БАРЫП ҚАЙТ, БАЛАМ, АУЫЛҒА

БАРЫП ҚАЙТ, БАЛАМ, АУЫЛҒА

Бірде ұстазымыз Мұстафа Өзтүріктің «Барып қайт, балам, ауылға» деген өлеңді тыңдап отырғанын көргенім бар. Кассетасын марқұм Бексейіт аға бір жерден алып келген екен. Мұсекең басын төмен салып, ойлы көзбен бір нүктеге қарағандай болып елжіреп тыңдап отыр. Ішімнен бұл өлеңді Мұстафа ағаның өзіне арнаған болар деп ойладым. Кейін Түркияның қазақтары  да осы өлеңді жиі тыңдайды дегенді естігенім бар. Олардың да арманы балаларын ата қонысына қайта оралту еді ғой.

Жуырда ақын апамыз Айсұлу Қадырбаеваның өлеңдер жинағын оқып отырып, ішінен «Барып қайт, балам, ауылға» деген өлеңін кездестірдім. Мыңдаған жастардың піріне айналған қазақтың Мұстафасы сүйіп тыңдаған өлеңді Айсұлу апамыз жазғанын сонда ғана білдім. Ішімнен қуаныш сезімі керней кетті. Даңқты Мұстафа Өзтүрік те Айсұлу апамызды қадыр тұтқан адам екен ғой.

ui19

Бүгіннен бастап сайтымызда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, көптеген толғау-дастандардың авторы ақын апамыз Айсұлу Қадырбаеваның шығармашылығынан үзінді жариялауды жөн көрдік. Алғашқы толғауын «Барып қайт, балам, ауылға» деген өлеңмен бастағалы отырмыз. Қабыл алыңыздар!

Бисмиллаһи рахмани рахим!

                                                                                                          Қабибек Мұхитов

 

БАРЫП ҚАЙТ, БАЛАМ, АУЫЛҒА!

 

Барып қайт, балам,

ауылға туған

                  барып қайт!

Шалғынына аунап,

құмында ойнақ

                  салып қайт!

Өр болып келед

біз жақтың азаматтары,

намысты соның

көкірегіне

                 жанып қайт!

 

Барып қайт, балам,

ауылға туған

                  барып қайт!

 

Белесі, белі...

жоқ, әлде,

мидай дала ма, -

қарама, жаным,

қалдырмай, бәрін арала.

Шомыла барсаң,

байқарсың, күміс көліңе, -

іздерім жатқан

секілді менің жағада...

Арала, жаным,

қалдырмай, бәрін арала,

орман ба,

           тау ма,

                     дала ма!..

 

«Болад, - деп, - қандай?» -

сұраушы едің

                       жайлауды...

Сыбағаң үшін

бір тоқты сонда

                       байлаулы.

Аңқылдап келіп

арғымақ тартар ағайын

алтынды-зерлі

ер-тұрмандары сайлаулы.

Несіне саған

тәптіштей берем, құлыным,

көзіңмен өзің

қайтарсың көріп жайлауды.

 

Ауылың жайлы

қиялың менен елесің

айналып шынға,

ғажайып күйге енесің!

Атаң мен марқұм

әжеңнің сонда бейіті, -

соға кел, қалқам,

«Елемей кетті-ау», - демесін...

Қайдан да білдің,

сипаса самал маңдайдан,

солардың жұмсақ

алақандары емесін!..

 

Басына барсаң,

түс ауып кетпей,

                          ерте бар.

Қасыңа, жаным,

жөн білер біреу

                          ерте бар.

Атымнан менің

топырақ таста иіліп,

шешеңнің және

сағыныш күйін шерте бар!

Ертелі-кешті

қуалай бермей ойынды,

бірауық, қарғам,

арманға жүздір ойыңды.

Көпшілік көзі

сынағыш келед мұндайда...

абайлап басып,

түзетіп ұста бойыңды!

 

Барып қайт, балам,

ауылға туған

                  барып қайт!

Шалғынына аунап,

құмында ойнақ

                  салып қайт!

Біз жақтың қызы

ибалы келед, құлыным!

Жарқ етіп, соның

жанарын шоқ боп

                  қарып қайт!

Барып қайт, балам!

Ауылға туған

                  барып қайт!!!

 

1981 жыл