ҚОС АРЫС

ҚОС АРЫС

   Негізі қаланып бұрынғы Гурьев қаласында институт болып аталып, еңсе көтерген қазіргі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғұмыр кешкеніне 70 жыл болып, Қазақстанның Батыс өлкесіндегі білім қара шаңырақтарының бірі, даңқы жер жаһанға танылуда. Алғаш аудитория есік ашылып шәкірттер жүрегіне тұңғыш дәрістерін тыңдатқан бұл университеттің алғашқы оқытушылары да, одан кейін осы оқу орнының іргесі бекіп, туы биіктей түсуіне үлес қосып, еңбек еткен ғалым қайраткерлер де жарты ғасырдан аса уақыттың ішінде толқын-толқын боп келіп, толқын-толқын боп кетіп жатқаны Алла Тағаланың өзі көрген айқын тарих. Шіркін, «Бұл – білім ордасы менің екінші үйім» деп есептеген ғұламалар еліміздің білімі мен ғылымына өз үлестерін қосып өтті.
   Әркімнің өлшеулі ғұмырында бұл табиғат заңы.

  1
Бойындағы бар білгенін, рухани нәрін шәкірт санасына құйып, оларды аялап, жанымен сая болып өткендер университетіміздің бір кездегі қос  арысы – Алдабергеновтер: Нұрғожа Қобыланұлы  мен Мәкім Жүнісбекқызы еді. Өз заманында көруге көз керек боп өткен бұл ғалымдар қазір дүниеде жоқ. Екеуі ондаған жылдар бойына қол ұстасып, қос аққудай жұбын жазбай жүретін осы адамдардың көз алдымызда тек суреттері ғана қалды. 

Бүгінгі мұғалімдер күні осы қымбат қимастарымыз туралы олардың өмір деректерімен толғануды жөн көрдік. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ұлағатты ұстазы, ұжымға аса сыйлы болып  өткен өзінің ғұламалығымен профессор-оқытушылардың, Атырау жұртшылығының құрметіне бөленген, терең білімді, Республика бойынша іргелі ғылыми  еңбектермен биология ғылымы саласында өзінің өшпес  қолтаңбасын қалдырған, университет қабырғасынан талай білікті шәкірттерін қанаттандырған, олардың  бойына патриоттық сезім, адамгершілік рухтар дарытып, тәрбие берген үлкен жүректі педагог Алдабергенов Нұрғожа Қобыланұлы 1939 жылдың ақпан айының 18  жұлдызында Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Таушық елді мекенінде дүниеге келген. 1957 жылы Жылыой ауданы, Құлсары поселкесіндегі Абай атындағы орта мектепті бітіреді. Мектепті тәмамдаған соң, Қобылан ақсақалдың бас көтерген ұлы болып еңбекке араласады. Ол Құлсары мұнай өндіру мекемесінде еңбек жолын мұнайшылықтан бастап оператор болып жұмыс істейді.

2

Бес жыл бойына отбасына қол ұшын берген талапты жас жоғарғы білім алу мақсатында 1962 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетіне оқуға түседі.  Бұл оқу орнын 1967 жылы «Ихтилогия және гидробиология» мамандығы бойынша бітіріп шығады.  Университетті тәмамдағаннан кейінгі еңбек жолын Гурьев балық зерттеу ғылыми институтында кіші ғылыми қызметкер болып бастайды. Алайда тумысынан бойына ұстаздық қасиет дарыған Нұрғожа Қобыланұлы 1968 жылы Гурьев педагогика институтының зоология кафедрасына аға оқытушы болып орналасады да, бірнеше жыл ғылыми тәжірибе жинақтап ғалымдық жолға түсуді мақсат етеді.

Сөйтіп, 1971 жылы өзінің білім алған оқу орнына Қазақ мемлекеттік университетінің зоология кафедрасынан аспирантурасына жолдама алады. Оның ғылыми ізденісі өзі туған Маңғыстау өлкесіндегі тіршілік дүниесінің проблемалары болды. Терең ізденістің, инемен құдық қазғандай еңбектің нәтижесінде 1975 жылы «Маңғыстау жарты аралындағы адам және малға жұқпалы ауру тарататын насекомдар» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғайды. Ғылым кандитаты ғылыми дәрежесіне ие болған жас ғалым Нұрғожа Қобыланұлына институт ректораты үлкен сенім артып, зоология кафедрасының меңгерушілігіне сайлайды. Бұл жұмысты 1976 жылдан 1993 жылға дейінгі 20 жылға жуық аралығында жемісті атқарады.

4

Үлкен ғалым, институттағы бедел иесі, ғылым кандидаты, доцент ғылыми атағының иегері Нұрғожа Қобыландыұлы ғылымның асқар биігіне қол созып, 1998 жылы М.В.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің доктарантурасына қабылданады. Ғалымның тақырыбыөзіне терең таныс болып оған білек сыбанып кіріседі. Ол енді Батыс Қазақстандағы насикомдар экологиясы мен биологиясы» деп аталатын тақырып бойынша докторлық ғылыми жұмысын 3 жылда бітіріп, 2001 жылы Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кеңесінде докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап шығады. 2002 жылы ғылыми диссертация бекітіліп, биология ғылымдарының докторы деген ғылыми дәреже алады. Одан 20 жыл өткенде профессор ғылыми атағы беріледі.

Нұрғожа Қобыландыұлы 100-ге тарта ғылыми еңбектің авторы. Олардың ішінде диссертация тақырыптары бойынша жарияланған 30 монографиясы және 20-ға тарта оқу-әдістемелік еңбектері бар. Оның ғылым саласындағы және ұстаздық еңбектері ерекше бағаланып, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Каспий маңы жоғары оқу орындары ассоциаясиясына-10 жыл» төсбелгілерімен марапатталды.

Кейінгі жылдары Нұрғожа Қобыланұлы «Құрметті кафедра меңгерушісі» деген атқа ие болды. Нұрекең өмірінің ең соңғы күндеріне дейін өзінің зоология кафедрасында еңбек етті.

Нұрғожа Қобыланұлының отбасында бірге шаңырақ көтеріскен жан жары Мәкім Жүнісбекқызы Россия Федерациясының Кемерово деген қаласында 1945 жылдың 10 мамырында атақты шахтер Жүнісбектің отбасында дүниеге келген. Балалық шағын осы қаланың жақын маңдағы Пионер Шахтасы деген селосында өткізеді. Отбасында Мәкім төртінші перзент болып есептеледі. Үш ағаларынан кейінгі Жүнісбектің аялап өсірген гүлі болады. Мәкімнің анасы Ажар кейін екі қыз, екі ұлды дүниеге әкеліп шаңырақтың қызығы бұрынғыдан да көбейе түскен екен. Тәрбиелі жанұя тату-тәтті осылайша өмір сүрген.

Мәкім өзі туған селосындағы №32 орта мектепте оқып білім алады. Өте ақылды, салмақты, парасатты Мәкім мектепті өте жақсы үлгеріп, қатар құрбыларының алды болады және үздік аттестатпен бітіреді. Енді мамандық алу, болашақты ойлау кезекте тұрған шақта әкесі Жүнісбектің ертеден жүрегіндегі арманы–ата-бабаның аяғының ізі қалып, қаны төгілген, тереңде жатқан тектік тамырына жету еді. Кәмелетке келген қызына Қазақстанға барып оқуға кеңес береді. Сөйтіп, Мәкім Жүнісбекқызы Алматыға бағытталып Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің биология факультетіне оқуға түседі.

Университетте жаны жайсаң, көңілі дархан көптеген құрбылар мен достар тапты. Солардың ішінде өзінің жүрегі қалаған махаббатын да кездестірді. Университеттің төртінші курсында оқып жүргенде Нұрғожа Қобыланұлы Алдабергеновпен қосылып, тұңғыш шаңырақ көтереді. Сөйтіп, Ресейде туып өскен Мәкім Атырау облысына Жылыой ауданындағы елінің аса құрметті ақсақалдарының бірі Қобылан қарттың және Ақзия ененің сүйікті келіні атанады. Туған отбасында жақсы тәрбие алған Мәкімді Кең Жылыой жұрты да өз қыздарындай қарсы алады. Мәкім ата-енесін өзінің әке-шешесіндей көріп, бауыр басады. Олардың ақ батасына кенеледі.

1967 жылы Нұрекеңмен екеуі университетті қатар бітіріп, еңбек жолдарын бір жылда бастайды. Мәкім Гурьев мемлекеттік педагогика институтының биология-химия факультетінің биология пәнінің оқытушысы ретінде орналасады. Әуелі оқытушы, содан кейін аға оқытушы болып, ұстаздық қызметтер атқарады.

Институтта 2 жыл бойына жұмыс істеп, ғылыми үздік жетістіктермен көрінген Мәкімді институут басшылығы Қазақ ССР Ғылым Академиясының аспирантурасына жолдама береді де, аспирантурада 1969-1972 жылдары оқып биология ғылымдарының кандитаты деген ғылыми дәрежесі үшін кандидаттық диссертация қорғайды.

3

Жас ғалым өзін ұстаздық жұмыста да, ғылыми ізденісімен де, ұйымдастырушылық қабілетімен де көрінгендіктен және 4 жыл бойына мінсіз еңбек еткендіктен, оны институт басшылығы биология және химия факультетінің декандық жұмысына тағайындайды.

Декандық қызметті ол үлкен білгірлікпен, нағыз педагогтық қасиеттермен, адам жүрегін түсіне білетін шәкірттеріне деген сүйіспеншілігімен атқара білді. Ол факультетте 10 жылға жуық мерзім басқарды. Осы жылдар ішінде факультет жұмысы алға басып, оқытушылар үлгілі істерімен көрінді. Факультет ұжымның оқуда да, ғылымда да белсенділіктері зор болды. Факультет Мәкім Жүнісбекқызы басқарған кезде институттағы басқа оқу барлық бөлімдерінің көшбасшысына айналды да Мәкім ерекше бедел биігінен көрінді. Мәкім Жүнісбекқызы 1976 жылдан 1985 жылға дейін декандық жұмысты мінсіз атқарды. Содан кейін бір-екі жылдай биология оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі болып, оқытушылар мен студенттерге ғылыми басшылық, тәжірибелік кеңестер беріп қажымай-талмай еңбек етті.

Мәкім Жүнісбекқызының беделі институтты идеологиялық жағынан басқара алатындай дәрежеге жетті. 1987-1991 жылдары партком хатшысы болып қызмет атқарды. Ол партиялық, идеологиялық басшылықта тап-таза жүрегінің әмірін тыңдады. Коммунистік партия өз жұмысын аяқтағаннан кейін ол партком хатшылығынан биология кафедрасының меңгерушілігін қайта жалғастырады. Жаңадан ашылған экология кафедрасының тұңғыш меңгерушісі болып, осы мамандықтың оқу жоспарын қазақ және орыс тілдерінде өз қолымен жасап экология саласында қомақты еңбек етті.

Мәкім Жүнісбекқызы кандидаттық ғылыми дәрежеден басқа, ғылыми атақтарға сатылап ие болды: аға оқытушы, доцент, профессор. Жұмыстағы жетістіктері үшін берілген «СССР-дың Жоғары мектебінің үздігі», «Қазақстан оқу-ағарту ісінің үздігі» деген төсбелгілермен, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» медальмен, министрдің алғыс хатымен марапатталған.

5

Мәкім Жүнісбекқызы сүйікті жары Нұрғожа Қобыланұлымен 46 жыл бойына таут-тәтті өмір сүрді. Алтын асықтай перзенттер дүниеге келді. Ұл-қыздары: Анар, Жанар, Асқар үлгілі отбасыларын құрды.

Нұрғожа Қобыланұлы және Мәкім Жүнісбекқызы Алдабергеновтер қазір біздің арамызда жоқ болса да Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ұжымы оларды әрқашан еске алып, рухтарына бас иеді. Бүгінгі мұғалімдер күні олардың көзін көріп, бірге еңбек еткен ұжымдастары олардың ғылыми еңбектерін оқу процесінде пайдалану арқылы өздерімен қатар өмір сүргендей сезінеді.

 

ҚАДЫР ЖҮСІП,

филология ғылымдарының

докторы, профессор

 

 

 

 

«Үш қоңыр» №20 (№487), 15 мамыр 2020 ж.

Теги АГУ70 сайттайсойган тайсойғансайты