ӨЛШЕУЛІ ӨМІР

ӨЛШЕУЛІ ӨМІР

Досмуханова Әлия Сиғуатқызы - «Инстаграм» әлеміндегі оқырманға жақсы таныс есім. Қазіргі тілмен айтқанда, белсенді «блоггер». Қаршадайынан анасынан айырылған қайсар қыз тағдырдың небір сынына төтеп беріп келеді. Айналасына мейірімін төгіп, сұрағанға көмегін аямайтын абзал жанның әлеуметтік желідегі  позитивке толы жазбалары оқырмандардың көңілінен шығуда.

IMG_20180826_180147_735 

 Әлия Сиғуатқызына барлық жақсылықтарды тілей отырып, әке туралы жүрекжарды жазбасын оқырман назарына ұсынамыз!

 

 

ӨЛШЕУЛІ ӨМІР

IMG_20180826_173703_234

Тәлтіректей бірін-бірі жетелеген аналы-балалы қос мұңлық ту сырттарынан арбаның ойбалаған сықыры естілгенде тұра қалып, дыбыс шыққан жаққа телміре қарады.
Жооқ...Құлақтары алдамапты. Есек арба жегінген ескі арба көптен май жаламаған қос дөңгелегін ыңырси сүйретіп, бұларға таяп қалған екен.
Арбаның үстіне шөмеле боп тиелген шөптің үстінде басына малақайын жапырайта киген шүйкедей шал отыр. Шамасы, қырдан малдарына шөп шауып алып келе жатса керек.
Әлгі қарт жол бойында тұрған арық тарамыс кемпір мен жүдеуліктен көзі ішіне үңірейіп кіріп кеткен 10 жастар шамасындағы баланың өзіне дәмелене, телміре қарағанын көріп, екеудің қасына таяғанда "ддррр, жануар, дрррр" деп еріне, ілбіп келе жатқан есекке әмір берді. Онсыз да ауыр жүктен арқасы жауыр болып, әрең сүйретіліп келе жатқан есек те егесінің әмірін естіген бойда жүрісін кілт тоқтатып, алғыс айтқандай басын изегіштеп қоя берді.
-Ал, жол болсын. Қайдан келесіңдер? Қай жаққа жол тартып барасыңдар?,-деп екеуге қарт бірінші болып сұрақ қойып еді.
-Ассалаумағалейкум!,-деп шалға қолын ала жүгірген балақай, Тұздыкөл ауылына кетіп бара жатқандарын,осылай жаяулатып келе жатқандарына екі күн болғанын,анасының ауырып жүре алмай келе жатқанын асыға-үсіге баяндай тұрып,анасының xалі нашарлап келе жатқанын айтқанда кемсеңдеп қоя берді.
Балақайдың асығып-аптығып айтқандарының бірін түсініп, бірін түсінбесе де әлгі қарт бұлардың барар жері әлі алыс екенін білген бойда:
-Ее, қарақтарым-ай, Тұздыкөл қайда,бұл жер қайда. Мына жүрістеріңмен жолда өлесіңдер ғой. Мен Тұздыкөлге бармаймын. Жолдан бұрылып кетемін. Сендерді жарты жолға дейін болса да ала кетейін. Арбаға отыра қойыңдар,-дегенде манадан бізді тастап кетер ме екен деп жүрегі өрекпіп тұрған балақай әуелі арбаға қарай емпеңдей жүгіре түсті де, анасының жағдайы нашарлап келе жатқаны есіне сап еткенде кілт тоқтап, кері бұрылып анасына жүгірді.
Анасын жас балаша жетелей асыға жеткен баланың арбаға көтеріп мінгізуге күші жетпей жатқанын көрген ақсақал арбадан түсіп балақайға көмектесіп, екеуі әупірімдеп жүріп қайыстай болып қалған кейуананы арбаға отырғызды...

Бұл баланың есімі Сәкен.
Сәкен күллі қазақ xалқының басына нәубет болып жабысқан 30-шы жылдардағы ашаршылықтың аяғына қарай дүние есігін ашқан еді. Өзінен үлкен 4 аға-әпкесі болған екен. Кейбірі сол кездегі ашаршылықтың құрбаны болса,енді бірі көз тиюдің кесірінен бәрі де ер жете бастаған шағында өмірден өтіп кетіп,бір әулеттен жалғыз Сәкен ғана аман қалыпты.
Сәкеннің жасы 3-тен асқанда 1941 жылы әлемді жаулаған зұлмат соғыс басталып,әкесі баласы мен әйелін қайта-қайта құшақтап,қимай қоштасып соғысқа аттанып,қайтып оралмады.
Әкесі соғысқа кеткен соң анасы ауруға шалдығып, еңбекке жарамсыз болып қалғандықтан, жар дегенде жалғыз ұлын аман сақтап қалу үшін туған бауырын сағалап барған екен.
Онымен інісіне де жоқшылықтың қамыты ілініп, отбасын асырау үшін бірнеше айлап балықшылармен теңізге шығып кетіп, үйде болғанынан болмайтын күндері көп еді.
Өздері өлмешінің күйін кешіп отырғанда, қайынәпкесі баласын ертіп үйлеріне келгенін келіні жақтыра қоймады.
Жақтыра қоймады деген аздау болар,тіпті, бұлардың өздерін сағалап келгенін естіген келін "Шықпа,жаным,шықпа деп өз күнімізді әрең көріп отырғанда мына масылдар қайдан келе қалды" деп екеуін ызалана қарсы алған еді.
Міне, сол күннен бастап нағашылары айлап теңізге шығып кеткен күні-ақ Сәкен мен анасының күндері күн болмайтын.  Қатира келін қайын әпкесіне ұрсып бір сілкілеп алса, жиенін жөнсіз қарғап-сілеп, үйдің боғына да, шоғына да жұмсап, қарғадай баланы бір үйдің отымен кіргізіп, күлімен шығарып тұрып жұмсайтын.
Мойындарына бұршақ тағып, Алладан осы баланың аман өсуін мың мәрте жалынып сұрайтын ана байғұс осы үйде жүрсе өлі балық жесе де аштан өлмейтінін түсінгендіктен соғыстан күйеуі оралғанша ешқайда кетпей,  келіннің барлық қыспағына шыдап бақты.
Қайынәпкесін өзіне әбден бағындырып алған Қатира болса соңғы кезде Сәкенді өз үйінің жұмысынан бөлек, көршілердің жалдамалы жұмысына салып, қаршадай баланы әркімнің босағасына құл қылып жұмсауды әдетке айналдырды.
Әркімнің қорасын тазалап, одан қалды балықшылардың теңізден аулап әкелген балықтарын аршып, тазалап беріп, аз-мұз нәпақа тапқанымен бұл табыс Сәкен мен анасының қолдарына тимей, бірден Қатираның иелігіне өтетін.

Сондай бір кезекті жұмыстан үйге оралған Сәкен үйге жақындағанда үй жақтан шыққан айқайды естігенде, тың тыңдап қалт тұра қалды. Күнделікті қарғыс пен айқайдан жүрегі шайлығып қалған қаршадай баланың жүрегі бажылдаған дауысты естігенде өзіне бағынбай дүрсілдеп тұр.
Жо. Жоқ... Құлағы алдамапты.
Жеңгесінің ащы айқайы кішкене ғана ауылды дүр сілкіндіріп жатыр екен.
Сол жерде Сәкеннің түсінгені жеңгесі тағы да қарғап-сілеп, айтпас сөзді айтып, Сәкеннің ауру шешесін жерден алып, жерге салып жатыр екен. Әбден көнбіс болып алған Құндыз байғұста үн жоқ. Не болса да келінінің айқайынан үндемей құтылайын деп отырғаны белгілі.
Күнделікті ұрысқа еті үйреніп қалған бала, айқай сәл басылсын деп тасада тұра тұруға бекініп, жақын маңда жатқан үлкендеу қой тастың үстіне барып отыра қалып еді.
Сол сәтте шарт еткен шапалақ пен оқыс ыңқ ете түскен анасының дауысы естілгенде орнынан атып тұрып, екі өкпесін қолына ала үйге қарай тұра жүгірді.
Үйге ентіге кірген Сәкен анасының жағын ұстап жыламсырап тұрғанын көріп, анасына қарай тұра жүгіріп еді.
-Мына қу жетім қашаннан бері өлімтік шешесін қорғаштайтын болды. Кет әрі былай, әй, -деп,бажылдай сөйлей жүріп, анасына қолын ала төніп қалған жеңгесін көрген балапан сол жерде өзін ұстай алмай, шешесіне төніп қалған жеңгесінің қолын шап беріп ұстай алып:
-Апама тиіспеңіз!-деп,жеңгесіне ызалы көзімен қарады.
Баланың өзіне ызалана қараған көзінен сәл де болса қаймығып қалған Қатира:
-Өй, мына жетпегірге менің жуындымды ішкен соң күш бітейін деген екен. Кет,шығыңдар үйден! Мен балаларымның аузынан жырып,  сендерді асырауға міндетті емеспін,-деп,бажылға басса да қайын әпкесіне қайтадан қол көтеруге бата алмады.
Бірақ, сол бажылдауымен бұлардың бірлі-жарым ескі-құсқыларын жұлқына жинаған күйі бір түйіншекке орап, есіктен әрі қарай лақтыра салып, қос мұңлықты итергіштеп, есіктің сыртына шығарып жіберді.
Бұл мезгіл күн ұясына қонып, ауыл адамдарының малдарын жайғастырып, ұйқыға жатар кезі болып қалған кез еді.
Үйден қуылған екеу басқа барар жер, басар таулары қалмағандықтан осы үйдің мал қорасына түнеп шығуға мәжбүр еді.
Түнімен балапанын жылы қүшағына қысып, көз ілмей күрсініп шыққан ана таң ата баласын оятып, жолға шығатындарын айтты.

... Міне, содан таң алагеуімдеп ата бастағанда жолға шыққан қос мұңлық бұл ауылдан 150 шақырым қашықтықтағы Тұздыкөл ауылына жаяулатып жолға шыққан беттері осы.
Құндыздың айтуы бойынша, Тұздыкөл ауылында Сәкеннің әкесінің жалғыз қарындасы тұрады екен. Ендігі ойлары-сол үйге барып, жан бағу болмақ.
Басында тың қимылмен жолға шыққандарымен,бірнеше шақырымды артқа тастаған соң бұрынғы ескі ауруы қайта меңдеген шеше байғұстың жаяу жүріске шамасы келмей, жүргенінен демалғаны көп болып, жүрістері өнбей келе жатқан шақтарында қырдан шөп орып келе жатқан арбалы адам кездесіп, сол арбаға мінгескен бойлары осы еді.
Арба үстіне жайғасқан соң Сәкен шыт-шыт болып жарылып, қанап тұрған өкшелерін сипай отырып, маужырап ұйықтап кетті.
Ал, Құндыз болса күйеуінің соғыстан оралмағанын, осы уақытқа дейін жалғыз інісінің қолында болғанын, олар да шиеттей балалармен әрең күн көріп отырғандықтан бұларды үйлерінде ұстау қиындап кеткенін, енді жан бағу үшін Тұздыкөлдегі қайынсіңлісінің үйін бағыттап келе жатқандарын шалға қысқаша әңгімелеп берген еді.
Манадан Құндыздың күрсіне отырып баяндаған әңгімесін үнсіз тыңдаған еркек:
-Ее ,қарақтарым-ай, бұл сұм соғыс кімнің өмірін талқан қылмады дейсің. Қазір бүйірі тойып бұлтиып отырған ешкім жоқ. Бәрі де өлмешінің күнін көріп, әрең жан бағып отыр ғой. Мына балаң ержетіп кеткенше сәл шыдасаңдар әлі-ақ ел қатарына ілігіп кетерсіңдер. Тек бастарың аман болсын,-деп терең бір күрсініп алып, үнсіз ойға шомып кетті.
Бірнеше шақырым жаяу жүріп, сілесі қатқан Сәкен сол ұйықтағаннан анасының "Тұра ғой,қалқам.Әпкеңнің ауылына жақындап қалдық" деген дауысынан бір-ақ оянып, жан-жағына қарап еді.Бұлар мінген арба тоқтап, арбаға жегілген есек жерден басын көтермей жерде өскен шөптерді жеп жайбарақат тұр екен.
Анасының жетіп қалдық деген дауысын естіген балақай ұйқысын ашар-ашпас арбадан секіріп түсті.
Алайда, жерге түскенде көргені бұлар тұрған жер ауыл қарасы көріне қоймайтын кең жазық маң дала екен.
Сөйтіп, бірін-бірі жетектеген қос мұңлық әрі қарай тағы жаяулатып жол жүріп кетті.

Сол жүргеннен олар қас қарайып, күн қызарып ұясына батқанда ғана ауыл шетіне ілікті. Әр терезеден сығырая көрінген шамдарға көздері түскен екеу алғашқыда ауылға жеткендеріне қуанғандарымен, қай үйге қарай бұрыларларын білмей абдыраңқырап тұрып қалып еді. Бұлардың бақытына орай ауыл шетіндегі үйдің сыртында күйбеңдеп бір келіншек жүр екен. Соны көрген Құндыз баласын жетектей емпеңдеп тұра жүгірді. Бала жетектеген әйелдің өзіне қарай жүгіріп келе жатқанын көрген келіншек те үйге кіріп кетуге асықпай, өзіне емпеңделеңдей жүгірген екеуді сырттан тосып алды.
-Ее, Сағира апайдың үйі бұл жерден онша қашық емес. Мына бір үйден айналсаңыздар, есігінің алдында үлкен бөшке тұрған үй бар. Міне,сол үйге барсаңыздар іздеген үйлеріңізді табасыздар,-деп түсіндірген келіншек, алғыстарын айтып тағы да алға емпелеңдей жүгірген екеудің сыртынан кішкене қарап тұрып, үйіне кіріп кетті.
Бұлар іздеген үйлерін дәл тауып келген соң ғана уф деп демдерін бір-ақ алып, маңдайларындағы терлерін сүртіп,ішке кірмей сәл аялдаңқырап қалды.
Манадан бері "Бүгін межелі жерімізге жете алмасақ далада қалып,аш қасқырларға жем болар ма екенбіз" деген күдігі енді сейілген Құндыздың жүрегі енді ғана орнына түскендей.
Бұлар іздеп келген үй сыртын қызыл балшықпен сылаған,кішкене ғана тоқал там екен.
Есіктің алдына кішкене уақыт аялдаған екеу бар күштерін жинап, есікті итеріп ішке енді.
Кешкі астарын алдарына енді ала берген үй иелері кешкі апақ-сапақта сүйретіле кірген екеуге әуелгіде үрпиісе қарап қалған-тұғын.Сағира ғана жүдеуліктен адам танымастай болып өзгерген жеңгесінің көзінен бірден танығандықтан, отырған орнынан атып тұрып "Ой,бауырымдап" жеңгесін бас салып құшақтап, еңіреп жылап жіберді.
Алғашқыда абдырап қалған басқалар құшақтасып алып, жоқтау айтып аңырап тұрған қос әйелдің сыртынан қарап аң-таң болып отыр. Сағира болса жеңгесінің артында өзіне кемсеңдей қараған Сәкенге енді ғана көзі түсіп, "Ағамның жалғыз тұяғы-ау. Сені аман көрсеткен Аллама мың шүкір" деп балақайды құшақтап, дауыс етіп жылап алды.
Екі әйел біраз жылап болып, өздеріне келген соң ғана 
Сағираның жоқтан бар жасап, бір уыс күріштен пісірген аталасын ішуге дастарxан басына жайғасты.

... Сағира әпкесінің үйіне келген соң Сәкен кеш болса да мектеп табалдырығын аттап, оқуға араласты. Тумысынан зерек бала қатарларының алды болып,үздік оқушы атанды.  Ал, Құндыздың бұрынғы ауруы қайта қозғандықтан, еңбекке жарамай , тек қана кіріп-шығып жүріп жасайтын үйдің күйбең тірлігінен әрі аса алмайтын.
Кішкентайынан жұмысқа жегіліп, әбден ысылып қалған Сәкен сабақтан келген соң анасына жәрдемдесіп, Сағира әпкесі мен жездесі жұмыстан оралғанша үй шаруасын дөңгелетіп қоятын болды. Кей шаруашылықты үйлестірмей қойса жұмыстан титықтап оралған Сағира әпкесі 
сөйлеп, ұрсып алса "Сағираш-ау, қаршадай балаға неге ұрса бересің? Қолынан келгенінше бәрін жасап жатыр. Әкесі соғыста өлмегенде баласын өстіп әркімге жаутаңдатып қоймас еді ғой. Мен де соғыста өліп қалғанымда менің балаларым да өстіп басқа біреудің қас-қабағына жаутаңдап жүрер ме еді ,бәлкім? Мейірімді болсайшы балаға" деп жездесі шыр-пыр болып қорғаштап отыратын. Сәкен бала сол үшін жездесін қатты жақсы көрді. Қолы сәл қалт етсе соғыстан мүгедек болып оралған жездесінің қасынан шықпай, кембағал жанның айтқандарын мүлтіксіз орындауға тырысып бағушы еді.
Сөйтіп жүріп Сәкен 17 жасқа келгенде жетінші сыныпты үздік аяқтап, үйдегілерге көмектесу үшін мектептегі оқуын әрі қарай жалғастырмады. Екі-үш айлық курсты бітіріп алып,ауылдағы жүк көлігінің бірін иемденіп, совxоздың қым-қуат тіршілігіне араласып кетті де, қалған білімді жұмыстан тыс уақытта кешкі бөлімнен оқып бітірді.
Өмір бір орнында тұрмай зулап жатыр екен.
Осылай жүргенде Сәкен өзінің 20 жасқа толғанын да білмей қалыпты. Тумысынан аққұба келген Сәкен ұзын бойлы, ақ сары келген әп-әдемі жігіт болып ер жеткен екен. Жұмысқа тұрып, оңы мен солын танып алған соң бұлай жүре бермей, бірде ауру, бірде сау анасына келін түсіріп беріп, немере сүйгізу жағын ойластырып, сол кезде ғана жан-жағына қарап қыздарға көзі түсе бастаған еді.
Бір күні жұмыстан келе жатып, нан алу үшін дүкенге соққан Сәкен бозбаланың көзі 16 жасар Әминаға түскенде осы бір ішкі арманына бір табан жақындағандай еді.
Хас сұлу болмаса да бидай өңдінің сүйкімдісі Әмина қыздың 
да нағыз уылжып пісіп тұрған шағы екен.
Ол да Сәкеннің өзіне көзі түскенін байқаған соң, дәл осы жігітпен танысуға кет әрі болмады...

Сол жылы Сәкен мен Әмина өз алдарына отау құрып,аналарын алып бөлек шықты. Обалы не керек, Сағира әпкесі мен Қайырғали жездесі қолдарынан келгенінше ағайын-тума, көрші-көлемге дастарxан жайып, екі жасқа ақ батасын беріп шығарып салды. Келін болып түскен соң Әминаның құрсағына бірден сәби бітіп, тоғыз ай, тоғыз күннен соң өмірге сәбиін алып келген еді. Онымен өмір есігін жаңа ашқан сәбидің ғұмыры қысқа болып, аздаған күндерден соң сәбилері шетінеп кетті.
Сөйтіп жүргенде Құндыз ананың да бұрынғы ауруы меңдеп, төсек тартып жатып қалған-тұғын. Әмина жас болса да төсек тартып жатып қалған енесін күні бойы баптап, қолынан келген жақсылығын аямаушы еді. Онымен батпандап кірген аурудың жеңілер түрі жоқ сияқты.
Күннен-күнге солып бара жатқан анасының жүзін көріп, жүрегі сыздаса да Сәкен мен Әминаның қолдарынан келер еш шара болмай, ақыры, тікелей келген ажал аналарын алып тынды. Анама немере сүйгізсем деген Сәкеннің арманын быт-шыт қылған ана байғұс  келместің қайығына мініп, мәңгілік мекеніне аттанып кете барды.
53 жасқа қараған шағында өмірден еш қызық көрмей өткен Құндыз ананы арулап жер қойнына тапсырғанда Сәкен небәрі 23 жаста, ал,Әмина 19 жаста ғана еді.
Аналарын жер қойнына тапсырған соң көп кешікпей Әминаның құрсағына сәби бітіп, бірінің артынан бірін 6 сәбиін әкелген болатын.
Осы қызықты анасына көрсете алмағанына іштей мұңайса да, бәріне шүкіршілік қылып, өмірін жалғастырып жатқан Сәкен алдында өзін тағы қандай қасірет күтіп тұрғанын білмейтін еді.

Таң алаңнан жұмысқа шығып кетіп, алаңсыз жұмысында жүрген Сәкенге Әмина ауырып қалды, тез үйіңе бар деген суық xабар келгенде басында түк түсінбеген жігіт бәрін тастай сала үйге келгенде Әминасы сұп-сұр болып,  төсекте жатыр екен. Мана жұмысқа шығып бара жатқанда шәй-суын беріп, күлімдеп шығарып салған Әминасының түрін көріп шошып кетті. Әминаны қоршап бірнеше адам айналасында отыр екен. Үйге кірген Сәкенді көрген Әмина "Сәкен-ау, мына бір пәле мені алмай тынбайын деп тұрған сияқты. Саған ризамын, сенімен өткізген өміріме еш өкпем жоқ. Енді алдағы өміріңе 6 балапанымыз өзіңе аманат." дегенде, Сәкеннің жүрегі дір ете түсті. "Қой,ол дегенің? Әлі-ақ ауырып тұрдым ,аунап тұрдым деп орныңнан тұрып шауып кетесің. Жаман сөз айтпа" деп айналасында отырған жұртшылық шулап қоя бергенде, әлі құрып жатқан келіншек,қинала жатып езу тартқаны болмаса, жауап қатпады.
Сол күні бойына 7-ші сәбиі біткен жас келіншек, баланың жатырға емес жатыр түтікшесіне біткендіктен, түтікшесі жарылып, алды 11 жасар, соңы 8 айлық балапандары мен 34 жасар жан жарын тастап, өмірмен қоштасып кете барғанда Әмина небәрі 30 жаста ғана еді.
Сүйікті жарын арулап, жер қойнына тапсырған Сәкеннің жағдайы сол күні тірі өлік болғанымен тағдырдың басына салған нәубетімен келіспеске амалы жоқ-тұғын.
Анасынан 8 айлығында жетім қалған Бақтыгүлі түнімен анасын іздеп, шырқырап жылағанда жанын қоярға жер таба алмайтын жігіт, балапандарына білдірмей көз жасын сыға отырып, түнімен шырқыраған сәбиін жұбатып шығатын. Сөйтіп жүргенде көптен сәби сүйе алмай жүрген немере ағасы мен жеңгесі Бақтыгүлді асырап алуға қолқа салып келді. Әминасының соңғы аманаты жүрегінде сайрап тұрса да, басқа балапандарын асырау үшін жұмысқа шығу керек екенін, жұмысқа шықса үйде бұл баланы бағатын өзінен басқа ересек жан жоқ екенін ойлағандықтан, амалсыз 8 айлық балапанын өзге отбасына беруге мәжбүр болған жігіт, Бақтыгүлін немере ағасына өз қолымен апарып берді.

Әминаның бір жылдық садақасын өткізген соң ауыл үлкендері мен ағайын жекжат өлгеннің артынан өлмек жоқ екенін, балаларға ана керек екенін жабыла айтып ,Сәкенді тағы үйлендірді. Бұл адам кезінде қартайған ата-анасын бағам деп,т ұрмыс құрмай отырып қалған кәрі қыз екен. Бұл кезде жұмысқа белсене араласып, біраз мал мен қаражат жинап қалған Сәкен оң жақта отырып қалған Жадыраны кішігірім тойын жасап тұрып,  босағасынан аттатқызды. Осы жасқа келгенше өзімен-өзі болып қалған Жадыра Әминасынан қалған балапандарға қатты қарағанымен Сәкенге тағы екі сәби сыйлады. Сөйтіп жүргенде сықырлаған қыстың қыраулы күндерінің бірінде Сәкенге "Жалғыз нағашыңа уақыт болды"деген қаралы xабар жетіп, сол xабардан есеңгіреп қалған жігіт Жадыраға бұл нағашысының осы уақытқа дейін бар екенін, неге айтпағанын айтып, өткен өмірін түгел әңгімелеп берген болатын. Жарының әңгімесін аяғына дейін үнсіз тыңдаған Жадыра әңгіме біткен соң біраз уақыт ойланып отырып:
-Сені жақсы түсініп отырмын. Алайда, туғанның аты туған ғой. Анаңның аруағы үшін нағашыңның орнына барып дұға етіп қайтқанымыз дұрыс-ау,-деген соң, бұлар осыдан 30 жыл бұрын есігін мәңгілікке жауып кеттім деген ауылға қайтадан жолға шықты.
Жадырадан туған екі бала әлі кішкентай болғандықтан тек сол балаларды алып жолға шыққан екеу барған жерлерінде сәбилерді қарасу үшін 11 жасар қыздары Әсияны өздерімен бірге ерте кеткен еді.
Межелі жерлеріне жетіп, о дүниелік болған туысына дұғасын оқыған бұлар, сол үйге бір қонып кері қайтпақ болғанда баяғы Қатира жеңгесі Сәкенді құшақтап алып "Сәкенжан, кешіре алсаң жаман кемпірді кешіре гөрші" деп солқылдап жылағанда, сол күнгі анасының жеген шапалағы көз алдына ұмытылмастай болып тұрып қалған жігіттің осы кемпірді құшақтап жұбатуға қолы жүрмей, қақшиған күйі қоштасып,көлікке отырып жүріп кетті.  Ал, үлкен кісінің неге әкесін құшақтап еңіреп жылағаны, әшейінде ұшқан шыбынды да өкпелетпейтін әкесінің сол күні неге жылап тұрған үлкен кісіге жылы шырай бермегені кішкентай Әсия үшін үлкен жұмбақ еді.
Үйге келген соң да осының бәрі ойынан шықпай қойған кішкене қыз:

 -Әке, өткендегі әже сені неге құшақтап кешірім сұрады?-деп сұрап еді.
-Қызым ,мұның бәрін білуге сен әлі кішкентайсың,-дегеннен басқа әкесі ештеңе айтпады.

IMG_20180826_173709_523

"Жұт жеті ағайынды" деген бекер айтылмаған екен. Жадырамен бас қосқан соң, араға 5 жыл салып Жадырасы да обыр ауруына шалдығып, ауруына шипа іздеп қанша жүгірсе де, емі табылмай, алды 3 жасар, соңы жас жарымдағы қос ұлын артына тастап, бұл жары да өмірді тастап кетті.
Ол кезде Әминасынан тараған  балаларының алды мектеп бітіріп жатқан еді. Сондықтан, бұл жолы Жадырадан қалған кішкентайдың бірін келіншегінің туыстары қанша қиылып сұраса да, Әминасының аманатын орындай алмағаны жанына қатты бататын Сәкен екі кішкентайды да ешкімге бермей, өздерінде қалдыруға шешім қабылдады.
Алайда, орта жаста қатының өлмесін деген бекер айтылмаған екен. Жалғыздыққа өзі шыдағанымен,мектеп жасындағы балаларына ауыр тиіп, балаларының азып-тоза бастағанын көрген жігіт ағасы үшінші рет үйленді.
Бірақ, әйел алудан дәл осы жолы қатты қателескен еді. Бұл жолы алған әйелі бұрын жоқшылықтан көз ашпаған, дым көрмеген жан екен.
Бұл үйге келе сала Сәкеннің бар малы мен мүлкін талан-таражға салып,  жалғыз шешесіне тасығанымен қоймай, Сәкеннің бұрынғы әйелдерінен қалған жас балаларына қырғидай тие бастаған-тұғын. Әуелгіде, үйдегі дүние мен қорадағы малдың бәрін құнығып, шешесінің үйіне тасып жатқан әйеліне ер азаматтық жасап, дүниеге таласпайын деген жігіт, бұл қатынның балаларына да қысым көрсететінін байқаған соң балаларын қорғаштау үшін жиі-жиі сөзге келіп қала беретін болды. Сондай күндердің бірінде балаларын қырып-айқайлап, жұмсап жатқанының үстінен түсіп, оның ақыры әлгі әйелдің үйден кетуімен аяқталды.
Сөйтіп жүріп ойлана келе не болса да балаларыма тек қана осы кісі қамқор болар-ау деген оймен, өзімен құрдас жесір отырған қайынбикесіне сөз салып, сол адамға үйленіп, төртінші рет отбасын құрды. Қайынбикесінің де бұрынғы кұйеуінен 5 баласы бар-тұғын.
Сөйтіп, екі жесір мұңлық бас қосып, 12 баланы тәрбиелеп, балалардың өсіп, өмірге қадам жасауларына біріге құлшына кіріскен еді.

Бірақ, бұл кезде осыншама ауыр тіршіліктен әбден қажыған Сәкеннің бойын дерт жайлай бастаған еді.

Ішін дерт жайлап, тұла бойына тарап бара жатқанын білсе де ешкімге сыр білдірмеген Сәкен балаларын аман-есен жеткізіп, оқуларын оқытып, бір-бір отау қылып, аяқтандырып үлгерді.

Өзінің де іштей қалауы сол болғандықтан "Ее, Алла, балаларым жастайынан анасыз өсудің қиындығын көріп өсті ғой. Маған осы балапандарым аяқтанғанша ғұмыр бере көрші. Тағы бір сұрарым: алар кезде осы балапандарыма астымды тазалатып, бейнет көргізбей, мені төсекке ұзақ таңбай алшы",-түнде басы жастыққа тиісімен таңды Жаратқанға жалбарынумен атыратын. Сол тілегін Жаратқан қабыл етті ме, кім білсін, Жадыра өмірден өткенде жас жарымда қалған кенже баласын үйлендіріп, дүркіретіп тойын жасап берген соң Сәкенннің іші біртіндеп ісіне бастады. Әкесінің ішінің үлкейіп бара жатқанын бірінші болып байқаған кенже ұлы Бақытжан, сол күні-ақ әкесінің қарсылығына қарамастан ауруxанаға апарып салған болатын.
Сәкенді дәрігерлік тексеруден өткізген дәрігерлер бауыр ауруына шалдыққанына көп жыл болған жігіт ағасының соңғы кезде ауруы әбден асқынғанын бірден түсініп, ол туралы балаларына жасырын xабарласа да Сәкенді "онша қорқатын ештеңе таппадық. Жақында жазылып үйіңізге ораласыз" деп жұбатқаннан басқа ештеңе айтпады.
Сол түні ауруxанада жақсы ұйықтап шыққан Сәкен ертесі күні таңғы тамағын ішіп отырып, басы айналып құлап бара жатқанын ғана біледі,ар жағы есінде жоқ. Есін жиғанда қаумалаған көпшілік өзін зембілмен көтеріп алып үйге кіргізіп жатыр екен. Босағадан кіргізе бергенде көздері жасқа тола өзіне телміре қараған ұлдары мен қыздарын көріп, бәріне қимас көзбен соңғы рет жаутаңдай қарады да "Уф" дептерең демін алып барып, мәңгілік мекеніне аттанып кете барды. Сөйтіп, мойнына түскен бар ауыртпалыққа қасқая қарап, ешқандай қиыншылыққа мойынұсынбаған асыл ер 66 жасқа қараған шағында өмірмен қош айтысты.


ЖАНЫҢЫЗ ЖАННАТТА БОЛСЫН,АСЫЛ ӘКЕТАЙЫМ!
СІЗ БІЗДІҢ МӘҢГІЛІК ЖҮРЕГІМІЗДЕСІЗ!

P.S. Әңгіме аяқталды.

Бұл әңгіменің бел ортасына жеткенде менің "Бәрі,бәрі,бәрі жақсы болады" атты өмірбаяныммен жақсы таныс байырғы достарым бұл әңгіменің өзімнің әкем жайлы екенін біліп отырғандарыңызды жекеме де,пікір ретінде де жазған екенсіздер.
Иә, сіздер қателескен жоқсыздар,жақсыларым.
Бұл әңгімем әкем туралы өзім білетін ғана естеліктер еді. Жалпы, әкешім өзінің өткен өмірін балаларына,  яғни біздерге көп әңгімелей бермейтін тұғын.
Алайда, ес білген шағымнан бастап әкемнің өмірін жақсы білетін болғандықтан барымша қаз-қалпында баяндап жазып шығуға тырысып бақтым.
Ал, о дүниелік болған нағашысына дұға етуге барғанда әкемнің қасына еріп барған кішкентай қыз Әсия мен болатынмын.
Маған жұмбақ болған сол оқиғаны әкем уәдесі бойынша бойжетіп, оң- солымды таныған соң, дәл осылай баяндай отырып "Қызым-ау,әкеңнің көрген бейнеті басындағы шашынан да көп қой, негізі. Бірақ,солардың бәрін айтып, сендерді жабырқатқым келмейді" деп басқа естеліктерін айтудан бас тартқан болатын.
Міне, менің асыл әкемнің сара жолы мен дара жолынан бір үзік сыр осылай дүниеге келді.
Мен үшін әкенің орны бөлек. Асқар тау әке деген тек қана осындай болу керек деп есептеймін.
Бастарындағы бақты бағалай алмай, әр үйдің ошағында жан бағып, өз балаларын жаутаңдатып өзгеге тастап, басқамен отау құрып кетіп жатқан кейбір еркектердің тағдыры туралы оқығанда осындай әкеден туғаныма кеудемді мақтаныш сезімі кернейді.
Ал, басқа отбасына барған Бақтыгүлдің (есімі өзгертілді) жағдайы өте жақсы болды. Оны асырап алған ата-анасы басынан құс ұшырмай өсіріп жеткізіп, тұрмысқа берді. Қазіргі таңда бәріміз бір-бірімізді таптық,туыс болып араласып тұрамыз.
Аман болыңыздар, еш қиындық көрмеңіздер!

 

Әлия Сиғуатқызы