БІР ТОСТАҒАН ҚЫМЫЗ

БІР ТОСТАҒАН ҚЫМЫЗ

Зелимхан соңғы кезде көңілді жүр. Өйткені өз сөзімен айтқанда үш немересі Астана мен Қарағандыда өткен спорттық жарыстарда алтыннан алқа, күміс, қоласы тағы бар, өңірлерін өзгеше сый-сияпатпен жалтылдатып оралды. Мына хабар атасын қатты қуантты. Керек десеңіз соның құрметіне ауласында тай бауыздап, қой сойды. Күллі ауылға қуаныш дастарханын жайды. Біз болсақ, тау халқы жалқы етін жемейді деген ниетпен «Шешендер қазы жей ме?» деп едік, «Неге, біз әзірбайжан емеспіз ғой. Әлде жылқы қазақтан басқаға бұйырмаған ба?» деп өзімізге ежірейе қарады.

Мына сұрақ ыңғайсыз болды. – Өзіңде жылқы бар ма?

– Құдайға шүкір, жетерлік. Сиырларымыз, мың жарымдай қойымыз тағы бар. Қазір төлдеп бола келді. Ауыл маңы жас төлдің үнімен азан-қазан, - дейді ол.

– Түйелеріңіз де бар ма?

– Мініс көлігі ретінде пайданалып отырған екі атанымыз бар. Басқа сауын түйелері жоқ.

– Тіпті қазақ болып кетіпсіз ғой.

– Несін айтасың, көз ашқалы көргенім қазақ. Күнделікті сөйлесетінім де, сүйенгенім де солар. Ағайындарымның біразы қазақтан қыз алып отыр. Керек десеңіз, жаңағы жүлдегер атанған немерелерімді жарысқа дайындап, жаттықтырып жүрген ағайлары да қазақ. Бізді әрдайым қазақтар қоршап, демеп тұрады.

Ол шабыттана, шалқып сөйледі. Ендігі сұрақты біз әріден қойдық.

– Көз ашқалы көргенім қазақ дейсің? Сонда сен Қазақстанда дүниеге келдің бе?

– Енді ше? Қан құйлы герман соғысы басталғанда менің ата-анам өздерінің сүйікті Отаны – Шешняның Шарой ауданындағы Хуланды ауылында баяғыша отын жағып, малын бағып жүріп жатқан-ды.

Лағнет атқыр соғыс туған жердегі отымызды сөндіріп, айдағанына көндіріп, жер арқасы қиянды бастырып, 1944 жылдың 23 ақпанында бар-жоғы 24 сағаттың ішінде қорадағы малымыз, үйіміздегі дүниемізді солайымен қалдырып, бір түйіншек киім-кешек, құжаттарымызбен ашық-тесік қызыл вагонға отырғызды. Онда мен жоқпын. Әке-шешем Асабали мен Нана тауда қой бағады екен. Әкем анасынан 8, әкесінен 13 жаста айырылып, тұрмыстағы Зайнап апасының тәрбиесінде өскен. Жездесі соғысқа кетіп, содан оралмаса керек.

КСРО Қорғаныс Комитетінің Бұйрығымен Кавказдың басқа халықтары сияқты, шешендер де сол бір қарғыс атқан қаралы күнде азапты вагонға отырады. Тіпті не болғанын, қайда, неге бара жатқанын да білмейді. Әйтеуір ту сырттарынан мылтық дүмін қоқаңдатқан солдаттар «Болда, болдың» астына алып, темір жол вокзалына алып келеді. Мал қорада қамаулы қалады, үйдің сыртқы есігінің кілттігіне бір тал шөп қыстырылып «құлыпталады». Бір қызығы, мүмкін бұл қызық та емес, қасірет шығар, тап сол күні Асабали шаңырағында тұңғыш ұл – Зубаир дүниеге келген болатын. Жас отбасы сол шақалақты жаялығына ораған күйі кеудесіне қысып, пойызға отырады. Вагонда тек бұлар емес, тағы да ауылдас, елдес қандастары, вагондарда аяқбасар жер жоқ. Оның үстіне ақшұнақ ақпанның аязды күндері емес пе? Иектері селкілдеп, тістері тістеріне тимейді. Шай ішіп, іште терін жылытайын десе де мүмкіндік жоқ. Қатқан-құтқан нан, оны-мұныны талғажу етеді.

25160120.725936.7390

Пойыз анда-мұндағы әлде бір елді мекен, қалаларға сағаттап тоқтайды, содан соң таусылмайтын жүріс. Күн жүреді, түн жүреді, апталап алға асығады. Бірақ, ақыры осы дейтін жер жоқ. Оралды асты, Қостанайды басты, Петропавел, Павлодарды айналып, ең соңында Қарағандының үстімен Матайға да жетті. Жолай 40-50-леп тастап келеді. Бұл кезде күн жылынып, көктемнің жайма шуағы көріне бастаған. Аяғын жылжып қозғаған өгіз арба бір топ отбасын Сарыөзектен әрі асырып, Алтынемелге жеткізді. Бұл кейіннен Киров атындағы кеңшардың №3 фермасы деп аталды.

view_new

Ауыл негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Басты кәсіп – мал, қала берді жер жыртып, егін салады. Жаңа жерде күн көріс бұрынғыға қарағанда тіптен қиын. Өйткені өз аулаң, қора-жайың жоқ. Айналаңа қарап, біреулермен сөйлесейін десең тауда өсіп, ел айналған шешендер не орыс, болмаса қазақ тілін түсінбейді. Керегіңді сұраудың өзі қиын. Отар сұрап, қой бағу – саяси сенімсіз жандарға бұйырмайды. Барып кел, алып келдің тағы реті жоқ. Алғашқыда әр отбасын әр қазақтың үйіне бөліп тастады.

Асабалиге бұйырған жұмыс ауылға арықтан өгіз арбамен су тасу. Ол осы қызметін кейін кәсіпке айналдырып, ауылдың атақты сушысы атанды. Мұнда арқырап аққан өзен жоқ. Су тау арасындағы бұлақ көздерінен алынады. Бірақ, олар мәңгілік емес, 2-3 ай, тіпті жарты жылда көзі бітеліп, тіпті суы сарқылатын қайнарлар бар. Онда Асабали мұрап жер шұқып, жаңа қайнарлар көзін ашуы керек. Осыған сай Алтынемел ауылында әлі күнге Асабали ашқан бұлақ көздері бар. Қайнарлар туралы сөз болса, ауыл қариялары осы бір мұрап шешеннің атын әрдайым құрметпен атайды.

Қош. Әңгімемізді сол бір қырық төртінші жылға қайта бұрсақ, қыстағы суық вагон, жаңа жердегі қолайсыз қоныс, отынсыз үй, біреулердің сарайы, болып жатса, жергілікті тұрғындардың ауыс-түйіс бөлмесі алғашқыда өзге жерден келген шақырусыз «қонақтарға» қолайлы бола қоймайды. Әйтсе де күй таңдайтын күн бе еді, «барымен базар, жоқты қайдан табар» деп уақыт озып жатты.

Алтынемел аты қазақ болса да, тұрғындары қырық рулы елден жинақталған, ормандай орыс, оған тіркескен украиндар мен белорус, қатардан қалмайтын татары тағы бар. Солардың ішінде 5-6 үй қазақ та жүр. Асабалидың жаңа жерден бірінші тапқан таныстары қазақтар еді. Әйтсе де ашық сөйлесуге тіл жетпейді. Ниеті құбыла – орысшалайды, онысының да оңып тұрғаны шамалы, ымдайды. Қолын шошаңдатып, бірдеңелерді көрсетеді.

Бірде Құлдыбай есімді егделеу ағасы қонаққа шақырды. «Жалғыз емес, үйдегі келін – Нананы, балаларыңды ала кел. Біздің үйдегі апараларын көрсін, таныссын, қазақтың дастарқанынан дәм татсын» деді.

Әйтсе де Асабали жалғыз келді. Мәніске түсінбеген үй иесі:

 – Келін қайда? – деді.

– Ауырады.

– Қалай ауырады?

– Таусылмайтын жөтел бар. Шамасы, салқын тиген сияқты.

– Көп болды ма?

 – Қыстағы жүрісте салқын вагоннан суық тигізген сияқты.

Құлдыбай ас қамымен жүрген бәйбішесіне дауыстап, «Кемпір-ау, кемпір, қайдасың?» - деді.

– Қайда жүрейін, тәйірі, үйдемін-дағы...

– Мен сені далада жүрсің бе деп сұрап жатқан жоқпын ғой. Әрине, үйдесің. Мына қонақ балаңның үйіндегі келін ауырады екен. Шамасы өкпесін салқын алған. Сен соңыра қолына бір вагон қымыз ұстатып жібер. Соны күндесін күнде ішсе, жазылып кетер, - дегені.

– Мақұл.

Кетерінде аталған сусынды қалай ұстап, қанша мөлшерде ішу керектігі жөнінде түсіндірді. Таусылып жатса, тағы да алып тұруға болатындығын айтты.

Сөйтсе, шыннан да Нана келіннің өкпесіне салқын тиген екен. Арада 5-6 ай өткенде әлгі ауруынан құлан таза жазылып кетті.

1951 жылы Асабали отбасында тағы бір ұл дүниеге келді. Ол біз әңгімелесіп отырған Атырау облысындағы белгілі кәсіпкер, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстағы «Вайнах» шешен-ингуш ұлттық-мәдени орталықтың басшысы Зелимхан Зубариев еді. Оның балалық, жастық шақтағы 18 жыл ғұмыры сол әке-шешесінің екінші Отаны – Алтынемелде өтті. Зелимхан Алтынемелдің әр тасы, талы, шүйкедей ақшабұлтының өзін ештеңеге ауыстырмайды. Ол әлемдегі жер жаннаты, бар ғажайыптың кіндігі.

Шешендер еліміздегі елу алтыншы жылдан кейінгі жылымықта бастарына бостандық туын көтеріп, сталиндік жөнсіз депортацияның құрбандығынан құтылып, тарихи отандарына оралды. Солардың ішінде Петропавелдің Мамлюк ауданы, Талдықорғанның Алтынемел ауылында тұрып жатқан Зелимханның да ағайындары бар еді. Бірақ біразы Алтынемелге тамыр жайды. Зелимхан, оның Атыраудағы ағасы Адам да қазақ жерінен табан аудармай қалып қойды.

– Адам Атырауда, Индер ауданының Көктерек (бұрынғы Зеленый) ауылында тұрып жатты. Бірде оның Грозныйдағы әкесі Алтынемелдегі немере ағасы, яғни менің әкеме хат жолдап: «Ай, Асабали, сенде бала барырақ қой. Менде жалғыз. Оның өзі ауылдан алыс, Атырауда жүріп жатыр. Құдай жар болсын. Бірақ, адамның жарлығына не жетеді. Сен ана мектеп бітірген ұлыңды соның қасына жіберсейші. Екеуі бір-біріне сүйеу ғой» депті.

Бұл 1969 жылдың көктемі еді. Әкем мені Атырауға жұмсады. Әрине, Алтынемел мен Атыраудың арасы жер мен көктей. Бірақ, әке тапсырмасы қашан да заң емес пе? Алғашқыда бірер жыл деп ойлағам, оным кейін мәңгілік мекенге айналып, түпкілікті қалып қойдым» дейді Зелимхан осы күні.

Зелимхан Атырауға ағасына сүйеу боламын деп келді. Ол «Путь Ильича» кеңшарында құрылыс жөніндегі шебер болатын. Құрылыс деген аты болмаса, әкетіп бара жатқан нысан жоқ. Әйтсе де қысы-жазы жөнделетін мал қорасы, малшы үйлері бар. Жаңа қыстау орнын тұрғызу, шаруашылық, ферма орталықтарын көркейту керек. Соның бәрі қолға алса, үлкен жұмыс. Іске басшылық жасайтын шаруашылық басшысы. Ол Сатан Молдашев деген өмірден көрген-білгені мол, ел алдында абыройлы азамат. Сатан аға істі әрдайым адам тәрбиелеуден бастайтын. Тәрбие арқасында маман қалыптастырады. Ал маман шаруашылықты шалқытады, ісі оңға бастырады. Кең қолтық, алды ашық басшы осындай ел таныған игі ісі үшін «Республиканың еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері» атағын алған зиялы басшы, зейінді тәрбиеші еді.

Ол кісінің Зелимханның өмір жолын дұрыс таңдауға игі әсері мол болды. Әлі есінде Адам ағасы оны Атырау темір жол вокзалынан күтіп алды да ертесіне шаруашылық басшысы алдына алып келді. Сәлем-сауқаттан соң бұйымтайға кірісті. 

– Сатан аға, Алтынемелден құйрық-жал боп інім келді. Көмектесіңіз, жұмыс керек.

– Бәрекелді, жас келсе – іске! Інің болса – жұлының. Алдынан жарылқасын, мамандығы бар ма?

– Мектепті бітіргені биыл, болашақта болады ғой.

– Ендеше өз қарауыңа есепші етіп ал.

– Жүргізе алса...

– Неге жүргізбейді? Бұрындары төрт сыныпты бітіріп-ақ бас есепші болды емес пе? Ал інің болса, орта мектепті бітірген...

– Сіз солай деп есептесеңіз бәрі де дұрыс болады. Рахмет, аға!

Осылайша Зелимханның еңбек жолы басталды. Ағалардың ақылы, әріптестерінің көмегі арқасында ел таныған құрылысшы атанды. Уақыт өте өндірістен қол үзбей жүріп, арнаулы орта, жоғары білім алды. Кеңес Армиясы қатарында болды. Қайта оралып, сүйікті қызметін одан әрмен жалғастырды. Кейін қызмет бабында қоныс өзгертіп, Аққыстауға келді. Өңірдегі құрылыс жұмыстарының қанат жайып, өркендеуіне өз үлесін қосты. Қазірде облыстағы жеке қожалық ұстаған белгілі шаруагер.

– Мен ұлтым шешен дегенмен, бар тағдырым Қазақстан, қазақтардан қыл елі ажырап көрмеген адаммын. Әкем, күллі ағайындарымыз да солай. Көбімен қыз беріп, қыз алысқан құдандалымыз. Талай қазақ достарымен келін алып келу үшін құда болып та бардым. Құдайға шүкір, тәуба деп айтайын, із жолым құтты, ақжолтай адаммын.

Сондықтан бізді қазақтан айыру мүмкін емес.

Есіме оның осыдан біраз бұрын айтқан мына бір әңгімесі оралды.

Өткен жылдың қысы болатын. Мен онымен кездесіп қап, ауыл-аймақ амандығын сұрап едім. «Грозныйда тұратын Нұрди дейтін ағам бар еді. Сол кісі қайтыс боп, жерлеп қайттым. Жастық шағында тұтас жиырма жылын Қазақстанның Алтынемелінде өткізіп, 1964 жылы елге қайтқан-ды. Қайтарында қатты қиналды. Қатерлі ісік ауруынан төсек тартып көп жатты. Ол кісінің Қазақстанға деген махаббаты ерекше болатын. Тіпті сізге мына бір жайды айтайын.

Қайтарынан үш күн бұрын маған түн ішінде телефон шалды. Ауырып жатқанын білетінмін-ді. Оқыс хабар екен деп шошып кеттім. Сөйтсе, ағамның өзі екен.

– Менің Қазақстаным қалай? – дейді.

– Тек Сіздікі емес, қазір менің Қазақстаным, - дейін мен.

– Солай ма? Таласпай-ақ қояйын, бұрын менікі болатын.

– Тәуба дейін, жақсымыз.

 – Аузыңа май, амандық болсын! Мен саған негізгі шаруаларды айтайын. Төсек тартып жатқаныма көп болды. Керек десең тамағымнан бір қасық қара су өтпегеніне де біршама уақыт өтті. Осындайда өмірден бас кешіп, шақырып жатқан бақи дүниесіне тезірек аттанып кеткеннен артығы жоқ екен-ау деп те ойлайды екенсің.

Дегенмен дәмімнің таусылар шағы таяп қалғанын да сеземін. Бірақ, кейінгі кезде түсіме қазақтың бал татыған байырғы қымызы жиі енеді. Бізді Қазақстандағы алғашқы жылдарымызда (1946-1950 ж.ж.) жанымызды алып қалған да осы қымыз еді ғой.

Менің қымыз ішкім келеді. Өлерімнің алдында ең болмаса бір тостаған қымыз болса... Шіркін-ай, содан кейін жүре берсем де арман жоқ, - дегені.

– Аға, болады! – дедім.

– Үлгере алар ма екенсің...

– Үлгеремін, күтіңіз.

Телефонды құндағына қоя салдым да. Сол сәтте Құлсарыдағы таныстарыма телефон шалдым. Қымыз керек. Мейлі күшіндегі, реті келсе, саумалы болса да артық емес.

Сәті түссе, бәрі де оңынан келеді емес пе? Ертесіне 5 литр саумал, 5 литр ашытылған түрін алып, Грозныйға аттанып кеттім. Келесі күні түнгі сағат 11-де ағамның қасынан табылдым.

– Келдің бе? – деді.

– Келдім.

– Қымызың бар ма?

– Бар.

– Әкелші бері

Шағын ғана шұбар тостағанды иінінен келтіріп ұстата салып едім, әлсіз жанарына шуақ құйылып, дірілдеген саусақтарымен аяқты аялай құшақтап, ерніне апарды.      

Апырай, тамағынан өтер ме екен! Кеудеде күдік пен күмән бар. Аңтарылып қараймын.   Жоқ, бұл жолы кідірмеді. Жұтқыншағы бүлкілдеп, түбіне тамшы қалдырмай көтере салды. Аздан соң маңдайынан мөлдір моншақтар жылтылдап, тынысы кеңи бастады. Жайдарыланған кейіппен «Рақмет, қарағым, мұңсыз бол. Енді сол дүниеге жүре берсем де болады...

Қазақтан қанша досым болды. Құлдыбай, Мақан, Тастан сынды ағаларым бар-ды. Олардың бәйбішелері ащытқан қымыздар тұтас ауылды асырады. Міне, сол қымыздардың дәмі қазірде аузыма келген сияқты. Адамның жаманы жоқ, тек тіл таба білу, ұғынысу керек. Мен солай деп түсінем.

Зелимхан, сен ағаларыңа жүре бер. Бүгінше демал. Ертең келерсің» деді қария кеудесі толы ризалықпен.

Бұл орнынан тез көтеріліп, екі самайынан тер аққан ағасының ашылып сөйлеп, ақтарылған пейіліне мәз болды. Көңілі тоғайып, көзіне жас келді. Одан әрі онсыз да қалжырап жатқан науқасты алаңдата беруді қош көрмеген ол тысқа беттеді.

Арада сағат жарым уақыт өткенде Нұрди ағасынан суық хабар жетті, марқұм жүріп кетіпті.

Бір жұтым қымыз. Ол Нұрдиді қанша күттірді. Айлар бойы ажалмен арпалысып, ақыры екі елді айнымастай дос қылған асыл дәм оның жанын мәңгілік мекеніне алып кетті. Осы әңгімені айтқанда Зәлімхан көзіне жас келіп, «қымыз деген қасиетті дәм ғой. Мен оны бұрын да жақсы көретін едім. Нұри ағамның махаббатынан соң оны қазақтың жаны, асыл дәмі деп ұғам. Біздің ұрпақты қазақтарға жақындастырып, кіндігімізді қосқан да осы сусын ғой» деп шаттанды.

30826ea98467db7c047015008faccb0e_XL

Сөз басында З.Зубариев «Көз ашқалы көргенім қазақ. Күнделікті сөйлесетінім де, сүйенетінім де солар» деген-ді. Расында да Аққыстауда жалғыз шешен тұрады. Ал тұтас Атырауда оның 150-ден астам қандасы бар. Олар бұл күнде Тәуелсіз Қазақстанның көркеюі, гүлденуі үшін жұмыс істеуде. Солардың ең басында жетекше боп біздің Зекең – Зелимхан тұр.

Есіме Зелимхан айтқан бір тостаған қымыз түседі... »

 

Өтепберген Әлімгереев