АУҒАН СОҒЫСЫНДА ҚАЗА БОЛҒАН АТЫРАУЛЫҚ БОЗДАҚТАР

АТЫРАУЛЫҚ БОЗДАҚТАР

Жалғасы, басы осында 

Ауған соғысында қаза болған боздақтар туралы рубрикамызды жалғастырамыз.

МАЙДАНОВ ҚАЙЫРГЕЛДІ (НИКОЛАЙ) САЙЫНҰЛЫ, 1956 жылы 7 ақпанда  Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Тасқұдық ауылында туған.

1980 жылы Саратов қаласындағы ұшқыштар даярлайтын жоғары әскери училищесін бітірген. Училищені бітіргеннен кейін Одесса, Байкал, Түркістан әскери округінде Ми-24 тікұшағының әскери ұшқышы болды.

1984-1985 және 1987-88 жылдар аралығында екі рет Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында Панджшер, Ташкұдық, Мазари-Шариф, Газни, Желаллабад операцияларына қатысты.

1988 жылы 29 шілдеде әскери ұшқыш, полковник Қайыргелді Сайынұлына «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.

1999-2000 жылдары Солтүстік Кавказ Шешен республикасындағы терроршылдыққа қарсы күреске қатысты.

2000 жылы 29 қаңтарда Арғын шатқалында жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауыр жараланып, қаза тапты.

2000 жыл 10 наурызда оған «Ресей Федерациясының Батыры» атағы берілді (қайтыс болғаннан кейін).

Санкт-Петербург қаласындағы Серафимов зиратының «Батырлар аллеясында» жерленген.

«Ленин», екі мәрте «Алтын Жұлдыз», «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз», 3-ші дәрежелі «КСРО Қарулы Күштерге қызмет еткені үшін», «Ерлік» ордендері мен көптеген медальдармен наградталған.

Ғабдул-Ғазиз Есембаев («Егемен Қазақстан» газеті, 24 ақпан 2016 жыл):

МАЙДАНОВ ҚАЙЫРГЕЛДІ ФОТО

 

Батыр әулеттің батыл ұланы. Батыс Қазақстанның Жымпиты ауданына қарасты Тасқұдық ауылы - «түгін тартса, майы шығады», - дейтін құнарлы өңір.

Елді дәл индустрияландыру жылы дүниеге келген әкесі Сайын ширақ қимылдайтын, сергек, алымды жігіт болып өсті. Техникаға үйірлеу ол соғыс жылдарында және одан кейін де сан салалы шаруашылық жұмыстарына қатысып, ауылда алғашқылардың бірі болып мәшине руліне отырды.

Сол кездерде Ресейден бері қарай күшпен көшірілген неміс ұлтының өкілдері келе бастаған. Тасқұдыққа да ондаған отбасы көшіп келді. Неміс халқы ашық, тез тіл табысатын жұрт қой. Жергілікті қазақтармен емен-жарқын араласып, жұмыстың көрігін қыздырып әкетті.

– Сондай күндердің бірінде Сайын ағамыз немістің әдемі бір қызымен көңіл жарастырып, үйленетін ойы барын білдірді, - дейді Ақжайық ауданының орталығы. – Чапаев ауылында тұратын Шернияз ақсақал. - Сөйтіп, той өткізіп, Галина жеңгемізді үйге түсірдік.

Сыйластығы жарасқан Сайын мен Галина Сағынғали әулетіне құт әкелді. Тамырын тереңге жайып, жапырағы жайқалған бәйтеректей үлкен отбасы бақыттың базарына айналды. Сайынның кіндігінен сегіз бала өрбіді. Сол сегіздің бірі - Қайыргелді. Бала кезінен әкесіне тартқан өжет, тез қимылдайтын әбжіл және төзімді болып өсті.

Болашақ батырдың жерлестері мен достарының қай-қайсысы да Қайыргелдінің осындай жақсы қасиеттерін жыр қылып айтады. Онымен бір сыныпта оқыған Евгений Митрясов қазір Ақжайық ауданының Чапаев ауылында орманшы. Бала кезінен бірге өсіп, бірге ержеткен Қайыргелді ол үшін нағыз хас батыр, әрі ең қарапайым жандардың бірі.

– Біз Шағатай ауылының өкпе тұсындағы Жезбұға көліне жиі баратынбыз (бұл кезде Сайынның отбасы Тасқұдықтан Шағатайға көшіп келген). Жазда суға шомылсақ, қыста коньки тебеміз. Хоккей ойнаймыз. Әйтеуір таңертеңнен кешке дейін ақ тер, көк тер болып көлде жүреміз. Бесінші сыныпта жүрген кезіміз. Әдеттегідей, конькиімізді, шанамызды алып көлге бардық. Мұз енді-енді қата бастаған. Сырғанақ тепкіміз келіп аңсап жеткен басымыз, оның қауіптілігін естен шығарғанбыз. Әсіресе, мен өзгелерден оқ бойы алға кетіп едім. Сол «ұшқырлығым» өзіме пәле болды. Жалтыр мұзбен сырғанап алып жөнелдім, кенет, қабыршақ мұз сытырлап, аяғымның асты ойылып бара жатты. Әу, деуге шамам келмей, суға түстім де кеттім. Жанталаса қарманып, аяғым жерге тимей, бар дауысыммен айқайлап жатырмын. Малмандай су болған киімім төмен тартып барады. Бірге келген балалар үрпиісіп кейін қарай қашты. Дәл сол сәтте «өлдім» деген қорқынышты ой миымды тілгілеп өтіп, санамды билеген үрейден есім шығып кетті. Тек, біреу қолыма жармасып, өзіне қарай тартып жатқанын сезген сәтте ғана алға қарай ұмтыла бердім. Аяғым жерге тигенде барып, ажал құрығынан құтылғанымды түсіндім. Сөйтсем, басын бәйгеге тігіп мені құтқарып алған Қайыргелді екен. Оның үсті де су болды. Екеуміз алды-артымызға қарамай ауылға қарай жүгірдік сосын, - дейді Е. Митрясов.

«Қиын... Бірақ бәріне үлгеремін». Қайыргелді мектеп бітірген соң, ауылда жүргізушінің оқуын оқып, өндірістік комбинатқа шопыр болып орналасты. Сосын әскер қатарына аттанды. Екі жылдан соң Қайыргелді әскери бөлімнің жолдамасын алып оралды. Жолдамамен оқуға барған Қайыргелді Майданов енді Саратовтағы жоғары әскери авиация училищесіне оқуға түсті.

Қайыргелді оқу орнының дәуірлеп тұрған кезінде білім алды... Аэродинамика, жоғары математика, физика, тактика, экология, социология, конструкция және авиациялық техниканы пайдалану, инженерлік графика сияқты көптеген пәндер оңай шағыла қоятын жаңғақ емес. Оны былай қойғанда, болашақ ұшқыштардың шыныққан шымыр болуына баса назар аударылды.

Сондай-ақ, ұдайы вестибулярлық аппаратпен жаттығып, әрі тез әрі жиі қайталанатын түрлі ауытқулар мен бас айналдыратын жаттығуларда төзімділік таныту қажеттігі және бар. Мұны шыдаған адам ғана жеңіп шығады.

Қайыргелді 1980 жылы авиация училищесін ойдағыдай тәмамдады. Әскери ұшқыш атанған соң алдымен Одессада, Венгрияда қызмет етті. Сосын әскери бөлімдерде жиі болып жататын орын ауыстыру шараларының бірінде Забайкалье әскери округіндегі тікұшақ полкіне жіберілді. Бірер жыл шыңдалған соң жолы Түркістан әскери округіне түсті. Ми-24 тікұшағының штурвалында отырды.

«Вертушканың» қас шебері. Ауған соғысы басталмас бұрын алдымен соғыс жағдайына келтірілген бөлімдердің бірі Жамбылда орналасқан 181-ші жеке тікұшақ полкі болды. Негізі ол 1973 жылы Теміртау қаласында құрылған, содан кейін елдің оңтүстігіне көшірілді. Ал полк тарихына үңілер болсаңыз, Ауғанстандағы соғыс басталар алдында, алғаш 1979 жылы 11 желтоқсанда дабыл қағылып, полк тікұшақтары Шыршық қаласына жеткізілген. Сол желтоқсан айының 23-інде жекелеген тікұшақтар Ауғанстан аумағына өтіп, барлау жасаған. Ал 1980 жылы 15 қаңтарда Ми-6 ауыр көлік және Ми-8 тікұшақ эскдарильясы құрамында Ауғанстанға ұшып өтіп, Құндыз және Файзабад төңірегіне орналасады. Бұл кезде полк командирі 

полковник Владислав Рушинский еді.

Ауған жерінде Қайыргелді өзін барлық қырынан көрсете білді. Бірінші рет 1984 жылы желтоқсан айында Ауғанстанға әскери тапсырмаларды мүлтіксіз орындалып, қырағылығымен көзге түскенін бүгінде әріптестері жыр қылып айтады. Капитан Майданов ең үздік барлаушы және жердегі нысандарды жоюшы тікұшақ ұшқышы болды. Ол ұшу техникасын да, борт жабдықтарын да бес саусақтай меңгерген «вертушканың» қас шебері еді деседі олар.

Біздің алдымызда Роман Алехиннің «Тайфуны под ударом» деген шығармасы жатыр. Соның бір тұсында ол былай деп жазады: «Жетекші тікұшақтың кабинасында тікұшақ звеносының командирі Николай (Қайыргелді) Майданов отыр. Ол екінші ұшқьпп Сергей екеуі қимылдауға ыңғайлы болу үшін шолақ балақ шалбар киген, үстеріндегі ауыр күртешенің қалталарына автоматтың оқтаншайлары, белгі беретін ракеталар, «Комар» радиостансасы, тапанша және аңшы пышағы салынған. Бұлар - тікұшақ атып түсірілген жағдайда моджахедтерден құтылу үшін керек қарулар. Мұндай оқиғалар талай болған, атып түсірілген ұшқыштар оларды іздеп тапқанша екі-үш күн өз бастарын қорғап жүрген. Ал егер моджахедтер бірінші болып кезіксе, ұшқыштар жауға берілгеннен гөрі өлімді артық санайтын...».

«Стингер» сергелдеңі. 1984 жылы қыркүйектің 10-ында 10 экипажы бар 30 адамнан тұратын эскадрилья шекарадан өтіп, Құндыз провинциясына орналасьш, Ауғанстанньщ осы солтүстігінде әскери операциялар жүргізе бастағанды. Қайыргелді таулы жерде тікұшақпен әуеден соққы жасаудың қыр-сырын жолдастарымен бірге әр ұрыс сайын жетік меңгере түсті. Тікұшақ эскадрильясындағылар күн өткен сайын дұшмандардың қару тасып жатқан керуендерін тауып, оларды жою жөніндегі міндеттерін орындауға ысыла берді.

Ал керуендердің таситындары анау-мынау емес, көбінесе америкалық және ағылшындық «Жер-Әуе» класты зымырандар. Бұлар тікұшақтар мен ұшақтарды атып түсіруге ыңғайлы қарулар еді. «Блоу-пайн» және «Стингер» ракеталарының аты сол кезде кәдімгідей үрей туғызатын. 1983 жылы Ауғанстанда ұрыс қимылдарын жүргізіп жатқан әскерилердің алдына «Стингер» ракетасын қолға түсіруге тапсырма берілгені, оны орындағандар бірден Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылатыны туралы нұсқау жасалганы да тегіннен-тегін емес.

«Стингерді» моджахедтер иыққа салып алып жүрді. Кез келген жерден соққы беруге қолайлы. Бар-жоғы 30 секундтың ішінде атуға дайын тұрады. Және нысана инфрақызыл сканер арқылы көзделеді. Сағатына 1,5 мың шақырым жылдамдықпен ұшатын ракета кеңестік ұшақтар мен тікұшақтардың сорына айналды. Ресми деректер бойынша, тек 1986 жылы ғана моджахедтер кеңестік «Су-25» жойғыш ұшақтарының 4-еуін атып түсірген екен. Ал 1987 жылы бір эскадрилья құрамындағыдай ұшақтар жойылған. Осының өзіненақ кеңес ұшақтары мен тікұшақтарына қырғидай тиген құпия ракетаның қандай қауіпті болғанын байқау қиын емес. Сондықтан да Қайыргелділер қару тасыған кез келген керуенді жоюға батыл кірісті.

«Бірде Бараки ауданындағы елді мекен тұсынан ірі керуенді жойдық. Сол жолы дұшмандардан «Жер-Әуе» класты 56 «Стрела» ракетасын қолға түсірдік.

Осы ракеталармен олар Пәкістан жерінде тұрып біздің ұшақтарды атып түсіретін. 70-тей дұшман жер жастанды. Осыдан екі ай өткенде тағы бір керуеннің көзі құртылды. Сөйтіп, төрт бірдей америкалық «Стингер» мен ағылшындық «Блоу-пайн» қолға түсірілді», - дейді журналистерге берген сұхбатында Қайыргелді Сайынұлы.

1988 жылы 29 шілдеде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Интернационалдық жауынгерлік парызын өтеу кезінде көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін Николай (Қайыргелді) Сайынұлы Майдановқа «Кеңес Одағының Батыры» атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі (№11582) қоса тапсырылсын» деген жарлығы шықты. Кеңес Одағының бас газеттері «Правда», «Известия» және «Красная Звезданың» бірінші бетінде осы жарлық жарық көрді.

Бұл Қ. Майдановтың Ауғанстанға екінші рет 1987 жылы барған кезінде болған жайт. Он бес айдың ішінде Майдановтың есебіне қару тасыған ондаған керуенді жойғаны, Ми-8 тікұшағымен 1250 рет жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін ұшып шыққаны, жеке өзі соғыс жүріп жатқан аумақтан 85 жараланған солдат пен офицерді құтқарғаны, 100 тоннадай жүк тасып, жүздеген десантшыны жеткізгені жазылған еді.

Мұның бәрі айтқанға ғана оңай.

Қыран қазасы қияда. Кеңес Одағы тараған кезде Қайыргелді Майданов Қазақстанға келіп, Тараздағы 157-ші тікұшақ полкін басқарды. Бұл кезде біздің жас авиация әлі серпіле алмай тұрған. Одақ тарағаннан кейінгі қиындықтар салдарынан авиациялық жанармай жоқ, ұшақтар мүлде ұшпайтын кез еді. Өстіп жүргенде майдангер ұшқыш қарулас жолдастарының шақыруымен Ресейге қоныс аударып, онда Санкт-Петербург түбіндегі полктің командирі болады. Көп ұзамай ол Шешенстандағы соғысқа жіберіледі. Бұл жерде батыр өз заманының, саясаттың құрбанына айналды деуге толық негіз бар. Сөйтіп, ол борт нөмірі 600-ші тікұшақты басқарады. Ауғанстандағы сияқты мұнда да содырлар оның «қолтаңбасын» тез танып алады. Майдановтың басына жарты миллион доллар тігіледі.

1993 жылы 13 желтоқсан күні Аргун шатқалының көмейінде атып түсірілген үш бірдей тікұшақтың экипажын құтқару кезінде Майданов тағы бір өлім аузынан қалады. Оған қарсы содырлар өздері бекінген 40 оқпаннан оқ жаудырып, тікұшағы 15 жерден шұрқ-тесік болады. Соған қарамастан, Қайыргелді қаруластарын құрсаудан аман алып шығады. Осыдан кейін екі апта өткенде Солтүстік Кавказ әскер тобының қолбасшысы Виктор Казанцев пен бір топ журналисті құтқарады.

Қыран қазасы қияда. Көк жүзін аңсаған қазақтың батыр оғыланы, полковник Қайыргелді Майданов 2000 жылы 29 қаңтар қүдік қезекті әскери тапсырманы орындау кезінде қаза тапты. Оған уахабистер жанталаса әрекет етіп жүрген қиын, тау шатқалдарының біріне десант түсіруге тапсырма берілген. Бұл өлімге өз еркіңмен бару деген сөз еді. Бірақ қайтуды, қаймығуды білмейтін тікұшақ полкінің командирі бұл қиын тапсырманы өзі орындауға бел байлайды.

«Ол жастарды үнемі қорғап жүретін. Осындай қиын тапсырмаларға баруға тілек білдірсең, «сосын, сосын... әлі үлгересің» деп қамқор болатын», - дейді Ресей батыры, ұшқыш А. Макаренко.

Расында, сол жолы командир жауапкершілікті өзі көтергісі келеді. Десантты межелі жеріне жеткізіп, қайта көтерілген кезде, содырлардың тосқауыл құрғанын, олардың қарасы тым көп екенін жігіттерге қауіп төнгенін байқап, қайтадан қонады. Десантты алып кету керек еді. Жігіттер түгел отырып болып, көтерідіп бара жатқанда тікұшақ жаңбырдай жауған оқтың астыңда қалады. Бұл жолы содырлар мергеннің оғы тура тікұшақ кабинасындағы приборлар тақтайшасына тиіп, қайта серпіліп Қайыргелдінің жүрек тұсын жаралайды. Соған қарамастан, штурвалдан айырылмай қауіпті тұстан «вертушкасын» алып шығып, тиісті биіктікке көтерілер кезде тағы бір оқ желке тұсынан тиіп, мойын сүйегін жаралап, күретамырын қиып кетеді. Сонда да штурвалды тастамай, тікұшақты базаға дейін жақындатып, содан кейін ғана тікұшақты басқаруды екінші ұшқышқа тапсырған батыр бортмеханиктің қолында көз жұмады.

Соңғы шайқасына екі-үш күн қалғанда жоғарыға оның шенін генерал-майор дәрежесіне көтеру туралы ұсыныс жасалған екен. Ерлікпен қаза тапқаннан кейін Қайыргелді Майдановқа Ресей Батыры атағы берілді. Бұл награданы Ленинград әскери округінің қолбасшысы генерал-полковник Валентин Бобрышев батырдың жесірі Татьяна Павловнаға өзі келіп табыс етті. Ал Ресей жерінде Қайыргелді соңғы рет қызмет еткен Агалатовадағы орта мектепке батырдың есімі берілді. Ол басқарған Касимовтағы гарнизон штабы үйіне мемориалдық тақта орнатылды. Көшелер Майдановтың есімімен аталады. Қаншама кітап шығарылды. «Летчик от бога» атты деректі фильм түсірілді.

Дерек көздеріне үңілсек, Ауғанстандағы соғыста Кеңес Одағының Батыры атанған 96 адамның қатарында қазақ ұлтынан жалғыз Қайыргелді Майданов қана! Бүкіл ТМД елдері ішінде Кеңес Одағының және Ресейдің Батыры атанған бір-ақ адам болса, ол - қазақ Қайыргелді Майданов! ...

Атаға тартып туған осындай арда ұландарын еліміз орынды мақтаныш етеді, өскелең ұрпаққа үлгі тұтады. Қайыргелді Майдановтың есімін мәңгілік есте қалдыру үшін туған жерінде жылда сан түрлі шаралар үйымдастырылады. Оның атында көше бар. Жақында ғана Орал қаласында батырға бюст орнатылды. Батырлар бейнесі жанып тұрған алаудай уақыт өткен сайын жарқырай түседі ғой. Ендеше, Қайыргелді Сайынұлының тұлғасы да елімен бірге биіктей бермек.

 

Ермекова А.Ә. "АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АТЫРАУЛЫҚ ЖАУЫНГЕРЛЕР ШЕЖІРЕСІ".

Алматы қаласы. 2017 ж., 600 б., бб. 25-30

Жалғасы бар, осында