БАЛА БАҒБАНЫ – АРДАГЕР ҰСТАЗ

БАЛА БАҒБАНЫ – АРДАГЕР ҰСТАЗ

Алма Тілепбергенқызымен Гурьев педагогикалық институтында  1981-1986 жылдары студенттік кезімізде бес жыл бірге оқыдық. Сабирова Алма Тілепбергенқызы 1959 жылы 16 маусымда Гурьев облысы, Исатай ауданы бұрынғы Новобогат, қазіргі Хамит Ерғалиев ауылында дүниеге келген. 1976 жылы Индер ауданы, Кулагино қазіргі Есбол селосындағы Жамбыл атындағы орта мектебін тәмамдаған.

САБИРОВА АЛМА 5

   Әкесі – Тілепберген Сабиров сауда қызметкері, анасы – Сафия Исахаева есепші бола тұрса да «Ұстаздық – ең қадірлі мамандық. Ешуақытта қадір-қасиеті жоғалмайды», – деп балаларының ұстаздық мамандықты таңдауына кеңес беріп, бағыттап отырған. Ата-аналарының сілтеген жолымен ұстаздық мамандықты таңдап, бауырлары Аманғали, Замза – тарих-филология, Заря, Майра – физика-математика факультетінің студенттері атанып, диплом алып, өздері білім алған алтын ұя мектептеріне оралып, жас ұрпақты тәрбиелеуде абыроймен еңбек етті. Бүгінгі күні Майра Тілепбергенқызы Есбол селосындағы Жамбыл атындағы орта мектепке 30 жылдан астам уақыт басшылық жасап, үлкен бедел иесі атануда.

   Алма ханым да ұстаздық мамандықты өміріне серік ете отырып, мамандық таңдау барысында өз өмірін жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеуге арнаймын деген арманымен 1976 жылы Гурьев педагогика институтына құжат тапсырады. Оқуға түсу емтиханының балы төмен болуы себепті конкурстан өте алмайды, сол жылы 1960 жылы жабылып қалған Гурьев педагогикалық училищесі қайта ашылып, емтихансыз оқуға қабылданып, «Бастауыш сынып мұғалімі» бөліміне түсіп, 1979 жылы «үздік» дипломмен бітіріп шығады. Өзі он жыл оқып білім алған ауыл мектебіне оралып, екі жыл ұстаздық еңбек етіп, педагог қызметінің қадірі мен ұлылығын одан әрі сезінеді. Енді жоғары білім алу мақсатымен 1981 жылы Гурьев педагогика институтының тарих-филология факультетінің «тарих, қоғам тану және советтік право» мамандығына құжатын өткізіп, емтихандарды сәтті тапсырып студент атанады. Сол кездегі факультет деканы доцент Жиенбай Бақиев 1 курсқа қабылданған студенттермен жиналыс өткізіп, Алма Тілепбергенқызының ұстаздық еңбек өтілін ескеріп, 115 топ студенттері біздің топқа топ басшысы етіп сайлады.

   Бес жыл институт қабырғасында өткен студенттік жылдар өз қызығы мен сәтті қуаныштарымен есте қалды. Сол уақытта білім берген ардақты ғалым-ұстаздарымыз, Дәржан Баяндиев, Ғайнибай Аманғасов, Ғиниатолла  Нығметов, Жиенбай Бакиев, Зұлқарнай Алдамжаров, Ибат Камешев, Күләш Қайырбекова, Мағрипа Орашева, Қадіржан Сейіталиев, Үркімбай Қыдыралин, Серік Хисматулин, Жеңісбек Мустафин, Алдар Сәрсенов, Амангелді Шамғонов, Күләш Төлентаева, Маржан Жанқоразова тағы басқалары бар оқытушы-профессорлар құрамы лекциялар оқып, практикалық сабақтарды жүргізіп, сапалы білім нәрімен сусындатып, ұстаз мамандығын игеруімізге баулыды. Барша ұстаздарымызға алғысымыз шексіз.      

   2 курста Алма 1982 жылдың қыркүйек айының 18 жұлдызында ауылдасы Темірғали Өмірғалиұлына тұрмысқа шықты. Курстастар болып тойына бардық. Жас жұбайларға той шашуына курстастар атынан естелікке түрлі түсті телевизор тарту еттік. Отағасы Темірғали Өмірғалиұлы Баймұханов – өндіріс саласында механик, инженер, директорлық қызметтерді зор аброй-құрметпен атқаруда.

   1986 жылы Алма ханым қолына диплом алып, тарихшы мамандығын меңгергенімен, өмірдегі әлеуметтік қажеттіліктерден туындаған  балабақшаға деген сұранысқа байланысты бүлдіршіндермен жұмыс жасаған ұстаздық тәжірибесін шыңдау үшін, мектепке дейінгі мекемеде бүлдіршіндерді оқытып, тәрбиелеуді таңдады. Қоғам болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеуде мейірім мен қуаныш, сүйіспеншілік пен төзмділік т. б. қасиеттерді өміріне серік ете жүріп, тәрбиеші, қазақ тілі маманы, әдіскер лауазымын абыроймен атқарды.

   Отағасы Темірғали зайыбы Алманың жауапты қызмет атқарып жүргендігін түсініп, әруақытта қолдау көрсетіп жүрді. Біздің көз алдымызда өскен балалары Сәкен, Айшолпан, Айзадалар аналарының қызметінің жауаптылығын сезініп, үй шаруасында әрдайым қолғабыс  көмектерін көрсете білді, аналарының алаңсыз жұмыс жасауына үнемі жағдай жасады.

b2565433611

Атырау қалалық «Балбөбек» балабақшасына 30 жыл (2014 жыл)

   Ұстаздық еңбегінде бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайтындығы мен ұйымдастырушылық қабілетімен танылған Алма Тілепбергенқызы 2005 жылы балабақша директорлығы қызметіне тағайындалады.

   САБИРОВА АЛМА 3

   Алма ханым еңбек ете жүріп, отбасының ұйытқысы бола білді, отағасы Темірғали Өмірғалиұлының алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасады. Балалары Сәкен, Айшолпан, Айзадаларын тәрбиелеп, Атырау қаласындағы шоқтығы биік гимназия лицейлерде оқытып, жоғары білім алуларына жағдай жасады.  

   Адам өмрінде қызық пен қиындықтың қатар жүретіні белгілі. Алма Тілепбергенқызы мен Темірғали Өмірғалиұлының тұңғыштары арыстай азамат Сәкеннің (27 жасында) жол апатына ұшырап өмірден өтуі қабырғаларын қайыстырды. Алма мен Тәкеңнің ауыр сынақты көтерулеріне тура келді, Аллаға шүкіршілік етіп, қазіргі уақытта қыз-күйеу, немерелер қызығын қызықтауда.

САБИРОВА АЛМА 4

   Бүгінгі күні Айшолпан шетелдік фирма «Бертлинг» компаниясында, қаржы консультанты, кенжелері Айзада шетелдік фирма «Тенгизшевройл» бірлестігінде, инженер жобалаушы мамандығын меңгерген өз ісінің шеберлері. Күйеу балалары – Қанат «Қазақтелеком» АҚ-нда бөлім басшысы. Саламат – «ШевронМұнайГаз» компаниясында бас маман қызметтерін атқаруда. Ата-әжелерінің сүйікті де, сүйкімді немерелері – Айзере Қанатқызы бүгінде мектеп табалдырығын аттағалы отыр, Асанали Саматұлы – «Мирас» балабақшасының тәрбиеленушісі.

   Алма ханым ағайын-туыспен етене араласып, отбасы жылуын сақтай білетін жан.  Ол өзі өте қонақжай. Әр уақытта Темірғали мен Алма құрдасымның шаңырағынан қонақ арылмайды.  Құда-жекжатын қонаққа шақыру, ағайын-жегжатын, дос-жарандарын соғым сыбағаға шақыруды дәстүрге айналдырған. Біз, Қостанайдан Атырауға барған сайын, бірге оқыған достарымызбен бірге қонаққа шақырып басымызды қосады.

   Алма ханым туысқандар, достар, жолдастар бойынан ең асыл қасиет – шыншылдық, қарапайымдылық, мейірімділік сапаларын бағалайды. Алма мен Тәкең сыйласа білетін адамдармен араласу-сыйласу сияқты қасиеттерді барынша ұстанатын жандардың қатарынан. Алманың өмірлік ұстанымы: «Қанша білгің келсе, сонша оқы, үйрен, ізден». Еңбек жолындағы іс-тәжірибелері Республикалық «Отбасы және балабақша», «Мектепке дейінгі мекеме басшыларының анықтамалығы» журналдарында, облыстық, республикалық газет беттерінде бірнеше рет жарияланды.

   Ол «Мектепке дейінгі балалардың қарапайым экономикалық түсініктерін қалыптастыру» атты нұсқаулық дайындауда редакциялық топқа басшылық жасады. Бала бағбаны ретінде қол жеткен табыстары «Ұлағатты ұя», «Мектепке дейінгі білім беру-ғасырлық тарих шежіресінде» жинақтарында, Қазақстанның іскер әйелдері  қауымдастығының «Ажар», «Ұлы QAZAQ елі», «Тәуелсіздіктің ақ таңы» журналдарында жарияланды. Қалалық, облыстық, республикалық семинар, конференцияларға бірнеше рет делегат болып қатысты.

   Бала бағбаны болған Алма ханымның еңбектегі жетістіктері де елеусіз қалмады. 2012 жылы Шымкент қаласында өткен республикалық тамыз конференциясына делегат болып сайланды. 2015 жылы Сочи қаласында өткен Халықаралық мектепке дейінгі педагогтардың ІІ съезінің лауреаты атанып, «Мейірімді жүрек» төсбелгісімен марапатталды.

   Қазақстан, Ресей, Беларусь елдері бірігіп шығарған «Үздік адамдар. білім саласының үздіктері» атты Халықаралық үлкен энциклопедияға еніп, арнайы диплом мен төсбелгіге ие болды.        

   2017 жылы «Өрлеу» Білім-ғылым технологиялық порталының «Ұлағатты  ұстаз» төсбелгісімен марапатталды.

   Еңбек ету кезеңінде бірнеше рет Қалалық білім бөлімі мен облыстық білім беру басқармасының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына, облыстық мәслихат пен облыстық әдістемелік кабинетінің «Қалалық білім беру мекемелерінің кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасына облыс әкімі Н.Ноғаевтың Құрмет грамотасына ие болды. Бүкіл ұстаздық өмірін, білімін, тәжірибиесін еліміздің болашақ жеткіншек ұрпақтарын саналы тәрбиелеуде аянбай абыроймен еңбек ете жүріп, ұжым мүшелері, ата-ана арасында үлкен беделге ие бола білді. Баға жетпес сыйластық, құрмет қалыптастырды.

 

   Алма Тілепбергенқызы жұбайы Темірғали Өмірғалиұлмен үй салып, құтты қоныс мекен етті. Балаларын тәрбиелеп, немерелер сүйді. Жеміс ағашын егіп бүгінде жемісін жеп отырған бақытты жандар. Көп жылдар бойы ұстаздық мамандықты кәсіп етіп,  абройлы еңбегінің арқасында      Алма ханым 2017 жылы үлкен құрметпен зейнеткерлік демалысқа шықты. Ол өзінің ұстаздық еңбегі арқылы жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесін мақтаныш етеді. Ол өзінің ұстаздық мамандықты таңдағанына өте разы.

           Біз білетін, бала бағбаны – ардагер ұстаз Алма Тілепбергенқызы құда-жегжатқа сыйлы, көпшіл, жолдас-жораға, достыққа адал, қайырымы мол, иман жүзді, ибалы жан. 

 

 

Өтеген Ихсанұлы, тарих ғылымдарының кандидаты,

Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік

педагогикалық университтеттің профессоры

                   

        

Теги Алма ТілепбергенқызыТайсойғанайтысайтТайсойган