Бәйтерек батыр

Бәйтерек батыр

Бәйтерек батыр

Ысық руының ұранына айналған Бәйтерек батыр – тарихта болған адам.  Ол – қазақ даласын жоңғарлардан қорғап, ел шетіне жау тигенде қол бастаған кісі. Он шақты жігітімен қоңтайшы ордасына барған жерінде қапияда қаза табады. Бұл жөнінде жазушы Рахымжан Отарбаев Ысық шежіресі берілген «Бәйтерек» кітабында әдемі келтіреді.
Әрі-бері шабысып, соңынан бітімге келгенімен, жоңғар жағы қазақтарға қыр көрсетуін қоймаған. Жағдай әбден ушыққан соң Бәйтерек бастаған топ келісімге барған. Алдыңғы айқаста үш батырын жер жастандырған жігітті жоңғарлар жазбай таниды. Қазақтарды қорламақ болған олар арам өлтірілген малдың етін ұсынады. Намысқа булыққан Бәйтерек жігіттерін ертіп кейін қайтады. Әттең, жоңғарлардың да жымысқы ойы бар екен. Жүз шақтысы соңынан қуады. Қазақтар да найзасын ойнатып қарсы тұрады. Жаудың көздегені бәрі емес, ішіндегі біреуі болып шықты. Ысқырып жеткен садақ оғы топ ішінен Бәйтеректі табады. Батыр ат жалын құшады.
Талықсып кетіп, есін жиған сәтінде жанындағы жолдастарына өзін  демі үзілген жерге жерлеуді тапсырады. Жау қорламас үшін қабірінің үстін тегістеп кетуді де қоса айтады. «Ау, артынан қалай табамыз?» деп сасқандарға, «Оң уысымды жазбаңдар, кейін тал өсер, бәйтерек болар» деген екен жарықтық. Содан араға үш жыл салып ағайындары іздеп келсе, қабір үстіне жас шыбық бой түзепті. Кейін ол алып бәйтерекке айналады. Ысық батырының шын есімі аталмай, бізге осылай Бәйтерек болып жетті.
Қайткенде де, Бәйтерек батырдың Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбаймен тұстас ғұмыр кешкені кәміл. Батыр Баянмен замандас болғаны да анық. Әттең, ертерек қаза тауып кетсе керек, үш жүздің басы қосылып, жоңғарды жапыра жеңген ұрыста қазақ қолын басқарған батырлар қатарында есімі аталмайды.
Жазушы Бәйтерек туралы туындысын Сырым батыр мен Қаратау би арасындағы әңгімемен өрбітеді. Бұлардың екеуі – кең байтақ жерімізді жаудан қорғауға, Қазақ хандығын құрысуға үлес қосқан тұлғалар. «Демек, оларға Атырауда ескерткіш орнату керек» деді Рахымжан Отарбаев.
Оралдан келген тарихшы Жәнібек Есмұрзин он шақты жылдан бері қазақ руларының ұранына айналған батырлардың дерегін жинастырып жүр екен. Мәскеу мен Орынбордың мұрағаттарын талмай шарлаған ғалым біраз дерек те тауыпты. Ол халқымыздың он сегізінші ғасырдағы тарихы әлі жеткілікті зерттелмегенін айтады. Көбіне, Исатай, Махамбет, Сырым, т.б. туралы дерек бар. Өзгелері қайда? Қазақ даласы батырларына кенде болып па еді? Қазір Ресей мұрағаттарынан Бәйтерек батыр туралы деректер табылып жатыр. Демек, таяу уақытта көлемді еңбек өмірге келмекші.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.