Бисенбай Бисенғалиев
Ардагер геолог-барлаушы, «Құрмет» орденінің, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бесжылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Қазақстан мұнайына 120 жыл», «Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Қарақия ауданына 45 жыл», «Жер қойнауын барлаудың үздігі» төсбелгілері иегері. Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» кітабына енген. Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, Ақтау қаласындағы «Геолог-барлаушылар аллеясы» идеясының авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естелік әңгімелер», «Бисенғали әулеті» кітаптарының авторы.
ОБИДНО...
Жас кезімізде буровойда жүргенде талай қызығы да, шыжығы да мол күндер өтті ғой. Солардың кейбір тұстарын еске алғанда қазіргі кезде күлкің келеді, ал сол тұста қандай сезімде болғанымды, жазбамның тақырыбын неге осындай қылып қойғанымды, жазбамды оқығанда түсінерсіңдер.
Ертеректе, Түбіжіктің маңындағы бір бұрғылау қондырғысын іске қосу үшін арпалысып жаттық. Жылдың аяғы, желтоқсан айының да аяғына тақау мезгіл, ауа-райы да онша емес, қар қалың, сықырлаған сары шұнақ аяз жалап тұр. Мәлік Шотаевтың бригадасы. Түбіжіктің ескі поселкесінің жұртынан сәл бөлектеу жерде вагондардан құралған орталық поселкеміз, асханамыз бар. Қазіргі іске қосайын деп жатқан бұрғылау қондырғымыз орталық поселкемізден 6-7 шақырым қашықтықта, қысқартылған (төменгі блогы жоқ, тек У8-6 деген бір насоспен жұмыс жасайтын), тайыз тереңдікке қазатын, шолақ 3Д-76 қондырғысы. Жоғарғы блокта В2-450 деген 3 дизель бар, сол дизельдердің күшімен жасайтын бір насосы бар, У1-Д6 деген шамалылау электростанциясы бар, көшіп-қонуы жеңіл қондырғы. Бұрғылау қондырғысымен бірге жүретін, вахта тамақ ішетін, әрі бұрғылау шебері отыратын культбудканың есебіндегі, әскери машиналардың үстінде болатын шағын ғана будка бар. Ол будкаға адам тіке кіре алмайды, екі бүктетіліп, тауықтардың кетегіне кіргендей болып кіре аласың. Сол қыс әлемет қарлы болды, қар болғасын «бір елі қардың екі елі аязы болады» дегендей аязы да қатты болды. Бір қызығы, сол аймақта қыс жыл сайын ерекше болатын «коридор» бар. Бірақ жел жоқ, тымық ауа, айнала көз жеткен жерге дейін аппақ қар жамылған маң дала. Күртік қардан машина жүре алмайтын болғасын, орталық поселоктен трактордың артына сүйретпе (қолдан жасап алған салазка шана) тіркеп, соның үстіне манағы шағын будканы орнатып алып, вахтаны сол сүйретпемен тасимыз, өзіміз де солармен бірге таң атар, атпастан қондырғы басына вахтамен бірге барамыз. Мұнара құралдаушылар жұмысын бітіріп, қондырғыны бізге тапсырып кетті. Ендігі жұмыс қондырғыны іске қосу. Жанталасып жұмыс жасаудамыз. Бұрғылау шебері Тоқтағанов Қаржау ағамыз (ол ағамыздың осы бригадада қалай жүргенін түсінбей отырмын), бас механик Жалғас Тастаев, жөндеу бригадасының бригадирі Есқалиев Мұратәлі, мен. Жөндеу бригадасы: Өтепов Жалхан ағамыз, Пчелинцев Леонид, дәнекерлеуші Владимир Саенко, тағы бірер адам бар (аттарын ұмытыппын) және бұрғылау бригадасының бір вахтасы. Құдай қойса, жоспарымыз бойынша, бүгін электростанцияны қыздырып, жоғарғы блоктан (өзі бар болғаны бір блок қой) бір дизель жіберіп, тальблок көтеріп... дегендей дайындық жұмыстарын аяқтап, түнгі вахтамен қазуға кіріспекшіміз. Бірнеше күннен бері, күні-түні тынбастан, аязбен, борап жауған қармен арпалысып, ұйқы көрместен жасаған жұмысымыздың нәтижесін көретін күн - осы күн. Бүгінгі күн тамаша болып тұр, күн жарқырап шығып, лүп еткен жел жоқ, шыңылтыр аяз ауаны кереметтей қылып тұр. Бұрғылау қондырғысы түгелімен аппақ қарға оранған, жаңа жылдық шырша сияқты қалың қырауға оранып жарқырап тұр. Қалың қырау жаппаған ештеңе қалмаған, талевая оснастканың барлығы ақ қырауға оралған. Бүгін жоспарымыз іске асса, айлық жоспар да, жылдық жоспар да орындалатындай үміт бар. Барлық жоспар осы қондырғының уақытымен іске қосылуына қарап тұрғанын бәріміз де сеземіз. Иықтарымызда осындай ауыр жүк бар. Оның үстіне күніне бірнеше рет рациямен Ералиевтен басшылар да миымызға құйып жатырғаны айтпаса да түсінікті ғой. Содан таңертең келе электростанция мен бір дизельді қыздыруға кірістік, басқа жұмыстар өз реттерімен жасалып жатыр. Түске таман бұл жұмыс та өз жемісін берді, тоқ та берілді, дизель де қызды. Енді сәл де болса орталық поселоктен аспаздар термостарға салып жіберген тамақпен бой жылытып ауқаттанып алып, түс қайта «біссімміләмізді» айтып тальблокты көтеру қалды. Өзіміз мініп келген тауық қора сияқты шананың үстіндегі будкамызды жерге түсіріп, тоққа жалғап, ішіндегі тоқ пешті қосып қыздыруға кірістік. Қаржекең (Тоқтағанов), Жәкең (Жалғас), Мұратәлі, мен болып будканың ішіне кіріп алып, шай қайнағанша ортадағы столдың үстіне картты жайып тастап, сол кездегі бір модный пасьянсты, картамен бал ашқандай қылып, ашып жатырмыз. Пасьянсты ашқандағы мақсатымыз, бүгін түнгі вахтамен қазуды бастаймыз ба, әлде... қалай болады дегендей ғой. Буровойда жүргенде біздердің барлық ақыл-ойымыз, мақсатымыз тек жұмыс жайында болады, ауылды, үйді, бала-шағаны, семьяны мүлдем ұмытамыз. Құдайға шүкір, ол заманда біз алаңдайтын ештеңе де жоқ, бізде барлығы да болды, балабақша да, үй-жай да, тамақ та, жұмыс та, еңбекақы да (аванс, получка, премия), еңбек демалысын алсаң кавказдағы курорт та, тек алаңсыз жұмыс жасау керек. Сондықтан да біздер еш алаңсыз, тек буровойды ойлайтынбыз. Содан барлығымыз, тіпті киімдерімізді де шешпестен (вагон даламен бірдей салқын еді, әлі жылына қоймаған), бет-аузымыз, қолдарымыз факельден шыққан түтінмен ысталған күйе-күйе, май-май болып столдың үстіне пасьянсты ашып жатырған Жәкеңнің (Жалғастың) қолындағы карттардың орналасуына бар зейініміз ауып үңілудеміз. Құдды, сол пасьянстың ашылуына алдағы тағдырымыз байланып қалғандай болып. Будканың іші көк түтін, бәріміз де темекіде өшіміз қалғандай сорғылаудамыз. Осылайша барлық есілдертіміз Жәкеңнің карт ашып жатырған қолы мен пасьянсқа ауып кеткенде будканың есігі «тарс» етіп ішке қарай қатты соққыдан ашылмасы бар ма. Мәссаған, есімізді жиып есікке қарасақ, есіктің арғы жағында Қуекең (басшымыз Қуан Қазиев) мен Хасекең (КЭ «МНГР»-дің бас инженері Хасан Тәжиев) тұр.
Екеуінің үстінде шолақ тон, оның сыртынан киген сары түсті жел өткізбейтін плащ, аяқтарында геологиялық етік, бастарында құлақшын... Екеуінің де бойлары шамалас, аяқтарын талтайтып, екі қолдарын артқа қайырып тәлтиіп тұр. Қуекең алдында, есікті теуіп ашқан сол екен, Хасекең артында. Біздер не болғанымызды білмей үрпиісіп тұрмыз, карт жатыр столдың үстінде жайрап, күлсалғыш ретінде пайдаланып жүрген 0,5 литрлік банка темекі тұқылына толған, будканың іші көк түтін (топор можно вешать). Картина өте «керемет» еді.
Қуекең: «Хасеке, мыналарды қараңыз, біздер бұларды жұмыс жасап жатыр деп жүрсек, бұлар жиналып алып карта ойнап жатыр. Бұларға сеніп «метр-проходка» аламыз, жоспар орындаймыз деп жүрміз ғой. Вот пожалуйста. Әй, иттер-ай, иттер-ай...»,- демесі бар ма (сықпыртып боқтап жатыр ғой, оларды жазбадым, көп нүкте қойдым. Қуекеңді жақын білетін «детсадтың балалары» қандай боқтаулар екенін жатқа білеміз)
Айтса айтқандай еді. Доказательство налицо! Біздер тұрмыз цирктегі клоундар сияқты бет-аузымыз күйелеш-күйелеш болып, бастарымыз салбырап, көк түтіннің ішінде. Айтарға сөз жоқ. Қаншама күннен бергі ұйқысыз, күлкісіз, демалмастан жасаған жұмысымыз «коту под хвост» кетті. ОБИДНО (бұл Пчелинцев Леханың сөзі). Сәлден соң Қаржекең (Қаржау Тоқтағанов ағамыз, үлкеніміз ғой) барлық жағдайды байыппен түсіндірді ғой. Басшылар да түсінді. Олар да тап осы Түбіжік алаңында жастық шағын өткізген, талай құқайды бастарынан өткерген мықтылар ғой. Екеуі мінген Уаз жеңіл көлігі күртік қарға батып қалып, біраз жерден екеуі жаяу келген екен (алдарынан шығып қарсы алмағасын, трактор жіберіп жеңіл көлігін сүйретіп көмек бермегесін, соның да ашуы бар шығар). Сондықтан да біздер машина даусын естімеппіз. Қардың қалыңдығын, аяздың сықырлап тұрғанын, жұмыстың қиындықпен жүріп жатқанын көрді, байқады, өздері де күртік қарға малтығып жаяу жүрді дегендей. Басшылар кетті, қондырғы іске уақытымен қосылды, жоспар орындалды.
Әрине, біздер де ол кезде жас едік, талай нәрселерді бүлдірдік. Бірақ жұмысқа адал едік, күн-түн демей, уақытпен санаспай, қиындықтардан қашпай, бел шешіп ұйықтамай жасайтынбыз. Талай қиындықтарды осындай жанқиярлық еңбекпен, жастық жалынмен жеңдік те ғой. Ал буровойда, өндірісте бәрі өз ретімен, жоспар бойынша жүріп жатқанда «тәртіп бұзып лағып» кететін кездеріміз де болып тұратын. Қуекеңнің қасында біздер баласы сияқты едік, талай біздердің тентектіктерімізді кешіріп ұрысқанда «өңкей детсад» деп боқтайтын. Біздерді жақсы түсінетін, талай тентектіктерімізге кешіріммен қарайтын. Есесіне біз де ол басшымызды ұятқа қалдырмауға барымызды салатынбыз.
Хасан Тәжиев, Қуан Қазиев, Қаржау Тоқтағанов деген ағаларымыз о дүниелік болғалы қашан. Топырақтары торқа болып, нұрлары пейіште шалқығай ағаларымыздың.
...
Осы жазбамды фейсбук парақшама салғанда біраз жақсы пікірлер келді, солардың арасынан Маңғыстау мұнайының ардагері, бұрғылау саласында да еңбек еткен Киікбай Әбілбайұлы Медеуовтың пікірі (жазылған күйінде, еш өзгеріссіз беріп отырмын):
«Бұрғылау тақырыбында «тірі» жазумен сізден басқа айналысқан адам болмады өлкеде бұрын. Талпынғандар болды, бірақ тап осылай шықпаған. Әрі осы мамандықты бүге-шігесіне дейін суреттеп, сипаттап, тақырыпты біліп жазу үшін жазушы адам осы істің маманы да болуы керек болар деп қойдық».
...
Бәкөн әл-Сағыз.