ҚАРСЫЛАСУ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ҚАҺАРМАНЫ ҚҰНЫСКЕРЕЙ

ҚАРСЫЛАСУ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ҚАҺАРМАНЫ ҚҰНЫСКЕРЕЙ

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көтерілген халық санасының рухани жаңғыруы және бұрын зерттелмеген тарихи тұлғаларды зерттеу өзекті мәселе. Сондай тұлғалардың бірегейі Құныскерей Қожахметовтың тарихи тұлғасы болмақ.

      Құныскерей Қожахметовтың қазақ әдебиетіндегі бейнесі, қазақтың халық жазушысы Хамза Есенжановтың «Көп жыл өткен соң» (1967), «Жүнісовтер трагедиясы» (1970), жазушы Марат Мәжитовтың «Құмдағы із», «Құныскерей» (2002) романдарының, жазушы, өлкетанушы Өтепберген Әлімгереевтің «Құныскерей» (2003, 2018) және Қаратөбелік өлкетанушы Қайыржан Хасановтың «Қос батырдың хикаясы» (2000) кітаптарында жан-жақты суреттеліп, бас кейіпкері болған қаһарман тұлға.  

      Хамза Есенжанов өзінің «Ақ Жайық» романының ішіндегі бір кейіпкерін «күшті де мерген, ақылды да адал, өздігінен ешкімге тимеген, ешкімді нақақ өлтірмеген, бірақ алам дегенін ауызы алты қарыс билер мен байлар, ауызымен құс тістеген әкім-қаралардан алған, халық жақтап, байлар қолдап, билер демдеп, қазірет пен молдалар батагөй болған, байтақ даланың тентек, төл өскен ерке ұлы, батыры» – деп суреттеп бейнелеген адам.

      Құныскерей Қожахметов (1895-1965) Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қоныстану ауылына қарасты Тайсойған құмында туып өскен. Бастауыш білім алған, өз заманының орта сауатты азаматы болыпты. Кеңес үкіметі орнағанға дейін мал өсіріп, Тұзтөбеден тұз тасып сатып, т.б ұсақ саудамен айналысып кәсіп қылған. Кеңес үкіметі орнаған соң туған ауылы Көздіғара ауылдық кеңесінің алғашқы төрағасы болып, өлкеде жаңа кеңес өкіметінің қалыптасуына белсене ат салысқан тұлға.

      Кеңестік әкімшілдік – әміршілдік саясатқа, ел ішіндегі қуғын-сүргінге шыдай алмай, шала сауатты шенеуніктердің «әпер бақан саясатына» көнбей қарсы шығып, «халық жауы» атанып, «банды Құныскерей» деген атақ таңылып, нақақ саяси қудалауға ұшыраған.

Енді осы мәселенің тарихи себептеріне үңілейік.

      ХХ ғасырдың 20 жылдары КСРО-да қандай социализм орнатамыз деген мәселе жөнінде айтыс-тартыс басталып, идеялық-саяси күрес өріс алды. Жалпы социализм құрудың екі үлгісі алға тартылды: біріншісі капитализмге соқпай, феодализмнен коммунизмге «секіріп өту» мүмкіндігі, яғни, еңбекшілерге қысым жасау, күш қолдануға сүйенген әскери-коммунистік демократияны дамыту; екінші жолы - өндірушілерді материалдық ынталандыру арқылы, тауар-ақша қатынастарын жан-жақты дамыту идеясына негізделген жаңа экономикалық саясат үлгісі болды. Большевизм басшыларының қай-қайсысы болмасын индустрияландыруды, ауыл шаруашылығын кооперациялау мен мәдени революцияны жүзеге асырудың қажеттігіне еш күмәні болмады. Бірақ социализм идеяларын жүзеге асырудың қарқыны мен әдістері жөнінде әр түрлі түсінікте болды.

Құныскерейді туған немересі Айтжанұлы Қыдырбай Тайсойғандағы Құныскерей қыстауында

  Құныскерейді туған немересі Айтжанұлы Қыдырбай Тайсойғандағы Құныскерей қыстауында

   БК(б)П ОК-нің 1923 жылғы маусымда өткен мәжілісінен кейін ұлттық идеялардың көріністерін қатаң қуғындау басталды. Ұлт зиялыларының өкілдері ұлтшыл басмашылармен байланыс және Кеңес үкіметін құлатуға ұмтылғандары үшін айыпталды, қуғын-сүргінге ұшырады. 1922 жылы басшылық қызметтегі «Алаш» партиясының бұрынғы мүшелері орындарынан қуылып, ал 1924 жылы бірқатар қазақ коммунистері республикадан Орталыққа шақыртылып алынды. Аштық пен жаппай қуғын-сүргін, тоталитарлық режимнің жазықсыз адамдарды қуғындауы мен күштеп жер аударуы осы жылдардағы басты оқиғалар болды.

     Қазақстанда халыққа қысым жасау саясаты, әсіресе, 1925 жылы қыркүйекте БК(б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшылығына Ф.И. Голощекиннің келуімен күшейді. 20 жылдардың соңында ел ішінде адамдардың бір-біріне деген жаппай сенімсіздігі, қорқыныш пен қорғансыздық үрей белең алды.

     1928 жылдың соңында «буржуазияшыл ұлтшылдар» атанған «Алашорданың» бұрынғы қайраткерлерінің бәрі тұтқындалды. «Алаш» партиясының өкілдерін қудалау мақсатында кез келген айла-шарғы пайдаланылды. Баспасөзде олардың атын қаралайтын мақалалар жарияланып, тікелей арандату әрекеттері жасалды, олардың отбасы мүшелері, жақындары тұтқындалды. Құныскерейдің әкесі Қожахметті милициялар атып өлтіреді, әйелі Досқалиқызы Әсемді соттап, жер аударады да, баласы Айтжанды балалар үйіне өткізеді. Құныскереймен замандас, жерлес, ел ішінде абыройлы Алаш азаматтары Жаһанша Досмұхамбетов, Халел Досмұхамбетов, Қарасай Қодаров, Жұбекен Тілеубергенов, Беркінғали Атшыбаев және т.б тұлғаларға түрлі жала жабылып қудаланды.

     30-жылдардың басында сталиндік аппарат «миды шаюдың» неше түрлі әдістерін ойлап тауып, сталиндік насихат адамдарды сөз жеткізу мен ұстап беруге ашық итермеледі, оларды жалған қырағылыққа шақырды. Болуы мүмкін әр түрлі жаулардың тіміскі әрекеттерінен сақтандыруға шақырып, әркімнің жеке өміріндегі кез келген факті немесе абайсызда айтылған сөз оларды қудалауға негіз болды. Елде адамдардың бір-біріне деген сенімсіздігінің, қорқыныш пен қорғансыздықтың ауыр жағдайы қалыптасты.

   1920 жылы «Трудовая правда» газеті «Гурьевке азық-түлік тасып, мал етін дайындауда  Қожахметов Құныскерей айрықша көзге түсті. Іскер, жаны таза, Совет өкіметінің ел ішіндегі сенімді өкілі» деп жазды. Осындай бағаға ие болған Құныскерей бір күннің ішінде Совет өкіметінің қас дұшпаны болып шыға келді. Неге? Оған себеп жандайшап тәртіп сақшыларының елге лаң салып, шектен шыққан озбырлығы еді. Үйіне келген қонағын «банды» деп артынан қуып келген милиция үй иесі Құныскерейден оны ұстап беруді талап етеді. Бұл талабына көнбеген Құныскерейді тәртіп сақшысы атып өлтірмекке қаруын кезенгенше, көз ілеспейтін шапшаңдықпен Құныскерей оны ауылдық кеңес төрағасына берген қаруымен атып өлтіреді. Ресми билік оны «банды», «қарақшы» деп айдар тағып, соңына түсті. Сол себепті батыстың «бандысы» атанған Құныскерей Қожахметов кеңестік өкіметтің жаңа саясатына көндікпей, мылтығын асынып, туған үйінен, туған жерінен жерініп, ашық күреске шығуы, Башкирия, Түркімен асуы - адами ар-намысты қорлатпау, ұлттық салт-дәстүрді тәрік етпеу – ерен батырларға тән, далалық өр мінез болатын. Осы кезеңде Қазақстанның батыс аймағында Аманғали Кенжахметов, Ерғали Аязбаев сияқты атынан ат үркетін, үкіметтің озбыр саясатына ашық қарсы шыққан белгілі тұлғалармен қатар олардың атын жамылған ұры-қарылар мен барымташыларда аз болмаған.

IMG-20200531-WA0013

 Тайсойғандағы Құныскерей шоқысы - деген биік төбе. Үстіне шыққанда 7-8 км горизонт анық көрінеді

     Құныскерей Қожахметовтің Алаш қозғалысына қатынасы туралы нақты дерек кездеспеді, бірақ өзі туып өскен аймақтағы саяси жаңалықтар мен іс-әрекеттерді байқамай, одан сырт қалуы мүмкін емес деп ойлаймын. Себебі кейбір деректерде Құныскерейді Алаш офицері деп атағандығын кездестіреміз. Оның үстіне Батыс Алаш үкіметі (алғашқыда Ойыл уалаяты) 1918 жылы мамыр айының екінші жартысынан 1919 жылы қазан айының аяғына дейін Қызыл үйде (Жымпитыда) 17 ай бойы үстемдік құрып, Қызылқоғаға (Атырау жері) көшті. 1919 жылы 10 желтоқсанда Ойыл уәлаяты үкіметі өзінің ең ақырғы отырысын өткізіп, кеңес өкіметін мойындауға мәжбүр болды. Бұл саяси оқиғалар Құныскерей Қожахметовтың көз алдында, туып-өскен жерінде болған. Сондықтан Құныскерей көзі ашық, көкірегі ояу, саяси сауатты адам болғанына күмән жоқ. Алғашқыда кеңестік мемлекеттік құрлысты орнықтыруға бір адамдай ат салысып, қызмет жасаған ол, шала сауатты шенуніктердің ұрда-жық саясатына шыдамай ашық күреске шықты. Ол кеңес өкіметінің басшы жұмыстарында жүріп, үкімет жүргізген саясатқа, халықтың көріп жатқан зорлық-зомбылығына әбден шыдамы таусылып, кедейлердің күні туады, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман туады дегенге сенімі бітіп, осындай қауіпті әрекетке басын байлап, өз жерінде, өз елінде еріксізден банды атанып, қуғын-сүргінге түсіп, шыбын жанын шүберекке түюге мәжбүр болған еді.

      Алашорда қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың 1919 жылы жарық көрген «Революция және қырғыздар» деп аталатын әйгілі мақаласында нақты айтылғандай, «қазаққа ақпан революциясы қаншалықты түсiнiктi болса, қазан революциясы соншалықты түсiнiксiз болды» және кеңестiк билiктiң күйреуiне дейiн сол түсiнiксiз күйiнде қалды. Олай дейтініміз, болшевиктер әу-бастан қара халықты алдап-арбау, еріксіз күштеу әдістері арқылы социализм орнатып, коммунизмге жеткісі келген сияқты.

      Құныскерей Қожахметов батырлығымен, асқан мергендігімен көзінің тірі кезінде аты аңызға айналған адам. Қазақстанның батыс өлкесінің қарапайым халқы Құныскерейді құрметтеп, үкімет әскерінен жасырып, азық-түлікпен, ат-көлікпен астыртын көмектесіп отырған.

   Ол 1922-1933 жылдардағы қазақ шаруаларының «Адай көтерілісіне» белсене араласқан күрескер тұлға екендігін дәлелдейтін құжаттарда жеткілікті. Тарих ғылымының кандидаты, профессор Жұмағұлов Болат Сағидоллаұлының «Кеңес өкіметінің аграрлық саясаты және Адай көтерілісі. 1922-1933жж» ғылыми  диссертациясы қолжазбасында Құныскерей Қожахметовтың көтеріліс барысындағы белсенділігі ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағаттық деректерінің негізінде дәлелденіп жазылған.  Сондай-ақ зерттеушілер І. Сариев пен М.Омаровтың «Ойрандалған Адай даласы» кітабында да Қ. Қожахметов туралы деректер жеткілікті.

       Кеңес өкіметінің шаруа қожалықтарын ұжымдастыру және отырықшыландырудағы саясаты қазақ халқына аштық пен апат алып келді. Мыңдаған шаруалардың жанұялары туған жерін тастап, елден тыс ауа көшіп, алыс аймақтарға, басқа мемлекеттерге кетуге мәжбүр болды. Елде қалып, ұжымдастыру мен отырықшылану азабына ұшырағандар ғасырлар бойы күнкөрістің көзі болып келген малдан айырылып, соның салдарынан жұтқа, алапат аштыққа тап болып, сол даңғаза науқанның құрбаны болды. Сол саясаттың салдары 1929-1933 жылдары бүкіл Қазақстан территориясында етек алған шаруалардың әкімшіл-әміршілдік жүйенің халық басына әкелген ауыртпашылығына, олардың итаршыларының зорлығына және көрсеткен қорлығына қарсы бағытталған көтерілістері болып табылады. Олай болса Құныскерей Қожахметовте осы саясаттың құрбаны, қарсыласу қозғалысының қаһарманы деп бағалаймыз. Құныскерей Қожахметовтің тағдыры 1920-1930 жылдардағы қазақ халқының басына түскен ұлттық трагедияның жиынтық образы деп қабылдаймыз.

    Құныскерей 1930-1935 жылдары Түркіменстанның Мары облысы, Кушка ауданы, Сараджа ауылын паналаған. Ол жақта Жаманов Әбілхайыр (Андрей, Елемес) деген жасырын атпен өмір сүріп, ұжымшарда орта деңгейдегі лауазымды қызметтер жасап, 1965 жылы өмірден өткен. Биыл, яғни 2020 жылы осы тарихи қайшылықты тұлғаның туғанына 125 жыл толады.

     Құныскерейдің қарсыласу қозғалысындағы белсенділігі ұлт азаттық күрестің заңды жалғасы, қазақы кесек мінезі, ұлтық салт-дәстүрге құрметі, батырлығы мен мергендігі, ерекше қабілеті жас ұрпақты тәрбиелеуде, ұлттық рухты жаңғыртуда тәлімдік, тәрбиелік мәні мен маңызы зор деп ойлаймын.   

 

Қазақ ұлттық аграрлық университеті

«Қазақстан тарихы және Қазақстан халқы мәдениеті»

кафедрасының аға оқытушысы

Теги АГУ70 сайттайсойган тайсойғансайты