ӘКЕ АМАНАТЫ...

ӘКЕ АМАНАТЫ...

Қас-қабағы қап-қара болған қазақтың аруын көргенде «Мына қызды Алматыға алып қалыңдар. Өзі әдемі қыз болайын деп тұр екен!»-депті Шара Жиенқұлова. Қасында отырған Қанабек Бәйсейтов те бұл ұсынысты қолдай кетті. Сол кезде дастархан басында отырғандардың бәрі Сараға жалт қарайды. Сөзге араласқан Саламат Мұқашев: «Үйінде жалғыз шешесі бар еді, рұқсатсыз тастап кете алмаймын оны!»-деп араша түскен екен. Бұл 1957 жылдың күзі болатын.

IMG_6354

...Сараның әкесі Қуанышқали  (Сүйінішқали) Дүйсембайұлы жастайынан жетім қалып, Теңдікте тұратын ағайындарының қолында тәрбиеленіпті. Күнде қолына домбырасын алып, қозы бағатын көрінеді. Бір күні «Осы домбыраның маған не керегі бар?»-деп оны бір жерге көмеді де, өзі Орынборға жұмыс іздеп кетіп қалады. Біраз жылдар өткен соң еліне оралып, татар қызы Майсрур Харисқызымен жанұя құрады. Атақты Шара Жиенқұлованың көзі түскен домбырашы Сара осы Қуанышқалидың ұлға татитын жалғыз қызы еді.

Ер жеткен соң Қуанышқали біраз уақыт бойы «Уралрыбводта» жұмыс жасайды. Жұмысына жақын болсын деп Перетасканың оң жағалауындағы «Бухарка» дейтін жерден үй алады. Бертін келе ағайындарын тауып алып, бес-алты жылдай қатынасып тұрады. Сара ол кезде кішкентай қыз еді. Сөйтіп жүргенде соғыс басталып кетеді. Қуанышқали Дүйсембайұлы майданға алынып, соғыс біткен соң бір-ақ оралады. Ағайындары болса «Қайнар» дейтін жерге көшіп кеткен болатын. Содан бері туған-туыстарымен қатынасы үзілген екен. Майданнан келген соң әкесі Қуанышқали небәрі он жыл өмір сүрді. Қайтардың алдында қызын шақырып алып, «Мен сені ағайындарыңмен қатынастыра алмай бара жатырмын, өскен соң өзің іздеп тауып аларсың!»-депті. Әкесінің соңғы өсиетін Гурьев педучилищесінің 3 курсында оқитын Сара есіне қатты сақтады.

«Домбыраға қызығушылығым ерте оянды. Үнемі бір шал түсіме еніп, домбыра ұсынып тұратын»-дейді Сара Қуанышқалиқызы: «ағаштың екі жағына жіп тартып алып, өзімше домбыра жасап көргенмін». Дегенмен домбыра тартуды тек Гурьев педучилищесіне түскен кезде ғана бастаған екен. Тез алып кетті. Оқу орнында болған шаралардың бәріне қатысып, домбыра тартады.

Елуінші жылдары Нұртас Оңдасыновтың қолдауымен облыс домбырашылары үшін жиі конкурстар ұйымдастырылатын еді. «Құрманғазы мен Динаның туған өлкесінде домбырашылар көп болуы керек!»,- деп айтатын еді адал басшы. Қазіргі Құрманғазы атындағы Мәдениет үйінің жанында ол кезде үлкен Парк болатын. Әрбір ауданның домбырашылары апта сайын өз өнерлерін көрсететін. Сол кезде Атырауда «Дина Нұрпейісова атындағы домбыра оркестрі» құрылды. Оркестрге жетекшілік ету үшін Алматыдан арнайы Сейілхан Құсайновты шақыртады. 1957 жылы облыстың ең үздік өнерпаздары «Республикалық байқауға» қатысады. Ғали Есжанов, Сиғуат Жакупов, Бақыт Қарабалина, Зәмзә Ишанова сияқты домбырашылар мен Сәния Мұстафина деген қобызшы және ақын Фариза Оңғарсынова да осы байқауға барған болатын. Ол кезде облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы болған Саламат Мұқашев осы топқа жетекшілік етті. Байқау аяқталған соң дастархан жайылады. Сол дастархан басында Шара Жиенқұлованың көзі түскен екен добырашы қыз Сараға.

IMG-20180204-WA0003

Көп кешікпей Мәскеуде Қазақстанның он күндік декадасы болатыны белгілі болды. Бұл екінші рет өткелі отырған онкүндік еді. Қазақ әдебиеті мен өнерінің декадасы деп аталатын алғашқы онкүндік 1936 жылы болған болатын. Арада жиырма екі жыл уақыт өткен соң қайтадан өткелі отырған бұл үлкен шараға Қазақстан өнерпаздары қызу дайындалды. Қатысатын домбырашыларды іріктеп алу үшін Нұрғиса Тлендиевтің өзі келеді. «Нұрғиса ағаның іріктеу әдісі ерекше болатын-дейді Сара Қуанышқалиқызы,- үш адамнан кіргізеді. Өзі теріс қарап отырған күйде тыңдап, таңдайды екен домбырашыны». Делегация мүшелерін алдымен Алматыға жинап, сосын әрі қарай Москваға алып барды. Бір айта кететін жай, бұл онкүндікке Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Бердібек Соқпақбаев, Әбу Сәрсембаев, Қалибек Қуанышбаев, Бикен Римова, Нұрмұхан Жантурин, Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тлендиев, Нұрсұлу Тапалова секілді республикамыздың игі жақсылары да барған болатын.

2 ДЕКАДА В МОСКВЕ

Домбырашылар Кремльдің Колонна залында өнер көрсетті. Аяқталған соң қатысушыларды құттықтауға Никита Хрущевтің өзі келіпті. Әрбір өнерпаздардың қолын алып, ақ тілегін айтып жатырған көрінеді. Сол кезде артында тұрған бір қыз: «Мә, мына кісінің беті бұжыр екен ғой!»-деп қалыпты. Абырой болғанда ешкім естімеген екен. «Ақ көңіл, жалпылдаған кісі екен өзі»-дейді Сара Қуанышқызы Хрущевты.

84961839

Мәскеуден келген соң сабағына кіріседі. Көп кешікпей оқуын бітіріп, жұмысқа орналасады. Келесі жылы қайтадан шақырған екен Алматыға. Осы жолы анасы жібермей қойыпты. «Әйел адамның міндеті тұрмысқа шығып, жанұя құру»,-деп түсінген болатын анасы. Айтқандай, көп кешікпей Серікқали деген азаматпен шаңырақ көтереді, балалар дүниеге келді.

«Бір жылдары қатты ауырып, Теңдіктің ауруханасында түскенмін. Коридорда бір кісі танып қалып, «Қарағым, сен Сара емессің бе?»-деп сұрады. Менің әкемнің немере інісі екен. Амандық-саулық сұрап болған соң кетіп қалып, артынша көп кешікпей әкемнің басқа да туысқандарын ертіп келді. Сөйтіп, ағайын-тумаларыммен қайтадан қатынаса бастадық. Жанұям бар, өзім сабақ беремін. Егінімді орамын, шөбімді шабамын, малымды бағамын. Әйтеуір, күнде мігір таппайтынмын. Оның үстіне бірер балаларым шетінеп кетті. Отағасы ауырып, ұзақ жылдар ауруханада жатты. Соның салдарынан ағайындарыммен қатынасатын мүмкіншілігім болмай қалды»-деп қынжылып еске алады Сара апай.

...Арада талай жылдар өтті. Балалары ержетіп, үйлі-баранды болды. Тек қана көзінің сырқаты болмаса, құдайға шүкір, Сара апайдың жағдайы жақсы. Күнде тасбиығын санап, жаратушыдан балаларының тілеуін тілеп отырады. Анда-санда домбырасын алады екен қолына. Домбыра тарту өнері баларына ана сүтімен дарыпты-барлығы домбыра тарта алады, бірақ бертін келе түрлі себептермен қойып кетті.

IMG_3395

Көктем айларының бірінде қаламыздың әсем мейрамханаларының бірінде үлкен той болды. Ұл-қыздары Әсия, Марат, Ғиният, Ғизат, Разия, Фариза апамыздың сексен бес жасқа толу мерейтойын дүркіретіп атап өткен болатын. Той қонақтарының көпшілігі нағашылары екен. Күнделікті тұрмыспен жүргенде қатынаса алмаған туыстарын жинап беріпті анасына. Төркіндері келіп, апаларын құттықтап жатыр. Жанында немере-шөберелері қаумалап жүр. Сара апаның қуанышында шек жоқ. Сол тойда мен де болдым. Айтылған ақ тілекке ортақтасып, дәмінен ауыз тидім. Тойшы қауымның арасында отырып, «...ағайындарыңды өскен соң өзің тауып аларсың!»-деген әке өсиетінің орындалғанын көрдім. Апамыздың қуанышына риза болып, үйге көңілім тоқ қайтты.

IMG_1013

Бәлкім, өнер аспанында «домбырашы Сара» атты жұлдыз жанбаған болар, бірақ «ана Сара» болғанына еш күмәнім жоқ.

Қабибек Мұхитов,

Қазақстан журналистер Одағының мүшесі.