ҚҰБЫЛАДАН СОҚҚАН ҚЫЗЫЛ ЖЕЛ…

ҚҰБЫЛАДАН СОҚҚАН ҚЫЗЫЛ ЖЕЛ…

 Светқали Нұржанның «Таңның лағыл жұлдызы» жыр кітабы хақында

         Бала кезімізде қора маңындағы таудай боп үйілген, мал тұяғымен нығыздалған қасат қар құрымай, көктем шыға қоймас деп уайымдайтынбыз. Бірақ оның да зауалы бар екен. Құдай-Тағаланың құбыладан соғар қызыл желі бір түн гулегенде, таңертең әлгі домбайлап үйген маядай жал-жал қарыңыз тас-талқан боп тесіліп, қызыл су боп жосылып, жер қарайып қалғанын көрер едіңіз.

         Осы орайда, Светқали өнернамасын құбыладан соғар қызыл желге шендестіруімнің де өзіндік мәні бар. Оның өлең-жырлары, дастандары отарлаушылардың қасақана сүмірейте құрастырған, тарлан тарихымыздың жұрнағы да қалмаған жалған жылнамаларын, дүбәра дәйектерін, бұралқы бұрмалауларын ойран қылып, бағзыдан бері санада сартап болған ақиқи шындықтың шие байланған түйінін тарқатуымен келеді.

         Светқалидың осындай қауіпті әрі топандай тұңғиық тақырыптарға қалам тартуына не себеп болды? Үй арасындағы бозбалашылығын, қой үркіткенін, ашық-машық назын өлеңге айналдырып, бұйырған несібе, марапатын теріп жеп, неге алаңсыз жүре бермеді?

         Міне, гәп осы жерде! Маңғыстау өлкесіндегі патша өкіметінің қанды қырғынын, Кеңес империясының одан да асып түскен жауыздығын, ақ бесігі тербеусіз, адамы жерлеусіз қалған ашаршылық нәубетін, халық ішінен жау іздеген тамұқ құзғындары қобызын тартып, екі көзі шоқтай жайнап, жанығып шыға келгенін, осы қан-қасаптан Адай жұртының 80 пайызы опат болғанын дарынды ақын жастайынан салуалы әрі сақ шалдардың сыбырынан естіп өсті.

         Иә, шерлі шайыр кеңес өкіметінің цензурасынан да қорықпай, 1980 жылдардан бастап, осы зұлматты жырға қосып, зар илеумен келеді.

Айтты ақыры ...

Айтты шындық...

Соңырақ.

Шайқалғанын бізде сансыз шаңырақ.

Қолдарынан мал кеткесін маңырап,

Соңдарынан ел кеткесін аңырап,

Баба мекен қалады екен қаңырап.

 

Күн қарапты қанды көзбен қастанып,

Қашқан сонда шұбырынды аш халық.

Соңдарында – ажал құсқан көп мылтық,

Алдарында – қазған аран-тас табыт.

Сәби қалса қара тасты жастанып,

Көк шыбындар той жасапты мастанып.

 

Ата жұрттан жеті жұт кеп қашырып,

Семген көзді құмның қолы жасырып.

Ана қалған сүйектері шашылып,

Дана қалған иектері ашылып.

 

Жерімізде мола көп-ті сондықтан,

Дөңімізде оба көп-ті сондықтан.

…Тән тоқтығы жан аштығын сездірмей,

Ындын-құрдым тоймайтыны сондықтан.

Жадыларды, дуагерді енді ұққам,

Жаны зарлы куәгерді жер жұтқан.

...Балбалдардың көздерінен аққан жас

Көзелерін жуады енді қорлықтан...

         Қандай трагедиялық сурет! Осы өлеңдегі жон арқаңды шымырлатар жойқын сұмдықтар әлі күнге төбеңде тербелген дардың жібіндей шошытады. Ақын ширыққан тұстарында миға шабатын, қан қыздыратын сиқырлы сөздерді дестелеп төгіп, жал-құйрығын желбіретіп, ұйытқытып келеді де, оқырман азуы шықырлай бастағанда «Не деген бейқам едік, осындай қасіретті де ұмыттық-ау!», – дегендей, ентігін басып, саябыр таптырып, аяң-бүлкілге түседі.

Терең сай ішінде үркер жұлдызындай шоқталып, қызыл жақұттай жарқыраған бүлдіргендей осы жырларда небір кестелі кескіндер, торқалы теңеулер қылаң беріп отырады. Боз биенің сүтіне, қойдың майына иленген, қыл қосып құйылған, көне қорғанның берік қыш кірпішіндей сәнімен өрілген Светқалидың әр өлеңі оқырман санасында осындай бедер, өрнектерімен мөрленіп қалады.

Светқалидың 40 жылдай жолбасшы жұлдызы болған, арда басы дулығаға сыймаған ақылман, марқұм Әбіш Кекілбайұлы ағамыз бір жазбасында былай деген еді: «Құдай тау-тағын хан үйік қып құрған, жөргегі майса болған мына Светқали Айт-Ман інім. Бауырына алған анамыздың көкірегі жан баласына бітпейтін талай асыл сырды бойына дарытқан. Жас та болса, ақылды, шежірені көп біледі. Ат жалында өскен. Жылқыдан үйренген, қашып бара жатырған құланнан, киіктен үйренген. Көп кісінің аузы түгіл көңіліне, сезіміне, қиялына оралмайтын қиямпұрыс өлеңдерді де жаза алады. Арғы-бергі жыраулардың бүкіл жырларын жатқа біледі. Ел аңсаған сырлар мен ойларды ортаға салудан артық еңбек болмайды. Сондықтан Светқали інім уақыт өлтіретін әлеуметтік шаруалардың бәрін жиып қойып, Құдайдың тапсырмасына, яғни жазу станогына мықтап тұрып шегеленіп отыруы керек деп ойлаймын».

         Иә, иманды болғыр Әбіш ағамыз мың-миллион шаруасына қарамай артындағы інісінің аяқ алысын бақылап, бағалап, бейіл бере жүреді екен-ау! Бір қарағанда, Маңғыстау – ғарыштағы аңылжыған қазыналы материк сияқты әрі дана қариядай таупиықты, мәңгілікпен үндестік тапқан сиқырлы мекен. Светқали дақпыртынан дала тербелген небір әулиелер, көзсіз батырлар, жеті атасынан бері дәулетке шолпыған шоралар, сақи бағыландар ойнақ салған атырапта, құла түзде түнерген құлпытастар мен мелшиген балбалдар, тып-типыл боп кеткен шаһарлар мен көне бекіністер, атам заманғы кәрі үңгірлер, құлазыған жұрттар, құлаған қорғандар, ойылып ортасына түскен боз бейіттер қаптаған самиян далада дүниеге келді. Осындай өлкеде жаралған адамның батыр һәм ақын, жырау немесе ойшыл болмауы мүмкін емес.

         Зерделі жас Доспамбет, Қазтуған, Жиембет, Шалгиіз, Абыл, Махамбет, Қалнияз, Бала Ораз, Әбубәкір, Қубала, Нұрым, Қашаған, Ақтан, Түмен, Елібай, Сүгір, Өмір, Аралбай, Шәдіман, Мұрат, Шамығұл, Көшен, Құмар, Жанжігіт, Нұрнияз, Бәшен, Алым, Самалай, Мұрын, Насихат, Сәттіғұл, тағы басқа ақын-жыршы, күйші-шежірешілердің ақдария толғауларын жаттап өсті, үлкендерден, таңдайынан жарылған шешендерден үкілі сөз терді. Көкірегі даңғыл қариялар «Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады» деп тегінен-тегін айтты деймісің!

         Сөз арасында қозғай кетейік, қасқырдың бір ерекшелігі – бір ізі бір ізін дәл басады. Бес қасқыр болсын, елу қасқыр болсын бір ізбен жүреді. Бұл сырды білмейтін адам бір қасқыр екен деп ойлап қалады. Бір қарағанда, Светқали маған Ноғайлы дәуірінің жыр дүлейлерінің, Адайдың жеті қайқысының, зар заман ақындарының соңдарынан жазбай жортып келе жатқан көкшуландай елестейді. Бұл менің ғана ойым емес, шындығы осы!

         Айтпаса сөздің атасы өледі, Айт-Манның бүгінгі қазақ әдебиетінде көсемдік поэзияның егінін еккенін мойындайтын кез жетті.

Бала кезінде жазған басқа өлеңдерін қайдам, 1980 жылы, яғни 18 жасында туған «Құдай туралы жыр» деген дүниесі жұртты дір еткізді.

Күлші, Құдай!

Саған Күн мен Ай құштар,

Ай, Күнге де тор-тұзағын жайды іштар.

Бір-бір құдай санап жүрген өздерін,

А, Құдай-лап өліп кетсін байғұстар.

 

Сөйлемегін жердегі бар не тілде,

Бір рет күл, жоқ болып кет, өкінбе.

Сен күлгенде өлмей қалған адамдар,

Өмір сүрсін сорлы Жердің бетінде!

Бірде қауып, бірде тауып айтатын ақын ойын да түсінуге болады, бір сәтке ғана Құдай бейнесі көрініп, ол күркірей күлгенде күнәһарлардың жүрегі жарылып, қаны қатып, денесі қара талаққа айналып, Жер бетінде тек мейірбан, ізгі жандар ғана өмір сүрсе екен деп қиялдайды.

Осылай, көзін тұмшалаған томағасын жұлып алғанда, кеңістікке зарыға қараған қантүбіт қырандай, жас Светқали он сегіз мың ғаламның Ұлы Иесіне тайсалмай өлең арнады. Менің ұғымымда, нағыз жүрегіне жүн біткен жалаңтөс болмаса, Құдайға жыр арнап, наз айту ми жетер нәрсе емес. Бірақ айтпасқа болды ма? «Қайттым райдан, қорықтым Құдайдан» дейтіндер аз еді ғой біздің заманда. Тәңір алдына бармай теңдік бермейтін тирандар мың сан... Қолда билік тұрғанда «мені көкте Құдай, жерде құмай ала алмайды» деп шіренгендер де тақ толы еді-ау!

1980 жылдардың басында алабұртқан жас ақын Айт-Ман ҚазМУ-ге оқуға түсіп, таңға дейін қызыл өңеш боп ән шырқап, өлең оқып жататын студент жатақханасына топ ете қалды. Әскерге жаңа келгендерді әр ротаға бөлгенде «ішінде қазақ бар ма екен?» деп іздейтініміз сияқты «жаңа түскендердің арасында ақындар бар ма екен?» – деп сұраушылар да табылды. ҚазМУ-дің басқа факультеттерін қайдам, журфак пен филфак етене болғасын ба, арадағы хабар да тез тарайтын. Екі арада делдалдыққа жүретін жылпостардың біреуі: «Ойбай, айта көрме, бұрын-соңды болмаған бір дүлей ақын түсті биыл филфакқа, аты Светқали», – деді. 

Мұндай есімді бірінші рет естігендер «аты да керім екен сабаздың» деп таңырқап жатты. «Жақсыда жаттық жоқ» дегендей көп ұзамай таныстық. Жантөриндік көзқарасқа келіңкірейтін, ойға, сырға бай қысыңқы көзді, жазық қабақ, көсем маңдай, буыршынның басындағы күзелмеген будақ-будақ шудасындай бұрқыраған бұйра шашты, ешкінің асығындай науша жігіт екен.

Манағы хабаршы жігіттің айтса, айтқанындай, өзі шілдей, сөзі мірдей қағылез ақын өлең оқығанда тіпті аруақтанып кетеді екен. Сынған жеріңді қазының майымен сылағандай, сындарлы, ойлы жырлары жанымызға жағып, сүйсіне тыңдадық. Сол, сол-ақ екен, жақсы сөз жерде жата ма, Светқалидың айдарынан жел есіп жүре берді... Иә, сол бір студенттік жылдар өзеннің саяз жерінде ойнаққа шыққан ордалы балықтай сезіміңді шолп еткізер ғажайып кезең еді.

Ақырын аяңдап 1986 жыл келді. Желтоқсан көтерілісі кезінде басына қазақы бөрік киіп жүрген Светқалиды Алматыдағы шенді нойыстар мен қаптаған орыстар бөрі көргендей қуалады. Көтеріліс басылғаннан кейін де талай рет майып бола жаздады. Тіпті, СОКП-ның съезінде де папахасын шешпеген шешен бишісі Махмұд Эсембаев сияқты, не құқайды көрсе де Светқали қазақы бөркін басынан тастаған жоқ.

Иә, көңге түскен шоқты көмсең де сөнбейді екен. Баяғы шалдардан естіген сұмдығы былай қалып, өз көзімен көрген империяның мына зұлымдығы жас ақынды шиыршық аттырды. Көзінің оты азайып, уыты көбейді. Университеттің соңғы курсындағы оған енді оқудың да мәні қалмады. Жылдар, ғасырлар бойғы қайнап келе жатқан іштегі дүлей, ашу қазаны солқылдай бұрқырап, қақпағын көтеріп тастағандай хал кешті.

Шерлі шайыр көзіне ноғала түскен сиырдай бір жерді шиырлап, саясаттан күйіс қайырып әуреленген жоқ, шыртылдатып сызғырған қаршығадай дүр сілкінді де, жаңа қиырға бет түзеді.

dd64fc01e70fee2dac3958a539e659bf

Маңғыстау маңғаздары артына ат басындай алтын, қой басындай күміс қалдырмаса да, 500-дей күй, 10 томдық жыр жауһарларын тастап кетті. Осы көл көсір дүниені түгендеуде Светқалидың еңбегі ересен.

Сондай-ақ, 1982-2002 жылдар аралығындағы, яғни жиырма жылдың жемісі – «Таң қауызын жарғанда» атты 3 томдық таңдамалы туындысы жарық көрді.

Енді көздеген шаруамыз – ҚР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып отырған «Таңның лағыл жұлдызы» кітабына келейік.

Көкірегім – көне кітап.

Сұр тысты.

Қырық қазына, мың мағына – қыртысты.

Қиялым бар жетпіс түрге құбылған – 

Көздеріңмен қарамашы бір түсті.

 

Бұл кітапқа кір жұқтырман – көрге енсем!

Түсін бұзбас жапқан шапан, берген шен.

Мұны өйткені,

Ел оқиды – әуелі,

Елден алып Жел оқиды – өлген соң...

         Міне, кітаптың беташары осылай басталады. Жыр жинағы «Жарық дүние», «Ғашық жалған», «Дастандар» деген үш бөлімге бөлінген. Тұтас алып қарағанда бұл кітап – жігі білінбей дәнекерленген темірдей кіндіктес, бір-бірімен жымдасып кеткен жанды жаратылыс сияқты.

Жәутең көзді пәк қарағым,

Түсесің сен неге есіме?

Қырды кезсем тап боламын

Өткен күннің елесіне.

 

Құлыны – шат,

Бота – мұңсыз,

Жастық шақтың Даласымен

Өтіп бара жатам үнсіз –

Кілең елес арасымен.

 

Күзге жеттім – жаз өтіп ед,

Сені аңсадым жанып ішім.

Еш пендеге қажеті жоқ

Қайран менің сағынышым!

         Әр адамның талмау жерін дәл басып, тәтті мұңға бөлеп, маужыратады-ау, гөзалың!

         Қызғалдақтардың көзді әлдилейтін шешек атқан алқызыл тостағандары тәрізді торқалы өлеңдер жазып, оқырманын тәнті еткен Светқали бұл жинағында бабалар рухы, дүние сырлары, ел-жер тағдыры жайлы толғауларын түйдектетіп, тереңдей түседі. Күпшегі қаңсыған, қос арысы шіріп, дөңгелегі қисайған ескі арбаның ізіндей бедерсіз, бедеу шатпақтарға жаны қас арлы ақынның жырлары сонарға түскен тағының табан мөріндей айқындалғалы қашан!

Кетті есерлік, оралды есті шағым,

Жарамайды бізге енді ескі сарын.

Пенделіктің тойына тойып болдым,

Жар Жұпарын сағынам, Дос Құшағын.

 

Шер толғандым – 

жатса да құпталған боп,

Астары мен қатпарын ұққан жан жоқ.

Көрдім бәрін – өткердім жүрегімнен,

Мен қарайлар жалғанда түк қалған жоқ.

 

Тек, боздала... шомылған боз мұнарға,

Сені Тәңір Бақида кез қылар ма?

Осы сурет қинайды-ау қимасым боп,

Көз алдымда тұрып ап көз жұмарда.

 

***

Не деп маған ыңырсисың, нар мекен?

Ол-дағы бір... біздей болған зарлы екен...

Сенің барлық қасіретіңді сіңірген

Бізден шерлі, бізден желді бар ма екен?

 

Інген-далам,

мая-далам,

нар-далам,

Тағы қандай өкпе-арызың бар маған?

Бозторғайдан бағам төмен, мен байғұс,

Сенің тамшы көз жасыңды талмаған.

Көңіл тұңғиығынан егеліп, безеліп шыққан мұң-зарын шерлі шайыр ел-жұртқа, қауым-қабилаға аманат – жыр ретінде ұсынады.

Иә, дарынды адам орта жастан асқаннан кейін, жердің тарту күшінен босаған зымырандай, шырқау кеңістікке көтеріліп, дүние құпиясына жақындай түседі, туған еліне ғарыштан қарағандай күй кешеді.

Былайша айтқанда, ақындық шабытқа, қордаланған ойға философиялық толғаныс қосыла өріледі.

Ақын Светқалидың «Таңның лағыл жұлдызы» топтамасын парақтағанымызда дәуір, замана сарыны, қазақ халқының басына түскен түрлі катаклизмдер тірі сөзбен бедерленіп, сай-сүйегіңді сырқыратар өлеңге айналып, мосыағашты төбедей алыстан көзге түседі.

Әсіресе, осы жинаққа енген эпикалық сарындағы «Тарғыл тағы», «Еңсегей бойлы Ер Есім» дастандары кешегі күндеріміздің мұңлы панорамасы іспеттес, көкжиекте түйдектеле көшкен күзгі қорғасын бұлттардай терең әсер қалдырады.

...Қабылдады «Ереже» патша ақыры,

Үлкен елдің, әрине, мақсаты ірі.

Қазақ қасқа сойылар ешкі болды

Алқымына тақаған ақ сапыны.

 

Жер-әлемге сыймаушы ек кергі-жын боп,

Бұл-бұл ұшты еркіңше енді жүрмек.

Мал есебі алынбақ, жан есебі,

Қазынаға барлық жер ендірілмек.

 

– Қарсылассақ...

– Күткені сол емес пе?!-

Тоймайтын ел туғаннан төбелеске.

Исатай мен не болды Кенесары?

Сырым қайда?

Барсыз ғой сол егесте!

 

Әскерімен толтырды Шағадамды,

Ойыл, Жайық, Жем бойын қамал алды.

Жарты әлемде орысқа бағынбаған

Адайың мен Хиуа ғана қалды.

 

Осы жолы... түндікті қырық тіліп,

Аузымызды ай жаққа ұлттырып,

Бағынбасақ – бұқтырмақ қырып тұрып!

Ұғынбасақ – ұқтырмақ ұрып тұрып!

Міне, мұңлы дастан осылай жалғаса береді, жалғаса береді... Амал не, мынау сауыры жалпиған сахара зар илеген, шашын жұлған жоқтаулардың, қарғыс-наланың неше атасын естіген шығар-ау! Қалай дегенмен де, Светқалидың Ресей империясының зұлымдығын, қанға бөккен қазақ даласын, ата-баба мирас еткен бай мұрамыздың қалай тоналғанын зар заман ақындарынша күйзеле жырлаған дастандары – су құйса да бұрқылдап барып әзер сөнетін алапат өрттей, оқырман жүрегін біраз мезгіл шыжғыра түсер соқталы туындылар екені анық. Ой бұлқыныстары мен сезім шарпылыстары кезек алмасып, кешкі салқынға ілінген салқар көштей сар желіске салып, таспаша созылып тартады да отырады. 

         Светқали ақын небір қақырап кеткен ұлтанды тереңнен қайып, ұлтаратын етікшінің бізіндей, белгілі тұлғалар мен тарихи оқиғаларды жымын білдірмей жымдастырудың кәнігі шебері. Мұның бір дәлелі «Еңсегей бойлы Ер Есім» дастаны.

...Қатағанға төккен соң – 

Кәрін Атам

Хансыз тұрды он бес жыл алып Отан.

«Есім қайда кетті, – деп – сол жылдарда!» –

Тарихшы да, ақын да –

Бәрі де таң.

 

Тарихшыны тыңдадым – берері жоқ,

Шежірешіні тыңдадым – дерегі жоқ.

Дерегі де, берері –

өздеріне,

Енді маған басқаның керегі жоқ...

         Шайыр шамырқанғанда небір өттей ащы сөздерді бұршақша төгеді, ең бастысы – қазақ мемлекетінің алтын ғасыры Есім хан кезеңінің қызуын суытпай, қасіретін көлегейлемей, сол қалпында, бүкіл динамикасымен жеткізеді.

– Шығай ханның ұғылы Есіммін мен! –

Тірі шықтым – не қырғын, не сүргіннен.

Жау үстінде – 

Пері боп есірдім мен,

Ел үстінде – 

Желі боп кесілдім мен.

Басып қалған Сыр бойын қалың сарттан

Топырағымның тазарттым төсін мүлдем.

Қоқан, Ташкент, Бұқар мен Наманганда

Өз үйімнің төріндей шешіндім мен.

Жалалабад, Әндіжан, Самарқанды

Өз ауламның бағындай кешіп жүргем.

Алтын бесік Алтайдан жау қалмақты

Жер түбіне бостырып көшірдім мен.

Үнді менен Қытайға керуен тартып,

Кеңге елімнің шығардым көшін бірден.

Қырым менен Орысқа серуен тартып,

Ұлы Орданың таныттым сесін мүлдем.

Қапыда ұрған қайталап Қатағанды

Жер үстінен бір жола өшірдім мен!

Пай-пай-пай! Бейіштен шықпағыр, жан бабалар-ай! Еңсегей бойлы Ер Есімнің таққа отырған кезеңінде, яғни елу жыл бойы қазақ мемлекетінің мұрнынан есек құрты сылбырап тұрғаны ақиқат қой! Бұл шындықты Орыс та, Қытай да, Орта Азия да, бүкіл Тұран өлкесі жақсы біледі.

Атамекеннің бір сүйемін жауға бермей, қара жерді қанға бояп жатып алған қайран бабалар ерлігін Светқали осылай ғұмырлы дастандарына арқау етеді. Арлы ақын талай жыл бойы жан сарайының жылы түкпіріне сақтап келген сарқытын кемел шағында оқырманына жайып салады.

Қасиетті қабір үстінде түн мезгілдерінде ақ жұлындай шаншыла жанған құпия шырақтай, Светқалидың осы дастандары әр қазақ баласының көкірегінде ұзақ маздайтыны кәміл.

Жазғасын жан-жүректі өрт қылып, маңдай терді бөрттіріп осылай жазғанға не жетсін!

Бір айта кетерлігі – Светқали өзіміз білетін тарихты қайта өлеңге көшіріп, құлақтың құрыш етін жеп, ығыр қылатын монотондық һәм дилетанттықтан, бірсарандылықтан аулақ жүреді.

Сом-сом сүйекті сөйлемдер мен құйқалы монологтар бойлатпайтын шүңейт иірімдерге жетелейді.

Светқалидың бүгінде аузын ашса сөзі бал, салғыласса тілі зәр, топ бастаса жауы дал болған нағыз дер шағы.

Сөзді сарыққандағы айтарымыз – дарынды шайырдың «Таңның лағыл жұлдызы» кітабы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына лайық туынды.

 

                                                                          Жұмабай Құлиев, ақын,  2016 ж.