КІШІ ПРОЗАНЫҢ КІШІПЕЙІЛ ӨКІЛІ

КІШІ ПРОЗАНЫҢ КІШІПЕЙІЛ ӨКІЛІ

Қысқаша өмірдерек

 

         Көшбайұлы Отыншы, 1949 жылы 10 қарашада Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданының Қызылсу жерінде өмірге келген. Өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Еңбек жолын қарапайым колхозшыдан бастады. Ұзақ жылдар бойы туған ауылы Жыңғылды да тракторист болып жасады. 1978-1984 жылдар аралығында Атырау педагогикалық институтында оқып тарих-филология факультетін бітірген. Маңғыстау ауданы мектептерінде мұғалім, аға тәрбиеші, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Кәзіргі уақытта облыстық тарихи-өлкетану музейінде ғылыми қызметкер болып жұмыс жасайды. «Қайран менің жеңешем» (2002), «Бозашы-Маңғыстаудың екінші тынысы» (геолог Ә. Нұрмановпен бірге 2005), «Жұмбақ жайлап, аңыз өрген Маңғыстау» (2005), «Атадан жеткен асыл тін», «Дала данасы» (2007), «Маңғыстаудағы аңшылық дәстүр», «Сыбызғы сыңсып жылайды» (2008), «Маңғыстаудағы жерасты мешіттері» (археолог М.Қалменовпен бірге), «Тоғыз ауыл» (2010), «Шоғы батыр» (2011), «Адайдың Қожакелді батыры» (2013), «Би Мәтжан» (2016), «Мекке сапары» (2016), «Мақаш салған сара жол» (2017), «Өнегелі өмір» (2018), «Тоқабай деген ауылдан» (2018), «Өмір өткелдері», «Жусан исі», Маңғыстау ғашықтары мен арулары» (2019) атты кітаптары жарық көрген.

О. Көшбайұлы

         «ҚР оқу-ағарту ісінің үздігі» (1991), ҚР Президентінің алғыс хатымен (2001), «Ерен еңбегі үшін» медальімен (2006) және «Қазақ хандығына  550 жыл», «ҚР Тәуесіздігіне 25 жыл», «Астана қаласына 20 жыл», «Маңғыстау облысына 40 жыл», «Ақтау қаласына 55 жыл» мерекелік төсбелгілерімен, бірнеше рет облыс әкімінің Құрмет Грамотасымен (2000, 2005, 2009, 2011) марапатталған. Екі рет «Жылдың мәдениет және өнер қызметкері» (2000, 2007) атанды. «ҚР-ның үздік мәдениет қызметкері» (2016), «ҚР-ның үздік өлкетанушысы» (2018) атағына ие болды.  

 

****

 

         Әдебиет дегеннің өзі не нәрсе? Қоғамның сөзі ме, әлде халық рухының сарыны мен демі ме, болмаса жалпақ жұрттың көзі ме, жоқ өмірдің өзі ме? Бұл мәселенің шешімін патша көңіл оқырман әлі күнге таба алмай келеді. Мен әдебиет теориясының білікті маманы емеспін. Бар болғаны сол-көп оқырманның бірімін. Сондықтан жазып отырғаным-жай оқырманның ойы, пайым, байлауы, жазира көңілдің жайлауы, тұма бұлақ көзінің қайнауы.

         Соңғы кезде қолға түскен әдеби шығармалардың көбісі-ортаңқол дүниелер. Имансыздық жайлаған қоғамның талғамы тезек татиды. Мұндай шығармалардан кие қашқандай, қасиет кеткендей өкінесің. Ұлттық құнары жоқ, нәрсіз, көкжасық дүние адамгершілік пен ұяттың төбесіне отырып алған. Талғамға табандарын жалатқан, көрінгенге талатқан, жақсы иіс сезбей, тұмсықтарын қанатқан, иманның көмейіне құм құйған. Расы-кәзірде шын шеберлер жасыды, күшеншектер тасыды. Әдебиеттің азабын алғандар емес, жалғандар мен адыра қалғандар атақ алып, барды малданды, нағыз таланттар алданды. Шығып жатқан шала кітаптарға ішің ашиды, қағаздың обалына қалғандарға қайран қаласың. Қаптаған халтурщиктердің қампитып шығарғандары бейне бір қиялиларға арналғандай. Оны жазған авторлардың өзі «мен таңғажайып құбылыспын, әдебиетте төңкеріс жасадым, бөлекше бағыт ұстандым» деп асқақтап сөйлейді, аспандап гөйлейді. Ал өлермен жазғышбектер түкке қажетсіз шимайларын түптеп әкеліп, күптеп әкеліп қолтығыңа тығады. Көзің түссе көңілің құлазиды, жүрегің айниды. Лоқсып отырып, «қайран әдебиет кез-келгенге қолжаулық болдың-ау» деп қабырғаңды сыздатасың, тұла бойыңды мұздатасың, ар дейтін айдынның тереңінен жүз шығып, жүз батасың. облыс әкімшілігіндегі Мәдени мұраға байланысты жиында

         Екінші бір қырынан қарасақ, кәзіргі қазақ әдебиеті талғампаз, жоғары, таза әдебиет деңгейі биік ағаларымыз айтып жүргендей, кәсіби әдебиет, әуелі шет елде мойындалмаса, өзімізде мойындалмайтын әдебиет сияқты. Талабының жоғарылығы сондай, ел мойындаған ең керемет ақындарымыз Серік Ақсұңқарұлы мен Несіпбек Айтовқа Мемлекеттің сыйлық берілмей қалды. Бұл бағымыз ба, сорымыз ба?! Мұның қасында атақ пен даңқтан дәмесіз, үлкен әдебиет аулынан аулақ «бейнетқорлардың» жетім баладай күйін көргенде, саусағы қаламынан тесілгендерді түсінетіндердің барлығына, олардың жазғандарын оқитындарына күмәнданасың.

         Осындай жағдайда Отыншының тіліндегі көркемділік пен образдылық, сөздердің саптасуы, сөйлемдер үндестігінің поэтикалық қуаты, суреткерлігі кейбір кәнігі қаламгердің өзінен ілгері түсіп жатады. Оның баяндау әдісін, жазу стилін, сюжет құрылымын өзгелердікінен оңай айырасың. Отыншы бояуының палитрасы, тілінің дәмі мен кеудесінің үні бағзы түбекте өмір сүрген бабалар сарынын құлақта жаңғыртады. Құрылымы күрделі, құрылысы қиын дүниеге діңкесін құртпайтын, тебіренгенде туған жердің мөлдір ауасын ұрттайтын, сиықсыздарды сырттайтын Отыншының ойнап тұрған шығармаларын оқуға бәлендей дайындықтың да керегі шамалы.

         Сондықтан сыншылардай сыз танытпай, қабағымнан күз танытпай, бағаны жазушының туындысынан табатындай жүз танытамыз.

         Құм төсінің құнарын келтіретін, шөл сұлуы сексеуіл өткір алмастың жүзінен тайсалмайды, қылышқа қыңбайды, айбалтаға сынбайды. Жігін тапсаң ғана тоқпаққа жарылады. Мұның жайын Отыншы ғана біледі. Құданың құдыреті, біздің Отыншының көркем әңгімелері сол сексеуіл тақылеттес.

         Тілі тым тәтті шырындай уылдырмайды. Жолдарына көз жүгірттің-ақ, саумал ішкендей сергіп қаласың. Күнделікті құлаққа сіңісті, құйқалы да құнарлы сөздер құмарыңды қандырады, солғын тарта бастаған сезім сәулелеріңді жандырады, көңіл сарайыңды ән қылады, тамаша иірімдерімен таң қылады.

         Отыншының оқшаулығы-өмір болмысын ойдан құрамайды, қалай қызықты етемін деп сұрамайды, болып жатқан шындықты боямасыз, шарайнаға түскендей шабытпен алдыңызға жайып салады. Аңыз-әфсаналарды, естігендерін талғам елегінен өткізе отырып, тамаша жеткізе біледі.

Ә. Кекілбаевпен сұхбат

         Отыншыда о керемет дейтіндердің өзінің көздері көре бермейтін, елеп-ескеріле бермейтін, кез-келген ұғына, тереңіне бойлай бермейтін жаңашылдық жетіп артылады, бұрын талдау көрмеген дүниелерінде тапқырлық та жетеді. Ой-жүйесін ойлы дүние жазу тәуекелі мен машығы билеген онда дүмбілездік кездеспейді. Шырмауықтай шатпақ пен шалағайлықтың ізін емге таппайсыз. Енесінің емшегіне енді ауыз салған жас төлдің еміренісіндей құмарлықпен оның жазғандарына ес-түссіз түсіп кетесің. Емін-еркін тойынасыз, ортаймастай ой ұғасыз. Шағын да шүйгін шығармаға шәулі бүркіттей шүйліккен бетте айызыңыз қана рахаттанып, көкке көтерілген қырандай қайта қанат қағасыз, тарқамас ләззат табасыз.

         Кіші прозаның кішіпейіл өкілі ретті-ретсіз пәлсәфа соқпайды, шығарманың шырайын ашатын идеяны алтын діңгек ұстанады. Кейбір күрделі ойларды ым-ишарамен, тұспалдаумен, меңзеумен жеткізеді. Көбінде мазмұнның шешімін оқушының өз төрелігіне қалдырады.

Шағын да шымыр, көнбіс ат секілді Отыншы аға қаламгерлікке бірден, сатылап емес, ауыл тракторшысы мен қарапайым мектеп мұғалімдігінен келді. Мұндай күтпеген жерден келіп, әдебиетке олжа салуы, шынайы таланттардың «тосын қылық» танытуы орыс және әлем әдебиеті өкілдерінде жиі кездеседі. Өнер туындысын жасауға өлердей сақтықпен, жіті жауапкершілікпен қарайтын ол жазу машығына кіріскеннен жасық шығарманың қалжасына қарық болуды қаламады. Бір бет жазса да бірегей дүние туғызуды мақсат қылды. Адамның психологиялық, әлеуметтік қатпарларын зерттеп, рухани есейіп-толысуын әңгімелерінің негізгі арқауына айналдырған Отыншы Көшбайұлы тұңғыш прозалық жинағының («Қайран менің жеңешем». 2002 жыл) өзінде ұлттық-психологиялық, жергілікті эмоциялық ерекшеліктерді, эстетикалық дәстүрлерді, тілдік қолданыстағы говорлық айырмашылықтарды қаламгерлік құштарлықпен, перзенттік іңкәрлікпен, сұңқардай ұшқырлықпен қапысыз, дәл жеткізді. Қасиетті кең түбектің намыс таптатпаған батырлары, күйші ақындары, ғашықтары, жүрекке жақындары туралы оқиғаларды Отыншы өзінше баяндап, өзінше өрнектеді.

         Кәзір оқырман жұртшылық «жазушы көп, әдебиет аз» деп жүр ғой. Осы бір көңілбітпестік қай заманда да айтылып келеді. Қалам ұстағанның бәрін жазушы дегенімізбен, оның да аласы бар, құласы бар, мықтысы бар, шаласы бар, тіпті кейбірінің хат жазуға ғана шамасы бар.

Ә. Кекілбайұлының көрме залында  

         Мен бұл жерде ұлы сыншы Виссарион Григорьевич Белинскийдің «Әдеби армандау» деп аталатын прозадағы элегиясын қайталағым келіп тұрған жоқ, бар болғаны еңбегін бұлдап сатпайтын, біреуге орынсыз кінә тақпайтын, күндіз-түні тыным таппайтын, іштегі сырын алтындай аялап сақтайтын, қаламын күнде баптайтын, ел ішінде елеусіз жүрген Отыншы туралы ойымды қысқаша жеткізгелі тұрмын.

         Күні кешегі тракторшыға көркемдік кем-кетіктер, кемшіліктер кешірімді деуге тіпті хақымыз жоқ. Жазу жұмысы ондай жауырды жаба тоқитын, келіссіз кешірімпаздықты көтермейді. Қалам ұстадың ба, тура тарт, тура шап! Шикілі дүниемен шалабыңды шайқама! Оқуының бәрін (мектепті де, институтты да) сырттай бітірген ағамыз жазу жауапкершілігіне келгенде, күзетшідей қырағы, сарбаздай сақ. Жазғанда, жалпақ дүниені жалғыз тамшыға сыйдыра алады. Жинақтауға шебер, суреттеуге сұңғыла. «Сөз-халықтың қымбаттан да қымбат кені» дегенді қасиеттей ұстанған.

         Отыншы бір ауыз сөйлем арқылы бірнеше тарам, терең маңыналы ойлар жеткізуге шебер. Мысалы, «алыста отырсам іргемнен үңгіген құрттың қалайша кеулеп кеткенін білмей қалармын», «жаралы қасқырдай әр төбе сайын тістелеп күшін тауысатынын сезді», «басы ауған жаққа тырағайлай жөнелді», «қарақұйрықтың лағындай көзі бақырайып», «қырық жамау темір құманның бөксесін шоққа тығып...», «күн исі басын айналдырып, дүние дөңгеленіп», «зілдей қауғаның салмағына шыдай алмай дірілдеп, шиқылдаған шығыр даусы» деген жолдар емеуірін арқылы елеулі жайттарды қамтиды. Мұндай қашап қалағандай, бейнелегіш сөздер, мінсіз иірімдер Отыншы қолданысында тіптен көп. Жазушы ағамыздың тұщымды тоғыз сөйлемінің өзі тапшы да тайыз таланттардың тоғыз кітабына татитыны, нағыз халықтық, құйқалы құнардан құмарымыз қанғанша қанығатынымыз сондықтан.

         Отыншының «Ұлы қырғын» шығармасы суреткерлік тұрғыда аса жоғары талғампаздықпен жазылған туынды. «...Түн жамылып келе жатқан қалың қолдың алдында, сүліктей қара ахалтекенің үстіндегі қою бұйра сақалды, сеңсең бөрікті көзіне түсіре киген, еңгезердей қара ауылға жақындаған сайын тақымын қыса түседі. Қаншама қатал тапсырма берсе де анда-санда қолапайсыз немелердің кесірінен сыңғыр ете түскен қалқан мен үзеңгінің әлсіз дауысының өзі мына боранды күні әр төбенің етегінде бұйыға орналасқан адайларға қапысын тауып қанға бөктіруді көздеп келе жатқан қатыгез жаудан хабар берердей, әрбір шыққан оқыс дауысқа жаны шығып кете жаздайды».

         Неткен сезімталдық! Неткен жітілік! Сұсты жаудың суық жүріс-тұрысын микродәлдікпен, аса аңғарымпаздықпен бейнелегені соншалықты, суық күнмен бірге тұла бойың тітіреніп, мұздайды. Бір сұмдықтың боларынан қарадай қорқасыз. Адам мен мінгі ат арасындағы психологиялық параллелизм белгісіз әумесердің пиғылын алдын-ала аңғартады, көңілді әлденеге алағызытады. Қарадай тас-түйін сақтыққа көшесіз.

         Адамдық қасиеттен жұрдай, қатыгез Мәмбетнияздың беталысын бес-алты сөйлеммен бейнелеп берген Отыншының сөз саптасы кәнігі қаламгерден бір кем емес.

Ақыр дегеніне жеткен қанышерді автор аласұрған сәтінде, аяқ-қолы бірдей тартылған арпалыс күйінде көрсетеді. Осылайша шарықтау шегіне жеткен шығарма Отыншының ойшылдығын олқысыз көрсетеді, оқырманды орынды мойындатады.

         Көне әңгіменің сарынымен қағазға түскен «Атасы басқа аттан түс-аталы сөзі қалған ер» туындысы қара әңгіменің қаймағын қалқып бергендей құмарыңды қандырады.

         «Катя-Ботагөз» шығармасында украин ақыны Тарас Шевченконың айдаудағы өмірін Ботагөз тағдырымен байланыстыра нанымды жеткізеді, «Катя-Ботагөз» суретінің салыну астарын ашады. Ал «Соңғы сапар» әңгімесі діни ғұлама, ғалым-геолог, Алаш қозғалысының мүшесі Размағанбет (Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы) өмірінің соңғы сәттерін терең тебіреніспен толғайды.

large__j__57c40965860584a3a8af30a7a8c0efdf

         Тағдыры пешенесіне қысқа ғұмыр жазған, дарынды да қарымды ғалым Нұн Жұбайұлының тағылымдық жолы баяндалған «Арман асуының асқарына» деген деректі әңгімесі кейіннен «Отпанның Нұны» деген көлемді романға айналды.

         «Жусан исі» әңгімесін оқысаңыз, ауыл адамдарының мінез-құлқын, іс-әрекетін көзбен көріп, құлақпен естігендей боласыз. «Күлше дәмі» әңгімесі соғыстан соңғы сұрықсыз кезеңді, қанатынан қайрылған, арысынан айрылған жесірлерді, жетім балалар тірлігін шынайы жеткізеді.

         Шет жерлік қандастардың туған елге деген сартап сағынышы «Ата жұртым-алтын діңгегім», «Аталар аманатын арқалап келген азамат» толғаныстарында аруана аңсаумен айшықталған.

         Қазақ әйелдеріне тән бар асыл қасиеттерді өн бойына жинаған жеңгелердің Отыншы жасаған образы («Қайран менің жеңешем») сезімтал оқырманның көзіне еріксіз жас үйірілтеді. Қазақ шаңырағындағы абысындардың татулығы, іліксіз достығы, бәсі жоғары бауырмалдығы дейсіз бе, бүтін құртты бөліп жеген пейілдігі дейсіз бе, ата-баба, әулиелерді ардақтау, өткенді ұмытпау дейсіз бе, ұлағат, үлгіні ұластыру дейсіз бе...-туындының тағылымдық, тәрбиелік күші қайран қалдырады.

         Кіші прозада өз бағын сынап, өзіндік машық, мәнерімен, кейіпкерлерді таңдай білу тапқырлығымен танылған таланттың қырыққа жуық туындысының қай-қайсысы да адамгершілік қадыр-қасиеттерді айқындап, ажырата білуге үндейді. Осы тұста автордың өз дүниетанымы мен көзқарасы да, ой-өрісі де көрініп қалып жатады.

         Схематизм мен сүреңсіз, натуралистік баяндаушылықтан бойын аулақ ұстайтын Отыншының орасан зор көркемдік жаңалығы мен табысы «Маңғыстау ғашықтары», «Жұмбақ жайлап, аңыз өрген Маңғыстау» кітаптарында айқын көрінеді.

         Маңғыстау аңыздарының желісін бұзбай, тыңнан зерделеуде, соны мәліметтермен жаңғыртып, байытуда, өзгеше бір барлау жасап толықтыруда оқиға болған жерлерге аяқтай барып, көзбен көрген қарымды қаламгер Отыншы Көшбайұлы ойға алған шаруаларын қолға алған бетте қарқынына қарқын қосу үстінде.

         Нұрсұлтан Назарбаевша айтсақ, «Бізде әдебиет дегенді әсіреқызыл сөз, міншілдік пен күншілдіктің кезектен түспес кіршең қаруы деп түсінетіндер де бар. Ал шын мәнінде әдебиет-жаныңды жақсы әсерге бөлейтін, ойың мен санаңды сергітетін, арманың мен қиялыңа қанатын байлайтын, үмітің мен байламыңа жол сілтейтін құдыретті күш».

Музей қызметкерлері Үстірт үстінде

         Осы құдыретті күштің күллісі тал бойына тараған, жазу еңбегіне жараған, «Әдебиетті-ардың ісіне» санаған Отыншы Көшбайұлы бұл тұрғыда дара адам.

         Әйгілі Майлықожа Сұлтанқожаұлы:

         Алпыстан жасың асқан соң,

         Ақырап, қауыс, тоқсандай,

         Кетеді бойың салқын боп,

         Түз отындай шалқу жоқ,

         Құлаққа шаншу, қаңқу көп,

         Қырымды көзің көздейді,

         Қырдан асар шарқың жоқ,

         Өз ойыңды ойлайсың,

         Баяғыдай парқым деп,

         Қыз айттырсаң бермейді,

         Қызықты базар нарқың жоқ,-деген екен.

          Отеке, міне сіз жетпіске келдіңіз. Бірақ сол жетпісті-бар бәленің басы, оттың қасы демей, жастықтың соңы деп жалындаңыз, дабылдаңыз, ел тілегін «иншалла» деп қабылдаңыз, жамандарға жалынбаңыз, талғамсыздарға табынбаңыз. Қаламыңыз жорғалы, жүрген жеріңіз дорбалы, отырған жерлеріңіз ордалы болсын!

        

                                                                                                              Бірғали Байекеев, суретші, журналист