ТАЕКВОНДОДА ҚАРЖЫ ТАПШЫЛЫҒЫ АТЫМЕН ЖОЙЫЛДЫ

ТАЕКВОНДОДА ҚАРЖЫ ТАПШЫЛЫҒЫ АТЫМЕН ЖОЙЫЛДЫ

Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Арман Шылмановтың жеке бапкері М.Қабдірашев Қазақстанға танымал жаттықтырушы. Ол 2014 жылдан бастап еліміздің ұлттық құрама командасының бас бапкері болды. Таяуда осы азаматпен әңгімелескен болатынбыз. Бүгін, Сіздердің назарларыңызға сол сұхбатты ұсынамыз.

– Жуырда ғана кәріс жерінде халықаралық турнир өтіп, жерлестеріміздің олжалы оралғандығын естідік…

– Азия біріншілігі аяқталысымен «Нонкореян» деп аталатын халықаралық турнир өтті. Бұл рейтингілік жарыс болмағандықтан, оған тек 15 елдің өкілдері қатысты. Қазақстаннан барған спортшылар өз өнерін ортаға салып, нәтижесінде үш алтын, екі күміс және бір қола медальге иелік етті. 58 келі салмақ дәрежесінде Қайрат Сарымсақов, 68 келіде Елдос Ысқақ, 80 келіде Ержан Әбілқас жеңіс тұғырына көтерілсе, күміс медальге 68 келідегі Қайыржан Исламханов пен 80 келідегі Айдос Мұратбеков, қолаға +80 келі салмақта Евгений Камышников қол жеткізді.

– Азия біріншілігі демекші, сары құрлық додасынан Қазақстанның қанжығасы майланбай қайтты. Осыған қатысты бас бапкер ретінде қандай уәж айтар едіңіз?

– Үміт артқан спортшыларымызға жеребе жолдас болмай, алғашқы айналымда-ақ мықты қарсыластармен жолдары түйісті. Мысалы, 58 келідегі Ерасыл Қайырбеков бірінші жекпе-жегінде ирандық әлем чемпионымен кездесіп, тартысты өткен текетіресте жерлесіміз бір ғана ұпаймен есе жіберді. Ал ирандық таеквондошы кейінгі жекпе-жектерінің бәрінде қарсыластарын мерзімінен бұрын тізе бүктіргендігін айта кету керек. 68 келідегі Қайрат Сарымсақов та ирандық әлем чемпионына кезікті. Қайратты жеңген ирандық та осы жарыстың жеңімпазы атанды. 73 келіде өнер көрсеткен Феруза Ергешова деген қызымыз Өзбекстанның үкілі үмітіне қарсы шықты. Өзбектер өз жерінде мұндай мүмкіндікті қалт жібермейді ғой.

Айтқандай, сол өзбек қызы да Азия чемпионы болды. Қазақта «бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген сөз бар емес пе? Міне, бұл жолы бабымыз емес, бағымыз келіспеді.

– Бәлкім, дайындық барысында қандай да бір кемшіліктерге жол берілген шығар?..

– Дайындық күрделі бағдарламамен жүрді. Әсіресе, ұлттық құрамаға кеңесшісі болып оңтүстіккореялық бапкер Ю Ёнг Джин келгелі оқу-жаттығу жиыны жаңа жүйемен жүргізілетін болды. Жаттығу уақытын ұзарттық. Сондықтан спортшыларымыздың даярлығы жоғары деңгейде өткендігіне күмәнім жоқ.

Мұстахим 2

– Кейбір мамандар жаттығу уақытының  тым көбейіп кеткендігіне қарсы. Сәтсіздіктің себебін таеквондошыларымыздың бар-күш жігерін жаттығу кезінде сарқып қоюымен түсіндіріп жүргендер бар. Бұл қаншалықты шындыққа жанасымды?

– Бұл сынның жаны бар. Оңтүстік Кореяда баланы таеквондоға ерте жастан береді екен. Он жасқа толғанда оны екінші сатыға өткізіп, жаттығу бағдарламасын күрделілендіре түседі. Ал он бес жасар жеткеншектерді сәйкесінше басқа бағдарламамен, 18 жасқа толған кезде ересектер сапында өте күрделі бағдарламамен даярлайды екен. Әр сатыға көтерілген сайын жаттығу бағдарламасы  қиындайды әрі жаттығатын уақыт та ұзарады. Біздегі орта мектептің оқу тәртібі секілді. Осы аталған сатылардың бәрінен өтіп шыққан спортшының күніне төрт мезгіл жаттығуды емін-еркін көтеруге шамасы жетеді. Ал бізде көптеген спорт мектептерінде таеквондошылар аптасына үш-төрт күн ғана жаттығу жасайды. Оқу-жаттығу жиынында ғана күніне екі-үш реттен жаттығады. Әрине, дағдыланбаған адамға мұның ауыр тиетіндігі анық. Дегенмен осы күрделі жүйеге де біртін-біртін үйреніп келеміз.

– Ю Ёнг Джиннің біліктілігіне күмән келтірмейміз. Десек те…

– Өз ісін жоғары  деңгейде меңгерген Ю Ёнг Джин кезінде өзі де талай додаларда атой салған. Қарулы күштер арасындағы әлем чемпионы. Оңтүстік Корея біріншілігінде үш рет, Азия біріншілігінде бір рет жеңімпаз атанғаны да бар. Ал бапкерлік қызметін өзі капитан болып жүрген «Самсунг» кәсіпқой клубынан бастапты. 90-жылдары Хорватияда өткен әлем чемпионатында Джиннің жекпе-жегін көріп, үздік спортшы екендігіне көз жеткіздім. Бапкер ретінде де оның мықтылығын мойындаймын. Бізде әрбір олимпиадалық аралықта міндетті түрде өзгеріс орын алады ғой. Бұл бапкердің жаттығуды сол өзгерістерге тез бейімдей білетіндігі ұнайды.

– Сайыс тәртібіне қатысты болатын өзгерістерді айтып тұрсыз ғой?

– Олимпиада ойындары аяқталған соң осы саланың жілігін шаққан мамандар сайыс тәртібіне қайтадан талдау жасап, жаңа әдістер енгізіп отырады. Оңтүстік Кореяда осындай талдау жұмысымен айналысатын он шақты мамандандырылған ғылыми-зерттеу институты мен университеттер бар. Сондықтан сайыстың жаңа тәртібіне сай етіп жаттығуды да өзгертіп отыруға тиіспіз.

– Азия ойындарына да санаулы уақыт қалды. Бұл аламан бәйгеге дайындықтарыңыз қалай? Кімдерге үміт артып отырсыздар?

– Осы жылғы ең  маңызды  жарыстың бірі – күзде болатын Азия  ойындары. Дайындыққа кірісіп кеттік. Дегенмен оған дейін рейтингімізді көтеру әрі тәжірибе жинақтау үшін басқа да көптеген ірі жарыстарға қатысу жоспарымызда бар. Осы мақсатта әлгінде айтылған Оңтүстік Кореяның ашық біріншілігінде бақ сынадық. Бұл сында 73 келіде өнер көрсеткен Феруза Ергешова күміс жүлдеге қол жеткізді.

– Сонда бұл  рейтингілік турнирдің маңызы қандай?

– Бұрын Олимпиада ойындарына қатысу үшін ірі жарыстардың біріне қатысып, лицензия алатын еді. Бүкіләлемдік және азиялық лицензиялық турнилер өтетін. Қазір басқаша. Бірнеше рейтингілік турнирлер бар. Оларды «J-2» деп атайды. Сол додаларда жүлделі орын алса ғана спортшының рейтингісі көтеріліп, Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігін иеленеді.

– Жауыр болған тақырып — легионерлер мәселесі. Ұлттық құрама сапында легионер-спортшылар бар ма?

– Бар. Олар: 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Ким Бон Су мен Жансәуле Дениз (73 келі). Легионерлердің көмегіне тек өзімізде мықты спортшымыз жоқ салмақтарда ғана жүгінеміз. Әйтпесе қаракөздеріміздің топ жарып жүргендігін көргенге не жетсін?!

– Ал құрамадағы спортшылардың жеке бапкерлерімен және әр облыстағы аға бапкерлермен байланысы жолға қойылған ба?

– Онсыз жұмыс өнбейді ғой. Алдағы Азия ойындары аяқталысымен спортшыларымыз Қазақстан чемпионатына дейін бір айға жуық демалады. Сол кезде жеке бапкерлеріне тапсырманы үйіп-төгіп береміз.

– Осы орайда республикалық федерацияның жұмысы  туралы  айтып  кетсеңіз. Қателеспесем, жаңадан президент сайладыңыздар…

– Шамсат ағамыз басқарған 15 жыл ішінде еліміздің таеквондо спорты үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Арман Шылманов Бейжің Олимпиадасында қола жүлдегер атанды. ТМД елдерінің ішінде бұрын-соңды ешкімнің қолы мұндай нәтижеге жеткен емес. Бүгінде Шәкең республикалық федерацияның құрметті президенті. Ол кісіге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал былтыр күзде республикалық федерация Спорттық жекпе-жек және күштік спорт түрлері бойынша Конфедерацияның құрамына кіріп, осыған орай президент болып белгілі бизнесмен Вячеслав Константинович Ким сайланды. Шыны  керек, қалталы азаматтың арқасында қаржы тапшылығы деген атымен жойылды. Оңтүстік Кореядан Ю Ёнг Джин мен Францияның ұлттық олимпиядалық командасына жетекшілік еткен Филипп Пиннер секілді мамандар шақыртылды. Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының президенті Чунгвон Чо Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа таеквондоның 9-данын тапсырғандығынан хабардар шығарсыздар. Ал жақында ғана «Хан шатыр» сауда орталығы мен «Дәулет» спорт кешенінде Астана тұрғындарына арнап Сеулден келген «Корея жолбарысы» атты кәсіпқой клубтың спортшылары таеквондодан тегін көрсетілім қойды. Алдағы уақытта елімізде «Гран-При» турнирін ұйымдастыру ойымызда бар. Мұндай жарыс Қазақстанның таеквондо тарихында болмаған. Қазіргі таңда жеңімпаздар мен жүлдегерлерге берілетін сый-сияпат пен қаржылай ынталандыру мөлшері де едәуір ұлғайды. Бапкерлер мен ұлттық құрама спортшылары алатын жалақылар да өсті. Сондықтан жағымды жаңалығымыз аз емес.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Қабибек МҰХИТОВ