ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІН ЛАТЫН ГРАФИКАСЫНА КӨШІРУ ЖАҒДАЙЫНДА БІЛІМ БЕРУДІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

«ӨРЛЕУ» БАҰО АҚ филиалы ҚР Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институттың  «Жоғары мектепте оқыту әдістемесі және

халықаралық білім бағдарламалары»  кафедрасының

доценті, педагогика ғылымдарының докторы                       Ж.И.Сардарова

 

ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІН ЛАТЫН ГРАФИКАСЫНА КӨШІРУ ЖАҒДАЙЫНДА БІЛІМ БЕРУДІҢ  ПЕДАГОГИКАЛЫҚ-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

   Түйіндеме. Мақалада бүгінгі күні басты өзекті мәселе – қазақ әліпиін латын графикасына көшіру мәселесі көтерілген. Авторлар   латын әліпбиіне көшуді жан-жақты зерттеген  филолог-ғалымдар зерттеулеріне сүйене отырып, оның мәдени-әлеуметтік, лингвистикалық, педагогикалық-психологиялық жақтарын жан-жақты қарастыруға тырысқан. Латын графикасы –  бұл жалғыз Қазақстанның ішінде жобаланған саясат емес, бұл бүкіл дүние тілдерінің тұғыры, себебі қазіргі ағылшын, француз, неміс, италиян секілді өркениетті елдердің тілдері терең бастауын сол латын графикасынан  алатындығын ескеруіміз қажеттілігі тұжырымдалған.

Түйін сөздер:    қазақ әліпбиі, латын графикасы, дыбыс, әріп  педагогикалық-психологиялық, мәдени-әлеуметтік, лингвистикалық  аспектілері

 

 Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  12 сәуір 2017 жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын айқындаумен қатар осы заманның сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақтылы үш жобасын ұсынған еді, олар:1)  - қазақ әліпбиін латын графикасына біртіндеп көшіру, 2)  «Жаңа гуманитарлық білім бойынша Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы; болса, 3)  жастарды патриотизм рухында тәрбиелеуге бағытталған «Туған жер» бағдарламасы. Оның ішінде бүгінгі күнгі дейін қызу пікір-талас тудырып, талқылау үстінде жүрген өте өзекті мәселе – бұл латын графикасын қазақ әліпбиіне көшіру.

      Елбасы   қазақ жазуын латын графикасына көшіру  тақырыбын нақтылай  келе,  мамандар  мен  Үкіметтің  алдына мынадай міндеттер қойған болатын:

  • 2017 жылдың  соңына  дейін  жаңа  графикадағы  қазақ әліпбиінің бірыңғай  стандартты  нұсқасын  қабылдау.
  •  2018 жылдан  бастап  жаңа  әліпбиді оқытатын кадрлар  даярлау мен  орта  мектептерге  арналған  оқулықтар  даярлауды  бастау.
  • Қазақ  тілін  латын  қарпіне  көшірудің  нақты  кестесін  әзірлеу.
  •  2025 жылдан  бастап ісқағаздарды латын қарпінде жүргізу, мерзімді  баспасөзді,  оқулықтар  мен  басқа басылымдардың барлығын латын  қарпінде  жариялау.

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы өкімімен бекітілген «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес  үш  кезеңге бөлінген (бірінші кезең: 2018 – 2020 жылдар, екінші кезең: 2021 – 2023 жылдар, үшінші кезең: 2024 – 2025 жылдар)  

      Бұл мәселе сондай-ақ Елбасының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында да көтерілген еді. Онда «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» – деп латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап өтті.

       Қазақстандық филолог-ғалымдар латын әліпбиіне көшуді жан-жақты зерттей келе, оның мәдени-әлеуметтік, лингвистикалық, педагогикалық-психологиялық жақтарын айқындайды.      

      Мәдени-әлеуметтік жағына үңілсек, латын графикасы қазақ тілі үшін мүлде бейтаныс жүйе емес, кеңестік тоталитарлық жүйе 1929 жылы қазақ халқының ғасырлар бойы қолданылып келген араб графикасы негізіндегі әліпбиінен айырды.  XVIII-XIX және XX ғасырлар бойы қолданылып келген араб графикасы негізіндегі қазақ жазуымен мыңнан астам кітап, ондаған газет-журналдар шығарылған болатын. Үлкен шаңырақта орын алатын Құран Кәрім және «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Зарқұм», «Бозжігіт» т.б. қисса-дастандар қазақтардың қастерлі дүниесі саналатын. Академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің айтуынша, қазақтар мұндай кітаптардың біреуін XX ғасырдың басында бір қойға сатып алып,  бірлесе отырып, тыңдап, тамашалаған. Мұның өзі қазақтың жылқықұмарлығын ғана емес, кітапқұмарлығын, жазу-сызуға ынтықтығын көрсететін мінез деп ерекше бағалайды.

     1929 жылы латын әліпбиіне көшуіне байланысты мәдени-рухани мұрасынан қол үзіп қалды. Соның негізінде қазақ халқы сауатсыз, жазу-сызу өнері болмаған, тек кирилше әліпбиімен сауат ашқан деген пікір қоғамдық санада орнығып,  стреотипке айналды, 1929-1940 ж.ж. латын әліпбиін қазақтар қолданған дегенге таңырқау жасайтындар кездеседі.

      Қазақ халқы латын графикасы негізіндегі әліпбиді енді ғана жетік меңгерген кезде 1940 жылы өктемшіл Орталықтың әмірімен кирилше жазуға ауыстырылды.  Бұл ұлтсыздандыру, дінсіздендіру идеологиясы саясатымен жүргізілген шара еді. Жалпы қазақ жазуы арабтан латынға, латыннан кирилше жазуға көшуі тоталитарлық тәртіпке негізделген саяси фактордың күші мәлім болды. Сондықтан да  бүгінгі күні тілімізді жаңғыртып,  латын графикасы негізіндегі бұрынғы әліпбиімізге бүгінгі күн тұрғысынан кейбір өзгерістер жасау негізінде қайта оралмақшымыз. 

       Енді лингвистикалық факторға тоқталсақ, тілшілердің тұжырымдауынша, қазіргі әліпбиіміздегі 42 әріп және мағына ажырататын негізгі дыбыстардың саны 28 (9 дауысты, 19 дауыссыз). Әріптің саны негізгі дыбыстардың санынан екі есеге жуық асып кетуі ешбір лингвистикалық өлшемге сыймайды. Өйткені, әліпбидің тиіміділігін бағалаудың критерийі бойынша, әліпбидегі әріптердің саны негізгі дыбыстардан соншалықты алшақ кетпеуі тиіс. Басқа елдер әліпбиімен салыстырмалы түрде оны келесі кестеден анық көре аламыз: 

 

Орыс тілі

Негізгі дыбыс - 41

Әріп саны -33

Ағылшын тілі

Негізгі дыбыс - 45

Әріп саны -26

Француз тілі

Негізгі дыбыс - 35

Әріп саны -26

Қазақ тілі

Негізгі дыбыс - 28

Әріп саны -42

     

    Ал педагогикалық-психологиялық факторларын сараласақ, әліпбидегі әріптердің саны шамадан тыс көп болуы мектеп табылдырығын оқушыларға оңай тимейді. Ана тілінің дыбыстарын бейнелейтін әріптерді мектепке келген оқушылар дыбысқа (уәжге) сүйеніп, тез үйреніп алады. Сөйтіп, дыыбс пен әріптің байланысы оқушы санасында білімге айналады. Ал ъ,ь,ц,щ тәрізді таңбаларды дыбыстық уәжі болмағандықтан жаттап алуына тура келеді. Бұндай дыбыс жүйесіне қатыссыз әріптерді жаттау әрине, миға салмақ түсіреді. Бұны ең алдымен, тіл мамандарының қателігі емес,  кеңестік кеңістіктегі тілдерді, ұлттарды ассимиляциялау саясаты еді. Қазақ әліпбиі таза ұлттық әліпби болмай, қосамжар орфография болып шықты, өйткені қазақ мәтіндерінде қазақша жазылатын сөздер мен бөтен тілден енген сөздер аралас-құралас қолданыс тапты.    

    Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» екенін ескерсек, жалпы қоғам және жеке тұлға  өміріндегі мәнді орны бәрімізге мәлім. Сол себепті де латын графикасын қазақ әліпбиіне көшірудің қажеттілігі ең алдымен, әлемдік  өркениетпен  ықпалдаса отырып, ақпараттық кеңістікті  кенейтуге ықпал етуімен сипатталады.  Яғни ол  біздің ашық әлемнің бір бөлігі болуға талпыныс жасауға және білім беру жүйесін жетілдіру идеяларын жүзеге асыру игі әсер етеді. Біздіңше, ол өз кезегінде білім беру жүйесі алдындағы басты талап  бәсекеге қабілетті құзыретті маман дайындау жұмысын едеуір қарқындылықпен ілгері жылжытуға зор мүмкіндік туғызады.    

      ХХІ ғасырдың ақпараттар ғасыры, адам ғасыры деген сипаттамасына жүгінсек, білім адам және ақпарат қорын қалыптастырудағы негізгі фактор болып табылады. Сондықтан білімнің жаңа ғасырдағы мәні оның жеке тұлға тағдырындағы мәнділігімен жеке мемлекеттің қауіпсіздігін әлеуметтік, рухани, мәдени өрлеу арқылы қамтамасыз  етумен және жалпы адамзаттың өркендеуіне ықпал етуімен сипатталады.

      Екіншіден, латын қарпі қазіргі кезде жаһанданумен және  жаңа технологиямен, компьютермен, сапалық жетістіктермен  байланыстырылады. Мысалы, жапон тілінде аталатын жапон фирмаларының өздері атауларын латын қарпімен жазуға ұмтылуы. Ал, Қытайда экономиканың бірнеше секторларында  әлемдік  нарыққа  шығу және оның тұтынушыға түсінікті болуы мақсатында латын қарпі қолданылып, оның  брендтік графикаға айналып отырғандығы дәлел бола алады.

     Үшіншіден, латын графикасына көшу қажеттілігі  таза  лингвистикалық сипаттағы  бірқатар  себептермен түсіндіріледі.  Латын  қарпіне  көшу  қазақ тілін  дамытуға  тілдің дамуына, қолданысын кеңейтуге оң әсер етеді, қазақ тілінің табиғатына айрықша мән беріп, қазақ тілін үйренуге құлшыныс танытады жаңа  серпін береді.

     Енді тиімділігіне тоқталсақ, біріншіден, латын графикасына көшу үрдісі тілдің грамматикалық, әсіресе, фонетикалық жүйесін үйлестіруге жәрдемдеседі. Ғалымдардың тұжырымдауынша, латын графикасы пайдалануға өте қолайлы  әрі  қазақ  тілінің  фонетикалық  жүйесін  дәл береді. Лингвистика  заңдарына  сәйкес,  дыбыстарға  қарағанда  әріптер саны  аз  болуы  керек.  Егер біз латын қарпіне көшсек, бір дыбыс белгілі бір әріппен  ғана  таңбаланатын   болады, яғни тіл тазалығын сақтаймыз. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға, орфографиялық, орфоэпиялық кемшіліктерді жоюға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, және терминологиялық, ономастикалық атаулардың ұлттық сипатын қалыптастыруға, құлдық психологиядан арылып, ұлттық сананы қалыптастыруға оң ықпалын тигізеді.  Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Себебі дүниежүзі хал­қының 80 пайызы қолданатын  латын қарпіне  көшу озық инновациялар мен жаңа технологияға бір табан жақындауға, халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданатындығын ескерсек, олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты нығайтуға үлкен мүмкіндіктер беріледі.

      Бұл аталған қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге деген қажеттілік және оның тиімділік жақтары оған деген мұқтаждықты арттыра түсетіндігі сөзсіз. 

        Бүгінгі күні латын графикасын қолдаушылар оған  қиындықсыз көшуге болатындығын ең алдымен әлеуметтік ортада көп қолданыс табатындардың   (жеке куәлік,   паспорт, автокөлік номерлерінде, тұрмыстық заттар атауларында және т.б.) латын әрпінің кездесуі тұтынушыларға түсініктілігімен түсіндіреді.

      Жалпы латын графикасмы – жалғыз Қазақстанның ішінде жобаланған саясат емес, бұл бүкіл дүние тілдерінің тұғыры, себебі қазіргі ағылшын, француз, неміс, италиян секілді өркениетті елдердің тілдері терең бастауын сол латын графикасынан алатындығын ескеруіміз қажет. Сол үшін әліпби жасауда таза латын граификасының өз заңдылықтарын негізге алынуы және әлемдік кеңістікте кең өріс алған ағылшын тілінің заңдылықтарына да көңіл бөлу басшылыққа алыну керек деген пікірлер біздіңше, есепке алыну тиіс.

       Қазіргі таңдағы білім беру саласындағы реформалар бір жағынан әлемдік білім беру кеңістігіне сай өркендеуге ұмтылса, екінші жағынан ұлттық болмысты қалыптастыру мақсатында мәдени-тарихи құндылықтарға сай өзіндік бет бейнесін сақтауды көздейді.

      Ресей ғалымдарының пайымдауынша, жалпы адамзат үшін бүгінгі күннің басты қаупі - адам қабілеттілігінің оны қоршаған әлемдегі өзгерістер легінен қалыс қалуы және оларды қабылдаудағы қарқынды кешігуі. Бұндай тұжырымды  1970-шы жылдардың өзінде-ақ батыстық ғалымдар философтар, социологтар, эдукологтар (білім беруді дамыту теориясы саласы ғалымдары) жасаған еді.

      Қазіргі кезде  әлемдік деңгейде кең тарап, басты  бағыт алған – бұл «өмір бойы білім алу» (Life Long Learning) тұжырымдамалық парадигма.  Ол 1965 жылы ЮНЕСКО  форумында  Паул Ленградтың  ұсынуымен қабылданып,  адамның барлық өмір бойы  жалғасатын және  үздіксіз үдеріс ретінде білім берудің барлық формаларын, түрлерін, деңгейлерін қамтитын  көпшілік  мақұлдаған халықаралық заң нормасы. Бұл түсіндірмеге сәйкес үздіксіз білім беру барлық жастағы адамдарға арналған және қоғамның барлық біліми әлеуетін, барлық жағдаятты тұлғаның жан-жақты дамуында қолдану мақсатын көздейді. Яғни үздіксіз білім беру ортасында адам, оның тұлғасы, армандары мен қабілеттері және олардың жан-жақты дамуына басты назар аударылады.

      Ресейлік ғалымдардың пікіріне сүйенсек, үздіксіз білім беру – тұлғаның шығармашылық әлеуетінің үдетпелі дамуын және оның рухни әлемінің жан-жақты баюын қамтамасыз ететін тұтас үрдіс. Ол адамға әлеуметтік статусының жағымды түрде өзгеруіне көмектесетін арнайы ұйымдастырылған оқытудың  бірізділікпен көтерілетін басқыштарынан тұрады.

     Өмір бойы білім алу тұжырымдамасының көпқырлылығын ескерсек, біздіңше, оның басты құндылығы ең алдымен, әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары сатысына көтерілудің және  білімге негізделген ақпараттық қоғам  идеяларын алға жылжытудың  бір құралы болуында.  Сондықтан да қазіргі ақпараттық қоғамның білім беру жағдайында объективті үдерістерді бейнелейтін жаңа анықтамалық ұғымдардың енуі заңды құбылысқа айналып отыр. Біз үшін интерактивті әдістер, виртуалды орта, интерактивті білім беру сияқты ұғымдарды қолдану үйреншікті болуымен қатар, қолдану қажеттілігіне айналуда. Олар ең алдымен, оқыту үдерісінде  интербелсенділігімен, ынтымақтастығымен сипатталады, яғни кері байланысқа құрылған топтық жұмыстарды ұйымдастыруға, жағымды ахуал тудыруға бағытталуы.     

      Тіл -тек қарым-қатынас құралы ғана емес, мемлекетті, ұлтты танытушы негізгі әрі басты құндылықтардың бірі. Тіл қоғамда, әсіресе өркениетті қоғамда ауызша және жазбаша екі формада қызмет ететіндігін ескерсек, бүгінгі құзыреттілік тұғыры парадигмасы жағдайында педагогтардың кәсіби құзыреттілігін дамытуда қомақты да салмақты үлесі үлкен. Өйткені  мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін арттыру проблемасы ең алдымен,  оқушыны тәрбиелеу мен дамытуға бағытталған іс-әрекет. Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі - бұл ғылыми-теориялық, әдістемелік және педагогикалық-психологиялық дайындықты, сонымен қатар кәсіби және шығармашылық іс-әрекет іскерлігінің кіріктірілген сипаттамасы мен жеке тұлғаның кәсіби мәнді сапаларын дамытуын қамтиды.

      Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, әлемдік деңгейде бар ақпарат, ғылыми жаңалықтар ағылшын тілінде, латын қарпімен жарық көріп жатқандығын ескерсек, бұқаралық ақпарат құралдары жариялаған барлық жаңалықтармен таныспасақ ішкі жан дүниеміз қараңғылықта қалатыны даусыз.  Сондықтан да Елбасының “Латын әліпбиі – заман талабы” деген сөзін басшылыққа ала отырып, әлем кеңістігіне еркін саяхаттап, өзге елдің ғаламат жаңалықтарымен бөлісіп, білім деңгейі өзгемен иық теңестіретіндей дәрежеге жететінімізге сеніміз мол деп айта аламыз.

 

 

Әдебиеттер:

1. Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы, 12 сәуір, 2017ж

2.Жаңа ұлттық әліпби: қазақ жазуын жаңғырту (ғылыми-тілтанымдық зерттеу). Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты. Алматы, 2017 ж. http://kazneb.kz/bookView/view/?brId=1566732

3. Жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын реформалау: теориясы және практикасы.Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Алматы, 2016, 556 бет.

 

 

ПСИХОЛОГО-ПЕДАГОГИЧЕСКИЕ ПРОБЛЕМЫ  ОБУЧЕНИЯ В УСЛОВИЯХ ПЕРЕХОДА КАЗАХСКОГО АЛФАВИТА НА ЛАТИНСКУЮ ГРАФИКУ

 

Резюме.   Статья посвящена актуальной теме сегодяннего дня – проблеме  переводе казахского алфавита на латинскую графику. Авторы, опираясь на исследования ученых-филологов, исследовавших переход на латинский алфавит, всесторонне рассматривают его культурно-социальные, лингвистические, психолого-педагогические аспекты. Обобщается вывод, что латинская графика – это не единственная политика, которая спроектирована внутри Казахстана, которая является фундаментом языков всего мира, так как мы должны учитывать, что языки таких цивилизованных стран, как английский, французский, немецкий, итальянский, получают глубокие истоки от латинской графики.

Ключевые слова:     казахский алфавит, латинская графика, звук, буква,  психолого-педагогические, культурно-социальные, лингвистические аспекты

 

PSYCHOLOGICAL-PEDAGOGICAL ASPECTS OF TEACHING IN THE CONDITIONS OF TRANSITION OF THE KAZAKH ALPHABET TO THE LATIN SCHEDULE

Sardarova Zh.I,  Kuanduk.A

 

Summary. The article is devoted to the actual topic of today’s day - the problem of translating the Kazakh alphabet into Latin script. The authors, based on the research of philologists who studied the transition to the Latin alphabet, comprehensively consider its cultural, social, linguistic, psychological and pedagogical aspects. It summarizes the conclusion that the Latin script is not the only policy that is designed within Kazakhstan, which is the foundation of the languages ​​of the whole world, since we must take into account that the languages ​​of such civilized countries as English, French, German, Italian receive deep roots from Latin graphics.

Key words: Kazakh alphabet, Latin graphics, sound, letter, psychological and pedagogical, cultural and social, linguistic aspects