ҚОҢЫР ТӨБЕ ХИКАЯСЫ

ҚОҢЫР ТӨБЕ ХИКАЯСЫ

(Екінші тыңды бірге игерген достарға арнаймын)

 

Біз Әсеттің әнінде айтылғандай, бір ауылдың түлеп ұшқан жастары едік. Бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік. Өмір соқпағы бізді әр тарапқа жетелеп әкетті.

 

***

 

Алтын бесік ауылым Сарайшыққа барғанда, ара-тұра ауылдан үш шақырым сыртқары жатқан қоңыр төбеге соғып кетемін. Ішіне көп сырды, сартап сағынышты бүгіп жатқан қоңыр төбе мені өткеннің аяулы елестеріне жетелей жөнеледі...

 

***

 

...Сол бір жылдың күзі ұзаққа созылған шуағымен есте қалды. Қарашаның бел ортасына дейін күн сарша тамыз секілді тамылжыды да тұрды. Өзі Сарайшықтың табиғаты қай шақта да сұлу ғой, шіркін. Оның үстіне әрнеге ынтық арманшыл жүрек, жастық көңіл туған жер көркіне сүйсініп тұрары заңды емес пе.

Бұл кезде әскерден оралғаныма жыл болған. Аты облыстық, бірақ өзі Сарайшықта орын тепкен ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының мал шаруашылығы бөлімінде лаборант болып қызмет істеймін. Алайда, осы бір жұмысымды ер-азаматтар, әсіресе, өзім секілді қылшылдаған жас жігіттер үшін қолайсыздау көретінмін. Өйткені мұнда ғылыми-зерттеу жұмыстарының есебі тапсырылып біткен соң лаборанттар үшін жұмыс саябырсып, бір «өліара» шақ туатын. Сондайда мен мұндағы кабинет күзетуден ерғашты бола бастаймын. Содан өзім сұранып, малшыларға көмектесуге аттанатынмын. Малды ауылдағы сақман, қой қырқым, қой тоғыту, малшыларды көшіру, бонитировка (сырғалау), қойды ұрықтандыру, мал егу секілді жұмыстар ылғи да жұмыс қолын қажет етеді. Онда көмекке барам деген лаборантқа станция басшылары қуана-қуана қолдау білдіреді. «Малға көмектесе бер, бірақ лаборанттық жалақыңды аласың» дейді. Бұл болса, сол кездегі қомақты ақша – 110 сом! Мұнысына қалай риза болмассың. Басшы да, қосшы да риза деген осы.

Сөйтіп, екі ай көктем, үш ай жазды Егіз жайлауында өткізіп, шопан өмірінің ыстық-суығын бір маусым болса да бастан өткерген мен енді ауыл көшесімен алшаңдай басып, станция кеңсесіне беттеп келемін. Ойым ауыл басындағы сауын комплексіндегі сауыншы-малшыларға көмекке бару. Мұны өзімнен бұрын әке-шешем қалап еді. Өйткені тете ініме әскерге шақырту келген. Өзге бауырларым әлі жас, мектепке оқиды. Осындай себеппен бірер күн бұрын ауылға жетіп жығылған едім.

Станция директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Бағыт Айдашевтің кабинетінде отырмын. Бәкең көңілді. Олай болатын себебі мен келерден сәл бұрын ғана ол сауын комплексінен сәл әріректегі, өзіміз ауызекі тілде «Коровник» деп атайтын сиыр қорасына бұзау бақташысын іздеп отыр екен. Іздегенге сұраған деп, мен келе қалмасым бар ма. Сөйтіп, бас қатырған мәселе бес минутта шешілді де кетті.

Бәйтөре аға

Ендігі ұрыста не тұрыс бар! Бәкеңнің қоңыр «Уазигімен» зырылдап отырып «Коровникке» жеттік. Алдымыздан осындағы бақташылардың жетекшісі, станцияның аға сиыр бақташысы Байтөре Нұғыманов ағамыз шықты. Қысқаша амандық сұрасудан соң Бағыт аға:

- Байеке, мына балаңыз бұзау бағуға көмекке келіп тұр. Түрінің жұқалтаңдығына қарап қомсынып тұрған жоқсыз ба? Қалай дегенмен, әскерден келген жігіт қой, көңіліңізден шығады деп сенемін, - деді.

- Оны көре жатармыз, - деп Байтөре аға маған қой көздерімен күлімсірей қарады.

- Байеке, мен сізді тағы да қуантып қояйын. Бұл жігіт штат бойынша лаборант. Сондықтан бізге өзінің тиісті штатына тағы бір бақташы алуға мүмкіндік бар. Дәл қазір әскерден жігіттер топ-топ болып келіп жатыр. Олардың арасында бұрын осы жерде жұмыс жасап кеткендері де бар. Біреуі осында келмес дейсіз бе.

         - Е, бәрекелді, бопты ендеше, - деп, Байтөре ақсақал Бәкеңнің бұл сөзіне де қуанып, қалбақтап қалды.

Сөйтіп, менің сиыршы ауылдағы мазасыз күндерім басталды. Бұзау қора деп жалпылама аталғанымен, мұндағы маған бекітілген малдың басым көпшілігі баспақ екен. Арасында енесі аурудан не мертігуден өлген бұзаулар да бар. Бұларды аузына емізік кигізілген екі литрлік құтымен еміземіз. Бұл процеске сауыншы қыздар мен оларға көмекке келген лаборанттар Жібек Нұғыманова, Салтанат Әбуталиева және аға бақташы Наурызғали Дүйсенов көмектеседі. Әйтпесе, ойнақтап, жұлқынып, бірер жарым адамға әл берер түрлері жоқ. Атасы сиыр емес пе.

Жібек апа

Лаборант Жібек апай жоғарыда есімі аталған Байтөре ақсақалдың қызы еді. Өзі ақжарқын, әзілқой. Қалжыңмен қағытпаса жүре алмайды. Әсіресе, үйіне түстік асқа ертіп барғанында менің ұяң мінезімді қызық көріп, тиісе береді. Алдымдағы асымды өзімше мәдениетті болып ішіп отырғаныма іші пысып:

- Бет моншағың үзілмей, іш-же кәне! Әттең, қыз боп тумағаныңды қарашы, інілерімізге алып беріп, келін ғып жұмсап отыратын, - деп қояды тағы.

Мен қапелімде не деп жауап берерімді білмей қысылып қаламын. Әншейінде, қолыма қалам ұстағанда ойыма орала кететін сөздердің осындайда неге аузыма түспейтініне түсінбей дал боламын. Әбүйір болғанда, дәл осы сәтте Жібектің сіңлілері Ұлмаш пен Меңдіқыз және әріптес құрбым Салтанат мені азулы апамнан құтқарып, әңгіме ауанын басқа арнаға бұрып жібереді.

Мэлс

Осылайша, мен сиыршы ауылдағы өміріме және жұмысыма бой үйрете бастадым. Көп ұзамай Бағыт аға уәдесінде тұрып, тағы бір бақташыны жіберді. Оны көргенде мен қатты қуанып кеттім. Өйткені ол Сарайшық орта мектебінде бірге оқыған, тай-құлындай тебісіп өскен кластасым Мэлс (Қабипов) еді. Оның келуі әсіресе, Салтанат екеумізге жақсы болды. Бұзауларды емізу, кейбір қыңырларын жабық қораға сүйреп кіргізу кезінде сілелеп шаршайтынбыз. Ал Мэлс болса бала жасынан қарулы болатын. Бағыт аға айтқандай, екі жұқалтаңды аяды ма, ең ауыр жұмыстарды өзі еңсеріп тастайтын болды. Бұдан кейін мен Салтанатқа: «Енді сен кеңседегі жұмысыңа жүре берсеңші» дегем. Себебі ол маған жаны ашығандықтан осында жүрген еді. Алайда ол: «Кеңседе ішім пысады. Сен де жүрсің ғой осында. Жігітпін деп намысқа тырысып жүргеніңді білемін. Бірақ нәзіктігің менің ар жақ-бер жағымда шыны керек. Қуып жібермесеңдер осында жүре берейінші» деді.

Расын айтсам, Салтанаттың бұл сөздері жанымды толқытып жіберді. «Неткен қамқор көңілді дос еді!» деп іштей қатты тебірендім.

Бұзау қорадағы жұмыс таңғы сағат жетіде басталатын. Мэлс екеуміз үш шақырым жердегі ауылдан таңғы алтыда жаяулап шығып кетеміз. Қораға келісімен ашық ауладағы астауларға салынған, исі бұрқыраған көк шөпке бұзау-баспақтарымызды жібереміз. Шөпті алдыңғы күні, кеш бата салып қоятынбыз. Бұзаулар шөпке бас қойған сәтте жабық қораның астын тазалауға кірісеміз. Екі кісілік зембілге қайла күрекпен толтырыла салынған жапаны мігір таппай қимылдағанның өзінде кәміл үш сағат тасимыз. Екеуміз ақылдаса келе Салтанатты сәл кешірек келуге көндіргенбіз. Әйтпесе желтоқсанның ызғары мен қаңтардың сақылдаған сары аязында қыз балаға үш шақырым жерден таң атпай дірдектеп жолға шығу оңай болып па.

Бұдан әрі 35 бас жәудір көздерге құрама жем беріп, емізетінін емізіп болғанша, сырттан трактор гүрілі естіледі. Бұл бес тонналық дәу цистернаны көк «Белорусымен» сүйреп, бұзауға су әкеліп тұрған тракторшы қыз Қапиза (Шұғайыпова) еді. Ол трактор кабинасынан ор қоянша орғып түседі де, сыртына мұз қатқан ауыр шланганы науаға көз ілеспес шапшаңдықпен тастап жіберіп, нәп-нәзік қолдарымен цистернаның бұрандасын ағытады. Мөп-мөлдір су лақылдай атылып, науалардың бірінен соң бірін толтырады. Осы кезде біз де бұзауларымызды босатамыз. Жалпы, сиыр деген жарықтық табиғатында қыңыр мал ғой. Суға қанғаннан кейін бұларды қораға кіргізу бір әлек. Айқайдан тамағымыз қарлығып, қуалап жүріп, әупіріммен кіргіземіз-ай! Осы кезде түскі астың да мезгілі болып қалады. Тағы да сол Ұлмаштың күрең шайы мен қызыл қуырдағына бас қоямыз. Менің аузым аста болғанымен, көңілім басқада болатын. Өйткені Жібек апамыздың үйге келген газет-журналдарды өте ұқыптылықпен тігіп, қабырғаға іліп қоятын әдеті бар еді. Бәлкім, үйлері кішкентай, бөлмелері шағын болған соң да сөйтетін шығар. Тек «Жұлдыз» бен «Жалынды» ғана тікпейтін. Шай іше отырып, мен төрде ілулі тұрған «Мәдениет және тұрмысқа» көзімді сатып, қарай беремін. Өйткені тігіндінің арасында журналдың жаңа нөмірі және бұрынғыларының ішінде де толық оқып үлгермегендерім бар еді. Менің бұл халімді көңілі сұңғыла Жібек апам байқап қалады да:

- Мына бала ертең жазушы болады. Өзі үндемегенімен, мақаланы да жазып, малды да бағып, бар шаруаны тындырып жүреді, - деп менің төбемді көкке жеткізіп тастайды.

Апамыздың бұлай деуінің мәнісі – мен қат-қабат жұмыстардың арасында уақыт тауып, комплекстегі сауыншы, бақташы, механизаторлармен сұхбаттасып, аудандық газетке малды ауылдың өмірінен әр түрлі жанрдағы материалдар жазып тұратын едім. Оларым еш кідіріссіз газетте жарық көріп жатады. Ауылға почта күн құрғатпай келеді. Және ауыл іргесіндегі   «Коровникке» де лезде жетеді. Ұзын саны отыз шақты газет-журналдардың ішінде аудандық «Жайық Шұғыласы» газеті де жүреді. Бетін күн қақтаған, жел сүйген жалынды комсомол достарым ондағы өздері жайлы очерк, суреттемелерді оқып, мәз болады.

Осы сәтте әңгімеге араласқан Бәйтөре ағамыз:

- Балам, талабыңа нұр жаусын! Егер Тәңір жазып, жазушы болсаң мына бір нәрсені жадыңда ұстағайсың. Осы Сарайшықтан кешегі қан майданға он сегіз бен елудің арасындағы азаматтар түгелге жуық аттандық. Солардың басым бөлігі қайта оралған жоқ. Осылардың өлісі мен тірісінің ерлігі жайлы жазуды ұмытпассың. Саған бір аталық аманатым осы. Ал енді әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер демекші, шаруамызға шығайық. Ас қайырлы болсын, - деп дастархан басындағы әңгімені тәмамдады.

Түс қайтқан уақытта да қора басында қарбалас жұмыстар жетіп-артылатын. Бізді бірде құрама жем, бірде шөп тиеген машина тосып тұрады. Күн суытқан сайын малға жем-шөп шақ келмейді. Сондықтан қора басына мал азығы жиі тасымалданады. Оны қолмен тасып, түсіріп алуымыз керек. Бұл да оңай жұмыс емес. Әсіресе, әр қабы елу килограмм тартатын құрама жемді тасып алу діңкелетіп жібереді. Мэлс Салтанат екеумізге жемнің бір жағын ұстатып, өзі екінші жағын ұстайды. Ең соңында бес-алты қап қалғанда бізді қоярда-қоймай демалуға көндіріп, қалғанын өзі тасып бітіреді. Қайран адал досым-ай!

Жемді тасып болып, сәл демалып отырғанымызда сырттан тағы да трактор гүрілі естіледі. Біз жүгіре шығамыз. Бұл бұзауларға ыстық көже әкеліп тұрған тракторшы қарындас Райхан Махамбетова болатын. Бір ғажабы, ол кезде бұзауларға көже берілетін. Райхан да тура Қапиза секілді нәп-нәзік саусақтарымен цистернаның бұрандасын ағытып жібергенде ып-ыстық көже науаларға лақылдай құйылады. Бұзау-баспақтарымыз тыңқия тойып алып, ойнаққа басады. Тағы да қуалап жүріп, жабық қораға қамаймыз да, ашық ауланың сабанын жинап, астауларға толтырып шөп саламыз. Бұл бұзаулардың ереңгі азығы.

Міне, малды ауылдағы бұзаушының бір күні осылай өтетін. Бұл күн сайын қайталана беретін үздіксіз еңбек вахтасы десе болады. Мұнда демалыс күн деген жоқ. Өйткені бұл мал шаруашылығы ғой.

Осындай еңбек күнін аяқтап, ауылға қарай аяңдап бара жататын қызыл арайлы кештер қандай аяулы еді! Жаспыз ғой, күні бойғы шаршағанымызды ұмытып кететін едік. Жолда әңгіме айтып, әнге басамыз:

 

Комсомолдар жас қайраты елімнің,

Коммунизм Туын көкке шырқаға

Маңдайынан көрем қолын Лениннің,

 «Өс ұрпағым!» деп әкемдей сипаған.

 

Алға комсомол – Туың қолыңда!

Алға комсомол – Жеңіс жолында!..

 

Әніміз асқақтап, әңгімеміз қызған сайын ауылдың шамдары да жақындай түседі. Ауылдың түнгі оттары біз үшін алдымыздан тосқан арман мен үміт сәулесі секілді көрінетін...

...Уақыттан жүйрік не бар? Қаһарлы қыс та өтіп, керімсал көктем келді. Күн жылынғалы жұмысымыз сәл жеңілдей түсті. Бұзауларды өріске шығарып келетін болдық. Бұл кезде Салтанат кеңседегі жұмысына қайтып оралған еді. Қорада Мэлс екеуміз қалғанбыз. 

Бір күні кезекті жұмыстан оралсам, үйде селолық кеңестің сол кездегі хатшысы Ғайнолла Тайыров ағам отыр екен. Ол: «-Тарасжан, мен бүгін Махамбеттен аудандық газеттің редакторы Сайлаубай Тәжбентаевты жолықтырдым. Сені сұрады және өзіне келіп кетсінші деді. Шамасы, жұмысқа шақырайын деп тұрған сияқты» деп мен үшін тосын әрі қуанышты хабарды жеткізді.

Бұл хабарға сенер-сенбесімді білмеген мен сол күні жұмыстан сұранып, ертесіне аудан орталығына жеттім. Редактордың алдына барғанша жүрегім аузыма тығылды.

Редактор бөлмесінде жалғыз емес екен. Қарсысында отырған сылыңғыр қара жігітті бірден таныдым. Біздің ауылға жиі іс-сапармен келіп жүретін Қадыржан Сабыров. Ол есіктен менің қазандай басымды көрген бойда:

- Әй, мынау Наурызалиев қой, осы Сәке сізге айтқан жігітім, - деді редакторға қарап. Сәкең:

- Ә-ә, айналайын, кел-кел! - деп, орындықты нұсқады. Менің жүрегім бекер толқыпты. Редактор сондай бір ақсары жүзінен мейірім шуағы төгілген ғажап адам екен. Аз-кем амандық сұрасқан соң жұмысқа алғылары келетінін айтты.

- Қолымнан келер ме екен, - дедім мен дауысымның дірілін баса алмай.

- Егер анау «Тракторшы қарындас», «Еңбек майданындағы егіз құрбы» секілді очерктерді жазған сен болсаң, онда қолыңнан келеді деп ойлап отырмын. Қалғаны өзіңнің ынтаңа, талантыңа сын, - деп бір-ақ қайырды Сәкең. Бұл сөз маған қанат бітірді де:

- Нәртәуекел, аға, істеймін!» - дедім.

Сөйтіп, мен бір күнде аудандық газеттің тілшісі болып шыға келдім.

Ертесі күні станция кеңсесінде Бағыт аға бастап, лаборант әріптестерім қостап, бәрі маған сәт сапар тілеп, ақ тілектерін жаудырды. Менің қызмет өзгерткенімді естіген Мэлс те малды бірер сағатқа Байтөре ағаға қалдырып, алып-ұшып жеткен екен. Табиғатына біткен ақ көңілдікпен, шын жүректен құттықтап жатса да, Мэлстің жүзінен бір қимастық сезімді байқадым. Ол заңды да еді.

Ал Салтанат болса: «Сен өз орныңды енді таптың. Сенің денсаулығың үшін алаңдайтын едім. Тілші де далаға көп шығады ғой. Күтініп жүр, жарай ма?» деп қашанғы қамқор көңілін білдірді.

Осылайша, мен сол кезде екінші тың деп аталған мал шаруашылығында тізе қоса еңбек еткен достармен қоштастым. Шындығында мүлдем қоштасқан да жоқпын, енді солар туралы жазатын болып, тілшілік мандат алдым. Өйткені менің еңбек кітапшама қызыға көз тіккен редактор мені әп дегеннен газеттің ауыл шаруашылығы бөліміне тілші қылып алған еді. Мен арман баспалдағын осылай қарапайым еңбек арқылы басып едім. Өмір және еңбек жолымда мұның көп пайдасы тиді. Сол үшін де мен мал шаруашылығында бірге еңбек еткен сол әріптестерімнің алдында бас иемін. Олар әрқашан менің жүрегімде.

Бүгінде сол бір аяулы жандардың арасынан Байтөре ағамыз бен зайыбы Қамария апамыз бақилық болған. Олардың қыздары, менің әзілқой, ақ жарқын апам Жібек те бұл фәниде жоқ. Ол өмірден ата-анасынан да бұрын, өте ерте кетті. Имандары саламат болғай.

Ал Мэлс бауырым болса бүгінде Сарайшықтағы Махамбет көпбейінді ауыл шаруашылығы колледжінде жұмыс істейді. Талшын есімді тамаша қызға үйленіп, бүгінде екеуі өнегелі отбасының отағасы мен отанасы болып отыр. Айтпақшы, Талшын менің «Иманжүзді келіншек» атты новелламның кейіпкері. Сондағы Баршынның прототипі Талшын.

Ал Жібектің сіңлісі Ұлмаш өзіміздің ауылдың Нұралы есімді азаматымен шаңырақ көтеріп, екеуі ұрпақтарымен бірге бақуатты өмір сүруде. Қамқор көңілді Салтанат досым бүгінде Сарайшықпен қоңсы қонған Бейбарыс ауылында тұрады. Отағасы Сайфолла екеуі өнегелі ұрпақтар өсіріп, сол ауылда аман-сау тұрып жатыр.

Бағыт ағамыз бүгінде ғылым, педагогика, агробизнес салаларында сан түрлі жауапты қызметтердің тізгінін ұстап жүр. Үлкен ізденістің нәтижесінде ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаттығын да қорғады. Асыл жары, марқұм Әлия апай екеуі өнегелі ұрпақтар тәрбиелеп, өсірді.

Міне, осыдан отыз екі жыл бұрын осындай жайсаң жандармен ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп едім. Бүгінде біздің ақ тер-көк тер еңбегімізге, жарқын қолтаңбамызға, достық көңілімізге, қуанышты күлкімізге куә болған сауын комплексі мен бұзау қораның ізі де жоқ. Оның орнында әуелі үйіндіге, кейін топыраққа айналған кішкентай қоңыр төбе жатыр. Әңгімемнің басында айтылғандай, мені өткеннің тәтті елестеріне жетелей жөнелетін қоңыр төбенің хикаясы осы еді.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ

Атырау.