КҮЙ ҚАҒАНЫНАН ТӘЛІМ

КҮЙ ҚАҒАНЫНАН ТӘЛІМ

   Биыл Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Музыка және өнер» кафедрасына 40 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында бұл оқу орнында талай талантты ұстаздар еңбек етті, тер төкті. Олардың талай дарынды шәкірттері өнер мен білімнің қара шаңырағынан түлеп ұшты.

   Мәселен, биыл сексен жасын тойлап отырған композитор Илья Жақанов ағамыздың жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесінің өзі бөлек әңгіме. Бұл «Музыка және өнер» кафедрасының студенттеріне Қазақстан Республикасының халық артисі Қ.Ахмедияров та бірнеше жыл бойы шеберлік сағаттарын беріп келді.

   Осы өнер шаңырағында ұзтаздық қызмет еткен белгілі тұлғалардың бірі профессор Рысбай Ғабдиев еді. Рысбай Хисметұлы 1980-1990 жылдары Гурьев педагогика институтының музыка педагогикалық факультетінің деканы болып қызмет атқарған болатын. Бұл кезең оның ғұмырындағы нағыз бір жемісті жылдар болды. Сол жылдары жаңадан ашылып отырған факультетте Кеңес одағының әр өңірінен жоғарғы музыкалық оқу орындарын тәмамдаған түрлі ұлт өкілдерінің жас мамандары қызмет еткен еді. Рысбай аға жаңа құрамдағы әріптестерімен тез тіл табысып, оларды ұйымдастыра отырып жастарға үлгі көрсете отырып, қызмет етті. Мұндағы оқытушы-профессорлар құрамының табысты жұмыс атқарып, студенттердің алаңсыз білім алуына Рысбай Хисметұлының сіңірген еңбегі зор болды. Р.Ғабдиев басшылық қызметімен қоса,  факультетегі студенттер оркестрінің шығармашылық жұмысын қоса алып жүретін.

РЫСБАЙ ҒАБДИЕВ

   Енді осы тұста өзімнің ұстаз туралы естілігімді де айтып өтуді жөн көремін. 1980-1984 жылдары ол кездегі Гурьев педагогика институтының музыка педагогикалық факультетінде менің білім алған кезеңдерім Рысбай ағаның қызмет еткен жылдарымен тұстас келген еді. Ол аптасына екі мәрте өткізілетін студенттер оркестрін басқарды. Біз оркестрді асыға күтетінбіз, себебі ұстаздың тәлімін тыңдау біз үшін әрдайым үлкен жаңалық болатын. Ол кісінің паң, кербез келген сыртқы келбетін көрудің өзі бір мәртебе болатын. Өзінің өн бойына лайық кіршіксіз талғамды киімімен, жинақы жүріс-тұрысымен, асықпай-саспай сөз саптай білетін қасиетімен ерекшеленетін. Ал маман ретінде өте жоғары дәрежедегі тәлімгер болатын. Оның туа біткен музыкаға деген аса дарындылығы, жан дүниесінің бәрі музыка үшін жаратылған жан екендігі әр қимылынан байқалып тұратын. Сөзімнің дәлелі ретінде Рысбай Хисметұлының өмірдерегінен мынандай үзінді келтіре кетейін.

   1951 жылы 15 жастағы Рысбай Алматыда республикалық сайысқа қатынасып, сайыста бас жүлдені жеңіп алады. Сайыста жас күйші Құрманғазының «Төремұраты» мен «Байжұманы» орындайды. Жас күйшінің аяқ алысын бірден байқаған қазылар алқасының мүшесі Нұрғиса Тілендиев жас Рысбайға: «Оныншы класқа дейін оқимын деп әуре болма. Тезірек Алматыға, қасыма кел», - деп ақыл айтады. Сол жарыстағы Рысбайдың күй тартысын радиодан естіген Дина Нұрпейісова: «Әлгі «Төремұратты» тартқан баланы алдыма әкеліңдер» - деп бұйырып, оны алып кетуге келінін жібереді. Бірақ концерттен кейін әркім өз шаруасымен кетіп, бала Рысбай елге оралғандармен ілесіп кете барады. Келесі жылы П.И.Чайковский атындағы музыка училищесіне оқуға түскеннен кейін, енді ұлы күйшінің алдын көретін болдым деп жүргенде, Дина шешей кенеттен ауырып қайтыс болады. Дина шешейдің ақ батасын алуға үміттеніп жүрген жас Рысбай қатты өкінеді, «Әлгіндегі «Төремұратты» тартқан баланы алдыма әкеліңдер», - деген қоңыр үні ғана құлағында мәңгі қалады.

   Рысбай аға өз ісін өте жетік білетін маман еді. Оркестрдің  репертуарын аса талғаммен таңдайтын. Шығарманың сапалы орындалуы үшін алған репертуар оркестрдің құрамына сай болу керек екендігін айтып отыратын. Музыка аспаптарының сапасын жақсартуға, музыканттардың орындау шеберлігін арттыруға аса мән беріп жұмыс жасайтын. Оркестр партиясын әр музыкантың жеке орындауын талап етіп, ұжым алдында талап қоя білетін. Репетиция дәл уақытында басталып, ешкімнің сабақтан кешігуіне жол бермейтін. Оркестрдің жұмысы аса жоғары шығармашылық дәрежеде өтілетін. Оркестр үлкен шығармашылық шабытпен өтуі үшін ол кісінің сабағына студенттер үнемі дайындықпен келетінбіз. Сабақ кезінде аса қатал болғанмен, кейін барлығымызбен жылы сөйлесіп, ақыл-кеңесін айтып отырды. Студенттік кезімізде оркестрмен көптеген қалалық, аймақтық мәдени шараларға жиі қатынасып жүрдік. Рысбай аға концерт алдында аса бір ақыл айтып артық сөйлеп жатпайтын, біз репетиция уақытынан-ақ сахнада өнер көрсетуге тас-түйін дайын болуға дағдыланып алатынбыз. Осы қасиетті тәлімінің мәні мен үшін әлі күнге жұмбақ. Рысбай ағаның дирижерлеуімен өткен оркестрдің концерттерін көремендер ықыласпен қабылдап жатады. Аса жауапты мерекелік концерттерді табыспен аяқтаған соң дирижер аға оркестр ұжымына бағыттап «бәрің де вертуозсыңдар» деп мадақтап отырушы еді. Ұстазымыздың осы сөзінен кейін көкірегімізде қуаныш пайда болып, өзімізді мықты музыканттай сезініп, қанаттанып қалатынбыз...   

   Он жыл табан аудармай еңбек еткен тәжірибесі мол тәлімгер жан өнерге деген құлшынысы бар жастарды болашақ музыкант маман ретінде тәрбиелеуге ерен еңбегін сіңірді. Осы жылдары өз басшылығындағы факультеттің абыройын асқақтатты. 1980 жылы институттың студент жастары мен өзі еңбек еткен Мақат ауданы оркестрінің басын біріктіріп Болгарияның астанасы София қаласында өткен Халықаралық фестивальге қатынасып, бірінші орын және алтын медальды иемденді.

   Рысбай Ғабдиев талай рет Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында шеберлік кластарын өткізіп, домбырашылармен өз орындау шеберлігінің құпия сырларымен бөліседі.

   Рысбай Хисметұлы Ғабдиев дирижер, ұстаз ғана емес, ол Республикамызға белгілі домбырашы. Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Есбай, Сейтек Абыл күйшілер шығармашылығының үлгісін бізге жеткізіп, орындаушылықтың өзіндік қолтаңбасын қалдырған аса шебер домбырашы. Оның орындауында халық композиторларының 30-жуық күйі күйтабаққа жазылды. Оның орындауындағы күйлер радио мен теледидардың алтын қорында сақтаулы.    

   Оның нағыз майталман дирижер, ұйымдастырушы қабілетінің куәсі – өзі 1990 жылы құрған Дина Нұрпейісованың оркестрі. Осы өнер ұжымында бас дирижер болған Р.Ғабдиев алыс шет мемлекеттерінде де гастрольдерге шығып, қазақ өнерін насихаттады. 2000 жылы оның үлкен шығармашылық қызметінің нәтижесінде оркестр ұжымы «Академиялық ұлт-аспаптары оркестрі» атағына ие болады. Бұл күнде Дина атындағы оркестр Рысбай аға салған сара жолмен ел алдында өз қызметін абыроймен атқаруда.

   Бүгінде өзіміз де ұстаз болып, шәкірт тәрбиелеп отырмыз. «Музыка және өнер» кафедрасының 40 жылдығына Рысбай Хисметұлының 80-жылдық мерейтойы сәйкес келіп тұрған тұста, ұлы ұстаздың Атыраудағы білім шаңырағына сіңірген еңбегін, қалдырған тәрбиелік үлгісін жария етіп, жерлестерімізбен бөлісуді жөн санадым. Оның 10 жыл бойы басшылық еткен музыка факультетінің студенттерінің халық аспаптар оркестрі биылғы жылы университет ректоры Абзал Ахатұлы Талтеновтің қолдауымен қайта жаңғырып, ұстаздарды да, шәкірттерді де қуантып отыр. Ұжымдық өнердің қайта жаңаруы кафедраның биылғы 40 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп отыр.

   Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина сынды дара тұлғалардың ізбасары Рысбай ағаның бейнесі мен сіңірген еңбегі әлі жадымызда. Ұлағатты ұстаз, дәулескер домбырашы аға есімі қазақ өнерінде мәңгі сақталып қалды.

 

Рысқалиева Гүлнар, Х.Досмұхамедов

атындағы Атырау Мемелекеттік университетінің 

«Музыка және өнер» кафедрасының аға оқытушысы

Теги АГУ70 сайттайсойган тайсойғансайты