 85,2 пайызды құрады. Бұл - университеттегі кафедралардың арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш болды. Жалпы және халықтық педагогика кафедрасының жанында п.ғ.д., профессор, Қ.Б.Сейталиевтің ғылыми жетекшілігімен 13.00.03 мамандығы бойынша 1994 жылдан бастап, аспирантураның күндізгі және сырттай бөлімдері жұмыс істеді.

   Кафедрада педагогика және психология мамандықтары бойынша магистратура 2004 жылдан бастап ашылды.

   Университетте 2002 жылдан бастап, 13.00.01 Жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы, этнопедагогика мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық кеңес қызмет істей бастады. Диссертациялық кеңестің төрағасы қызметіне педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қ.Б.Сейталиев тағайындалды.   

   Қадыржан Брянұлының тікелей ғылыми жетекшілігімен бірнеше аспиранттар мен ізденушілер кандидаттық диссертацияларын және магистрлік жұмыстарын қорғап шықты.

   Профессор Қадыржан Брянұлы Сейталиевтің барлық еңбек жолы Атырау облысы, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіндегі ғылыми-педагогикалық өмірімен тығыз байланысты. Ұстаз 1962 жылдан бастап педагогика және психология кафедрасында, кейін жалпы және халықтық педагогика кафедрасында өмірінің аяғына дейін табысты еңбек етті. Қадыржан Брянұлы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің педагогика және психология кафедрасында қатардағы оқытушыдан педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академикке дейін жетті. 1971 жылы «Қазақ кеңес мектебінің даму тарихындағы адамгершілік тәрбие мәселелері 1920-1945 ж.ж» тақырыбында ғылыми диссертациясын қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. 1983-1985 жылдары ұстаз В.И.Ленин атындағы Мәскеу мемлекеттік педагогика университетінің жоғары мектеп педагогикасы және психологиясы кафедрасының докторантурасында «Қазақстанда жоғары педагогикалық білім берудің қалыптасуы мен дамуы» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғаған. Профессор Қ.Б.Сейталиевтің ғылыми - зерттеу еңбектерінің басым бағыттары ауыл мектебіне мұғалім кадрларын даярлауды жетілдіру мәселесіне бағытталған: «Ауыл мектебімен байланысты іске асыруда педагогика кафедрасының істәжірибесі» (1978), «Ауыл мектебіне кәсіптік бағдар берудің педагогикалық мәселелері» (1978), «Педагогикалық оқу орындары мен ауыл мектептерінің өзара байланысы» (1983), «Үздіксіз білім беру жүйесінде ауыл мектебі мұғалімін кәсіби даярлаудың жоғары оқу орнына дейінгі кезеңі» (1990), «Үздіксіз білім беру жүйесінде ауыл мектебіне мұғалім кадрларын даярлаудың ерекшеліктері» (1993), «Ауыл мектебіне мұғалім кадрларын даярлаудың көкейкесті мәселелері» (1998), «Университеттік білім беру жүйесін реформалау жағдайында ауыл мектебіне мұғалім кадрларын даярлауды жетілдіру» (1998), және тағы басқалары. Профессор Қ.Б.Сейталиевтің авторлығымен бірнеше оқулықтар мен оқу құралдары жарық көрді. «Педагогиканың жалпы негіздері» (2004 ж), «Педагогика тарихы» (2006 ж) «Жалпы психология» (2007 ж), «Халелтану» арнаулы курсқа арналған оқу құралы жарық көрді. Профессор Қадыржан Брянұлы – 500-ге тарта монографиялық ғылыми-әдістемелік еңбектер мен ғылыми мақалалардың авторы. Оның ішінде 30-дан астам монографиялық еңбектер мен оқулықтар, оқу құралдары, оқу бағдарламалары баспадан жарық көрді.

   Педагогикалық қызметтегі, ғылымдағы сіңірген ерен еңбегі үшін профессор Қадыржан Брянұлы бірнеше ордендермен, медальдармен және алғыс хаттармен марапатталған.

   Қадыржан Брянұлы өмірін ұстаздық етуге бағыттаған. Ұстаздың жүрегі таза, ақылы ашық болды. Өзінен кейінгі ұрпаққа із қалдыру үшін қаншалықты махаббат, төзімділік, жылулық, білімділік, қажымас қайратты еңбек қажет. Ол әрдайым ізденісте, еңбек етуде болған ұстаз. Біз осындай Ұлы Ұстазбен таныс болғанымызға, одан білім алғанымызға ризамыз, мақтан тұтамыз.

 

Нуржанова Ж.Д. Астана қ.

 

http://library.wksu.kz/dmdocuments/Нуржанова%20Ж.Д.pdf

Теги университет тайсойғансайты