БАЛЫҚШЫЛАР...

БАЛЫҚШЫЛАР...

 

Бисенбай

Бисенбай Бисенғалиев.

Ардагер геолог-барлаушы, «Құрмет» орденінің, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бесжылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Қазақстан мұнайына 120 жыл», «Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Қарақия ауданына 45 жыл», «Жер қойнауын барлаудың үздігі» төсбелгілері иегері. Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» кітабына енген. Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, Ақтау қаласындағы «Геолог-барлаушылар аллеясы» идеясының авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естелік әңгімелер», «Бисенғали әулеті»  кітаптарының авторы.

 

  Ертеректе (80-ші жылдарда), біздің бұрғылау бригадалары Форт-Шевченко қаласының маңында Құсайнық, Кетік, Түбіжік, Жаңбыршы, Бүгіржі... сияқты алаңдарды  қазған. Бірнеше жыл сол маңдағы елмен тығыз араласып, кейбіреулерімен достасып та кеттік. МРХФ (МангистауРыбХолодФлот) мекемесімен де жақсы қарым-қатынаста болғанбыз. Бір бірімізге көмектесіп жүрдік. Олар теңізге шығатын катерлеріне жағар-жанар май, өндіріске керекті цемент, тақтай... сияқты қажетті материалдарымен көмектесуімізді сұрайтын. Барымызбен көмектесеміз әрине. Арасында МРХФ-ға да барып, цехтарын аралайтынбыз. Шабақтарды қалай ыстайтынын да, басқа да жұмыстарын сонда көргенмін. Ал ысталған шабақтар керемет дәмді болатын. Әртүрлі шаруалармен бара қалғанымызда құр қол қайтармай, бірнеше қорап ысталған шабақтарын қыстырып жіберуші еді басшылары.

  Жұмыс жасай жүрген жылдарда сол маңдағы балықшы қарттардың талай әңгімелерін тыңдағанмын. Ой, шіркіндер, өтірікті шындай, шынды жын ұрғандай қылып «соғудың» хас шеберлері ғой олар. Құрықта да балықшы болған бірнеше ақсақалдардың әдемі әңгімелерін естіп, біреуімен құдайы көрші де болдым. Әңгіменің майын тамызып айтатын, қуақы тілді құдамның (марқұмның жаны жәннатта болғай) да қайықпен теңізде болғанда басынан кешірген не түрлі хикаяттарын жадыма құйып алғанмын. Ойпырмай, күлкіден де өлтіреді, қай жері шын, қай жері өтірік екені белгісіз, жымын білдірмей, тігісін жатқызып айтқанда, аузыңды ашып қаласың. Балықшылар онсыз да «өсіріп, өлтіріп» айтатындардың сортынан ғой, ал құдам «жырлағанда»...

  Форт-Шевченконың айналасындағы алаңдарды қазып жүргенімізде жергілікті тұрғындармен, әсіресе өздеріміз сияқты өмірлерінің көпшілігі далалықта өтететін малшылармен де қарым-қатынасымыз жақсы болды деп әңгімемнің басында айтқанмын. Сол малшылармен әңгімелескенде барлығына жуығының айтатыны «ертеде мен капитан болдым, балық колхозынанмын» дейтін. Мен «бұл қалайша толып кеткен капитандар» деп таң қалатынмын. Артынан әңгімешіл, балықшы құдамнан мән-жайға қанықтым. Құдамның айтуынша, Маңғыстауда мұнай табылып, жұрттың көпшілігі жаңа өндіріске қарай бет бұра бастайды. Балық аулайтын шағын қайықта моторшы болғандар буровойларға моторшылық жұмысқа тұрады, жай матрос-балықшы болғандар буровойларға қара жұмысшы – помбур, пом.моторист, глинорабочий болып орналасады. Ал шағын қайықтың капитаны болғандар буровойға қара жұмысқа тұруға арланады, өздері біреулерге команда беруге үйреніп қалған, көкіректері жібермей, балық аулайтын шағын артельдер, колхоздар тарағаннан соң мал бағуға шығады. Қойлардың капитаны болады. Сондықтан да сол өңірдегі  малшылардың көпшілігі капитан екен. Осылайша бұл құпияның сыры онша тереңде болмай шықты. Құдамның да, басқа теңізші дос қарттарымның айтуы бойынша сол кездегі капитандардың барлығына жуығы сауатсыз, шала сауатты, басқадай теңізші капитандарға  ауадай қажетті техникалық құрал-саймандарды айтпағанның өзінде, карта, компас дегендерді де пайдалана алмаған. Олар басқарған қайықтардың экипажы 6-7 адамнан аспаған шағын дүниелер екен. Көпшілігі аспандағы жұлдыздарға қарап бағыт-бағдарын болжаған, теңіздің суына, желдің бағытына, ауа райының құбылысына... қарап та болжам жасаған. Сауаттары, білімдері болмағанмен табиғатты жақсы білген. Теңізді де бес саусағындай біліп, талай қиын-қыстау шақтарда, аспанды қара бұлт қаптап, теңіз буырқанып, толқындары аспанға шапшып, құтырынған жел бет қаратпай, теңіз бен аспанның қайда екенін айыру мүмкін болмай қалған жағдайларда да адаспастан өзіне керекті жерін тауып отыратын тума таланттар болған ғой қаптаған капитандардың арасында. Сонымен қатар жағадан көп алыстамай, өздеріне етене таныс жерлерде ғана жүзген «капитандар» да болыпты, солар екен малшылардың санын көбейтіп жүрген. Итбалықтардың күшіктерін аулағандарын айтқанда жаның түршігеді. Мұздың үстіндегі жаңа туған күшіктерді өлтіруге келгенімізде байғұстар адам сияқты бәрін сезеді, жас балаша дауыс салып, көздерінен жастары ағып, шырқырап жылайды... Өте аянышты. Бірақ бекітілген жоспар бар, соны орындауың керек, қолыңдағы келтек шоқпармен шырылдап сәбидей шырқырап жылаған, теңізге қарай қашқан күшіктің қара тұмсығына соғасың, өлтіресің. Соншама жылдар бойы аулағанда таусылмаған, керісінше, көбейіп тұрған итбалықтар саны соңғы 15-20 жылдың көлемінде экологиялық жағдайларға байланысты күрт азайды. Тек 2017 жылы ғана теңіз жағасына 250-дей итбалықтың өлексесі қалқып шыққанын айтсақ та болар. Айта берсе сөз көп, барлығын жаза беру мақсатым болмағандықтан, негізгі тақырыбыма ойысайын. Дос қарттарымның айтулары бойынша бұл теңіз кімдерді жұтпаған, қаншама адам, қаншама қайық, кеме штормдарда талқаны шығып, басқару мүмкін болмай, жұтатын бір тамшы тұщы суға, талғажау қылатын нанға зар болып, желдің айдауымен ес, түссіз ағып Иранға, Мақашқалаға, Бакуге... тап болды десеңші.

Теңізші қарттардан «Девятый вал» дегенді түсіндіріп беруін сұраймын ғой. Теңізшілер туралы, теңіз қарақшылары, саяхатшылары жайында біраз кітап оқыдым. Сол кітаптардың барлығында да не бір қиындықтардан саспайтын, бәле-бәтердің түрін көрген теңіз көкжалдарының барлығы дерлік «Девятый вал» дегенде төбе шаштары тік тұрып қорқатын. Теңізшілердің ортасында сондай түсінік, суеверие қалыптасқан. Оның бер жағында Айвазовскийдің де атақты «Девятый вал» деген картинасы бар. Ашық мұхиттың, не ашық теңіздің ортасында сол картинадағыдай жағдайға тап болсаң... Өте қорқынышты. Айтса айтқандай, бұл «Девятый вал» деген бәлекетті, Айвазовскийдің картинасын көрмесе де, біздің шалдар да біледі екен. Біздің шалдар да МОРСКОЙ ВОЛК, КӨК ТЕҢІЗДІҢ КӨКЖАЛДАРЫ болып тұр ғой. Бұл дегенің өте үлкен тоғызыншы болып келетін толқын екен, бірақ оны толқын деуге келмес, сірә дәу жал деген дұрысырақ болар. Теңіз алабөтен тулағанда, толқындарын аспанға атып толқығанда қалған толқындар бомба жарылғандай, зеңбірек атылғандай болып, ештеңеге соқтықпаса да, өздігінен қақ айырылып гүрсілдеп жарылады да, ал манағы тоғызыншы болып келетін дәу жал өздігінен жарылмастан, жолында кездескеннің барлығын жапырып, жұтып келе жатады екен. Ол жарылмайтын, қойнына дәу кемелерді де орап алатын тажал дейді. Ашық мұхитта, кейбір ашық теңіздерде толқынның биіктігі 30 метрден де асатынын оқығанмын. Не деген алапат десеңші.

https://pbs.twimg.com/media/BtsLZZYCMAEq8EL.jpg:large

Біздің шалдардың жүзген Каспийі де осал теңіз емес, өзіндік тентек мінезі жетерлік. Біздің теңіз тулағанда, ашық теңіздегі толқындары қандай болатынын білмеймін, бірақ талай рет жағаға соғып гүрсілдеп, тарсылдап жарылып жатқан дәу толқындарын тамашалағанмын, видеоға, суретке түсіріп алғанмын. Күздің қара суық жаңбыры шелектеп құйып, құтырынған жел есерлене төпеп ұрып, жаяу адамды ұшырып жіберердей болып, жағаға тақап қойған машинамды төңкеріп тастайтындай жұлмалап жатқанда, талай рет машинада отырып ақтарылып, төңкеріліп, тау-тау толқындарының ұшар басынан ақ көбігі аспанға шапшып, бұрқ-сарқ қайнап жатқан теңізді тамашалап, осынау кереметке көзім тоймай қараушы едім. Осындай ауа райын керемет жақсы көремін. Табиғат осылайша құтырынған күні мен теңіздің жағасына жетуге асығамын. Теңізге қарап отырып қиялдаймын. Оқыған кітаптарымдағы осындай жағдайда кораблекрушениеге ұшыраған жандардың арпалыстарын көз алдыма елестетемін. Қорқынышты болғанда сұрама, сұмдық. Әрине, көз алдыма бірден Айвазовскийдің «Девятый валы» келетіні түсінікті шығар. Қиялың шарықтау шегіне жетеді. Басқа да осындай тақырыпқа салынған атақты суретшілердің туындыларын көргенмін, тамашалап аузымның суы құрып қиял құшағынан босай алмай тұрғанмын. Теңіз, теңізшілер жайында қазақ жазушыларының арасында Әнес Сарайдай жазатын адам жоқ деп сеніммен айта аламын. Әнес Сарайдың теңіз жайында жазғандарын оқу деген бір ғанибет қой. Оқып отырғанда тап сол жерде жүргендей әсерде боласың, теңіздің буырқанған күйін дәл көз алдыңа алып келгенде хошың келеді. Кейде тап сол жерде өзің жүргендей болып, жаныңды шүберекке түйіп есің кетеді. Жазуы, суреттеуі керемет!

https://www.molnet.ru/mos/image?objectId=323165&trim_x=660

https://k-a-r-t-i-n-a.ru/wp-content/uploads/2015/12/Sochinenie-po-kartine-I.K.-Ayvazovskogo---Raduga--.jpg

  Әңгімешіл құдам айтатын, жастай балық аулауға жұмысқа тұрдым. Қайықта 6-7 адамбыз, оның біреуі капитан. Теңіз дегенің жағада тұрып бір қарағанда момақан болғанымен, ашық теңізге шыққанда қорқынышты. Талай қызықтар өтті ғой, барлығын айтып тауыса алмайсың, ішінен біреуін ғана айтайын деп мына бір қызықты айтқан. Шағын ғана қайық қой, күні бойы ау тартамыз, балық шығарамыз... жұмыс көп. Бос уақытта өзіңді қоярға жер таппайсың, содан үлкендерге еріп мен де насыбай атуға шықтым. Қалай екенін білмеймін, үйден алып шыққан бір қалта насыбайым ауылға қайта айналып келгенше жетпейді. Көңілшекпін бе, қол созғандардың барлығына бере беремін бе, кім білген, әйтеуір менің насыбайым тез таусылады. Содан үлкендерден қол жайып сұрауға көшемін, олар менен алғанда жақсы, ал берерге келгенде... Бірер рет меселімді қайтармағанымен, үнемі қол соза бергенімді жақтырмайтын еді. Ашық теңіздегі шағын қайықта дәретхана деген болмайды, үлкен болсын, кіші болсын дәретіңді қайықтың арт жағында «бітіресің». Ұят та болса айтайын, ұлы дәретті астыңа қойған жалпақ темір күрекке түсіресің де, болғаннан соң теңізге лақтырып жібересің. Кейде ұсақ құмалақтардың күректен шығып домалап кетіп, қайықтың қуыстарына қыстырылып, күнге, желге кеуіп қалатындары да болады. Арасында қайықтың ішін тазалағанда сол жерлерді де сыпырып, жуамыз, бірақ... Бір күні өзімнен сәл ересектеу бір жігіт екеуміз қатты ұйқыға кеткен кезін аңдып тұрып, капитанның шақшасын ұрлап алып, керегінше насыбайын алып, оның орнын қайықтың артқы жағындағы кепкен адамның қиымен толтырып қоюды ойластырдық. Ала алмай жүрген онша керім кегіміз жоқ, бірақ капитаннан естіген талай боқтықтарымыздың есесін осылай қайтармақшымыз. Қаудырап кепкен құмалақтарды жақсылап үгітіп, керек мөлшерде дайындап та қойдық. Сол түні, орайы оңынан келіп, ойластырған ісімізді сәтімен жүзеге асырдық та. Капитанның насыбайы керемет деп дәмін білетін қасындағылардан еститін едік, бізге татырмайтындықтан соның дәмін татқанша құмар болып жүретінбіз. Капитан қалың ұйқыға кірді-ау деген шамада шегеде ілулі тұрған шалбарының қалтасынан сыбысын білдірместен шақшаны суырып алып, алақанымызға толтырып көкбұйра насыбайды салып алып, орнына дайындап қойған адам қиының ұнтағының аздаған мөлшерін салып, шақшаны дыбысын шығармай шайқап-шайқап насыбай мен қидың ұнтағын араластырып жіберіп, қайтадан дәл болған жеріне «жып» еткізіп орналастырдық. Палубадағы жататын жерімізге орналасып алып, капитанның көкбұйра сапалы насыбайынан дәм таттық. Мақтаса мақтағандай-ақ екен. Сапасы біздердікінен әлдеқайда тәуір болып шықты. Сөйтіп жүргенімізде таң да қылаң берді. Әдетте капитанымыз таңда ерте тұрып, керіліп, созылып алып, айналаны бір шолып жіберіп, шақшасынан насыбайын аузына салып, дәмін алып болғасын біздерді оятатын еді. Қасымдағы жігіт екеуміздің баққанымыз капитанның оянуы. Көп ұзаған жоқ, капитан да оянды, керілді, созылды, айналадағы көк теңізді шолып қарады. Содан соң, жылдар бой қалыптасқан үйреншікті қимылмен, кең шалбарының қалтасынан шақшасын алып, тізесіне қағып-қағып жіберіп, өзіне қажетті мөлшерін алақанына салып алып, қарамастан аузына ытқытып жіберді. Біз жатырмыз күлкіден жарылуға шақ қалып. Әбден дәмін алып, аузынан түкірігін теңізге қарай ытқытып жіберіп, ернінің астындағы насыбайын соруын тоқтатпастан, сақаулана, мыңқылдай күбірлеп: «Өй, иттің дүниесі, мына шіркін әбден боқ сасып кеткен екен» демесі бар ма. Бұны естіген екеуміздің жағдайымызды айтпай-ақ қояйын, өлдік қой, өлдік күлкіден, жарылып кетуге шақ қалдық. Дыбыс шығарып күлуге болмайды, сезіктеніп қалуы мүмкін. Осындай да болған...

  Ал болдым. Мен сияқты тулаған теңізге ғашық жандарға арнадым. Оқуға түсе алмай қалғанымда морфлотта служить етер ме едім, кім білген. Буровик болмағанда, көкжал капитан да болуым ғажап емес қоооойййй...    

  Балаларым су астындағы балық аулаумен (подводная охота) айналысады, сіп-сбежий кефал дастарханда болып тұрады. Балықшы деген аты бар ғой (судың астында атқан не, үстінде аулаған не, бәрібір шығар), бұлардың да әңгімелерін тыңдағанда аздап тізгіндерін тартып отырмасаң болмайды.

  Осымен болдым. Қысқартпасам болмас, әйтпесе мені де балықшы екен деп қаларсыздар.       

...

  PS.  Суреттер интернеттен алынды.

...

Бәкөн әл-Сағыз.

 

Теги мұнайшыжазбалары тайсойғансайты