ЕМШІЛІК ҚҰДІРЕТ

ЕМШІЛІК ҚҰДІРЕТ

Бисенбай

Бисенбай Бисенғалиев.

Ардагер геолог-барлаушы, «Құрмет» орденінің, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бесжылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Қазақстан мұнайына 120 жыл», «Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Қарақия ауданына 45 жыл», «Жер қойнауын барлаудың үздігі» төсбелгілері иегері. Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» кітабына енген. Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, Ақтау қаласындағы «Геолог-барлаушылар аллеясы» идеясының авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естелік әңгімелер», «Бисенғали әулеті»  кітаптарының авторы.

 

ЕМШІЛІК ҚҰДІРЕТ

https://tirshilik-tynysy.kz/uploads/posts/2018-02/thumbs/1517637999_zhylan.jpg

   Емшілерге байланысты өзімнің басымнан өткен, көзіммен көріп куә болған бір жағдайды жазайын, сенесіздер ме, сенбейсіздер ме, ол жағын өздеріңіз шешерсіздер. Қазағымыздың ішінде кереметтей сынықшылар, тәуіптер, бақсы-балгерлер өзін арнайы іздеп келе жатырған науқасты ол үйінен шықпастан бұрын, тек ниеттенген уақытынан бастап сезіп, біліп, қандай сырқатына шипа іздеп келе жатырғанына дейін, қашан келетініне дейін біліп отыратын халық емшілері, сынықшылар бар екенін бәріміз де білеміз.Менің айтып отырғаным қазіргі замандағы қаптап кеткен «халық емшілері» емес, халықтың өзі мойындаған емшілерді айтып отырмын. Сөзім дәлелді болуы үшін бір мысал келтіре кетейін. Ертеректе, менің ондайларға сенбейтін жас коммунист шағымда, анам төсек тартып жатып қалды. Белі шойырылып орнынан тұра алмай қалды. Ол кісі дәрігерді көп жақтыра бермейтін, өмірінде ауырмаған, нағыз еңбектің адамы болатын. Бір сәтке болса да қол қусырып отыру деген ол кісі үшін азап болатын. Жақтырмағанына қарамастан дәрігерлерді үйге алып келіп көрсеттік, емдерін жасаттық. Бірақ еш нәтиже көріне қоймады. Анамның төсек тартып, көздері жәудіреп қимылсыз жатуы біздерді, әсіресе ол кісіні өмірі бұндай жағдайда көрмеген мені қатты қинады. Ол кезде қаламыздың аты Шевченко болатын, анамның тұратын пәтері тоғыз қабатты үйдің сегізінші қабатында еді. Лифт жасайды, үй жаңадан ғана пайдалануға берілген, сыңғырлап тұр. Бір күні анам маған: «Әй, Бәкөн, сен мені Гурьев облысындағы Мұқыр деген жердегі Уәзипа келініме алып бар, бүгін түсімде көрдім, сол мені күтіп отыр, менің белімді бір жазса сол жазады. Емнің сәті соған түсіп тұр» деді. Анаммен атын айтып тіке сөйлесетін әдетіме басып, ондайларға сенбейтініме салып жастық қызбалықпен көнбегім келіп тұрды. Әрі ол кісіні жерге қалай түсіру керек, машинаға, пойызға қалай отырғызу керек, жол болса өте алыс, жолда қалай болады деген көп сұрақтар басымда қайнап жатқан. Бірақ қанша уақыттан бері анамның осылай қимылсыз жатқанын ойлап, барлық ойларымды ысырып тастадым да келісімімді бердім. Балаларының үлкені де, үміт артары да өзім болғаннан кейін, қалай болғанда да айтқан тілегін мүлт еткізбей орындауды өзіме парыз санадым. Жұмыстан сұрану, поезға билет табу, поезға анамды жатқан күйінде жеткізіп салатын машина табу дегендерің ол заманда қиямет қайым болатын. Шауып жүріп бәрін де реттегендей болдым. «Маңғышлақ-Ақтөбе» пойызына Мұқыр стансасына дейін плацкарт  вагонға астыңғы орынға бір билетті әрең тауып, өзім билетсіз жүріп кеттік. Бір күн жолда жүріп жеттік. Поездан анамды түсіру, ағамыздың үйіне жеткізу біраз  қиыншылық туғызды. Түс ауа келсек жеңгеміз біздерден сәл бұрынырақ басқа поезбен көрші елдімекенге қайтқан адамның шаруасына кетіп қалыпты. Анамды пештің түбіне орналастырып, шай ішіп, аман-түгел алысып бола бергенімізде алыстан ат арытып іздеп келген жеңгеміз де есіктен аптығып кіре берді. Мен бұл жеңгемізді бұрындары көрмеген едім. Таныстық. Жағдайды баяндап бердім. Жеңгеміз көп сөйлемейтін, көздері өткір, әдеміше әйел екен. Аққұбаша, онша толық емес, орта бойлы, байсалды жан. Барған жеріндегі шаруасын тез бітіріп, үйде өзін алыстан іздеп келген адамдар бар екенін сезіп тездетіп жеткен бойы. Әйтпесе, үйдегілерге ертесіне келетінін айтып кетіпті жолға шығарында. Уақыт болса түс қайтып кеткен кез болатын. Пештің түбінде төсекте жатқан анаммен аздап сөйлесті, әр жерлерін сипалап ұстап қарады. Біздердің келетінімізді білгенін де жеткізді, бірақ дәл осы поездан түсетінімізді байқамапты. Бұндайларға онша сене қоймайтын жас коммунист мен емшінің не жасайтынын, айналада болып жатырған барлық жағдайды сын көзбен, ештеңені қалт жіберместен мұқият бақылап отырмын. Дәретін алып, тазаланып болып құмалақ ашты. Қойған диагнозы: «Көз тиген». Менің: «Үлкен адамға да көз тие ме екен?» деген сұрағыма: «Қайным, анаң жасына қарамастан өте жылдам қимылдайтын адам, шапшаңдығына сыртынан тамсана қараған бір адамның «көзі атып» кеткен екен. Емдейміз. Бұндайға дәрігерлердің емінің шипасы түсе бермейді, келгендерің дұрыс болған. Есіңде болсын қазақта «тышқан боққа да көз тиеді» деген сөз бар, оған қарағанда апамызға көз тиюі заңды құбылыс» деді. Менің бұл сөзге әлі де болса көп сене қоймағанымды ол жеңгеміз сезді, бірақ маған ештеңе демеді. Емді күн ұясына батып бара жатырғанда жасайтынын ескертті.

http://argymaq.kz/wp-content/uploads/2016/02/Zhugen.jpghttp://argymaq.kz/wp-content/uploads/2014/07/80396_1257740647.jpg_974.jpg

 

Сәлден кейін күн де бата бастады. Жеңгем далаға шығып кетті де даладан қолына аттың ауыздығын, қамшы, бірнеше қалың сырт киімдерді ала келді. Емін бастарда менің бөлмені екіге бөліп тұрған пештің арғы жағында күте тұруымды сұрады. Ол жаққа шыққым келмесе де, барып отыруыма тура келді. Құлағым, бүкіл санам анам мен емші жақта. Даладан алып келген бағанағы заттардың бұл емге қандай қатысы бар екенін білгім келіп жаным шығып бара жатыр. Бір мезгілде пештің арғы жағынан анамның ыңырсыған, ауырсынған дауысы шыға бастады, емшінің де оқыс дауыстары естіліп қояды. Қамшымен бірдемелерді сабалаған дауыстар да естілетін сияқты. Бүкіл болмысыммен ана жақта не болып жатырғанын көзіме елестете алмай, тағатсызданып тыпыршудамын. Қанша уақыт өткенін байқамадым, бір мезгілде жеңгем мені қастарына шақырды. Мен кірсем анам бағанағы пештің түбіндегі орнында жатыр, үстіне емшінің мана даладан алып келген қыс киімдерін түгелімен үйіп жауып қойыпты. Басы да көрінбейді. Жеңгем емін аяқтағанын, кешкі ас дайын болғанша анамның осылайша жата тұратынын айтты. Алдында ыңқылдап ауырсынып жатқан анамның дыбысы шықпай қалған, тек мұрнының пысылдап демалғаны ғана естіледі. Жеңгем ас қамымен далаға шығып кетті. Даладағы малдарын жайғап, үй шаруаларын бірыңғайлап болып ағам да үйге кіріп қасымызға отырды. Әңгімелесіп отырмыз. Бұл ағамды да мен көп білмейді екем, сәби кезімде сирек көрген сияқтымын. Мұғалім, мектеп директорлығына дейін көтерілген, қазір зейнет демалысында. Мұқыр ауылы біршама үлкен ауыл, мал шаруашылығымен айналысатын совхоздың орталығы, теміржол стансасы бар елдімекен. Ақтөбеге, Алматыға, Москваға Атыраудан, Маңғыстаудан, Түркіменстаннан теміржол осы ауылдың үстімен өтеді. Тас жол да солай. Біраз уақыттан кейін кешкі ас та дайын болды, дастархан жайылды. Қолға су құйылды. Жеңгем барып анамның үстіне тау болып жабылған қысқы киімдерді біртіндеп алып жинап қойды да, анама тұрып қолыңды, бетіңді жуып шайға келуіңе болады деді. Бұған дейін жатқан жерінде тамағын ішетін анам жеңгемнің айтқан сөзінен кейін орнынан атып тұрды. Бір сілкініп алып жақсылап жуынды, жаулығын түзеп, аяғындағы мәсін де сулы қолымен бір сипап жинақталып дастарханның төріне шығып отырды. Мен таң қалғанымнан аузымды ашуға шамам келмей қалды. Үн шығарсам, оқыстан сұрақ қойсам бірдемені бүлдіретіндей болып дымым ішімде, тек көздеріммен анамды бағып отырдым да қалдым. Жеңгем түк болмағандай шай қамымен шауып жүр. Ағайда да үн жоқ. «Как будто так и должно быть». Менен басқалардың барлығы бұл жағдайды «осылайша болуы қалыпты нәрсе» сияқты қабылдады. Ал ештеңені түсінбей іштен тынып отырған тек мен ғанамын. Мәссаған, нешеме күндерден бері орнынан бір қозғалуы мұң болып төсек тартып жатқан анам, жеңгейдің «орныңнан тұрып шайға келе бер» деген сөзінен кейін түк болмағандай, жас балаша атып тұрды. Аузымды ашып айран-асыр болып мен отырмын. Шай ішілді, сырқатынан айыққан анам мен інісі, келіні әңгіменің қабының аузын ашты дейсің. Шай ішіліп болғасын жеңгемнен сұрадым: «Бұл қалай болғаны, қалайша емдедіңіз, аттың ауыздығы мен қамшы неге керек болды?». Жеңгемнің айтуы бойынша анамның аузына ауыздықты салып, анамның үстіне өзі ат қылып мініп, қамшымен сабалап, әдейі осыған арналған дұғаларды оқып болып, анамды пештің түбіне қысқы қалың киімдердің жетеуін жауып тұмшалап тастапты. Жеңгем екеуміз емнің жайын айтып отырғанымызда, көзімнің қырымен бағып отырғаным анамның қимылдары болды, анам баяғыдай жылдам жүрісімен далаға шығып дәретін алып, намазын оқып, қаза болған намаздарын да қоса оқып, сәждеге басын тигізіп сау кезіндегі күніне бес мезгіл жасайтын «физзарядкасын» (інілерімнің сөзі) жасап жатты. Түк болмағандай. Сәлден кейін ет желінді. Бізге арналған қонақасымыз ертең беріледі, бүгінше емді аяғына дейін жасау керек болып тұр деп түсіндірілді. Маған салса бұдан асқан қандай қонақасы, қандай сыйлық болуы мүмкін деп ойлаймын ішімнен. Жеңгем түнгі ұйқыға жатарда анамның беліне бірдемелерді жағып, сыртынан жылы орап жатқызды. Ол құрқылтайдың ұясынан жасалған тұнба екен.

https://erbirds.ru/photos/0189/001/01890047801.jpghttps://supersnimki.ru/images/pub/2019/05/03/05fc4536-6d75-11e9-8454-b7695d91b41c_original.jpg?377972

Сонда көрдім құрқылтайдың ұясының қандай болатынын. Әйтпесе ауызекі әңгімеден өте тар жерді көргенде қазақтардың айтатын «құрқылтайдың ұясындай» екен дейтін теңеуін талай естігенмен, оның өмірде қандай болатыны жөнінде байыптап ойланып көрмеппін де. Енді міне көруіме, тіпті қолыма ұстап қарауыма да мүмкіндік туды. Сырт көзге жас сәбидің жүннен тоқылған шұлығына қатты ұқсас екен. Ақ түсті жүннен, қыл-қыбырдан әдемілеп тұрып жасалған, шұлыққа ұқсас элементтері бар екен. Тығыз киіз сияқты. Содан біздер үш күн ем қабылдап барып ауылымызға қайтар жолға шықтық. Халық емшілері, сынықшылар жөніндегі менің коммунистік көзқарасым мүлдем теріс жағына қарай төңкеріліп түскендей болып мен еліме келдім. Айта кетуім керек, менің Бисенғали атамның діни сауаты мықты болатын, арабша оқи да, жаза да алатын, құрандарын оқып, керек жерлерін үнемі ақ қағазға қолмен көшіріп жазып алып отыратынын сәби шағымнан көріп өстім ғой. Балалық шағымда ауылдағы сырқатына шипа іздегендерді, малын жоғалтып көмек сұрап келгендерді құр қайтармайтын, көмегін көрсететін. Құмалақ ашатын, дем салатын, бойтұмар жазып беретін. Бірақ ол қасиетін жария қыла бермейтін(балаларыма кесірі тиеді деп қауіптенетін), тек өзіне арнап келген адамдарға қана көмегін беретін. Алдағы болатын кейбір жағдайларға байланысты түс те көретін. Көрген түстері өмірде бұлжытпай келіп жатырғанын ауылдастарымыз айтып жүретін, үйдегілер де. Ондай қасиет менің анамда да бар болатын. Қолы бос болғанда, оңаша қалғанда, көңілі бірдеңелерге алаңдағанда жайнамазының астына тығып қойған құмалақтарын шашып жіберіп бірдемелерді күбірлеп отыратынын бәріміз де көретін едік, білетін едік. Бірақ мән бермейтін едік. Сананы улаған атеистік насихат бізді осылайша адастырып әкетіп бара жатырғанын сезбейтін едік. Енді міне менің көзім ашылғандай болды. Санама біртіндеп бірдеңелер кіре бастағандай болды. Айналама басқаша көзбен қарай бастағандаймын ба, қалай?! Уәзипа жеңгемнің тылсым қасиетін өз көзіммен көргесін ғана сендім, ал атамның, өз анамның түс көретін, құмалақ ашатын қасиеттерін, атамның көмек сұраған сырқаттарға дұға оқып, үшкіріп дем салып, бойтұмар жазып беріп көмектескендерін қалай түсіндіруге болады?! Анамның қаншама күн қимылсыз жатып, бір түннің ішінде өте алыс жердегі емші келініне алып баруыма себеп болатын түс көруін қалай түсіндіруге болады?! Жеңгем сияқты емшілер, сынықшылар сол Маңғыстау өңірінде де баршылық еді ғой. Сұрақтар өте көп, олардың бәріне бірдей жауап табу мүмкін де емес. Бірақ кейбір сұрақтарыма жауапты жеңгемнен алуға тырыстым. Анам үш күн ем қабылдады (сол емнен кейін осы сырқатынан құлан таза жазылып кеткеніне мен куәмін, өмірден озғанынша белі мазалаған емес), сол күндері мен жеңгемнен бұлардың сырын сұрай бастадым. Бұрындары кекесінмен күле қарайтын маған бұлардың бәрі қызық болып шыға келді. Жеңгем өзінің емшілік хикаясын бастап айта берді, мен құлағыма құя бердім. Ағамыздың аты Шәкір, бұл жеңгем ағамыздың екінші әйелі. Уазипа жеңгеміздің айтуынша бұл қасиет оның бойында жас кезінен болған. Әр қасиеттің өзіне тән бір киесі болады екен, пірі дейміз бе, әулиесі, иесі дейміз бе білмеймін. Жеңгемнің қасиетінің иесі үлкен ақ жылан екен.

https://luxfon.com/pic/201407/1920x1080/luxfon.com-28558.jpg

 Беліме оратылып тұрады дейді. Балалық шағымда, бойжеткен шағымда дұрыс ұстай алмай бірталай мазам кетті. Қандайма бір үлкен сынықтарды, тіпті аяғын сындырған түйелердің, сиырлардың жіліктерін де алақаныммен бір сипап орындарына түсіре беретін едім. Кейде әлдеқандай себептермен қолым тимей, сынған адамға бара алмайтын болсам басымдағы орамалымды шешіп беріп жіберетін едім де, сол орамалмен сынықты бір сипап орап тастаса жаны шыға зарлап жатырған адамның сол сәтте сынықтары орнына түсіп, өзінің маңдайынан тері шығып қалжырап, бусанып ұйқыға кететін еді. Өте ұсақ болып уатылған сүйектерді де қиналып әбігерге түспестен бір сипап орындарына жинап қоятын едім. Мені іздеп біреулердің келетінін қалайда сезетін едім. Бұлардың ауылы Ресейдің Астрахань облысы жағында, ылғи орыстардың арасындағы қазақтар мекендеген ауыл болыпты. Содан бір күні ата заңы бойынша бір малшы жігітке атастырылып тұрмысқа шығады. Күйеуі араққа бейім болып шығып, орыстармен қосылып ішуге қарай мойын бұрып кетіпті. Совхоздың малымен шаруасы болмай, қаңғуырлап кететін де кездері жиілейді. Бірінші май мерекесі күні бұл қазанға бауырсақ пісіріп жатса, өріске мал айдап кеткен күйеуі түс мезгілінде қайтып келеді. Удай мас. Мал қалған өрісте қараусыз. Өздігінен атынан түсе алмай, бір аяғы үзеңгіге ілініп қалып, шығара алмай әбден шаршайды. Көмекке барған бұны боқтап қуып жібереді. Содан ашуға булығып атын басқа, көзге қарамай қамшысымен төпелеп сабайды. Жануардың жаны шыға кісінейді, шылбыры иесінің қолында, иесінің бір аяғы үзеңгіден әлі шықпаған, жануар қайда кетерін білмей бір орында шыр айналады. «Жазықсыз жануарда не өшің қалды, ұрмасайшы, мен көмектесейін» деген сөздерді құлағына да ілмейді күйеуі. Әбден шаршаған, ызадан жарылуға шақ тұрған күйеуінің қолына иығындағы мылтығы түседі. Аяғын шығарар шығармастан бәріне келіншегі кінәлі адамдай, ол мылтығын оқтай салып өзіне көмекке жүгірген әйеліне кезеніп, мынаны көргенде не істерін білмей қалшиып тұрып қалған әйелін атып жібереді. Мылтықтың «тарс» еткен үні шығады, бірақ әйелге оқ тимейді. Есін жия алмай қанша тұрғанын өзі де білмейді. Есін жиғанда көргені күйеуінің қолындағы мылтығының ұңғысының орта тұсы күп болып ісініп кеткені еді. Бұған атылған оқ мылтықтың ұңғысынан шықпастан, ұңғыны ісіндіріп жіберіпті. Күйеуі де мастығынан есін жинап, мылтықтың неге оғы шықпағанын, не болғанын түсінбей есеңгіреп тұр. Содан бұл күйеуінен ажырасады. Артынан құдай айдап біздің ағамызға кез болады, бас қосады. Жеңгеміздің айтуынша оны атылған оқтан, ажалдан арашалап қалған өзінің бойындағы қасиетінің иесі ақ жылан екен. Осы оқ атылғанға дейін ол ақ жылан сынық саларда, біреулерді емдерде өзінің көзіне көрініп, беліне оратылып тұрып алатын. Бұл содан күш алатындай болады екен. Бойына осындай ерекше қасиет біткен адамдардың барлығының да жебеуші пірі, қасиетінің иесі болатынын талай оқығанмын. Кейбіреулерде ол ақ сақалды қарт, ақ жаулықты ана,  жолбарыс, көкжал қасқыр, ашулы ақ бура, тарпан айғыр... болып қасиет иесін қолдап жүреді. Қасиетке ие болған адамдар тек емшілер ғана болмауы мүмкін. Олардың қатарында хан да, батыр да, би де, ақын да, дәулескер күйші де...  болуы мүмкін. Кейбір жағдайларда ол жебеуші иелері әлдебір себептермен қазіргі иесінен басқа бір адамға да ауысып кетіп жататын жағдайларды оқығанмын. Жеңгемнің басындағы жағдай тап осыған келіп тұрған сияқты.Сол оқиғадан кейін ақ жылан бұның көзіне ешқашан да көрінбейтін болыпты. Сондықтан ендігі кезде сынықтарды салғанда да бұрынғы кездегідей еш күш жұмсамай сала салмайтын болған, сылап-сипап, жігін іздеп, қиюын келтіріп үлкен жұмыс жасап салатын болған. Бойындағы күшін манағы өзіне атылған мылтықтың оғын қайтарамын деген иесі ақ жылан алып кеткен дейді. Бірақ бойындағы бұл қасиетті дұрыс жерінде пайдаланбаса, жасырып ұстағысы келсе өзінің мазасы кететінін сезеді. Сезеді де көмегіне мұқтаж жандарға көмектеседі. Көмектеспей тұра алмайды. Ендігі кезде біздің ағайға тұрмысқа шыққаннан кейін, танымайтын елге келгеннен кейін бұл қасиетін көрсеткісі келмейді. Қанша дегенмен мектеп директорының жұбайы, ауылдағы атқамінерлердің бірі жұбайының атына кір келтіргісі келмейді. Әрі күйеуі партия мүшесі, оған сөз келмесін деген ойы ғой. Бұрындағыдай далада қой бағып жүрген қойшының әйелі емеспін, мені кім көреді деп те ойлайды. Бірақ бойдағы қасиет шыдата ма? Бір күні үйлерінің маңындағы ойнап жүрген балалардың біреуінің шыңғырып жылаған жан даусын естиді. Жүгіріп барса, пәтердің төбесінен секіріп түспек болған бір баланың аяғының жіліншік сүйегі сынып кеткен екен. Дәрігер қайдан болсын ауылда, бала болса жан дауысымен шырқырап жатыр. Сай-сүйегі шымырлап тұра алмайды. «Әй, не болса о болсын, нар тәуекел, құдайдың басқа салғанын көре жатармын» деп баланың сынған жіліншік сүйегін сипалап отырып салады, басындағы жаулығымен жақсылап орап байлайды. Бала жылағанын қояды. Баланы көтеріп, үйіне әкеліп төсекке салады. Сөйткенше болмай баласының аяғының сынғанын бірге ойнап жүрген балалардың біреуінен естіген әкесі мен шешесі де жетеді. Жандары шығып келсе, балалары төсекте маужырап ұйықтап жатады. Аяғы ақ жаулықпен таңылған. Түсінбей тұрып қалады. Естірткен балалардың айтуынша баланың шырқырағанда жаны шыққандай екен, ал қазіргі көріп тұрғандары мүлдем басқа. Аяғы сынған бала бұлай алаңсыз ұйықтай алар ма?! Әңгімелескеннен кейін барлық сырға бұлар да қанығады. Барлық сыр болғанда, баланың аяғының сынғаны шындық екенін, оны жеңгемнің салғанын ғана естиді. Артынан рентгенге түсіргенде сынғаны да, дұрыс салынғаны да расталады. Содан бастап ауыл арасында әңгіме гулей жөнеледі. Әңгіменің арты совхоздың партия ұйымының хатшысына да жетеді. Мектептің партия ұйымы мүшелері сан жағынан аз болғандықтан оларды совхоздың партия ұйымына қосып қойған болатын. Партия ұйымының хатшысы мектеп директорымен жеке отырып сөйлеседі, түсінік жұмысын жүргізген болады. «Әйеліңе түсіндіріп айт, бұл әурешілігін қойсын, халықтың басын айналдырып табыс табуын тоқтатсын, әйтпесе мәселеңді майшаммен бюрода қарауға тура келеді» дегенге саяды ғой әңгіменің түп төркіні. Ағамыз әйеліне ештеңе демейді. Осылайша күндер өте береді, ауылдың адамдары шыққан, тайған, сынған сүйектерін бұған салдыруын қоймайды. Басқаша да кейбір сырқаттарымен, әсіресе сәбилердің сырқатымен күн демей, түн демей келе береді. Тіпті жақын жердегі елдімекендерден де келетінді шығарды. Тоқтау қоюға, тиым салуға болмайды. Тыңдамайды. Көмек сұрап келген адамның меселін қайтаруға Алладан қорқады. Партия бір жағынан, адамшылық қасиет екінші жағынан қыспаққа алады. Партия ұйымының хатшысы да жұлынып тұрған пысықша жас еді. Өзін де көрсеткісі келеді, көзге де түскісі келеді, мансап та керек дегендей. Осылайша әрі-сәрі күйде жүргендерінде партия ұйымының хатшысының екі жастағы сәбиі, кіші дәреті жүрмей қиналады. Жалғыз ұлы шырқырап жылағанда хатшы жанын қоярға жер таппайды, әйелі күйеуінің жанын жеп емшіге апаруын сұрайды. Емшіге бармайын десе баласы шырылдайды, дәрігерлерге апаруға аудан орталығына дейін өте қашық. Жол жаман. Қақаған қыстың ала бораны ұрып тұр. Амалсыздан баласын алып әйелі екеуі жеңгемізге келеді. Жеңгеміз сөзге келместен баланы қолына алып шешіндіріп қарай бастайды. Баланы әкесінің тізесіне жатқызып қойып қуық тұсын сылап сипайды, құрқылтайдың ұясын жылы қылып қуығына басып, сыртынан өзінің басындағы жаулығымен орап тастайды. Бала тынышталғандай болады, шүметегі шошайып жаулықтың шетінен көрініп тұрады. Шаршаған әкесі баласының тынышталғанына мәз болып шүметегінен иіскейін деп еңкейе бергенінде баласы әкесінің бетін, басын түгелдей жуып шаптырып жібереді. Көп шаптырады. Әкесі қуанғаннан есі кетіп баласының шаптырғанына мәз болып басын тартып алуды да ұмытып кетеді. Бала қанша уақыттан бері тынымсыз жылағандықтан қатты шаршап, қуығы босағаннан кейін жаны тынышталып, талықсып, маужырап тәтті ұйқыға кетеді. Содан кейін ағамыз да, жеңгеміз де қудалаудан құтылады.

  Міне, осылайша менің емшілер жөніндегі атеистік, коммунистік көзқарасым бұзылған еді.

...

Бәкөн әл-Сағыз.

 

 

Теги мұнайшыжазбалары тайсойғансайты