КУРСТАСЫМ ФАЙРУЗА

КУРСТАСЫМ ФАЙРУЗА

   Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында қызмет атқарып жүрген кезім еді. «Атыраудан бір тарихшы қорғайын деп жатыр»-дегенді құлағым шалып қалды. Директордың ғылыми істер жөніндегі орынбасары шақырған соң, Қайдар Алдажұмановтың кабинетіне келсем курстасым Файруза Рысқалиева отыр. Мінекей кездесу, екеуміз амандаса кеттік. Қайдар ағай: «Осы Қабибек Атыраудың барлық тарихшысын таниды-ау» -деді күліп. Мен Файрузамен бірге оқығанымды айттым. Екеуіміз бір-бірімізге үсті-үстіне сұрақтар қойып жатырмыз...

фото 005

   Бір кезде Қайдар ағай: - «Екеуіңіз таныс екенсіңдер, тіпті жақсы болды. Бүгін Файруза «Мемлекет қайраткері, Жалау Мыңбаев – Қазақ АКСР-ы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғайды. Қорғау кезінде сөйлейтін сөзіне дайындалсын. Сен көмектес!» - деді.

Сөйтіп, Файруза екеуіміз бір кабинетке барып оның сөйлейтін сөзін жазуға кірістік.

   Түсқайта диссертациялық қорғау Кеңесінің отырысы басталды. Кеңестің төрағасы академик Манаш Қозыбаев ізденушілердің аты-жөнін және олардың қорғайтын тақырыптарын атап шықты. Қателеспесем,Файруза екінші болып қорғады білем. Трибунаға шығып дайындап келген сөзін оқып берді. Кеңес мүшелерінің қойған сұрақтарына жауап беріп жатыр. Ара-арасында ғалымдардың өздері де сөзге араласып, қорғау пікірталастарға толы болды. Есімде, Кеңес мүшесі академик Мәлік ағай Асылбеков:-«Сонымен Жалау Мыңбаев қуғын – сүргіннің құрбаны болған адам ба?» -деп сұрады. «Жоқ, жаппай қуғын-сүргін болған уақыттан бұрын,1929 –шы жылы, қайтыс болды. Егер тірі болғанда сол қуғын-сүргіннің құрбаны болар еді»- деп жауап берді ізденуші.

   -«Қой, олай деме, тағдырдың не жазғанын білмейміз ғой»-деді Мәлік аға. Жұрт ду күліп жатыр.

   -«Егер тірі болса мұндай адамдар міндетті түрде қуғын-сүргінге ұшырар еді дегім келгені»-деп жауап берді Файруза. Қорғау аяқталды. Файруза Рысқалиева жүз пайыз дауыспен қорғап шықты. Осылайша, мен өзімнің курстасымның кандидаттық диссертациясын қорғауына қатыстым. Кейін Атырау университетінде бірге қызмет атқардық. Бір-бірімізбен сыйлас адамдай достық қатынаста болдық. Бірде әңгімелесіп отырған кезде сол қорғаған диссертациясын одан әрі қарай жалғастыруды ойлап жүргенін айтты. Жиырмасыншы жылдардың бірінші жартысының тарихымен байланыстыруды жөн көріп отыр екен. Бұл кезең әлі де көп зерттеуді талап ететінін айттым мен.

   Файрузаның болашағы алда еді. Тірі болғанда шығармашылығын шыңдай түсер ме еді... Әттең! Ажал өмірін қиып кетті. Оның жариялаған ғылыми мақалаларын оқып отырсам көңіл аударатын мәселелер көп екен. Солардың ішінде кейбіреулеріне тоқталып кетейін.

   Жалау Мыңбаевтың қызмет атқарған кезеңі өте ауыр кезең болғанын бәріміз білеміз. Ұлттық, таптық, діни көзқарастардың өршіп тұрған шағы болатын. «Мендешевшілер», «Сайфулиншілер» деген солшылдар мен «Садуақасовшылар», «Қожановшылар» деген оңшылдардың өзара тартыстары қайнап тұр еді. Голощекин жүргізген мәскеудің орталықтандыру саясаты мен ұлыдержавалық шовинизм тағы бар. Осындай белсенді саяси күрес жылдарында Жалау Мыңбаев республиканың жоғарғы заң шығарушы органын басқарды.

   1925 жылы Қазақстанның астанасы Орынбордан Қызылордаға көшірілді. Қазақтың астанасы қазақтар көп орналасқан жерде болуы керек деген оймен жасалса керек. Қазақ елінің астанасы Ташкентке көшірілсін деген де ұсыныс айтылды. Соңғы екі жүз жылда Ташкент қаласы қазақтардың мәдени-рухани орталығына айналған еді. Кейбіреулері Ақтөбе қаласын ұсынды. Ал Қызылорда қаласына көшірілу керек деген кезде оның бұрынғы «Ақмешіт» деген атауына қарсы болғандар болды. «Мешіт» деген діни атау, оның үстіне «Ақ» болса онда ол кеңес үкіметінің орталығы бола алмайды деп түсіндіріпті олар. Ақыры оның атын «Қызыл Орда» деп өзгертуге тура келді. «Қызыл» деген сөз кеңестік идеологияға сай болса,«Орда» деген сөз о бастан қазақ мемлекетінің тарихи атауларына сай келетін. Осылайша қазақ елінің астанасы Қызыл Орда болып аталыпты. Бұл Жарлыққа қол қойған осы Жалау Мыңбаев еді.

Mynbaev_2

   Қызыл Орда қаласында әкімшілік мекемелерді орналастыруға жарайтын бірде-бір жөнді орын табылмады. Тіпті Кеңестердің Бүкілқазақстандық V съезін өткізу үшін 151 делегат сиятын орын табылмаған көрінеді. Ақыры, бұрын патша заманында салынып, кейін жындыхана болған бір ескі үйді жөндеп, съезді сонда өткізуге тура келді. Осы істің бас аяғында да Жалау Мыңбаев жүрген екен. Бұрын қазақтарды «Қырғыз-қайсақ» деп атайтын. Ахмет Байтұрсынов көптен бері осы атауды өзгерту керек деп айтып жүрген. Бұл мәселе де осы съезде қаралып, «Қырғыз-қайсақ» деген сөздің орнына енді «Қазақ» деген атау қолданылатын болды. Бұл шешім де Жалау Мыңбаевтың қолымен күшіне енді.

   Қазан төңкерісінен кейін де ресей мұжықтары қазақ жеріне көшуін тоқтатпаған. Себебі орыстардың мүддесін көздеген патша үкіметінің жерге қоныстандыру жөніндегі заңы әліде өз күшін жоймаған болатын. Бұл заңда орыс переселендеріне ерекше жеңілдік берілген еді. Ал жергілікті қазақтар үшін мұндай жеңілдіктер қарастырылмаған болатын. Сол жеңілдіктердің орынды - орынсызын енді қайта қарау керек болды. Осыған орай 1925-ші жылы 6 қыркүйекте Серафимов басқарған Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің комиссиясы келді. Комиссия жұмысының нәтижесіне наразы болған Мыңбаев «Серафимовтың комиссиясы Қазақ ОАК-нің беделін жоққа шығаруда. Бұл Серафимовтың тарапынан жасалған өрескел қателік, біз бұған жол бермеуіміз керек. Серафимов жолдас та, біздің Бүкілресейлік старостамыз Калинин жолдас та қатты қателескен; мұжық аразданып келеді деп, Калинин оларға басынан аяғына дейін қарулануға рұқсат берген. Мен мұнымен келісе алмаймын!» дейді. Қандай ержүректік. Өзінің наразылығын бүкпелемей тура да батыл жеткізген.

   1926 жылдың жазында Ақтөбе губерниясына қарасты 55 мыңнан астам қазақтар тұратын Ақбұлақ өңірін Орынбор облысының жеріне беріп Ресей Федерациясына қосуға да Мыңбаев қарсы болады. Сонымен қатар көшпелі және жартылай көшпелі қазақтардан алынған шабындық жерлерді өздеріне қайтып беру жөнінде заң шығару үшін жұмыстанады. Барлық жоғарғы деңгейдегі және жергілікті басшыларды қазақтандыру ісіне атсалысады. Тіпті қазақтандыру процесін қауырт жүргізгені үшін оған «сверхкоренизатор» немесе «король коренизации» деген ат қойыпты. Мыңбаев тұсында еліміздің түпкір-түпкірлерінде халыққа етене жақын кеңестік басқару жүйесі орнады. Файруза Рысқалиеваның «...тірі болса мұндай адамдар міндетті түрде қуғын-сүргінге ұшырар еді» деген сөзі осындай қызметтеріне байланысты айтылған екен.

   Жалпы Жалау Мыңбаев заң шығарушы орган басына келгенде небәрі отыз үш жаста болыпты. Бұл қызметке Сейтқали Мендешев 38 жасында, Елтай Ерназаров 40 жасында, ал Ұзақбай Құлымбетов 44 жасында келген екен. Мағжан Жұмабаевтың Мыңбаевты «Қазақстан ақсақалы» деп әзілдеп айтуы да содан шығар...

DSCN2493

   Болашағы зор Жалау Мыңбаев саяси шыңдалған шағында оппозиционер деген атаққа ие болып қызметінен босайды. Жұмысшы болып бастаған Мыңбаевтан Голощекин «радикалды пролетарлық» белсенділік күткен болатын. Ұлттық көзқарасынан қорыққан ол орнынан кетіруге асық болды. Үсті-үстіне шағымдар жазып ақыры дегенін істеді. Айта кететін бір жай, өзінің «Кіші қазан» идеясын Жалау Мыңбаевты кетіргеннен кейін ғана жүзеге асырған екен.

DSCN9565

   Тарихтың бұл кезеңі әлі де терең зерттеуді талап етері анық. Жалау Мыңбаевтың өмір жолы жөнінде әлі де талай жазылар. Өмір жолында тіпті Атырау өңіріне қатысты кезеңі де болған екен. Файруза осыны да жазуды да ойлаған болатын. Ол үшін Орал, Орынбор қалаларының мұрағаттарына бару керек болды. Денсаулығы сыр бере бастағандықтан бұл іске дұрыс кірісе алмады. Адам ойында талай жоспарлар болады ғой. Бірақ, орындалу не орындалмау Алланың бұйрығына ғана байланысты. Жалау Мыңбаевтың өмір жолы мен қоғамдық қызметін одан әрі кеңейтіп жазу, тіпті кітап етіп шығару оның маңдайына жазбаған екен. Дегенмен, бұл тақырыпты тұңғыш  рет ғылыми айналымға енгізген – ғалым менің курстасым Файруза Рысқалиева болды.

 

Қабибек Мұхитов,

тарих ғылымдарының кандидаты.

Теги тайсойғансайты