КӨҢІЛГЕ КӨП ОЙ САЛҒАН - «ҚОШ, ГҮЛСАРЫ!»

КӨҢІЛГЕ КӨП ОЙ САЛҒАН - «ҚОШ, ГҮЛСАРЫ!»

Қырғыз бен қазаққа ортақ, әрі адамзаттың Айтматовы атанған Шыңғыс ағаның шығармалары сонау туған жер қырқасында қалған бала күндерден-ақ жүрегімізді тербеп, ерекше бір сәулелі сезімдерге бөлейтін еді. Күллі қазақ оқырманы өз жазушымыз деп таныған қаламгердің туындылары сол кезде біздің рухани тәрбиешіміз болды десек артық емес. Кітап сүйер қалың қауымның сүйіспеншілігін былай қойғанда, оның «Жәмила», «Қызыл орамалды шырайлым менің», «Қош, Гүлсары» атты повестерінің әсерімен композитор Илья Жақанов «Жәмиланың әні», «Даниярдың әні», «Әселім», «Бибіжан» атты әндерді жазғаны да белгілі. Осының ішіндегі «Бибіжан» әні «Қош, Гүлсары» повесінің әсерімен жазылған еді. Мұның бәрі Айтматов шығармаларына деген халық махаббатының көрінісі.

Осыдан бірнеше жыл бұрын осы аталған туындының желісімен жаңа кинофильм түсірілгені белгілі. Менің бұл әңгімемнің арқауы осы туынды туралы болмақ.

Фильмнің қазақша нұсқасы қырғыз бен қазақтың ортақ атамекені - Алатау бөктерінде түсірілді. Режиссері Ардақ Әмірқұлов. Оқырмандарға түсінікті болу үшін айта кетейік, бұл туындыны сонау жетпісінші жылы Сергей Урусев түсірген «Жорғаның қашуы» атты фильммен шатастырмау керек. Иә, ол да «Қош, Гүлсарының» желісімен түсірілген еді. Ал, Ардақ Әмірқұлов, өзінің айтуынша, бұл туындыға Сергей секілді поэтикалық емес, романтикалық реализм тұрғысынан келген.

Сонымен, міне, кинотеатр экранынан бала кезден қолдан тастамаған кітаптағы сүйікті кейіпкерлерім көрінді. Кино тура кітаптағыдай басталды. «Жол үстінде екеу. Бірі қарт адам, екіншісі кәрі ат» деуші еді ғой Шыңғыс аға. Міне, сол қарт адам енді экранда, тура қарсы алдымнан шыға келді. Мына қызықты қараңыз – «Отырардың күйреуі» фильмінде кімнің тарысы болса, соның тауығы болуға дайын қу, жылпос, «Сардар» фильмінде шектен шыққан жауыз жоңғар болып ойнайтын қырғыз бауырымыз Доғдырбек Қыдыралиев бұл фильмде адал да, аңқау, ер мінезді жылқышы, әрі коммунизм идеяларына балаша сенген коммунист Танабай бейнесінде көрінді. Киноның өнер екенін, актер таланты бірыңғай жағымды немесе жағымсыз кейіпкерге байлаулы емес екендігін біле тұрсам да, мен бұған әуелі қайран қала қарағанымды жасыра алмаймын.

Енді фильмнен түйген ойымды айтайын. Шынымды айтсам, Танабай бейнесінен (айтпақшы, Танабайдың прототипі Шыңғыстың әкесі Төреқұлдың туған інісі Керімбек екенін оқырман қаперіне бере кетелік – Т.Н.) мен бүгінде көптеген қазақ жігіттері (соның ішінде өзім де бармын) жоғалтып алған қасиеттерді көрдім. Бір замандардағы қазақ пен қырғыз жігіттеріне тән иманды, адал, ақ көңіл, дархан болмыс, отты жүрек, рух қуаты, жылқыға деген махаббат, осының бәрі қарапайым жылқышы Танабайдың бойынан табылады. Тыз етпе, ашушаң мінезі болғанымен, арғы жағы жұмсақ адам. Жақсы көрген адамын өкпеге қиса да, өлімге қия алмас нағыз қазақ-қырғыздың өзі. Жан досы Шораның өлімі тұсында бұл мінезі анық көрінеді. Фильм көріністерінің дәл осы тұсында мен көзіме келіп қалған жасты ірке алмадым. Дәл қасымда отырған бір топ көрермен – жап-жас қыздар да дәл осындай халді бастан кешіп отырды. Мен оларға сезімталдықтары үшін риза болдым. Иә, өзін партия жиналысында «қорғай» алмағаны үшін жан досы Шораға өкпелеп, артына қайырылмай кетіп, енді оның ақырғы демі үзілер сәтте жанында бола алмаған Танабайдың өкініші мен қайғысы бүкіл залдағы көрерменнің көкірегіне көшкендей аһ ұрғызған күрсіністі сәт болды бұл. Иә, Танабай ашуға ерік берді. Қиюы кеткен қыстақта алты ай қыс ит қорлықты көрген оның ашуланбайтын жөні де жоқ еді. Шындығында, бұл оның Шораға емес, фильмде өзі айтқандай, «бастықтардың кө...н жалаудан өзгені білмейтін, еркек емес, май көтен «қатындарға» деген ызасы болатын. Танабайдың аузынан шыққан осы бір сөздер мен оның тосын іс-әрекеті (колхоз төрағасын сабауы) тура өмірдің өзіндегідей, ешқандай жасандылықтан ада, табиғи түрде көрініс табады. Бұл режиссерлердің де, актерлердің де ірі ұтысы деген пікірдемін.

Танабай1

Осы тұста мені тағы бір қайран қалдырған жайт – бір кезде өзіміздің бала кезімізден бергі сүйікті кейіпкеріміз, тентек Қожаны сомдаған Нұрлан Санжардың (Сегізбаев) енді ауру қажытқан, дімкәс Шора бейнесінде көрінуі. Бір кездегі Қожаға мүлдем ұқсамайтын, жасы алпысты еңсерген Қожа-Нұрлан жаңа фильмде де мені үлкен әсерге бөледі. Бұл әсер оның аянышты өліміне ғана қатысты емес. Оқиғалардың бұл тұсында сол кездегі қоғамға коммунизм идеясы сіңіріп тастаған теңдестіру саясатының ұшығы көрініп қалады. Бұл саясат Танабайдың да санасына сіңген. Адамның жеке тұлға ретіндегі болмысы, табиғаты, мінезі әр түрлі болатынын, оған кешіріммен қарау керектігін, адамдарды бір қалыпқа салуға болмайтынын Танабай ескеріп жатпады. Мұның ақыры орыны толмас өкінішке ұластырды. Бұл тоталитарлық режимнің трагедиясы. Айналып келгенде, бәрібір Шора оның жүрегінде аяулы күйінде қалды. Ендеше, оны ғайбаттап, жүрегін жараламауы керек еді. Қырғыз бен қазақ қоғамынан әлі күнге дейін ажырамай келе жатқан осы кемшілікті фильм авторлары өте әсерлі көрсеткен.

Шора

Ал, сценарист-жазушы ретінде кино әлемінен алыс кетпесе де,  «Менің атым Қожа» фильмінен соң актер ретінде киноға түспеген Нұрлан Санжардың арада елу жыл өткен соң көрерменмен қайта қауышуы басқаны қайдам, мен үшін зор қуаныш болды.

Танабайдың жан жары Жайдарды бейнелеген белгілі киножұлдыз Райхан Айтқожанова да, Бибіжан рөліндегі жас актриса Жанел Мақажанова да өздеріне сеніп тапсырылған кейіпкерлер образын сәтті сомдаған. Егер сонау соғыстан кейінгі ауыр жылдардағы қазақ әйелі, соның ішінде қойшының әйелі қандай болған деген сұрақ бола қалса, міне, осындай болды деп екеуін ұялмай көрсетуге болады дер едім. Шынында да, Жайдар ерінің бойындағы ағаттық пен шалыс қадамдарды түзетіп, сырт көзден жасырып, әрі қырғыз бен қазақ әйеліне тән кең пейілмен кешіріп те отыратын бір періште болмысты жан. Малшы өмірінің адам төзгісіз қиындығы нәзік белін қайыстырса да қыңқ деп наразылық білдірмейді. Бүгінде көптеген қазақ әйелдерінің бойынан осындай қасиеттердің көрінбейтіні ойға оралып, фильмнің осы тұсында қатты толқыдық. Әрине, малды ауылдың мұндай қиямет-қайым тірлігін кез-келген ауыл баласы күні кешеге дейін көріп келгенін де жоққа шығаруға болмас. Оған да қазақ пен қырғыз ғана шыдайтын шығар, сірә.

Бибіжан

Ал, Бибіжан бейнесі ше? Қазақ пен қырғыз қызына тән мінезбен абыройын ойлап, Танабайға есікті ашқысы келмегенімен, оны жаңбыр астында тағы жауратып тастай алмады. Аяп, үйіне қондырды. Сол үшін өсектің қызыл шоғына күйді. Қайта оны түсінген адамдар болды. Олар тағы да сол Танабай мен «күндесі» Жайдар еді. Бибіжанға қанша ғашық болса да, Танабай ар-ожданнан аттаған жоқ. Осы бір жүрек түкпірінде қалған адал махаббат неткен аяулы?! Осындайда:

-Махаббатты үйлену деп ойлайды,

Шын ғашықтың сырын білмес сорлылар,-

-деп келетін белгілі ән есіңе түседі. Ал, Илья Жақанов Танабайдың Бибіжанға деген асыл махаббатын:

-Ай тусын деші қорғалап,

Тауларды тербеп құс үні сорғалап.

Биібіжан саған жетейін,

Гүлсары атым астымда жорғалап.

 

А-а-а-ай, Бибіжан,

Барады сәулем күйіп жан,

Барады сәулем күйіп жан,

Бибіжан!

 

Жұпарың дала гүліндей,

Лебізің тәтті бұлбұлдың үніндей.

Аққан бір жұлдыз секілді,

Өтеді дәурен Бибіжан білінбей...

 

-деп әнге қосты. Қандай ғажап! Бұл да фильмнен болмаса да, осы аттас повестен алынған әсерден туған дүние.

Фильмдегі лирикалық шегіністердің өзара байланысы көрерменге өте түсінікті. Өйткені сюжеттердің көбі кәрі атты жетектеп келе жатқан қарт Танабайдың өткен өмірін еске алған ойлары болып алма-кезек жалғаса береді. Туындының өн бойында қазақ пен қырғыздың жүрегіне ыстық көріністер көп. Кезінде бабаларымыздың киелі баспанасы болған, бүгінде біртіндеп, экзотикаға айналып, ұмытылып бара жатқан киіз үй мен тоқал тамдар, сары жайлауды дүбірге бөлеп, дүркірей қашқан қалың жылқы, апайтөс, сом білек, ақырған жүректі жігіттер... Бір сөбен айтқанда, осы туынды арқылы фильм авторлары ұлттық рухымыз бен намысымызды оятқысы келгендей көрінді маған.

Әрине, фильмнен алған әсер шексіз. Оны айта беруге тілім де, қалам қарымым мен талантым да жетер емес. Қорыта айтқанда, бұл фильм менің кешегі ата-бабама, бір туған қырғыз халқына деген махаббатымды күшейте түсті. Таяуда ұлт қамына жаны ауыратын бір қаламдас ағамыз әңгіме үстінде «егер қырғыз деген ел болмаса, біз қазақ халқы жетімнің халін кешер едік» деп қалды. Түсіне білген адамға бұл сөзде көп сыр жатыр. Шынында да, түрік тектес халықтар арасында бізге қырғыздан жақын кім бар? Олардағы адам есімдері, айтатын әндері, ақындар айтысы, тілінің ұқсастығы, тіпті, киіз үйлері мен ұлттық киімдеріне қарап отырып қазақтан айырма таппайсың.

Бір сөзбен айтқанда, «Қош, Гүлсары» фильмі осындай егіз қозы секілді екі елдің ұлттық мақтанышы боларлық баға жетпес құндылық дегіміз келеді.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Атырау қаласы