АЗАМАТТЫҚ ПАРЫЗЫНА АДАЛ ЖАН

АЗАМАТТЫҚ ПАРЫЗЫНА АДАЛ ЖАН

   Өмір соқпағында түрлі адамдармен жолың түйіседі. Сонда сен кейбіреуінің түймедей іс тындырса түйедей етіп көрсетіп, көпшілік мені  байқаса, таныса екен деп өзін жарнамалап, мақтау, мадақтау дәметіп  жүретінін байқайсың. Ал бірқатар азаматтар үндемей өмір сүріп, қоғамға қалтқысыз еңбек етсе де қарапайым тірлікпен, барға қанағат етіп, айналам аман болып, бақытты байқуатты ғұмыр кешсе екен  деген ниетпен жер басып жүргенін көргенде, сондай риза боласың. Мен өзім осындай санатқа лайықты деп есептейтін азаматтардың бел ортасында қатарына, Еділ мен Жайықтың арасын алып жатқан қасиетті Нарын құмында кіндік қаны тамып, барлық саналы ғұмырын туған жерінде еңбек етуге арнап келе жатқан Мүтиғолла Атоллаұлы Насихановтың есімін атар едім.

М.Насиханов

Екеуміз 1978 жылы Гурьев педагогикалық институтының тарих-филология факультетінің 1 курсына оқуға қатар түсіп, студенттік кездегі қиын да қызықты шақтарымызды бірге өткіздік. Әлі есімде алғашқы жылы сабағымыз басталар-басталмастан курсымызды түгелдей Индер ауданының Амангелді атындағы кеңшарға қолғабыс беру үшін ауыл шаруашылығы  жұмыстарына алып кетті. Ол кезде біздің оқу орынымен сол ауданның арасында бір-біріне шефтік көмек көрсету жөнінде келісім-шарт болса керек. Он төртімізді Аққала ауылының маңынан ағып жатқан Бағырлай каналының жағасынан орын тепкен шопанның бос тұрған қыстақ үйіне орналастырды. Атқаратын жұмысымыз-саман тас басу. Су бойындағы жер плугпен жыртылып қойылыпты. Соның үстіне су шашып, бетіне жұмсақ шөп төсеп, оны шынжыр табанды трактормен әрі-бері жүріп  араластырып, лай дайындайды. Біздер сол балшықты қолмен илеп, қалыпқа салып тас басамыз. Жұмыс әрине мектептен жаңа шыққан, ысылмаған жасөспірімдер үшін оңай емес. Бірақ жаспыз ғой, тез көндігіп кеттік. Осы жерде бір–бірімізді кеңірек тани бастадық. Маған алғашқыда тұйықтау көрінгенмен, сөйлесе келе Мүтиғолламен әңгімеміз жарасып, тез тіл табысып, дос болып кеттік. Оның әкесі құрылысшы, анасы мектепте жәй қызметкер болып жұмыс жасайтын қарапайым отбасынан шықсада талпынысы мол, ізденгіш, түрлі саладан хабары бар зерделі жігіт ретінде байқадым. Қол еңбегіне шымыр болмаса да жан жағындағы студенттерден бөлектенбей, қиналса да солардың ортасынан табыла білді.

   Бір ай еңбек еткен қарбалас күндеріміз артта қалып, институттағы сабағымыз қайта жалғасты. Бастапқыда ұстаздарымыздың лекциясын тыңдай отырып, оны үлгеріп жазып алу, семинарларға дайындалу-қиындық келтіргені рас. Сондықтан кітапханалардан шықпай оқып, әзірленіп студенттік өмірге де төселе бастадық. Алғашқы семестер емтихан сынақтары кімнің кім екенін анықтайды-ғой. Тобымыздағы үздік оқитын 3-4 студенттің қатарынан Мүтиғолла көрінгенде мен таңғалған жоқпын. Кейінен Азия және  Африка халықтарының ынтымақтастық ұйымының қалыптасуы мен дамуы туралы ғылыми жұмыспен айналысып, конферецияларға қатысып, баяндамалар жасап жүргені есімде қалыпты. Ол осы қалпынан танбай институт қабырғасындағы 4 жыл бойы таңдаған кәсібінің қыр-сырын терең меңгеріп, тарих және қоғам тану пәндерінің мұғалімі мамандығын алып шықты.

группаластар ортасында.

   Сөйтіп, әрқайсымыз әр тарапқа тарыдай шашырап, еңбек майданына аттанып кеттік. Ол кәсіптік жолын өзінің туған жері Исатай ауданының Х. Ерғалиев ауылындағы Амангелді /қазіргі Ғ.Масалимов/ атындағы орта мектепте тарих және қоғам тану пәндерінің мұғалімі болып бастады. Көп кешікпей өз мамандығын жан–жақты терең меңгерген жас ұстаз іскерлігімен көзге түсіп, 1985 жылы осы ауданның Чапаев ауылындағы Жамбыл атындағы орталау мектеп жанындағы оқушылар интернатына меңгеруші болып тағайындалды. Негізінен бұл мекемеде 9 ай бойы ата–аналарынан жырақтағы оқитын шопан балалары тәрбиеленетін. Білім ошағындағы жұмыс қаншалықты қиын болса да, ұжым мүшелерімен бірге бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, ынтымақтаса енбек етудің арқасында сенім биігінен көріне білді. Одан кейін осы ауылдағы М. Горький (қазіргі Ж.Мырзағалиев) атындағы орта мектепте директордың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болып жауапты жұмыс атқарды. Жас болса да жігерлі іс әрекетімен танылған ол 1986-1988 жылдары Новобогат аудандық комсомол комитетінің хатшысы болып сайланып, аудан жастарына жетекшілік етті. Аталған кезеңде жастардың бос уақытын тиімді пайдалану бағытында ауылдарда танымдық думандық шаралар бір жүйеге келтіріліп, түрлі жанрдағы пікірсайыстар, кешкі дискотекалар өткізіле бастады. Сонымен қатар аудандағы мектеп бітірушілер 1987 жылы облыс жастарына үндеу тастап, мал шаруашылығына еңбек етуге шақырды. Бастама Атырау өңірінде кең қолдау тауып, сол жылы облыс көлемінде комсомол жастар бригадалары көптеп құрылып, шопан таяғын ұстаған жас толқын қатары артты. Тек Новобогат ауданының өзінде сол жылы 8 жастар бригадасы еңбек майданына аттанды. Осындай көп шаралардың басы-қасында жүріп, ұйымдастырылуына тікелей басшылық жасап, ұйтқы болған Мүтиғолла Атоллаұлының сол кездегі игі істерін ауылдастары әлі күнге дейін ілтипатпен еске алып отырады.

   Кеңес өкіметі тарағаннан кейін ол мамандығына қайта оралып, Тұщықұдық ауылындағы Ж. Мырзағалиев атындағы орта мектеп директорының орынбасары ретінде білім ордасындағы оқу тәрбие жұмыстарына басшылық жасап, шәкірттер тәрбиелеумен айналысты. Осы жылдары М. Горький атындағы орта мектепке Тұшықұдық ауылында екі рет мектеп ғимаратын салдырған, Атырау өңіріне кеңінен танымал ұстаз Ж.Мырзағалиевтың атын бергізуге жұмыстанды. Сонымен қатар осы мектептің жанынан ауданда алғаш рет гимназия сыныптарының ашылуына бастамашыл болып, оған тікелей басшылық жасады.

3

   1999 жылы аудан басшыларының ұсынысымен Тұщықұдық ауылдық округіне әкім болып тағайындалып, осы жерде 14 жыл қызмет етті. Бұл іргесі жаңадан қаланып жатқан жас мемлекеттің қиыншылықтармен бетпе-бет келіп, бойын түзей алмай жатқан шағы болатын . «Мен алғаш жұмысқа кіріскенде, –деп еске алады Мүтиғолла Атоллаұлы-халықтың тұрмыс жағдайы бүгінгідей емес, төмен болатын. Еңбек адамдары жалақысын, зейнеткерлер зейнетақысын 3-4 айлап кешіктіріп алатын. Ауылда жөні дұрыс дүкен жоқтықтан жұрттың бәрі далада сауда жасайды. Көшелер өте лас, жұрттың көбі қоқыс қалдықтарын үйдің маңына төге салады екен. Сондықтан алғашқы екі айда ауылдағы мыңға жуық үйлерді жаяу аралап, әр шаңыраққа кіріп танысып, жағдайларын біліп, заман талабын түсіндіріп, жастарды мамандық алуға шақырып, кәсіпкерлікпен айналысу қажет екендігіне көзін жеткізуге тырыстым. Бір қуанарлығы-ауылдастарым мені қолдап, шаруа қожалықтары құрылып, сауда орындары ашылып, кәсіпкерлікпен айналысушылар қатары арта бастады. Халықтың өзі сенбіліктерге шығып көшелермен үйлердің маңын тазалау жұмыстарын жүргізіп, ауыл санитарлық талаптарға сәйкестендірілді».

тұщықұдық ауылдық округі аппаратымен

Міне, жұмысын осылай бастаған жас әкімнің алғашқы қадамдары сәтті болып, облыс, аудан басшыларының қолдауымен ауылға табиғи газ, ауыз су желілері тартылып, халық оның игілігін көре бастады. Сонымен қатар округ орталығында жаңа емхана, бастауыш мектеп  ғимараттары салынды. Ауылдың бұрынғы аты «Чапаевты» енді жұртшылықпен ақылдаса отырып, ежелден ел ауызында келе жатырған тарихи есімімен «Тұщықұдық» деп өзгертті. Осындағы орта мектептің, бала бақша мен мәдениет үйінің ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жаңартылды. Округке қарасты шалғайда орналасқан Қызыл үй ауылында жаңадан медициналық пункт салынып, бұрын жабылып қалған ауылдық клуб қайта ашылды. Нарын құмын жайлаған мал өсірумен айналысатын ауылдастарының тұрмыс жағдайын жеңілдету үшін Айбас, Қызыл үй маңындағы үйлерге бастапқы да рация байланысын орнатып, кейіннен оны «Қазақтелеком» мекемесінің спутник арқылы жұмыс жасайтын телефондарына ауыстыру мүмкіндігіне қол жеткізді. Ауыл көшелеріне асфальт жол төселіп, жарық шамдар қондырылып, елді мекен өркениет көшіне ілесіп аудандағы көрікті селолардың біріне айналды.

   Осындай ізгі істерден соң Мүтиғолла Насиханов 2013 жылы халқы да көп, проблемасы да жеткілікті, Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылына әкім болып сайланды. Бұл жерде қызмет істеген жылдары осы ауылдық округке қарасты Томан ауылының өзекті мәселелеріне басты көңіл бөлді. Себебі «Атырау–Астрахань» темір жолы бойындағы №17 бекет қызметкерлері тұратын бұл елді мекен көп жылдар бойы назардан тыс қалған екен. Мүтиғолла Атоллаұлы осы мәселені аудан мен облыс басшылығының назарына ұсынады. Көп кешікпей Томан елді мекеніне табиғи газ бен ауыз су желісі тартылды. Осындағы бастауыш мектеп пен ауылдық клуб ғимараттары күрделі жөндеуден өткіздірді. Қай салада жұмыс жасаса да тапсырылған іске үлкен жауапкершілікпен қарайтын маман ретінде көрсетті өзін.

Жәңгірхан кесенесінің басында

   Мүтиғолла Насиханов бірқатар уақыт Исатай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болып қызмет атқарды. Бұл жұмыста жүргенде ауданның мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарының, кітапханаларының материалдық-техникалық базаларын нығайтуға ерекше көңіл бөліп келеді. Соның арқасында мәдениет ошақтарына лэд экрандар, музыка аспаптары, дыбыс күшейткіш құралдар алынып, Жанбай ауылына жаңа мәдениет үйі салынып іске қосылса, Х.Ерғалиев ауылының апатты жағдайда тұрған мәдениет үйі қайта жаңғыртудан өтіп, көрермендерге есігін айқара ашты. Сол сияқты Исатай, Нарын және Зинеден ауылдарының мәдениет ошақтарына жаңа ғимараттар салу үшін жобалау сметалық құжаттары жасақталды.

   Батыр баба Исатай Таймановтың ат үстінде тұрған зәулім ескерткіші де осы мәдениет бөлімінің қолпаштауымен салынған болатын. Республикалық конкурстан осы жобаны ұтып алған мүсінші Серік Мәтениязовтың бұл туындысы көптің көңілінен шықты. Қазір бұл ескерткіш аудан орталығында тұр.

   Мәдениет бөлімін басқарған уақытта аудан өнерпаздары, атап айтқанда 2015-2016 жылдары қатарынан екі рет облыстық фестивальдің бас жүлдесін жеңіп алды. Бұл байқауда ұлт аспаптар оркестрі, 60 адамдық ересектер хоры «Аққайың» бишілер тобы мен барлық жанрдағы жеке өнерпаздар өз өнерлерімен Атырау жұртшылығының ыстық ықыласына бөленді.

аудан өнерпаздары ортасында

   «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, Мүтиғолла Атоллаұлы аудандағы жас өнерпаздардың шыңдалуына, олардың өз өнерлерімен халық алдына, сахнаға шығуыға мүмкіндіктер жасап отыр. Осы мақсатта түрлі конкурстар мен байқаулар өткізу жолға қойылған.

   2017 жылы Батыс Қазақстанның 4 облысының өнерпаздары қатысқан «Нарын-достық мекені» атты аймақтық конкурсты осы аудан орталығында өткізді. Сонымен қоса би топтарының облыстық фестивалін Аққыстау ауылында жоғары деңгейде өткізген екен.

   Исатайлық өнерпаздар облыстық, республикалық, халықаралық байқау конкурстарына қатысып, талай бас жүлделерге ие болыпты.  

   Сонымен қатар, 2016 жылы халық батыры Исатай Тайманұлының 225 жылдығы мерейтойы мен 2018 жылы Исатай ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған түрлі тәлім-танымдық бағытта өткен мәдени шаралар әлі де айтылып келеді.

  Мемлекттік қызметте ширек ғасырға жуық еңбек етіп келе жатырған Мүтиғолла Атоллаұлы елдің патриоты, қазақ тілінің жанашыры ретінде қалыптасқан өз көзқарасын ешқашан өзгерткен емес. Ауданда мемлекттік тілдің мәртебесін арттыру үшін орыс тіліндегі көше атаулары қазақ тіліне аударылып, «Забурын» ауылдық округінің атын «Зинеден» есімімен аталуына өзіндік үлесін қосты. Оның сыртында ақпараттық жарнамалардың, мекеме маңдайша жазуларының  Қазақстан Республикасындағы тілдер  туралы заң талаптарына сәйкес болуын өзі жіті қадағалап, үнемі назарда ұстап отырды. Міне соңғы 20 жылда Исатай ауданы көлеміндегі түрлі жауапты мемлекеттік  қызметтерде өзін іскер де шебер ұйымдастырушы ретінде көрсете білген  Мүтиғолла Атоллаұлы Насиханов 2019 жылдан бері аудандық мәслихат аппаратының басшысы лауазымын абыроймен атқарып келеді. Еңбек жолын мектепте ұстаздықтан бастап, аудандық комсомол комитетінің хатшысы ретінде жастар ұйымдарына жетекшілік жасап, одан кейінгі жылдары жауапты мемлекттік басшылық жұмыстарда жүрсе де өзінің өмірлік таңдаған кәсібі тарихшылық мамандығынан еш уақытта алыстап көрген емес. Үнемі ізденісте жүріп бар білгені мен жиған тергенін баспасөз бетінде ұдайы жариялап, көпшілікпен бөлісіп отырады. Сондықтан да оны Исатайлық жерлестері  тарихшы–өлкетанушы ретінде таниды. Себебі ол қолы босаған сәттерінде «Бөкей ордасының қалыптасуы», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Новобогаттықтардың жанқиярлық еңбегі», «1836-1838 жылдардағы И. Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтерліске қару жарақ соққан ұсталар мен шеберлер», «Нарын құмының тарихи орындары мен жер су атаулары» т.б. тақырыптардағы танымдық мақалалары аудандық «Нарын таңы», «Өркенді өңір» газеттеріенде басылып, «Зерде танымы», «Исатай ауданы шежіресі», «Тарих және тұлға», «Сағынышым», «Мыңтөбе» т.б. кітаптармен жинақтарға енді. Ол  әрдайым өзін тәрбиелеп, кәсіби мамандық беріп өмірге қанат қақтырған, білім нәрімен сусындатып ұшырған алтын ұясы Атырау мемлекеттік универститетін, ондағы сабақ берген ұстаздары З. Алдамжаров Ү.Қыдыралин, Ғ.Нигметов, Ж. Бақи, А.Шамғонов, Ж.Мұстафин, К. Қайырбекова т.б есімдерін аузынан тастамай айтып жүреді.

ҚР-ның Тәуелсіздігінің 25-жылдық медальін алған сәт

Мүтиғолла Атоллаұлының мемлекеттік қызметтегі көп жылдық еңбегі ескеріліп, ол Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» мерекелік медальдарымен, облыс әкімдерінің алғыс хаттарымен, Исатай ауданының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Кеңес Үкіметі кезінде өмірге келіп, сол заманның білімін алып, қос ғасырдағы қос мемлекет Кеңестер Одағы мен тәуелсіз Қазақстан дәуірінде еңбек еткен Мүтиғолла Атоллаұлы еліне деген азаматтық парызына адал жандардың бірі деп есептеймін.

Жанұясымен

Көп жыл басшылық қызметте жүрсе де жұрттан ерекшеленіп қабат-қабат зәулім үй тұрғызбай, қымбат көлікті тақымдамай-ақ, бар байлығым балаларым мен халқымның амандығы деген ақ тілекпен ел қатарлы ғұмыр кешіп келе жатқаны оның қолы мен арының тазалығын көрсетеді деп ойлаймын. Қашан көрсең де үлкенге ізет, кішіге құрмет  жасайтын адамгершілігі мен қарапайымдылығынан бір тайғанын байқаған емеспін. Сондықтан да еліне елеулі, халқына қалаулы болуының сыры осында жатса керек.

 

Қабибек Мұхитов-тарих ғылымдарының кандидаты.

Атырау мемлекеттік универститетінің оқытушысы.

Теги университет тайсойғансайты