ПАЙДА МА, ӘЛДЕ ЗИЯН БА?

ПАЙДА МА, ӘЛДЕ ЗИЯН БА?

Еліміздегі белді институтының директоры Қабылдинов Зиябек ғылымға пайда келтіріп жүр ме? Әлде зиян келтіріп жүр ме?

ЗДАНИЕ ИНСТИТУТА

Өзі білмейтін тақырыпқа неге әуестеніп жүр деген мақсатпен, Қабылдинов Зиябектің 2019 жылы шығарған «Из истории казахско-российских отношений. XVIII век. Сборник документов / Составитель Сирик В.А. – Алматы: Литера–М, 2019. – 522 с.» құжатты жинағын кітапханадан тауып алып мұқият парақтап қарап шықтық. Сондағы байқағандарымыз мынадай: Біріншіден, «Қазақ-орыс қатынастары» деп ат қойған соң онда Тарих институтының 1961, 1964 жылдары шығарған екі томдық «Қазақ-орыс қатынастарының» заңды жалғасы ретінде үшінші томы болуы керек еді.  Екіншіден, аталған құжаттар жинағындағы кейбір адам аттары мен түсінбеген атаулардың мағынасын қалай берілді екен деп комментарийды қарасам ондай дүние берілмеген. Ал Бас тарихшы құжаттар жинағына қойылатын талаптармен таныс емес немесе оларға мүлдем мойынұсынбайтынына көз жеткізесіз. Үшіншіден, құжаттар жинағын тарихшы емес филолог құрастырып отыр. Редакциялық алқада аттары тізіліп тұрған тарихшылардың қазақ хандығының тарихынан хабары жоқ С. Асанова, М. Қозыбаева, З. Садвакасова, Е. Үшкенов, Г. Шотановалардың құжатта кеткен кемшіліктерді көрмей, аттары тұрғанына мәз. Төртіншіден, жинақта бастан аяқ тарих ғылымы үшін басты ұстаным болып табылатын хронологиялық тәртіп сақталынбаған. Мысалы, 17, 19, 20, 27 және т.б. документтерде бір ізділік жоқ. Бесіншіден, құжаттар жинағы редакцияланбаған. Көне славян тілінде берілгендіктен Қабылдинов бұған басын қатырмаған. Рецензенттер Қазақ хандығының тарихын білмейтін мамандар. Егер К. Хафизова, М. Әбусейітова, А. Исин, Б. Кәрібаев,  Н. Атығаев немесе Қ. Өскенбай секілді осы кезеңнің зерттеуші мамандары пікір берсе орынды еді. Алтыншыдан, кез келген құжаттың түпнұсқасы Москва немесе Санкт-Петербургте сақталса, көшірмесі Омбыда немесе керісінше болуы тиіс. Бұл жинақта дұрыс көрсетілмеген. Жетіншіден, кезінде қазақ-орыс қатынастары туралы құжаттар жинап шығарған ғалымдар В. Басин, Т. Шойынбаевтар Омбы архивін қараған, Абылай туралы құжаттар жинағын қазақ тілінде шығарған З. Тайшыбайдың және Б. Нәсеновтың еңбектерінде осы архивтен алынған құжаттар берілген. Ал, Қабылдинов оларды қарамай жатып, тың дерек тапқандай жаһанға жар салып, Омбыдағы жабық қорды мен аштым деуден тынбауда. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Омбы архивінің 1,3 қорларындағы Абылайға қатысты құжаттарды осыдан он шақты жыл бұрын Б. Жанаев, И. Ерофеевалар ғылыми айналымға енгізіп, қалың оқырманды таныстырып қойған. Сегізіншіден, Қабылдинов директор болып келген күннен бастап Қазақ хандығымен тікелей айналысатын мамандарды жұмыстан қуып, ғылымның иісі мұрнына бармаған адамдарды төңірегіне жинағандықтан осындай олқылықтарға орын беріп отыр. Тоғызыншыдан, институттың штатында жоқ В. Сирикті пайдалана отырып (егер дұрыс пайдаланса) сапасыз, шала құжаттар жинағын шығаруда. Қазақ хандығы жобасы бойынша докторант Ф. Лебайды Ресейдің Барнаул қаласынан қазақ хандығына қатысты құжат іздетіп жібергені Қабылдиновтың мәселеден мүлдем хабары жоқ екендігін тағы айғақтай түседі. Оныншыдан, құжаттар жинағын жүйелеп жинауға кемінде екі-үш жыл уақыт кетеді. Ал Қабылдинов үшін жинақ шығару ермекке айналғандай. Ол ол ма, биылғы жылы (2020 жылы) Қазақ хандығы бойынша тағы бір құжаттар жинағын шығаруға білек сыбанып отыр. Ең сорақысы, осы сапасыз жинақтарын Ресей ЖОО мен кітапханаларына таратып жарнамалауда. Мұнымен өзінің ұлт тарихы жөніндегі шала сауатсыздығын көрсетіп қана қоймай (өйткені Ресейде туып, білім алған), бүгінгі қазақ ғылымына деген көзқарасты барынша төмендетуде. Он біріншіден, Қабылдинов былтырғы жылы «Архив - 2025» бағдарламасымен жанына өзі қызметке алған, бұрын архивте жұмыс жасап көрмеген әрі мамандығы тарихшы емес 3 жасты алып, екі рет 20 күннен Омбы архивіне барды. Бұл шағын қалаға ондай үлкен топпен екі қайтара баруды қажет етпейді. Ондай үлкен топпен архивке бай Москва қаласына барса өте орынды еді. Қабылдиновтың өзінен бастап апарған жастарының қай құжат еліміздің архивтерінде бар, қандай құжат жоқ екендігіне бас ауыртпады. Осы жастар бір айға жетпейтін уақытта көне славян тілін толық меңгеріп алдық деп айды аспанға шығарғаны еріксіз күлкі ұялатады.  Сол барған жастардың бірі өлкетанушы А.Ф. Палашенковтың (Омбыдағы өлкетану музейінде 1943-1957 жж. директор болған)  қорынан кезінде газет бетінде жарық көрген Амангелді Имановқа қатысты мақаланы, Абылайға қатысты энциклопедиялық шағын мақалаларды көшірме жасап алып келіп соны жаңалық ашты. Тіпті солардың бірі, мәдениетанушы баспасөз бетінде мақала жазды. Топты бастап барған Қабылдинов бұған көзді жұма қарады. Он екіншіден, институтта ұзақ жылдан бері істейтін ХІХ ғасыр мамандары Р. Оразов М. Сәтенова, Н. Жетпісбай, М. Жылысбаевалардың дайындаған «Национально-освободительное движение казахского народа в конце XVIII – начале XX веков. Сборник документов / Сост.: Сатенова М.Р., Оразов Р.Е., Жетписбай Н.Ы., Жылысбаева М.Г. – Алматы: ТОО «Литера-М», 2019. – 640 с.» құжаттар жинағына күмәнмен қарап елден көшіріп алды деп байбалам салуы Қабылдиновтың қай сасқаны. Біз білетін осы тарихшылар архивтен шықпай, қай қорда қандай құжат барын жатқа білетін, былайша айтқанда архивтің жілігін шағатын ғалымдар, ұзақ жылдарғы тірнектеп өздері жинаған құжаттарды топтастырып, ғылыми айналымға қосқандарын көзі қарақты тарихшылар жақсы біледі. М. Жылысбаева осы архивте директордың орынбасары болып істейді. Сонда атағы жоқ тарихшыларды Қабылдинов мойындамайды деп түсіну керек. Он үшіншіден, осы істегендеріне қарамай атақ құмарлықпен Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшелігіне өту үшін алдына жан салмай шапқылауда. Оған да өзі қамқоршы болып отырған жас маманды араластырып отырғаны аян! Сонымен қатар, өзін көрсету үшін тағы үш жыл директор болуға министрлер мен таныс депутаттарын жағалауда. Оны әр кездесуде өзі жасырмай «мен өзімнің кім екенімді таныту үшін тағы үш жыл отыруым керек, сол мақсатта жұмыс жасап отырмыз» деп мақтанышпен айтады.

Он төртіншіден, бұл кітап «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті» жобасына дейін дайындалған болатын, бірақ шындықты белінен басуға әдеттенген З. Қабылдиновты, дайын тұрған еңбекті бағдарламаның Қоғамдық кеңесі мүшелерінің келісімінсіз қойды да, бағдарлама басталған екі-үш айдың ішінде соған бөлінген қаражатқа шығарып алды. Бағдарлама тарапынан қаншама қаражат жұмсалды екен, белгісіз.

Он бесіншіден, Қабылдиновтың 2018 жылы шығарған «Султанмамет султан: государственный деятель, дипломат и батыр» атты монографиясынның кіріспесі диссертациялық талаптар бойынша дайындалғандығын көзі ашық оқырман бірден байқайды. Яғни біреуге дайындалған диссертациялық жұмыс деп кесіп айтуға болады. Жұмыстың 12-13 беттерінде берілген деректік қорында Алматыдағы Орталық мемлекеттік архиві, Омбы облыстық архиві, Орынбор мемлекеттік архиві мен Алтай өлкесінің архиві көрсетілген. Жұмыстың өн бойында Москвадағы көне актілер архивіне (РГАДА), Санкт-Петербургегі Ресей мемлекеттік тарихи архивіне (РГИА) сілтеме жасалынады. Қабылдинов аталған архивтерде жұмыс жасамаған. Сонымен қатар Сантк-Петербург архивіне сілтемені дұрыс та көрсете алмаған 158-160 беттерде (ЦГИА) деп көрсеткен. Қазір Санкт-Петербург архиві қысқартылып РГИА деп аталатынын мүйізі қарағайдай доктордың білмеуі, оның ғылымды көтеру үшін емес, жалған даңғазамен жүргенін дәлелдей түседі.

Он алтыншыдан, бұл ойымызды оның редакторлығымен 2019 ж. шыққан Алаш туралы институттың ғалым хатшысы М. Қозыбаева дайындаған өздері монография деп атайтын, шынтуайтына келгенде ғылыми мақалалар жинағы болып табылатын «Қазақ мемлекеттілігі және Алаш Орда» және «Алаш в истории государственности Казахстана: идеи, судьбы, наследие» атты құжаттар жинағы толық айғақтай түседі. Бұл кітаптар туралыда ортаға салар ой баршылық. Бұл жинақ негізінде осы тақырыптағы бірінші жылдың қорытындысында-ақ эксперттер тарапынан өтпей, жабылып қалған М. Қозыбаева жетекшілік жасаған Жоба аясында жарық көргенін айта кеткеніміз жөн болар. Осы жерде тағы екі мәселе туындайды, біріншісі, М. Қозыбаева алаштанушы емес, оның ғылыми бағыты күнделікті тарих мәселелері, қалай жетекші болып бекітілді, екіншісі, сәтсіз орындалған жоба ретінде жабылғандықтан, монография мен жинақ неге шықты?

Он жетіншіден, ғылыми жобаларға қойылатын талаптар бойынша бір жобаны орындай алмаған адам, екінші рет жоба жетекшісі ретінде бекітілмеуші еді. Ал, алдыңғы жобаны орындай алмаған М. Қозыбаева биылғы жас ғалымдар арасындағы байқауда тағы да жоба жетекшісі ретінде бір жобаны жеңіп алды. Ең қызығы, тағы да өзі айналыспаған кезең бойынша ұсынылған жоба. Тақырып келгенімен, кезең келмейді. Міне, бұл да Қабылдиновтың ғылымдағы ұстанған бағытының көрінісі.

Егер де еліміздің Бас тарихшысы, Қазақ тарих ғылымының бүгінгі басшысы осындай өрескел қателер мен бұрмалаушылыққа толы монографиялар мен жинақтар шығара беретін болса, маңайына тек мәдениеттанушы, халықаралық қатынастар мамандары мен саясаттанушыларды, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен зейнет жасына жетуіне байланысты құрметті демалысқа шыққан ғалымдарды ғана жинап, соларға ғана үміт артар болса, биыл 75 жылдығын атап өткелі отырған қара шаңырақ Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен ұлт тарихының болашағы не болмақ?

Әлде, ұлт тарихын осылай бардым-жүрдім зерттеген Қабылдиновтың осындай өрескел іс-әрекетіне жоғары жақта отырғандар мен Білім және ғылым министрлігі үнсіз бас шұлғып, қолдау көрсете ме, жоқ тоқтау салар, одан жауап алар күн бола ма? Өйткені оның сапасыз оқулықтары мен плагиатқа толы монографиялары туралы соңғы екі-үш жылдың ішінде мерзімді басылым беттері мен әлеуметтік желілерде аз айтылып жатқан жоқ. Тіпті, өзінің өлке тарихын білмейтіндігін мойындаған мақаласыда жарық көрді. Бірақ, министрлік үнсіздік танытуда.

Ал, Қазақ тарих ғылымының бүгінгі ақсақалдары мен жанашырлары бұған не дейді? Екеу ара кездескенде Қабылдиновтың ұстанған бағыты дұрыс емес екенін айтқанда көсемсіздер, шындықты шырылдатып айтуға барсыздар ма? Өздеріңіз талғажау етіп отырған ғылым үшін, тарих ғылымының болашағы үшін, ғылыми әділдік пен тазалық үшін үн қатарсыздар деп ойлаймыз.

Алматылық тарихшы Марат Туғанбаев