МЕН ТАНЫҒАН СПОРТШЫ...

МЕН ТАНЫҒАН СПОРТШЫ...

           Қазіргі таңда спорттың дамуына мемлекет тарапынан аса назар аударылып оған  жоғары деңгейде ықпал көрсетіліп жүргенін білеміз. Еліміздің көк байрағын желбіретіп, әнұранымызды өзге ұлт өкілдеріне тыңдатып жүрген спортшыларымызда аз емес. Олардың есімдері мен жеткен жетістіктерін жастар арасында насихаттап, келер ұрпаққа жеткізу әр азаматтың борышы деп санаймын.

IMG-20181118-WA0007

           Спортшыларымызды тек чемпион атанғанда ғана естіп біліп жатамыз. Бұл біздің үлкен қателігіміз. Неге біз олардың сол чемпион атанғанға дейінгі әр төккен күш-қайраттары мен еңбектерін, оған дейінгі жеткен жетістіктерін  білмейміз. Жоқ әлде жастарға үлгі, халыққа танымал болу үшін тек чемпион болу қажет пе? Менің ойымша спорт саласында тер төгіп, азды-көп жетістікке жетіп жүрген әр спортшы, бүгінгі бейбіт күннің батырлары. Көк байрағымызды аспан көгінде қалықтатып жүрген спортшыларымыз өз деңгейінде халық арасында насихатталуы қажет.

             Туған өлкеміз Атырау өңірінде ел спортының дамуы мен көк байрағымыздың әрқашан тұғырлы болуына еңбек етіп жүрген спортшыларымыздың есімдері қаншалықты насихатталуда?

             Сонымен, спортта елеулі жетістіктерге жетіп жүрген Атыраулық спортшы туралы жазуды  жөн көрдім. Ол бойында қайсарлық пен жігерлігі ұштасып, сан сайыста жеңіс тұғырынан көрініп жүрген  Ерқуатұлы Нұртілек.

            Ерқуатұлы Нұртілек 1994 жылы 13 желтоқсанда Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Спортпен бала кезінен айналысқан Нұртілек, бүгінде:

- Панкратионнан халықаралық дәрежедегі спорт шебері;

- Әлем кубогының 2 дүркін чемпионы;

- Панкратионнан әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері;

- ММА әлем чемпионатының күміс жүлдегері;

- Панкратионнан Азия чемпионы;

- Азия чемпионатында Панкратионнан күміс жүлде иегері;

- 3 дүркін Панкратионнан Қазақстан чемпионы;

- ММА ден Қазақстан чемпионы

- Грэпплиннен Қазақстанның күміс және қола жүлдегері;

IMG-20181118-WA0012

           Панкратион спорты оның бала кезінен арманы болған. Кішкентай кезінен бұл спорттың бар екенін біліп өскен. Дегенмен, спорттың әскери самбо, кигбоксинг  түрлерімен айналыса отырып, 18 жасында панкратионмен айналысуға бел буған.

            2013 жылы алғаш рет Панкратионнан Костанай облысында ҚР Кубогынан жастар арасындағы кездесуде күміс жүлдені иеленеді. Ол өз сөзінде сол кезде қатты қуанғанын айтады. Менің ойымша ол тек Нұртілектің ғана қуанышы емес ол әр туған жерін сүйе білетін азаматтың мақтануына тұрарлықтай қуаныш.

             Спортқа келгелі «Айдар» кәсіпқой клубында жаттығатын Нұртілек Ерқуатұлы 4 жылдан бері шәкірт тәрбиелеумен айналысуда. Шәкірттерінің арасында 3 әлем чемпионатының қола жүлдегерлері, 3 Азия чемпионатының күміс жүлдегерлері, 1 әлем кубогінің қола жүлдегері, Қазақстанның 8 чемпионы, 16-ға жуық  Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегерлері бар. Бұл үлкен жетістік, керемет көрсеткіш деп ойлаймын. Нұртілектің шәкірт тәрбиелеудегі негізгі мақсаты, жас буыннан елімізді қорғайтын, тегімізді сақтайтын патриоттарды қалыптастыру. Дода да ғана емес өмірде де жеңімпаз болуды үйрету. Білімді мыңды жығады демекші, спортпен қатар білімді болуға шақыру болып табылады екен.

              Ал өзі ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, әлемнің ММА спорт түрінен күміс жүлдегері Жұмагелді Жалғасұлы мен ҚР  Еңбек сіңірген аға жаттықтырушысы Сағындық Мекеевтің шәкірті болып табылады.

            Нұртілек Ерқуатұлы өз сөзінде:

 - Алла қаласа, денсаулығыма қажетті ем алып болған соң, кәсіпқой жекпе-жектерде бағымды сынап қарамақшымын. Елімізде көптеген халықаралық дәрежедегі үлкен поромоушендер бар. Мысалы, NFS, Alash praid, Abadan FC. Елдегі промоушендерде жекпе-жектерімді өткізіп, шетелдік алаңдарда өнер көрсеткім келеді. Себебі «өз қорасында итте арыстан» демекші, өзге елде қазақтың тектілігі мен мықтылығын дәлелдеу «мен қазақпын» деген әр адамның міндеті деп білемін, - деп өз ойын жеткізді.

             Спортшымыздың бұл сөзінен, өзінің анау Қабанбай мен Наурызбай, Исатай мен Махамбеттің рухтары мен жігерлерін бойына сіңіргендігін байқаймыз. Демек ол физикалық тұрғыда ғана емес өзінің интелектісінің мықты екендігінде көрсетіп отыр. Міне нағыз спортшыға тән қасиет.

             Спортшыларымыз халқымыздың тарихынан сыр шертіп, оны әр сайысқа шыққандарында көз алдарынан бір өткізе білсе керемет дүние болар еді.

IMG-20181118-WA0009

            Атырауда  жетістікке жетіп жүрген спортшы жастар аз емес. Халқымыз «өсер елдің баласы, бірін-бірі батыр дер» демей ме, міне соларды қалың жұртшылыққа бірте-бірте таныстыру оларға үлкен жігер береді деп білемін.

           Сөз соңында, жастарға үлгі боларлық іс жасап жүрген, бойында тектілігі мен қазақтың жігітіне тән мінезі қалыптасқан Нұртілек Ерқуатұлына сәттіліктер тілеймін. Әр ісіңіз абыройлы болғай!

 

Сайрагүл Тұржанова,

Гуманитарлық ғылымдар магистрі,

Х.Досмұxамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы