...МЕНІҢ ҚҰРМЕТ ТҰТАТЫН БАТЫРЫМ БОЛДЫ

...МЕНІҢ ҚҰРМЕТ ТҰТАТЫН БАТЫРЫМ БОЛДЫ

...Таяғына сүйеніп, радио сияқты өзімен-өзі күбірлеп сөйлеп келе жатырған адамды көргенде бастапқыда аң-таң болғаным бар. Кейін оны ойнап жүрген балалардың «Контуженный» деп келемеждегенін де көрдім. Ондайда қолындағы таяғын сермеп, бірдеңе деп кіжініп жататын. Анда-санда күбірлеп жүргені болмаса титтей де зияны жоқ. Өнебойы костюм-шалбармен тап-тұйнақтай болып киініп жүреді.

    Бірде көшедегі құдықтан су тасып жатқанмын. Қасымнан өтіп бара жатырған әлігі адамға «Контуженный!» дей салдым. Маған қарап қолындағы таяғын шошайтып бірдеңе деп жатыр. Одан қаймығып қалған мен жоқ, қайта даусымды шығарып келемеждей жөнелдім. Сол кезде шарбақтың ішінен басын созып қарап тұрған әкеме көзім түсті. Әкем маған қатқылдау дауыспен «Қой!» деп дауыстады. Мен қоя қойдым. Әлігі кісіден кешірім сұраған сыңай танытып басын изеді де, маған тез үйге кір деген белгі берді. Шелегімді алып жедел үйге жөнелдім. Ұрыса ма деп ойлап едім, бірақ сол күні ештеңе демеді. Ертесінде ғана кешегі оқиғаны есіне алды. Қолына таяқ ұстап жүретін себебі-соғыс кезінде қатты жарақаттанған екен. Өлім аузынан қалыпты. Денесінде жарылған минаның осколкісі бар. Сырқаты өршіген кезде өзімен-өзі сөйлеп кететіні де сол себептен. Ондайда түсіністікпен қарап, ушықтырмау керек, дағдарысы басылған соң қоятын көрінеді. Екінші ондай жасама деді маған. Мен үнсіз басымды изедім. Кейін әкемнің өзі ол кісімен амандасып жүргенін көрдім. Екеуі де бір-біріне жылы шырай танытып жататын.

Нұрлан деген досымнан ол кісі туралы кейін естігенім бар. Жұмағазиев Меңдібай дейтін кісі екен. Ауыр жарақаттан соң көп жылдар госпитальдер мен ауруханаларда жатып емделіпті. Қазір 2-топтағы мүгедек көрнеді. Бұрын мұғалім болған сияқты. Өте сауатты адам дейді. Біздің мектепте өтетін кездесулердің бәріне қатысып жүріпті. Соғыстан келген соң ағайындарының қолында біраз тұрған. Сосын бір орыс келіншекке үйленіпті. Үш баласы бар. Дина дейтін қызы мектепті үздік бітірген. Бір сөзбен айтқанда, үйлі-баранды адам болып шықты. Келемеждеп жүрген адамым соғыс ардагері екен. Кейін балаларын да көрдім. Түрі де, ақыл есі де дұрыс балалар. Ешкімнен кемдігі жоқ.

Бірде сабақтан келе жатырғанда жолда кездесіп қалдым. Басымды көтеріп тұрып дауыстап сәлем бердім. Сәл жымиып сәлемімді алды. Сол күннен бастап амандасып жүретін болдым онымен.

АНАР ПДФ

9 мамыр күні демонстрациядан қайтып келе жатырғанын көрдім. Кеудесі толған орден мен медальдар. Бәрімен күлімсіреп амандасып келеді. Қуанышында шек жоқ. Мен де амандастым. Сосын біраз уақыт артынан қарап тұрдым. Бала сияқты қалбалақтап кетіп бара жатырған бұл кісі бізге жеңіс әкеліп берген батыр екен ғой. Дер кезінде ескертпегенде бағаламай кетеді екенмін ғой оны.

Бұл соғыс талай адамдардың тағдырын бұзды емес пе? Егер де жарақаттанбағанда қазір мұғалім болып жүрер ме еді? Жанұясына, балаларына қандай қиын болды десеңші. Олардың көзінше көшеде ойнап жүрген біреу әкесін келемеждеп жатса қалай болар еді. Бір кезде жасаған өрескел қылығым үшін ұялып барамын. Осы ой келген сайын қатты қысылып жүрдім кейінде.

Келесі жылы біздің жақтан көшіп кетті олар. Одан кейін көрмеген сияқтымын оны. Әйтеуір, ордендер мен медалдарын тағып көтеріңкі көңілмен келе жатырғаны есімде қалыпты. Бір кезде «Контуженный» деп келемеждеп жүрген адамым осылайша менің құрмет тұтатын батырым болды.

 

                                                                               Қабибек Мұхитов

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Теги Жеңіс75 сайттайсойган тайсойғансайты