МАХАББАТПЕН САЛЫНҒАН СУРЕТТЕР

МАХАББАТПЕН САЛЫНҒАН СУРЕТТЕР

Асыл өнер

Адам өз туған жерінің табиғатына тартады-ау. Сарайшықтың қоңыр күзі секілді мұңға батып, ойға шомып жүретін осы бір апайымды жақсы көремін. Өнерге деген ессіз махаббатына, жүрегіне дүниені кіргізбеген қанағатшыл болмысына қатты қызығамын. Мынау жалған дүниеде әлі де осындай адамдардың барына қуанамын.

Ол кісі біз ес білгеннен сурет салады. Қашан да жанға жайлы жылылық есіп тұратын қарапайым қазақы үйдің бір бұрышында отырып жазылған картиналар көрген жанның таңдайын қақтырады (әрине, өнерді түсінетіндерінің ғана).

...Жан-дүниемді толқытқан осы бір ойлардың жетегінде Әмина апайдың үйінің табалдырығын аттадым. Мені қуана қарсы алған апайым бірден жаюлы дастарханға қарай бастап жүрді. Әбден бабына кеп тұрған күрең шайды терлеп-тепшіп іше отырып, сұхбатты бастап жібердік.

Амина апа 3 2

Суретте: қылқалам шебері Әмина Қабесова.

- Әмина апа, мен сіз туралы, сіздің ғажайып суретшілік өнеріңіз туралы жазсам деп көптен бері ойланып, толғанып жүрген едім. Міне, қоңыр күздің маужыр күндерінің бірінде оның да сәті түсті. Білесіз бе, апа, сонау арманшыл бала кезімізде біздің көптеген өнер сүйген тұрғыластарымыз сіздің суретшілік өнеріңізге қызықты. Сіздің салған суреттеріңіз Сарайшық орта мектебіндегі әр бөлменің әрін ашып тұратын. Қабырға газеттері сіздің суреттеріңізсіз шықпайтын. Ендеше сол бір ғажап жылдарға ой жүгіртіп өтсек қайтеді?

- Иә, ол жылдар жүректе сартап сағыныш боп жатыр ғой. Қамсыз-мұңсыз, керемет кезең еді.

Осы Сарайшықта тудым. Есімді біліп, етегімді жапқанда көргенім ауылдың ғажайып табиғаты, сылдырап аққан өзені, сыңсыған тоғайлары, жайқалған алма бағы. Осының бәрі сұлулыққа деген құштарлықты оятқан шығар. Сурет өнеріне де іңкәрлігімнің арғы төркінінде туған ауылдың табиғатының әсері жатыр деп ойлаймын. Әйтеуір, төрт-бес жасымнан бастап сурет салдым. Ең алғашқы «мольбертім» нағашы апам Сапияның жазу үстелі де, сурет салатын «кенебім» оның медкарталары болатын. Ол кісі медбике болып қызмет істейтін еді. Мен апам үйде жоқта оның карталарының әлі жазылмаған беттеріне сурет салып қоюшы едім. Кеңпейіл апайым ұрыспаса да, менің суретке құмарлығымды қоштаған жоқ. Анам да онша қол көрмеді. Бірақ, мен өз жүрек қалауыма еріп, үн-түнсіз ғана отырып сурет сала бердім.

1964 жылы мектепке барғанымда ұстаздарымның назарына бірден іліктім. Суреттерім әр түрлі қоғамдық жұмыстардың сұранысын туғыза бастады. Олардың бәрі де сурет салу, әдемілеп жазу секілді жұмыстардан айналып өте алмайтын. Сөйтіп, суретшілік өнерімнің арқасында мен қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрдім. Оның үстіне сабақты да жақсы оқыдым. Мектепті ойдағыдай бітірдім.

- Апа, мектептен кейін сіз үшін өнер соқпағы жеңіл болмаған сияқты. Кәсіби білімге де кейінгі жылдары қол жеткіздіңіз. Оның себебі неде?

- 1974 жылдың жазында қолдарына бір-бір аттестаттан ұстаған өзге кластастарым арман қуып, жан-жаққа аттанып жатқанда мен отбасындағы жалғыз перзент өзім болған соң анам мен әжемнің және нағашы апамның жайын ойлап ауылда қалып қойдым. Ол кезде Атырауда суретшілік оқу жоқ еді. Жақын жерден оқытатын басқа мамандыққа баруды қаламадым.

Келесі жылы әжем мен анам менің бағымды байлағысы келмеді. Енді керісінше, солардың қолқалауымен Ә.Қастеев атындағы Шымкент көркем сурет училишесіне бардым. Бірақ, өкінішке орай, ол жолы түсе алмадым. Өтініш берушілер өте көп екен. Дегенмен емтихан алдындағы консультациялық сабақтар кезінде біраз пайдалы нәрселерді үйрендім.

Керуен

"Керуен"

- Десек те, апа, сіз үшін училищенің есігі жабылғанымен, алдыңыздан өнер есігі жабылған жоқ емес пе? Сіз туған ауылыңыздағы Тәжірибе станциясына хатшы-машинкашы болып жұмысқа орналасып, қолыңыз сәл босаған сәттерде өзіңіздің көркем сурет атты мөлдір айдыныңызда еркін жүздіңіз. Сол кезде Сарайшықтың шетіндегі қарапайым қазақы үйдің бір бұрышында көз жауын алған жауһар туындылар жазылып жатқанын мен жақсы білемін...

- Иә, өнер адамды кез-келген қиындықтан алып шығады ғой. Әрбір жаңа суретім менің қиялыма қанат бітіріп, жаныма қуат беретін. Әлі күнге солай. Сурет салу адамды ауыр ойлардан, уайымнан арылтады.

Жайык озенi

"Жайық өзені"

Мен 1975 жылдан бастап 1991 жылға дейін суретті көркемдік тұрғыда ғана салып келдім. Ал өнер туындысын тауарға балайтын капиталистік қоғам келгенде амал жоқ, түрлі тапсырыстар қабылдай бастадым. Өйткені тоқсаныншы жылдары Тәжірибе сатанциясы тарап, көп адам жұмыссыз қалды. Солардың қатарында мен де бар едім.

- Бірақ бұл қиын кезең сол кезде шығармашылығыңыз кемеліне келген сіз үшін жаңа мүмкіндіктер туғызған секілді. Сіз салған суреттер әуелі ауылдастарыңыздың, одан соң аудан, облыс көліміндегі шынайы өнерді сүйіп, бағалайтын жандардың назарын аударды. Сізге жеке адамдар мен бақуатты мекемелер тапсырыс бере бастады. Алайда, менің білуімше, сіз пайда табуды ешқашан басты мақсат етіп қоймапсыз. Сіз үшін ең бастысы шынайы ізденіс пен махаббаттан туған дүниелеріңіздің өнер сүйер қауымның рухани игілігіне жарағаны деп білемін.

- Иә, мен материалдық дүниеден гөрі рух қажетін көбірек ойлаймын. Картиналарымнан көз алмай, ерекше махаббатпен, қимастықпен қарап тұратын жақын, дос адамдарға керек кезінде тапсырыстарын сыйға да жасап беремін.

Шүкір, ұзақ жылдарғы маңдай терім текке төгілмеді. 1993 жылы Ш.Сариев атындағы облыстық көркем сурет және қолданбалы-сәндік өнер мұражайында алғашқы көрмем өтті. Оған қазақ поэзиясының алыбы Абайдың және сарайшықтық ардагер ұстаз Сайлау Есекеновтің портреттерін алып барғам. Осы көрмеден кейін Атыраудың мәдени жұртшылығы мен Атырау облыстық Суретшілер Одағының мүшелеріне танымал болдым.

- Ал 2000 жылы облыс орталығында өткен «Ақ ерке Жайық» фестивалі сіздің бағыңызды одан бетер ашты ғой?

- Дәл солай. Сарайшық селосының сол кездегі әкімі, өнер жанашыры, бүгінде марқұм болған Ерболат Нүкеев ағамыз осы көрмеден қалып қоймауым үшін барлық жағдайды жасады. Осы фестиваль аясында өткен көрмеде мен даңқы жер жарған суретшілердің алдын орап, үшінші орын алдым. Әрине, әріптестерім қызғанған жоқ, қуанды, құттықтап қолымды қысты. Атырау суретшілерінің осы бір татулығы көңіл толқытады.

Одан соң, 2005 жылы Жеңістің 60 жылдығына орай Атырауда өткен көрмеге ұсынған махамбеттік соғыс ардагері, «Даңқ» орденінің кавалері Кузняткиннің портреті маған екінші орын әперді. Мұның бәрі ақ тер-көк тер еңбектің, мольберт алдында тапжылмай отырған ұйқысыз түндердің өтеуі дер ем.

- Дана халқымызда «Ұстазсыз шәкірт, шәкіртсіз ұстаз тұл» деген мақал бар. Сізге әріптестеріңіз ылғи да жоғары білім алуыңыз керектігін айтатын. Әсіресе, үнемі жанашырлық көрсетіп, ақыл-кеңесін аямайтын Қамбарбек Аманов ағаңыз сурет салудың өзіндік қалыптасқан мектебі, теориялық тұрғыда салу тәсілдері бар екенін ескертіп жүретін еді. Олай болса, кәсіби білімді қалай алғаныңыз және ұстаздарыңыз туралы айтып өтсеңіз?

- Сонау 1975 жылдан бері «суретшілік дипломым болса» деген арман жүрек түкпірінде бұғып жатты ғой. Соны бір қолға алсам деп ойланып жүргенімде мені Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің сол кездегі директоры, бүгінгі осы селоның әкімі Алмажай Мастекова мектепке бейнелеу өнері пәнінен сабақ беруге шақырды. Үйірме де ашып берді. Бұл маған үлкен қанат бітірді. Содан соң көп ұзамай Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің бейнелеу өнері және дизайн мамандығына грантпен түсіп, оны 2008 жылы қызыл дипломмен бітіріп шықтым. Менен мемлекеттік емтихан алған ұстаздарым: «Сырттай оқитындар ішінен қызыл диплом алғанды көптен бері көрмеп едік» деп риза болды. Сол кезде дәріс берген Айса Отаралиев, Кендір Отарбай секілді ұстаздарым да мені озат шәкіртіміз әрі әріптесіміз деп мақтан тұтады.  

- Сұрағым сауатсыздау шықса кешірерсіз, жаныңызға жақын тақырып немесе жанр қайсысы?

Бойжеткен "Бойжеткен"

- Менің негізгі жаныма жақын жанрым портрет. Мәселен, мына тұрған «Бойжеткен» атты картина секілді. Бұл өзі натюрморт, табиғат пейзаждарымен салыстырғанда қиын жанр. Жасыратыны жоқ, суретшіге материалдық тұрғыда табыс әкелетін де көбіне портреттер. Бірақ мен жүрек қалауымен салайын, тапсырыспен салайын, одан шынайы өнер туындысын жасауға бар қабілетімді жұмсаймын. Ол үшін суретшіде адамға деген махаббат болуы керек. Сондай махаббат кейіпкеріңе көшеді. Сонда сурет сәтті шығады. Сол секілді, Отан, туған жер тақырыбы да жаныма жақын. Мынау «Жайлауда», «Жайық өзені», «Атамекен қасіреті» атты картиналарым туған жерге деген махаббаттың жемісі.

Жайлауда

"Жайлауда"

- Сіз күні кешеге дейін өзіңіз оқыған Сарайшық орта мектебінде шәкірт тәрбиеледіңіз. Арасында көрмеге, плэнерлерге қатысып, бәріне де үлгеріп жүрсіз. 2010 жылы Сарытоғай ауылының маңында өткен «Атырау суретшілер көзімен» атты плэнерде сіздің туындыларыңызға жақсы баға берілді. Енді осындай жетістіктерге жетіп жүрген суретшінің болашағынан үміт күттірер шәкірттері бар ма?

- Жоқ деп айта алмаймын. Бірақ көп емес. Көп болуы міндетті де емес. Өйткені сурет сабағы зауыт жұмысшыларын дайындайтын оқу орыны емес қой. Суретші боп туған бір-екі баланы танып, баули алсақ та жетеді.

Жалпы, мектеп жағдайында талантты балаларды анықтау үшін ұстазға үлкен сезімталдық, түйсік керек. Менің байқағаным, бұрын сурет пәнінен дәріс берген мұғалімдер қабілеті бар балалардың өзіне суретті салып көрсетеді екен. Әрине, салу тәсілдерін үйрету үшін ол да қажет. Десек те, қандай да бір баланың таланты байқалса, оның өзіне ойдан салдырған жөн. Менің Бекбарыс Балтабеков деген шәкіртім болды. Қазір де сол мектепте оқиды. Оның басқа балалардан ерекшелігі - суретті ойдан салады, өзінің фантазиясына жүгінеді. Мен кез-келген бір бейнені ауызша суреттеп берсем, соны менің ойымдағыдай етіп салып береді. Бір қызығы, оның мектеп бағдарламасындағы көптеген сабақтарға құлқы жоқ. Есіл-дерті суретте. Соған қарағанда, болашағын суретпен байланыстыратын сыңайы бар. Мұғалімдердің өзі оны «қияли» бала атайды. Бірақ бұл талантты бала үшін табиғи жағдай. Мұндай бала тек өнер жолына түскені жөн. Ал енді, Серік Сиғуатолла деген тағы бір шәкіртім де тым жақсы сурет салады. Оған қоса басқа да сабақтарды жақсы оқитын бұл балада прагматиктік болмыс басым. Яғни, ол қандай салада жұмыс жасаса да оны игеріп кете алатын бала. Оның суретші болу-болмауын еркіне қалдырған жөн. Бұдан бірнеше жыл бұрын мектеп бітіріп кеткен Айдана Жаңбырова деген шәкіртім де болды. Ол тұрмыс құрған соң өнерден қол үзіп қалған секілді. Бірақ оған кәсіби суретшілік білім алуға әлі кеш емес. Бұлардың үшеуі де менің үмітімді ақтап келеді. Мәселен, «Жас ұрпақ нашақорлыққа қарсы» атты облыстық көрмеде Бекбарыс екінші орын алды. Оның суретті ойдан салғанын қазылар алқасындағы сұңғыла шеберлер сезе қойды. Ол суретте нашақорлықтан зардап шеккен қыз және оған таңғала қарап қалған бозбала бейнеленген. Оның әсерін тілмен айтып жеткізу қиын. Шәкіртімнің жұмысына қазылар риза болды.

Негізі оқушыларды суретке баулу үшін сыныптан гөрі үйірме ыңғайлы. Өйткені үйірмеге көбінесе қабілеті бар балалар келеді. Ал суретшінің шеберлігін көрсететін тәсіл – бояумен жұмыс жасау. Бояудан палитра жасау керек. Палитра деген бояудың түстерін араластырып, одан басқа түс шығару. Ол үшін кем дегенде екі түсті араластырамыз. Бояумен сурет салғанда кенеп бетіне бояуды ағызып салуды суретшілер ерекше шеберлікке балайды. Мұны алғаш өзім түсе алмай қалған Шымкент училищесінде емтихан алдындағы консультация алу кезінде сондағы кәсіби суретшілерден көргем. Ағызып салуға акварельді бояу қолайлы. Өйткені гуашты бояу ақпайды. Акварельдің өзінің де суы көбірек болуы керек. Сондай-ақ белгілі бір қолданбалы заттың суретін салған кезде оның көлеңкесі мен оған түсіп тұрған жарықты қамту, міне, осының бәрін шәкірттеріме үйреттім. Енді зейнет демалысына шығуыма байланысты бұл міндетті жас ұстаздарға табыс еттім. Бірақ үйренем деген талантты жасқа үйімнің есігі ашық.  Алла ғұмыр берсе бұдан да гөрі жемісті еңбек етіп, шәкірттерімнің биікті бағындырғанын көрсем деймін. Көкейде жатқан бір арманым осы. Әрине, жеке шығармашылығымды да жалғастыра беремін ғой.   

- Алла қаласа, бұл арманыңызға да жетерсіз, апа. Талантты шәкірттеріңіз бар екен. Ал мен ауылда қарапайым ғана ғұмыр кешіп, өзінің кез-келген адам түсіне алмайтын мөлдір әлемінде өмір сүріп жатқан сізге қашан да тілекшімін. Бүгін сізбен емен-жарқын сұхбат құрып, сіздің бал татыған шәйіңізді ішіп, үйдің бір бөлмесіндегі шағын шеберханаңызды көріп көңілім бір жайланды. Әсерлі де тағылымды әңгімеңізге рахмет! Аман жүріңіз!

Сұхбаттасқан Тарас НАУРЫЗӘЛІ

Атырау қаласы.