БЕДЕЛ БИІГІНДЕ

БЕДЕЛ БИІГІНДЕ

   Қызмет деген құдіреттің пәрменіне бойұсынып біраз жыл Атырау өңірінің киелі топырағын басып, дәм-тұзын татқан жайым бар. Қонақжай-бауырмалдыққа келгенде Атырау жұрты сәйгүліктей шашасына шаң жуытпайды-ау, тұл бойларынан адамға деген ерекше бір мейірім шуағы есіп тұрады. Қызмет барысында небір жаны жайсаң жандармен танысып, сыйласа-араластым.

   «Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?» - деп Мұқағали айтқандай, әр батқан күнге ілесе көңіл көкжиегінен алыстап бара жатқан Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында қызмет атқарған жылдарды тағдырыма сарқылмас рухани азық сыйлаған, ең жемісті өмір мектебі ретінде зор қанағат сезіммен еске аламын. Жүрегі жомарт Ерсайын Уәлитханұлы бастаған, Өтепберген Әлімгерейұлы, Батыр Даниялұлы, Мұрат Ликарұлы, Болат Тұяқұлы, Мағыпар Саламатұлы, Алмас Жасенұлы сияқты пейілдері пәк, Алатаудай алып тұлғалы ағалардың алдын көрдім, сахарадай мейірім-ықыластарына бөлендім, қимас жылдар шежіресі жүрек түбінде хаттаулы!

   АИГИ-дегі қызмет барысында ой-пікіріміз ортақ болып, сыйлас болған  азаматтың бірі – рухани жан дүниесінің тазалығы, айналасына ахлақ нұрын шашып, пайым-парасатымен көпшілікке сыйлы бола білген Мұстахим Харенұлы Мұхтаров еді.

   Мәкеңмен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде қызмет жасаған кезімде бір-бірімізге тек сәлем беріп-алумен ғана шектелетін ресми таныстығымыз болмаса, етене жақын танысып, араласуымыз Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында басталды. Жалпы менің АИГИ-ге қызметке орналасып, «тастай батып, судай сіңуіме» де басты дәнекер Мәкең болған еді...

         «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды,

Жамандар жақсымын деп  айқайлайды.

Жүрген соң күнде көріп бау мен бағын,

Таулардың биіктігі байқалмайды»-дегендей, Мұстахим ағамыз да ақыл сұрар алпыс деген асқарлы жасқа қадам басыпты. Алпыс – адам ғұмырының ақылы толысып, ойы кемелденіп, өткен өміріңе шолу жасай отырып, сана таразысына салып толғанатын ең шырқау биік тәрізді. Қатар жүрген осындай азаматтың бойындағы асыл қасиеттерін көре білу, жетістігіне қуанып, шыққан биігіне «бәрекелді» деп жүрек жарды жылы лебіз білдіру – адами парызым деп санадым...  

   Пифагор «Бақытты қуып қара тер болма, оны өзіңнің ісің мен ішіңнен ізде» деген екен, тамаша парасатты адами қасиет­терімен өмірден өз бақытын тапқан Мұстахим Харенұлы құнарлы топырақтан қуат алып, тамырын терең тартқан, киелі Исатай (бұрынғы Махамбет) ауданы, Забурын совхозына қарасты Мыңтөбе елді мекенінде дүниеге келген.

   «Ат, есімді біреу береді, ал тағдырыңды өзің жасайсың» демекші, Мұстахим Харенұлы халық ағарту саласындағы қажырлы адал еңбегімен өз-өзін даралап, таныта білген саңлақтардың бірі деуге болады. Бүкіл саналы ғұмырын халық ағарту саласына арнап, «өз ісінің маманы, көпшіліктің адамы» (әл-Фараби) бола білген Мұстахим Харенұлы еліміздің жоғары білім жүйесіндегі оқу жұмысын ұйымдастырып, басқарудың тәжірибелі маманы. «Көпшілікке көрсете алсаң өнеге – көпшілік те көтереді төбеге» – дейді халық тәмсілі, Мәкеңнің Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде факультет деканының орынбасары, декан, кейінен Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында бірінші проректоры ретінде қызмет жасаған мерзімдегі игі істерін ұжым әлі сағынышпен еске алады.

   Өнегелі өмір жолы қыз бұрымындай әсем өрілген ғұмыр жолына көз салсақ, алғашқы еңбек жолын 1982 жылы Новобогат ауданы Таңдай орта мектебінің мұғалімі ретінде бастап, 1989 жылы Гурьев педагогика институтының Бастауыш білім беру кафедрасының оқытушысы ретінде жоғары оқу орнында өз қызметін бастаған Мұстахим Харенұлының «альма-матерінде» бағы жанып, абыройы артып, мәртебесі жоғарлады, оған дәлел, 1994-1995 жылдары университеттің сырттай оқу факультеті деканының орынбасары, 1995-2003 жылдары Экономика факультеті деканының орынбасары, деканы қызметтерін абыроймен атқарса, бес жыл  (2003-2008 жылдары) университет ректорының студент жастармен байланыс істері жөніндегі көмекшісі болды. «Ертеңнен салса түске озған, ылдидан салса төске озған» Мәкең қызметтен қол үзбей ғылыммен де шұғылданып,  2007 жылы «Атырау өлкесіндегі музыкалық білім мен тәрбие берудің қалыптасуы мен даму тарихы (1920-1985 жж.)» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, ғалым-ұстаз атанды.

   Кейінгі қызмет жолы Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында бірінші проректоры ретінде жалғасса, қазір де ағарту саласының басшылық лауазымында - Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжінің директоры.

   Ұлы қолбасшы Александр Македонский: «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» - деген екен, Мәкең де өмірлік көзқарасының қалыптасуында өзіне зор ықыласты қамқорлықтары мен шапағаттарын тигізен ұстаздары ретінде: кісілігінен кішілігі басым, асқан адамгершілік пен парасат иесі, өмірден «аққан жұлдыздай» ерте озған марқұм Ғалымжан Жұмабайұлын, ғылым жолына түрен салдырып, әкімшілік басқару ісінде «болаттай шыңдаған», жоғары білім саласы менеджментінің «жілігін шағып, майын ішкен» Асхат Сәлімұлы мен зор парасат пайымды: Қадіржан Брянұлы, Қадыр Өтегенұлы, Бақтыбек Жұбандықұлы, Ерсайын Уәлитханұлы сияқты асыл ағалар есімін ерекше ілтипатпен атайды.

   Мұстахим Харенұлы қызмет барысындағы кез-келген күрделі істе салиқалы ой, сабырлы көзқарас білдіре отырып, мәселені сана-сарабына, тәлім-таразысына салып шешетін, үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетін, ұстамды, артық сөйлемейтін, әр іс-қимылында білікті тұлғаға лайық байсалдылық таныта отырып, ізгі қасиеттерімен әріптестеріне үлгі бола білуде.

   Қызмет бабымен де, жеке сыйластығым барысында Мәкең өзін сабырлы мінезі, ел-жұртпен сый­ластығымен, тазалығымен, өнерпаздығымен, тоқ етерін айтқанда биік болмысы мен кісілік келбетімен көрсете білді. Осындай ізгілік үлгілерін бір бойына жинаған оның бойынан адам­и асыл қасиеттердің ғажайып үл­гісін көретінбіз. Адам бойындағы қасиеттер ұзақ сапарда ашылатыны белгілі, Мәкең жыл сайын шағын топты сәуір айында  облыс мектептері оқушылары арасында кәсіби бағдар беру жұмысын жүргізуге бастап шығып жүрді. Іссапар бір шеті Құрманғазыдан басталып, Жылой, Индер, Қызылқоғамен аяқталатын. Іскер-ұйымдастырушылық қабілеті сол кезде көрінуші еді, атқарылар істі алдын-ала жоспарлап, қандай мектеп, қай сыныпқа баратынымызды, ондағы оқушы санын егжей-тегжейіне дейін түсіндіріп, сөзі нық, тапсырма нақты, ертеңгі істі бүгін шешіп тастайтын. Біз ұстаз алдындағы тәртіпті оқушыдай (ортамызда Батыр Даниялұлы, Болат Тұяқұлы ағаларымыз бен Абылай Тұрсынұлы ініміз бар) қағаздарымызды реттеп, тек айтқанын орындап қана отырамыз. Содан болар жұмысымыз ешқандай көлденең кедергісіз бітіп, ауылдан-ауылға қызметтік сапарымызды жалғастырып жүре беретінбіз. Кез-келген істі қолға алғанда Мәкең ақыл айтудан бұрын, жол көрсетіп, өзі тындыруға бейім. Ешқашан ашу шақырып, кек сақтауды білмейді. Өзіне бағынышты қызметкердің сағын сындырмады, керісінше, оларға ақыл-кеңесін айтып, рухани-моральдық тұрғыда қолдады, әсіресе, өмірлік іс-тәжірибесі аз жас мамандарға жанашырлықпен көмектесе біледі.

Мухтаров М.Х

Педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Мұхтаров Мұстахим Харенұлы

   Мәкеңнің бойына жаратқанның ерекше бір дарытқан қасиеті – сазгер-әншілігі. Егер ұстаздықты таңдамай өнер жолына түскенде биік белестерді бағындырар ма еді деп ойлаймын, себебі, халық әндері мен ретро әндерді шырқағанда небір кәсіби  әншілерден кем емес әдемі қоңыр дауысына  жаның сергіп, бойың ұйып, сазды әуенді тыңдай бергің келеді... Шығармашылық таланты студенттік шағында ашылыпты, сол кездері гитара сүйемелдеуімен орындап жүрген өзінің «Анаға арнау», «Студенттер әні», «Арман құсым» сияқты әндері студент жастардың әр кештегі көңілді отырысының  ұйтқысына айналады. Бүгінде Мәкеңнің 60 жуық әні бар, жүрек жарды туындыларының басты арқауы – ата-ана, жастар, туған жер туралы болып келсе, қиялыңа қанат бітіріп, жүрек сырын тербейтін «Зинеден ата ауылым», «Мынау біздің ауыл», «Исатай жастарының әні», «Той думан», «Асыл жандар – ұстаздар», «Таксист әні», «Анаға тілек», «Мен саған гүл берейін», «Асыл аға» сияқты әндері Атырау өңірінің өнер сахналары мен той-думандары төрінде көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, шырқалуда.

   Өнерге деген құштарлығым әкемнен дарыған қасиет болса керек дейді. Айтуынша, әкесі Харен марқұм өнерге жақын, өз жанынан аздап өлең шығарып, домбырамен ән салатын, жора-жолдастарының ортасында беделді, әзілқой, қу тілді адам болған екен. Қазақ «әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» - дейді. Әкесі он үш жасында дүние салғанда Мәкең отбасындағы бес баланың естияры болғандықтан, асқар тау орнын жоқтатпай, анасы мен әжесіне қолқанат болып, артынан ерген іні-қарындастарының жауапкершілігін өз мойнына ала отырып, ерте есейді, қамқор болып, оқытып-тәрбиелеп, ел қатарына қосты.

   Қазақтың қасиетті қара өлеңіндегі өмір тəжірибесінен тұжырымдалған:

«Анасы жақсы қандай-ды,

Қамқорлығы таудай-ды.

Қалқам деп шықса алдыңнан,

         Кеудеңде қайғы қалмайды»- деген жыр шумақтары марқұм Ғайнеш анамызға арналғандай. Ерінің қазасын мойымай көтеріп, ошағының отын сөндірмей, балапандарын аналық мейірімімен қанаттандырып, ұясынан ұшырды. Анамыз да өнер жолында қара жаяу болмай, бойында ән-жыр дегенде ішкен асын жерге қоятын қасиеті болыпты, «бесік тербете отырып Ақан серінің «Балқадиша», Ә. Еспаевтің «Маржан қыз» сияқты әндерін тамылжыта шырқаған үні әлі күнге құлағымда дейді» - Мәкең. Қазақ ырымшыл халық қой, анасы Мәкең дүниеге келгенде құс тұмсығымен ауздандырыпты. Құс киелі тіршілік иесі, көкте еркін самғап, жер жаһанды аралайды. «Балам да қанаты талмай, биіктен көрінсін, көп тіл меңгеріп, ел араласын», деп ырымдаған болар әзиз ана...   

   Иншалла, бүгінде Мұстахим Харенұлы өмірден көргені көп, көңіліне тоқығаны мол һәм нағыз толысқан шағында. Ағайын-туыс, әріптестері арасында зор мәртебеге ие Мәкеңді мерей жасымен шын жүрегімнен ақ ниетпен құттықтаймын.

   Сіздің  сырт келбет-ажарыңыз қандай иман-мейірімді болса, ішкі  жан дүниеңіз де саф алтындай таза, мінезіңіз мизам шуағындай жәйлі, ешкімнің көңілін қалдырмайсыз. Туа біткен таудай талабыңыз басыңдағы бағыңызбен әлі де мұзарт шыңдардай асқақтай берсін, жас ұрпақ болашағы жолында атқарып жүрген игі істеріңіздің сахауаты ұзағынан болып, өз ортаңызға ізгіліктің шуағын шашып, аман-есен жүре беріңіз!, дей келе, жүрек жарды ізгі тілегімді, дауылпаз ақын Мұқағалидың:

«Алпысқа келдіңіздер,

Бәрін де көрдіңіздер.

Бәріне сендіңіздер,

Бәрін де бердіңіздер.

Алпысқа келсек екен енді біздер...» – деген киелі жыр моншақтарымен тәмәмдап, қадам басқан жасыңыз кіндігіңізден өрген ұрпақтарыңыз бен кейінгі толқын інілеріңізге жұғысты болсын, ағалы-інілі сыйластығымыз лайым үзілмей, хақ тағалам әрқашан сағынышты, жақсы күндерде жолығуды нәсіп етсін дегім келеді.

Солтанбек Қасенов

Шет тілдер және іскерлік карьера

университетінің оқу және оқу-әдістеме

істері жөніндегі проректоры

 

Алматы қаласы. 

«Атырау» газеті, 20 желтоқсан 2019 ж.

Теги МҰСТАХИММҰХТАРОВТАЙСОЙҒАНСАЙТЫСАЙТТАЙСОЙГАН