ҚАРАҚҰДЫҚТАН БАСТАЛҒАН...

ҚАРАҚҰДЫҚТАН БАСТАЛҒАН...

Бисенбай

Бисенбай Бисенғалиев.

Ардагер геолог-барлаушы, «Құрмет» орденінің, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бесжылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Қазақстан мұнайына 120 жыл», «Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Қарақия ауданына 45 жыл», «Жер қойнауын барлаудың үздігі» төсбелгілері иегері. Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» кітабына енген. Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, Ақтау қаласындағы «Геолог-барлаушылар аллеясы» идеясының авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естелік әңгімелер», «Бисенғали әулеті»  кітаптарының авторы.

 

 

Қарақұдықтан басталған...

   Дос адам жанының айнасы тәрізді. Себебі адам өзі қандай болса, дәл сондай жанына жақын жанды іздейді. Ойы, арман-тілегі, мақсат, ең бастысы өмірдегі құндылығы бір адамдардың шынайы дос болып, өмір бойы араларынан қыл өтпейді. Ал достық дегеніміз - адамды ерекше қанаттандыра білетін, қуанышты үдетіп, қайғыны азайтатын қарым-қатынас түрі. Өмірде шынайы, адал дос табу, достық қарым-қатынастарды сақтай білу өте маңызды. Себебі әрқайсымыз достыққа мұқтажбыз, ол ешқашан көптік етпейді. Патриот ақын, ұлт жанашыры Мұхтар Шахановтың:

«Достық деген ізгіліктің алаңы,

Оған куә ғасырлар мен замандар.

Отанын да сатып кете алады,

Қиын шақта досын сатқан адамдар!»,-деген жолдарынан достықты қандай дәрежеде бағалағаны сезіледі. Шынайы, адал дос өмірде орын алатын түрлі сәтсіздіктерге мойымай, басқа түскен ауыртпалықтарды бірге көтеруге жәрдемдесіп, қуаныш пен шаттығыңды бөліседі. Достардың мінездері әр түрлі болуы мүмкін, дегенмен құндылықтары мен арман-мақсаттары бірдей болады, бірақ бұл жағдай достыққа еш кедергі бола алмайды. Халқымыз достық қарым – қатынасты ерекше бағалаған, бұған дәлел, “Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады”, “Досы жақсының, өзі де жақсы”, “Дүниеде адамның жалғыз қалғаны - өлгені, қайғының бәрі соның басында” дегендей мақал-мәтелдер. Достық – адамдардың бір-біріне адал, қалтқысыз сеніп, бір мүдделі, ортақ көзқараста болатын қасиеті. Достық өзара жауапкершілік пен қамқорлықтың, рухани жақындықтың белгісі. Сатқындық, екі жүзділік, өтірікшілдік, өзімшілдік достықпен сыйыспайды. Қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесінде достыққа үлкен көңіл бөлінеді. Достық – бұл өмірдегі ешнәрсемен бағаланбайтын құндылық. Дос табу оңай емес, ал оны сақтау одан да қиын.

  Осы орайда, Женя (Евгений Васильевич Герасименко) екеуміздің жақын достығымыздың қашан, қалай басталғаны жайында аздаған әңгіме жазайын. 1977 жылғы жаздың аяғы болатын. Біздің бригада Қарақұдық-20 деген скважинаны қазып болуға жақындағанбыз. Мен бұрғылау шеберімін, Бозбаев Ғалымжан бригада басшысы. Ол заманда Қарақұдық алаңында КОС-тың (бұрынғы атауы осылай, ал дұрысында КОиКС болуы керек) орталық поселкесі болды, сол поселоктың жанында барлығымызға ортақ «взлетно-посадочная полоса» (Ан-2 самолеттерін қабылдайтын ұшып-қону алаңы) бар. Орталықта ОРС-тың азық-түлік қоймасы да бар болатын. Қарақұдық алаңында сол жылдары үш бұрғылау бригадасы қазып жатты. Қарақұдық-13 скважинасын Сүйеген Салманов ағамыздың бригадасы (бұрғылау шебері Е.В.Герасименко), Қарақұдық-14 скважинасын Қожаев Пәуеденнің бригадасы (бұрғылау шебері Тоқтағанов Қаржау ағамыз), Қарақұдық-20 скважинасын біздің бригада қазуда. Бұлардан басқа осы бұрғылау қондырғыларын техникалық сумен қамтамасыз ететін «водяная скважина» (қандай нөмірлі скважина екенін ұмытыппын) бар және сол скважинадан әр бұрғылау қондырғысына су жеткізетін «водопровод» тартылған. Ескі бұрғылау құбырларын бір-біріне жалғап, үстін топырақпен жал қылып көміп тастаған «водопровод». Су скважинасының басында алба-жұлба, май-май брезенттермен жабылған шағын ғана сарай бар, сарайдың ішінде бір ескі жаман У1-Д6 дизельді электростанция, ұңғыға ауа айдайтын жағдайы өлмеші УКП-80 маркалы компрессор бар. Бұл су скважинасында жұмыс жасайтын жалғыз машинист болды, тек күндіз барып дизельді қыздырып, компрессормен скважинаға ауа айдап, су шығарып, басында тұрған бірнеше қазандарды (50 кубтық 2-3 қазан) суға толтырып қояды. Су сол қазандардан водопровод арқылы бұрғылау қондырғыларына жіберіледі. Машинист біздің бригадада тіркелген, жатын орны да бізде. Күнде су скважинасының басына оны апарып, алып келу, оның басындағы құрылғылардың техникалық жағдайын қарау бізге жүктелген. Машинистің жұмыс жасаған күндерін де біз жүргіземіз. Аты Алексей сияқты, фамилиясын ұмытыппын (Женяның бір әңгімесі осы адам жайында), үнемі май-май болып жүретін, мыңқылдап сөйлейтін орыс болатын. Соның таза жүргенін көрмеппін. Су скважинасы КОС-тың поселкесінен ары бірталай жерде, водопровод КОС-тың қасымен өтіп, сол жерден Қарақұдық-13 жаққа қарай бір тармағы кетеді де, біраз жер созылып барып біздің қондырғыға келеді, содан кейін ғана ары қарай Қарақұдық-14-ке жүреді. Сол кездерде техникалық су мәселесі өте қиын болатын. Су скважинасының басындағы дизель де, компрессор (УКП-80) да өте нашар жағдайда, күтімі де келіспеген, тек әйтеуір ілдәлдалап жұмыс жасап тұратын. Олардың жұмыс жасауынан тоқтауы, жөндеуі көп болғандықтан, су да тапшы болатын. Өзі тапшы суды водопроводпен айдаған кезде, машинисті машинамен алып барып, қайтарда КОС-тың қасындағы Қарақұдық-13-ке бұрылатын тармақтың задвижкасын мықтап жауып, задвижка жабатын «воротокты» өзіммен бірге алып кететінмін. Ал менің осылай жасайтынымды білетін (сезетін) Сүйеген ағамыз бен Женя менің көзден таса болуымды бағып тұрып, суды өздеріне қарай бұрып алатын. Қарақұдық-14-ке де солай, Пәуеден мен Қаржау ағамыз біздің қондырғының үстінен өтетін водопроводқа міндетті түрде бір адамын қарауылға қоятын. Су үшін талай айқай, керіс, шатақтар болды ғой. Орталық алаңға қонған самолеттен келген қосалқы бөлшектерімізді, қашауларымызды таба алмай қалатынбыз. Самолет келген бойда күтіп алмасаң болғаны, үлгеріп барғандар, байқамаған болып,  алып кететін. Бұл да болса мен сияқты жас бұрғылау шеберіне үлкен сабақ болып еді.

  Сол кездегі Қарақұдық алаңындағы жағдай осындай болатын. Айтпақшы, су скважинасының арғы жағында, біраз қашықтықта соңғы жағынан Қарақұдық-16, 17 деген скважиналар қазылды. Осы екі скважинаны қазуға Бегеш-2 ұңғысын қазып болған Халидуллин Лесбай ағамыздың (бұрғылау шебері Мәлік Шотай) бұрғылау бригадасы мен Қарақұдық-13-ті аяқтаған Сүйеген Салманов ағамыздың (бұрғылау шебері Евгений Васильевич Герасименко) бригадасы барды (қай бригада қай скважинаны қазғанын шатастыруым мүмкін, сондықтан анықтап жазбай отырмын). Біздің бригада Қарақұдық-20-ны аяқтағасын Ащытайпақ-2 деген скважинаны қазуға барсақ, Ащытайпақ-1 дегенді Қосмағанбетов Базарбай ағамыздың бригадасы (бұрғылау шебері Тәңірберген Демесінов) Бегеш-1 деген скважинаны қазып бітіргесін, көшіп келіп қазып бастаған екен. Ал Қарақұдық-14-тегі скважинаны қазып жатқан Қожаев Пәуеденнің бригадасы осыдан соң қайда көшкенін білмей отырмын (Қырын деген алаңға көшті ме екен деген ойым бар, бірақ шүбәлімін. Мәлік Шотай осы Пәуеденнің орнына бригада басшысы болып келді, Қарақұдық алаңында ма, әлде басқа алаңға көшкесін бе, оны да дәл айта алмай отырмын).

Сол жаздың бас жағында, Қарақұдық-13 бұрғылау қондырғысы құралданып жатқанда, әлі бұрғылау бригадасы келе қоймаған кезде, мен мұнара құралдау бригадасынан автокран сұрау үшін келгенім бар еді. Мұнара құралдау бригадасының басшылары менің алдымда ғана даладан қасқырдың екі бөлтірігін әкелген екен. Анасын не қылғанын сұраған емеспін. Бөлтіріктерді тұрғын вагонның астындағы иттер өздеріне салқындап, көлеңкелеп жатуға ыңғайлап қазып алған үңгірге жіберіпті. Екі бөлтірік мұнара құралдаушылардың вагон поселкесіне келген бойда, олардың исін сезген поселкедегі барлық иттер сол бойда жым-жылас жоқ болып қашып кетіпті. Менің бойымды әуестік билеп, бөлтіріктерді көргім, қолыма алып ұстағым келіп кетті. Кәдімгі иттің күшігіндей болар деп ойласам керек. Вагонның астына еңкейіп қанша үңілсем де көре алмадым, ары қарай сұғып, бөлтіріктерді қозғап, мүмкін болса, итермелеп шығаруға, жуық маңда қолыма ондай ештеңе іліне қоймады. Менің осындай әрекетімді байқап қалған бригадир орыс келіп: «Сен аяғыңдағы кедіңді шешіп алып, соны сұқ, олар бірден соны тістеп жабысады, сонда сен де кедіңмен бірге олардың біреуін, тіпті екеуін де сүйреп шығасың. Алдында біздер де солай алдап шығарғанбыз»,-деп ақыл берді. Айтты бітті, аяғыма киіп жүрген «полукедімді» шешіп алып, жерге жата қалып барынша, қолым жеткенінше вагонның астына сұқтым. Қолымдағы кедімді жан-жаққа қозғап бөлтіріктерді қызықтырған болдым. Бір мезгілде «қармағым қапты». Бірден жұлқып тартып қалып едім, өзімше екеуін де алып шыққым келіп, кедімнің басы жоқ, қалған жағы шолтиып шыға келмесі бар ма. Бөлтірік болса да тістері менің кедімді жәукемдеуге жарап қалған әрі өткір екен. Жыртқыштың аты жыртқыш. Ақыры сол бөлтіріктерді көре алмай, жалаңаяқ, мұнара құралдаушылардан автокран алғаным олжа болып буровойыма қайтқаным бар.

  Алғаш Женямен кездесуім де қызық болды. Ол кезде Қарақұдық-13-ке қарай водопровод тартылмаған болатын. Бұрғылау бригадасы көшіп келіп, қазу жұмыстары басталайын деп жатыр. Сүйеген Салманов ағамыздың бригадасы осы Қарақұдық-13 скважинасын қазуға «Бейнеу» деген алаңнан көшіп келді. Скважинаны бастап қазу үшін бірнеше жүз куб техникалық су қажет. Ал водопровод болса әлі тартылмаған. Сол күні мен осы су мәселесімен «водяная скважинаның» басына машинисін алып келгенмін. Басындағы қондырғылар бұзылып, су тапшылығы болып, соларды жөндеуге қажетті құралдар мен жөндеушілерді алып келгенмін. Бір мезгілде, әзірге бұл Қарақұдық алаңынан мен көре қоймаған, қазаны бар Маз-500 деген дизельді машина күркілдеп келіп жаман сарайды тапап кетердей болып келіп, бір төмпешікке тіреліп барып әрең тоқтады. Жөндеушілердің жұмыстарына көңілім толмай, ашуымды кімнен аларға білмей ыдырынып тұрғанымда мына машинаның тап осылайша баса-көктеп келе қалмасы бар ма.Сарайдан атып шығып, мына тәртіпсіз  шопырды оқсатып боқтауға әзірленіп келемін. Кабинадан нән орыс секіріп  түсті, үстінде жеңдерін түбінен жұлып тастаған, жағасы да жеңдерімен қоса жұлынған, бірақ алдыңғы сау ілгектері түгел ілгектелген, бір кездерде ақ көйлек болғанын қиялыңмен болжамасаң, қазіргі кезде түсін айырып болмайтын, күнге әбден күйіп кеткен өңсіз көйлек. Өзі де бойшаң жігіт, жеңі жоқ көйлектен шығып тұрған жүндес қолдары да арбаның ағлөбіндей екен. Анадайдан ыржиып күліп, бірдеңелерді айтып келеді. Осындай жайдары, жарқын көңілді, риясыз күліп келе жатқан адамды қалай боқтарсың. Әрі өзі біршама ірі болса. Келе күректей алақанын маған ұсынып: «Ваш новый сосед - Женя Герасименко, буровой мастер. Су таситын машина болмағасын мынаны айдап келдім, шопыры ауылға қосалқы бөлшектер әкелуге кетті. Мына машинада сцепление де, тормоз да жоқ, әупірімдеп осылай айдап жүрмін. Әйтпесе сусыз қаламыз»-деп барлық ақпаратты ақтарып салды. Осылайша таныстық. Сцеплениесі де, тормозы да жоқ манағы үлкен Маз-500 деген машинаны Женяның қалай айдап жүргеніне таң қалдым. Расымен де Женя батыр екен. Әупірімдеп жүріп машинаның қазанын суға толтырып болғасын Женя кабинаға отырып моторын қыздырып алып біздерге летчиктердің самолетті қыздырарда  айтатынындай: «От винта» деді де машинаның жылдамдығын «резко» қосып қалды. Маз-500 деген машинаның жылдамдығын қосудың да өзіне тән әдісі болады екен, Женя жылдамдық қосатын рычагты біраз бұлғалап отырып, бір мезгілде бар күшімен артқа қарай сарт еткізді. Қазаны суға толы машина орнынан ытқып кете алмай, бірақ түтінін будақтатып, іркіл-зіркіл қозғалып барып жолға түсті. Шопыр Женя бас үйретілмеген асау аттың үстіндегі шабандоздай, алға, артқа ителеңдеп, рульден айрылып қалмауға тырысып бара жатты. Женяның айтысына қарағанда, тормозы болмағандықтан машинаның тоқтайтын жерінен біраз бұрын жылдамдығын айырып, инерциясымен жүріп, әлдебір кедергілерді көздеп, соларға тіреп барып тоқтайтын көрінеді. Ал қазаны бос, жеңіл машинаны орнынан манағыдай «резко» қозғағанда қатты мөңкиді екен. Осылайша Женя деген «каскадермен» танысқанмын.

  Сонымен 1977 жылдың тамыз айының соңғы жағындағы бір күні Женя мені кешке қарай өзінің буровойына шақырды. Туған күні екен. Кешке қарай, түнгі вахтаға тапсырмаларын беріп болғасын, оперативный Газ-51 машинама мініп алып тартып кеттім. Шопыр өзім. Екі буровойдың арасы бірталай қашық, КОС-тың үстімен жүргенде 7-8 шақырымдай. Келдім, культбудканың мастер жататын бөлмесіне, жерге шағын ғана дастархан жайып қойыпты. Төрде сол бригаданың жөндеушісі Секе деген (атын ұмытыппын), бір көзі жоқ ағамыз отыр. Басқа ешкімді шақырмапты, тек үшеуміз тойлайтын болдық. Женя нағыз қазақ қой, Секе ағамызды сыйлап дастарханын жерге жасап, төрге ағасын отырғызып қойыпты. Қарамағындағы қарапайым жұмысшыны өзі басқа ұлттан болса да құрметтеп, сыйлағанын іштей ұнатып қалдым. Буровойда қашауды ауыстыру үшін құбырларды көтеруді (подъём) бастап жатыр екен. Түнгі вахтада бұрғышы Халипа Елмұқанбетовтың вахтасы.Тойлауға кірісіп кеттік. Женяның туған күніне сыйлыққа алып келген бір шишамды тапсырдым. Біраз уақыт тойладық, шай ішілді, қоянның етінен жасалған майлы қуырдақты да еңсеріп тастадық. Қоянның етінен жасалған қызыл қуырдақ дәмді болды. Бұл Секең ағамыздың аңшылық табысы, қолы сәл босай қалса болғаны қақпандарын, тұзақтарын алып жаяулатып далаға кетіп бара жатырғанын талай көргенмін. Секең ағамыз тек қақпан, тұзақ құрып аулайтын аңшы, мылтық ұстағанын көрген емеспін. Женя мен Секеңді осы аңшылық әуестік те жақындастырған сияқты. Талай көргенмін Секеңнің буровойдағы су қазанның қасында қақпанға түскен түлкі, қарсақ, қоян деген аңдарын, терісін алу үшін сойып отырғанын. Мен бұл бригадаға жиі болмағанмен, қолым тигенде келіп тұрамын. Арасында өз бригадамның вахтадан қолы бос жігіттерін алып келіп, екі бригада волейболдан жарыс та өткізетінбіз. Көбінесе жалғыз келемін, кейде жұмыс жайымен әлдебір құралдар, химреагент іздеп те келетінім бар. Арасында уақыт өткізу үшін бригаданың жігіттерімен әңгімелесіп, волейбол, нарды (шеш-беш) ойнап, беседкада шәй ішіп, әңгімесі жақсы шалдардың әңгімелерін тыңдап дегендей. Женя волейболды жақсы ойнайды. Туған күн тойлайтын вешіріміз біраз жерге барғанда Женя төрде отырған Секеңнен, қолын жайып «бірдеме» сұрады. Созған қолының алақанымен мен түсінбейтін қимылдар жасап қояды. Секең қалтасынан шақшасын алып, жақсылап ұрып-ұрып алып Женяға ұсынды. Мен аң-таңмын. Мына жап-жас, оқыған, білімді, көзі ашық, спортшы орыс жігіті шақшаны не қылар екен деп аңырып отырмын. Женя болса шақшаны алды да әдемілеп тұрып бір порция көк бұйра насыбайды алақанына салып алып, көз ілеспес, әбден үйренген, дағдыланған қимылмен аузына ытқытып жіберді. Көз ілеспес жылдамдықпен иегі шошаң еткен бойда насыбай салған алақан да шошаң ете қалды. Кәдімгі кәнігі насыбайшылардай алақанына жұққан насыбайдың қалдықтарын тізесіне қағып-қағып тазалап жіберді. Секең де, Женя да бәрі ойдағыдай, ешқандай бөтен, ақылға сыймайтын іс болмағандай кейіпте. Аузым ашылып, не болғанын түсінбей отырған мен ғана. Шақшасы қолына тиген бойда Секең де бір атым насыбайды аузына ытқытты. Екеуі кайф. Ішкеннің қызуы шығар, орыс насыбай атқанда қазақ мен неге атпаймын деген болуым керек, мен де қолымды жайып Секеңнен шақшасын сұрадым. Женя менің насыбай атуыма қарсы болды, «бұрын атып көрмесең жаман болады, дұрысы темекіңді тарта бер»,-дегендей. Мен көнбедім, насыбай атудың қандай қиындығы бар, аузыңа салып шайнай беру керек шығар деп ойлаған шығармын. Не де болса қоймастан шақшаны алдым. Женя мен Секеңнен көргенімді істеп, алақанымды бүрістіріп алып, аздаған насыбайды ортасына салдым. Көк бұйра, жасыл түсті, майсақтау қою ұнтақ алақанымда жатты. Ешқандай ойланбастан аузыма ытқытып жібердім. Ол құрымағырың тікелей аузыма түспей, бетіме, мұрныма да шашылып кетті. Үлкен бөлегі аузыма түсті ғой, бірақ ол бәлекет бірден тамағыма қарай кетіп, шашалтып, қақалтып, түшкіртіп, пысқыртып әлек-шәлегімді шығарып бәрін бүлдірді. Тамағыма асып кеткенін байқамай жұтып жіберіп, далаға атып шығып «ішімді тазартып» та үлгердім. Көзден жас, мұрыннан су ағып ірә келістім. Артынан білдім, Женя тәжірибелі, кәнігі насыбайшы екен. Бәсе, алақандарының қимылы, насыбайды ауызға ытқытып жібергендегі дәлдігі, ол бәлекеттің бірден баратын жерін (төменгі  ерінінің астындағы «өз орнына») дәл тауып Женяның көздеген жеріне сақ ете түсуі..., бәрі-бәрі көп жылдардан бергі жинақталған тәжірибені көрсетіп тұр. Вешірдің әбден қызған шағында буровойдан Елубай деген көмекші моторшы келіп «Әй, Женя, сені бұрғышы шақырып жатыр, подъёмды аяқтадық»,-деді. Біздердің бригадамызда жұмысшылар бізге тап осылай «панибратски» сөйлей алмас еді, ал мына бригадада басқаша екен. Женяны бастық деп тұрған жоқ, өздерімен бірдей бригада мүшесі деп жәй ғана адами түрде хабарласып тұр. Женямен көп жылдар бірге жұмыстас, достық қарым-қатынаста жүргенде байқағаным, ол қай жерде болмасын өзін қарамағындағы бригада мүшелерімен тең дәрежеде ұстайтын. Қарапайым жұмысшы адамды құрметтейді, сыйлайды, олар да оны осы қасиеті үшін төбелеріне көтереді. Әйтпесе, қарапайым жөндеуші қазақ шалды төрге шығарар ма, ал буровойдағы ең төменгі дәрежедегі жұмысшы (буровиктер «помозок» дейтін) орыс бастығына «Әй, Женя,...» деп айта алар ма?! Бір жағынан, Женя осы бригададан өсіп шыққан маман, қарапайым жұмысшыдан бригада басшылығына дейін өз еңбегімен көтерілген адам болғандықтан да болар жұмысшылардың онымен осылайша, кешегі күні бірге жүргендеріндей сөйлесетіні. Дәрежесі өскен бойда кешегі күнін ұмытып, қарамағындағыларға шекесінен қарайтындар да бар ғой, жиі болмағанмен ондайларды кездестіріп жүргеніміз де шындық. Ал Женя ондайлардың сортынан емес, адамшылығы, тіпті «қазақшылығы» басым. Бұл да болса досымның бойына ана сүтімен дарыған керемет адами қасиетін көрсетсе керек. Женя буровойға кетті, біз Секең екеуміз есіктің алдына шығып, мен темекімді тарттым да, ол насыбайын атты. Женя біраз бөгелді. Келе Секеңнен алақанын жыбырлатып шақшасын сұрады, насыбайын «құтты орнына қондырып» алып, насыбай салған алақанын қаққылап, біраз түкірінді де, жағдайды айтты. Долото, УБТ-лар және бірнеше свеча скважинада қалып қойыпты. ГИВ-6 приборының жазуы, көрсетуі бойынша забойдан көтеру басталғанда инструменттің салмағы қалыпты болған да, біраздан соң салмақ азайған, яғни инструменттің төменгі жағы «ұшып» кеткен. Құбыр сынбаған, «жуылмаған», тек әбден тозған құбырларды бір-бірімен жалғастыратын резьбадан сыпырылып кеткен. Сол замандағы біздер қолданатын отандық құбырлардың сапасы нашар, ал құбырларды жалғайтын «муфта-ниппель» дейтін резьбалы жалғауыштар (соединение) көптеген ашылып, жабылулардан соң «шапка» болып отырып, яғни дұрыс бекітілмей, көп күш салмай-ақ өздігінен ашылып кетуге, немесе сыпырылып қалуға, «жуылып» кетуге бейім болатын. Көтеру операциясы кезінде (подъёмда) құбырларды ашып, босатуды ротормен кері айналдыру арқылы жасағанда да осындай «босаң резьбалар» сыр береді. Ондай жағдайлар орын алмас үшін, жиірек «рабочее соединениелердің» орындарын ауыстырып, инструментті көтергенде «вразрез» көтеріп дегендей жұмыстар жасалуы керек. Тәжірибелі бұрғышылар бұл операцияны бұрғылау шебері айтпаса да өздері біліп, байқап қалған әлсіз резьбалардың орындарын ауыстырып, атқара береді. Осы жолы мақтаулы бригадада (бұрғышыларының барлығы көкжал бөрілер, мықты тәжірибелі, анау-мынау шала сауатты инженерлерден артық, талай жас мамандарды тәрбиелеп шығарған атақты бригада ғой) бұлай болмай қалды, қапы қалды. Женя забойда қалған инструментті «қуып барып ұстауға» жаңа резьбасы бар құбырды таңдап алып түсіруге шешім қабылдапты. Буровойда инструментті түсіру басталды, біз Секең екеуміз аздап «жүздетіп», әртүрлі әңгімелер айтқан болып Женяның түсіп кеткен көңілін ауламақ болдық. Женя біздің «жүздетуімізге» қосылмады, инструментті түсіріп болғасын буровойға барып «ловильный жұмыстар» жасауы керектігін айтып бас тартты. Түсінеміз ғой, зорлағанымыз жоқ. Шәй ішілді, әңгімелер ағытылып жатты, насыбай да атылып, темекі де тартылды. Мен де Женяны осындай жағдайда жалғыз қалдырып өз буровойыма кетпедім, Секең де қасымызда болды. Инструментті бірер сағатта түсіріп болды, Женя менің буровойға баруыма қарсы болды (түсінікті ғой, қызулаумын), өзі барып забойға жолай «ұшып» кеткен инструментті «ұстап», «циркуляция восстановить» етіп, «расхаживание» жасап, біраздан соң босатып алды. Құдай қарасқанда бәрі де оңынан орала қойды, сірә жақсы адамның туған күнін бүлдіргісі келмеген болар. Көтеру басталды, оңымен болған жұмысты үшеулеп «жуып» жіберіп, олар насыбайларын атып, мен темекімді сорып буровойыма қайттым. Осылайша достығымыз басталған болатын.

  Женяның тәжірибелі насыбайшы болуының жөні бар екен. Жастайынан (8 кластан соң) Жетібайдағы ЖНРЭ мекемесінің жөндеушілер бригадасында ағаш шеберінің көмекшісі болып қазақ шалдармен жұмыстас болыпты. Ол кезде көпшілік адамдар Жетібайға Түркіменстан жақтан көшіп келгендер болатын да, олардың барлығына жуығы насыбай ататын. Солардан үйреніпті. Женя насыбайдың да тәуірлерін, көбінесе түркімен елінде, қарақалпақ жерінде жасалған сапасы күштілерін таңдап ататын. Біздің мекеме жұмыс жасаған Үстірттің үстіндегі алаңдарға Бейнеудегі АТП мекемесінің көліктері жиі жүк (ауыз су, жанар-жағар майлар, цемент, химреагенттер...) тасып жүретін. Сол жүк көліктерінің көпшілігінің жүргізушілері Қарақалпақ елінен Бейнеуге көшіп келген жігіттер болатын және олардың барлығы бірдей жастарына қарамай насыбай атып, Женяны да сапалы насыбаймен үнемі қамтамасыз етіп тұрушы еді. Насыбай ататын жалғыз орысты (қазақтардың өзі атпайтын) барлық Бейнеулік жүргізушілер жақсы таниды, сыйлайды. Буровойда жүргенде Женяның көк бұйра, танауыңды жарып жіберетін сапалы насыбайсыз қалғанын көрген емеспін, естіген де жоқпын. «Поставщиктері» керемет. Әлгі шопырлармен насыбайдың сапасы жайын, қандай ингедриенттер қосылып, қалай жасалған процесін талқылаған әңгімелерінің кейбір шет-шепірін естігенім де бар. Насыбай жөніндегі білімділігіне, талғампаздығына аузымды ашып таң қалғаным есімде. Бригададағы кейбір жігіттер (орысы бар, басқа ұлт өкілдері бар) еңбек демалысына шығып басқа қалаларға, елдеріне (көбі кавказдықтар), курорттарға барып келгенде, үнемі базарлық ретінде Женяға әдемі насыбай салатын шақша сыйлайтын. Бұл да болса сыйластықтың бір белгісі ғой.         

Жетібай.

(Сол жақтан: Жолдас Тоғжанов, Е.В.Герасименко.)

        Женя әңгімешіл болатын, кітапты көп оқитын. Әңгімені қызықты қылып айту үшін де көп оқу керек шығар. Мен де оқудан қашпаймын, қолымнан келгенінше оқимын, әңгімені де біршама тәуір айтатын едім (айналамдағылардың айтулары бойынша, егер менің көңілімді жықпау үшін өтірік мақтап жүрмесе) және жақсы әңгімешіл адамдардың әңгімелерін іздеп жүріп тыңдайтынмын. Женя екеуміз бір бригадада жұмыс жасаған кезде талай уақытты жақсы әңгімемен өткізетін едік және оқыған, өзімізге ұнаған кітаптарымызбен бөлісіп жүретінбіз. Ертеде, патшалық Ресей заманында Сібірді, Қиыр Шығысты зерттеуші саяхатшылар Федосеев, Афанасьев... сияқтылардың жазғандарын (солардың арасынан есімде қалғаны «Злой дух Ямбуя» деген кітап және Дерсу Узала деген аңшы эвенк пе, якут па... жайындағы) қызыға оқып, бір бірімізге айтушы едік. Дерсу Узала жайында соңынан керемет кино түсірілді, жапон актері ойнаған сияқты басты кейіпкер ролін. Екеуміздің ең соңғы бірге оқыған кітабымыз «Неприкасаемый Джин Грин» деген кітап. Қолдан қолға өтіп әбден түтесі шыққан бұл кітапты Женя өзінің жеке кітапханасынан алып маған оқуға берген. Сюжетін ауызша айтып менің аузымның суын құртып, кітапты оқығанша асық болып, ол кітабы түспегір қолға тиіп болмай, біреуден біреу алып, маған кезек келмей діңкем құрығаны бар. Евгений Гринёв деген ЦРУ мен КГБ-ның агенті жайындағы кітап.

  Соңғы жылдары екеуміздің де жағдайымызға байланысты жүзбе-жүз кездесуіміз, тікелей отырып әңгімелесуіміз сиреді. Бірақ біржолата көз жазып қалған жоқпыз. Көптеген жылдар бойы электронды почта деген байланыс түрін пайдаланып электронды хат алмасуға көштік. Бұл өте пайдалы, табылған ақыл болды. Ендігі жерде мен оны баяғы өзі айтқан әңгімелерді, бастан өткен қызықты жайттарды, кейбір адамдардың қылықтарын... естелік ретінде қысқа-қысқа әңгіме қылып жаз, маған жібер, мен оқиын, жинап қояйын деп түртпектеуге кірістім. Түк қарсылық танытпастан, сірә өзі де осы ойға келіп жүрген болар, келісе кетті. Мәссаған, ол тек жақсы әңгімеші ғана емес, тым-тәуір жазады да екен. Әрине, сырқатына байланысты тез жаза алмайды, бір әңгімені жазуына біраз уақыт кетеді. Досыма күлетін жағдайым жоқ, өзім де әңгімелерімді бір саусақпен шұқылап, түртінектеп отырып жазамын. Бірақ есесіне жылдар өте келе менде Женяның біраз әңгімелері жинақталып, мен оны мақтап, екеуміз де мәз болып қалдық. Көпшілік әңгімелерінің кейіпкерлерін, болған жағдайларын мен де жақсы білемін ғой, соған байланысты кейбір әңгімелеріне толықтырулар, түзетулер жасасам, Женя ақ көңілімен мәрттік танытып «Бисенбай, этот рассказ забери себе, я дарю тебе»,-дейтіні де болатын. Әрине, мен қарсы боламын, орысша жазбаймын ғой, алмаймын. Соңғы кездегі электроника әлеміндегі мүмкіндіктер қарыштап дамығаны сонша, ендігі кезде ол маған видеозвонокпен телефон соғатын болды. Өзім оған соқпаймын (ешкімге де соқпаймын ғой). Женяның өзі соғады, не жарытып әңгіме айтқысы келетінін, не болмаса, менен қандай келісті әңгіме күтетінін бір Құдайдың өзі біледі. Бірақ бір біріміздің жүзімізді көріп, әлі де болса телефон соғуға шамамыз келгеніне балаша мәз боламыз. Арасында біздің осындай «специфический диалогымызға» Ира (Женяның жұбайы) да араласып оның не айтқысы келгенін адами тілге аударып «тәржімалап» көмек береді. Женяның жинақталған әңгімелерін сайттарға, әлеуметтік желілерге жариялап, оқырмандардың мақтаған жылы пікірлерін оған жеткізіп жүрдім. Әңгімелерін жинақтап «Непридуманные истории и другие рассказы ветерана геологоразведчика» деген атпен типографиядан шағын кітапша қылып бірнеше данасын шығарып өзіне сыйлағанымда марқұм балаша мәз болған еді.

Ақтау. Приморск ауылы. Саяжай.

(Женяның 60 жасын тойлауға жиналған КЭ «МНГР» геолог-барлаушылары.)

  Қазір ана «иті жоқ ауылда» оны Марат Қорқытұлы Байзақов досы күтіп алған болар. Екеуі кереметтей дос еді. Ағалы-інілі адамдардай. Екеуі Марат басқарған «Аташ» ЖШС-де Каспий теңізіндегі мұнай барлау жобасы бойынша жұмыс жасап жүргенде кейде үйге келетіні бар. Сонда Марат: «Мен мына хохолға түсінбеймін, сен тілін білсең түсіндірші, менің айтқанымды тыңдағысы келмейді» деп маған Женяның үстінен шағым айтатын. Марат Бас директор да, Женя соның қарамағында бас маман, Марат осы жобаға кіріскен бойда бірден Женяны қасына алған. Мараттың аптасына екі күн (сейсенбі, бейсенбі) моншаға баратыны бар. Моншаға барарда: «Женя, пойдем в баню, брось работу, от работы кони дохнут. Я как Генеральный директор тебе приказываю»,-десе, Женя: «Не, не, не, Марат Коркитович, я не могу работу бросить, неудобно»,-дейтін көрінеді. Осындай да ақжүрек адамдар бар ғой. Кейбіреулерге ұқсап бастығының достығын пайдаланып, алдына түсіп, сөмкесін, буға түскенде шабынатын сыпыртқысын ұстап шаба жөнелудің орнына. Әй, Женя, досым-ай...

2021 жылдың шілде айының басында Астана қаласына көшетін болды. Алдында сол жақтан жақсы дәрігер тауып, соңғы кезде күшейіп бара жатырған сырқатына ем алып, оның шипасы тигендей болып қуанғанбыз. Содан менімен хабарласып, маған ескерткіш ретінде өзінің аңға шыққанда ұстайтын фирмалық пышағын және баяғы буровойда жүргенде (Мыңсуалмас алаңын қазғанда) баллистикалық ракетаның корпусының материалынан өз қолымен жасаған  қылышын (түрік янычарларының ятаган деген саблясы сияқты) сыйлаған. Мен бір жазбамда сол маңда (Мыңсуалмас, Төңірекшың) атып түсірілген баллистикалық ракеталардың қалдықтарын жинастырып қойған үлкен сай-жыра («қойма») бар дегенмін. Матриалды сол «қоймадан» алған ғой. «Саламат келіп алып кетсін, оған ақша беріп жібер, бұларды менен аздаған ақшаға сатып ал, әйтпесе суық қаруларды дос адамдарға тарту жасауға болмайды, достығымыз жойылады»,-деп ескерткен. Негізінде Женя өте еңбекқор, қолынан келмейтіні жоқ шебер. Ол жастайынан кәсіби ағаш шеберлерінен үйренген ағаштан ою оятын жоғары деңгейдегі столяр, плотник, темірден түйін түйген ұста да, сварка ісін де тым-тәуір меңгерген дәнекерлеуші, механизмнің тілін білетін жоғары дәрежелі жөндеуші слесарь, айта берсе оның жақсы қыры өте көп. Қазақ айтатын «Сегіз қырлы, бір сырлы» жан.

Женя өмірден өткенін естігенде онымен бірге жұмыстас болған, оны білген жандар ол туралы жылы сөздері мен жақсы лебіздерін аямай, маған көңілдерін білдіріп жатыр. Солардың бірі бәріміз білетін Сүлейменова Ақборық апамыз. Ол кісіні құрметтеп, Аха дейтінмін. Сол Ахаң өзінің Женя туралы лебізінде айтқан мына бір сөзі ерекше жүрегімді толқытты. «Женяның анасы Надежда Васильевна Жетібайда хатшы болып қызмет атқарған. Сол кезде жасы қырықтар шамасында еді. Өте көрікті әйел болатын. Адаммен қарым-қатынасы соншалықты керемет, жылы сөзімен, адами қасиетімен, қарапайымдылығымен, мәдениеттілігімен адамды баурап алатын. Екеуміз дос, құрбы да болдық, жақын араласып тұрдық. Сондай анадан тәрбие алған Женяның жаман болуға қақысы жоқ болар, сірә! Женя да сол анасы сияқты қарапайым, адамға жақсылық жасағысы келіп тұратын. Сол кездердің өзінде сондай жақсы адамдармен қызметтес болыппыз, күндер өткен сайын олардың ортамыздан кеткені өмір заңы десек те, көңілге мұң ұялатады, өткен күндер сағынтады.» Ахаң бұлардан басқа да Женяның анасы жайында біраз әңгіме айтқан, бірақ мен тек осы эпизодын бөліп алып отырмын. Ахаң айтқан Женя туралы осынау естелік әңгімелер досымның келбетін толықтыра түскендей, оның ақжарқын бейнесін, жарқын келбетін тағы да бір рет көз алдыма әкелгендей...

Қайран менің ақ пейілді, ақ жүрек, ұлты бөлек, діні басқа, жаны қазақ досым-ай!!! Менің қолымда керемет естелік әңгімелерің, өзің шын көңіліңмен сыйлаған аңшы пышағың, өз қолыңмен жасаған «алмас» қылышың, бірге жүрген күндерден әдемі естеліктерің қалды.

Өмір деген – ағын су сияқты, тоқтаусыз ағып жатыр. Қаншама көз көрген жақсыларға жазмыштың жазуымен уақыт болып, қимастықпен «бақұл бол» деген қоштасу сөзін айтқызды. Әсіресе, соңғы бірер жылдағы елге, әлемге ойран салған «жаман індет» - короновирус қатарымызды біраз сиретіп тастағаны бізге өте ауыр тиді. Кезінде арқа-жарқа болып бірге жүрген, араласқан, өмірдің өткелдерін еңсеріп, келешекке жоспар құрысқан жолдастарымды, қимас аға-апаларымды, қаншама әріптестерімді тойымсыз қара жердің қойнауына шығарып салуға тура келді. Өмірдің заңының қаталдығы да сол шығар... Қатарымыз сиремесінші!

Ақтау. 2019 ж. «Старый дворик» кафесі.

Женяның 70 жасын тойлаудан көріністер. КЭ «МНГР» ардагерлері.

  «Герасименко Евгений Васильевич (23.08.1949 – 21.07.2021 ж.ж.).

   Ресейдің Ставрополь аймағының Кочубей ауданындағы Заветное ауылында дүниеге келген.

Анасы - Бжицкая Надежда Васильевна. 1963 жылы қазан айында Қазақстан республикасының Маңғышлақ облысындағы Жетібай кентіне шақырту арқылы көшіп келіп, 1987 жылға дейін, зейнетке шыққанынша Жетібай мұнай барлау экспедициясында, артынан «Маңғышлақмұнайгазбарлау» Кешенді Экспедициясында шаруашылық-әкімшілік бөлімінің басшысы дәрежесінде еңбек етті.

  Анасының жұмыс бабына байланысты Қазақстан республикасының Маңғыстау облысына, оның ішінде алғашқы мұнай кені ашылып жатырған Жетібай кентіне көшіп келуіне байланысты оның қалған ғұмыры осы өңірмен тығыз байланыста болды. Осы киелі өңірде есейді, білім алды, мамандық таңдап еңбекке араласты, жанұялы болды, балаларын, немерелерін өсіріп қанатын кеңге жайып, тамырын тереңге жіберді. Мұнай мен газ саласының білікті де білімді, абыройға бөленген маманы атанды. Жетібай кентінде орналасқан, Маңғыстау мұнайының алғашқы фонтанын атқызған «Маңғыстау мұнайгазбарлау» тресінің құрамындағы «Жетібай мұнай барлау» экспедициясында еңбек жолын бастады.

  Еңбек жолындағы өсу белестері төмендегідей:

  1964 жылы 8 классты аяқтағанн кейін өзі де анасының артынан Ресейден Жетібайға келеді.

  Жасы кәмелет жасына жетпегендіктен 1964 жылдың 15 тамызынан 1969 жылдың қараша айына дейінгі аралықта аталмыш экспедицияда ағаш шеберінің үйренушісі, артынан ағаш шебері болып еңбекке араласты. 1968 жылы Жетібайдағы жұмысшы жастар мектебінің 11 классын оқып аяқтап орта білім алып шықты.

  1969 жылдың қараша айынан 1970 жылдың желтоқсан әскер қатарында болып отан алдындағы борышын өтеп қайтты.

  1971 жылдың қаңтарынан 1974 жылдың тамыз айы аралығында әскерден оралып Жетібайдағы мұнай барлау экспедициясында бұрғышы көмекшісі, бұрғышы болып еңбек жолын жалғастырды.

  1975 жылдың тамыз айынан 1996 жылдың қазан айына дейін осы экспедицияда бұрғылау шебері, бұрғылау қондырғысының басшысы, бұрғылауда кездесетін күрделі жұмыстар жөніндегі шебер дәрежелеріне дейінгі сатылардан өтті.

  1996-2006 жылдар аралығында «ҚазақТүрікмұнай» ЖШС-нда мұнай өндіру шебері, ұңғыларды күрделі жөндеу инженері болып еңбек етті.

  2007-2012 жылдары «ҚазМұнайТеңіз» МҰК Акционерлік Қоғамына қарасты «Аташ», «Түпқараған» ЖШС-ларында Каспий теңізінің қайраңынан мұнай-газ іздестіру жобаларына қатысып, аталған мекемелерде бас маман дәрежесінде еңбек етті.

  2012 жылы жасының келуіне байланысты зейнет демалысына шықты.

  «Маңғыстау мұнайгазбарлау» кешенді экспедициясының сапында еңбек ете жүріп маңғыстау ойындағы, маңғыстаудың Үстірті үстіндегі көптеген алаңдардағы геологиялық іздестіру жұмыстарына белсене қатысты. Қансу, Сарой, Ақсақсауыл, Самтыр, Ердалы, Аманжол, Қарақұдық, Ащытайпақ, Бейнеу, Өлі Қолтық, Нысанов, Сазтөбе, Мыңсуалмас және басқа да мұнай мен газ алаңдарындағы бұрғылау жұмыстарына бар тәжірибесі мен білімін, біліктілігін жұмсап еңбек етті. Еңбегі жемісті болып осы аталған алаңдардың барлығына жуығы қазіргі кезде еліміздің игілігі үшін мұнай мен газын молынан беріп тұр.

  Аянбай төгілген маңдай тері еленбей қалған жоқ, отанымыздың ең жоғарғы наградаларымен, атап айтқанда: «За трудовую доблесть в СССР» медалы, «Еңбек ардагері» төс белгісі, «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және де басқадай көптеген мақтау грамоталарымен, заттай, ақшалай сыйлықтармен, бірнеше бесжылдықтардың еңбек озаты төсбелгілерімен марапатталды.

  1975 жылы еңбектен қол үзбестен сырттай білім алып Саратов қаласындағы Бүкілодақтық Политехникалық Техникумды  «Техник-мұнайшы» мамандығы бойынша оқып аяқтап, мамандық алып шықты.

  2004 жылы Каспий Қоғамдық Университетінде  оқып Менеджмент және Экономист мамандықтарын алды.

  Жары Герасименко Ирина Викторовна 1954 жылы дүниеге келген. 1974 жылы Дағыстан политехникалық техникумын техник-механик мамандығы бойынша аяқтап Қазақстанның Шевченко (қазіргі Ақтау қаласы) қаласында азот-түк заводында еңбек етті. 1982 жылы Москва қаласындағы Бүкілодақтық политехникалық институтта жұмыстан қол үзбей, сырттай оқып инженер-экономист мамандығын алып шықты. Мамандығы бойынша инженер-экономист. Банк, қаржы саласында еңбек етіп, 2012 жылы жасы келгесін зейнетке шыққан.

  Жұбайы екеуі дүниеге үш қыз әкеліп, тәрбиелеп өсіріп, олардың әр қайсысының екі екіден жоғары оқу орындарында оқып білім алуларына жағдай туғызып, қоғамға білікті, білімді, тәрбиелі жастардың қосылуына ықпал жасаған: Герасименко Татьяна Евгеньевна - 1977 жылы туған, Ресейдің Томск қаласының мемлекеттік политехникалық институтында және Томск қаласының мемлекеттік университетінде оқып жоғарғы білім алған; Герасименко Тамара Евгеньевна - 1982 жылы туған, Ресейдің Томск қаласының мемлекеттік университетінде, Новосибирь қаласының мемлекеттік университетінде оқып экономика және өндірісті басқару мамандықтары бойынша жоғары білім алған; Герасименко Екатерина Евгеньевна - 1985 жылы туған, Ақтау қаласындағы Ш. Есенов атындағы мемлекеттік университетте оқып жоғары білім алған. Кенже қызы Ақтау қаласында тұрса, ортнашы қызы Нұр-Сұлтан қаласында, үлкен қызы Ресейдің Новосибирск қаласында тұрады. Қыздарынан жиен қыздар сүйіп отырған ата-әже деген дәрежеге жеткен мұнай-газ барлау саласының майталман ардагері.»

Ақтау. 2019 ж. «Старый дворик» кафесі.

«Геолог күні» мерекесін тойлаған бір топ КЭ «МНГР» ардагерлері.

...

Герасименко Евгений Васильевич

(23.08.1949 – 21.07.2021 г.г.)

  На 72-м году жизни безвременно ушел  из жизни наш замечательный друг, отзывчивый товарищ, прекрасный семьянин и отменный специалист своего дела, буровик, первопроходец Мангистау, ветеран Комплексной экспедиции «Мангышлакнефтегазразведка» Герасименко Евгений Васильевич

  Герасименко Евгений Васильевич родился  23 августа 1949 года в селе Заветном Кочубеевского района  Ставропольского края.

В 1964 году после окончания восьмилетней школы Евгений Васильевич приехал в поселок Жетыбай Гурьевской области: здесь  работала его мама Бжицкая Надежда Васильевна, прибывшая на Мангышлак  в октябре 1963 года по приглашению на работу в Жетыбайскую НРЭ.
 С августа 1964 года до ноября 1969 года – до призыва в ряды Советской армии он работал учеником столяра, а затем – столяром Жетыбайской НРЭ  треста МНГР. Периодически в составе бригады выезжал на участки, где выполнял  работы по обустройству буровых и вахтовых поселков на  площадях Тасбулат, Карамандыбас, Шалабай-Сенек, Кансу, Аксаксаул и др.
В 1968
году  окончил Жетыбайскую школу рабочей молодежи.
С ноября 1969 года по декабрь 1970 года  проходил службу в рядах Советской армии.
С января 1971 года по август 1974 года работал  помощником бурильщика, бурильщиком
Жетыбайской НРЭ.
В 1975
году окончил Всесоюзный заочный политехникум в г.Саратове по специальности техник-нефтяник.
С августа 1975 года  по октябрь 1996 года  работал буровым мастером, мастером по сложным работам в бурении
комплексной экспедиции «Мангышлакнефтегазразведка»
Евгений Васильевич принимал непосредственное участие в бурении разведочных скважин  на площадях  Кансу, Сарой, Аксаксаул, Самтыр, Ирдалы, Аманжол, Каракудук, Бейнеу, Ашитайпак, Мертвый  Култук, Николаевская, Сазтюбе, Мынсуалмас, косвенное участие – в открытии месторождений Бузачи, Каражанбас, Каламкас, Арман и др.
Вклад Евгения Васильевича Герасименко в развитие геологии и нефтегазовой отрасли страны
отмечен правительственными  наградами – орденом Трудового Красного Знамени, медалями  «За трудовую доблесть», «Ветеран труда» и нагрудными знаками  за выполнение планов пятилеток.
  С 1996 года по  2006 год Евгений Васильевич трудился  мастером по добыче, инженером по капремонту скважин в ТОО «Казахтуркмунай».
 В 2004году окончил Каспийский общественный университет по специальности «экономика и менеджмент».
 С 2007 го
да по  2012 год работал   главным специалистом по бурению на шельфе Каспийского моря   ТОО «Компания Аташ», ТОО «Тюб-Караган» МНК «КазМунайТениз». В 2012 году Евгений Васильевич вышел на заслуженный отдых.

Выражаем искренние и глубокие соболезнования родным и близким Герасименко Евгения Васильевича. Скорбим вместе с вами.

Память о нашем друге, светлом и  жизнелюбивом человеке навсегда останется в наших сердцах...

Ветераны-геологоразведчики КЭ «МНГР»

Газета «Огни Мангистау» от 27.07.2021 г.

Процедура прощания с покойным, отпевание, панихида и кремация прошла в городе Новосибирске.

...

Бәкөн әл-Сағыз.

23.07.2021 ж.

Теги мұнайшыжазбалары тайсойғансайты